» » » Сырым ӘДІЛБЕКОВ: "Жастарды жалықтырмаудың жолы көп"

Сырым ӘДІЛБЕКОВ: "Жастарды жалықтырмаудың жолы көп"

Сырым Әділбеков,
аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры

Ел болашағын жарқын етуде жастардың үлесі зор. Бір сөзбен айтқанда жастар – қозғаушы күш, білімді ұрпақ, әлеуметтік белсенді. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жас ұрпақ өз елінің даму жолында аянбай тер төгеді. Аудандағы Жас­тар ресурстық орталығы да осы міндеттердің үдесінен шығу үшін күш салып келеді. Жастардың шығармашылығын дамытуға, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың берер бағыты мен мүмкіндігі мол. Одан бөлек, биыл алға қойған тың жобалардың бағытын осы орталықтың директоры Сырым Әділбековпен сұқбат барысында білдік.

– Сырым Смаилұлы, бұл қызметке келгеніңізге жылға жуықтады. Осы уақытқа дейін аудандағы белсенді жас­тар мен NEET санатындағы жастарды қаншалықты таныдыңыз? Олармен қай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?
– Бұл орталықтың жұмысы маған бұрыннан таныс. Олай дейтінім, осы қызметке дейін де белсенді жастардың қатарында болдым. Түрлі іс-шараларына қатыстым, бірге жүрдім. Осы салаға төселіп, тәжірибе жинақтауымның өзі маған көп көмегін тигізді. Енді жастармен жұмыс тоқтап жатқан жоқ, былтыр да жыл басынан бері көптеген жоба мен іс-шара ұйымдастырып келеміз. Бастапқыда карантиндік талапқа байланысты біршама жоспарымыз онлайн өтті. Мәселен, құқық бұзушылыққа байланысты мамандармен, психологпен онлайн форматта кездесу өткіздік. Қазір жергілікті тұлғаларымызды тану мақсатында «Тұлға тану» жобасын қолға алдық. Жақында Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің – 140 жылдығына байланыс­ты кент кітапханаларындағы арнайы жасалған бұрышты мектеп оқушыларына көрсетіп, мұражаймен таныстырдық. Одан бөлек, «Жастарға жол» атты сыр-сұқбатымыз осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып, фейсбук парақшасында оқырмандарға жол тартты. Кешегі аптадан бастап орталығымызда кино кеші жобасы өз жұмысын бас­тады. Яғни жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бұл жобаны қолға алдық. Келген көрермендер киноны көріп қана қоймай, соңында талқылайды және келесіде қандай кино көргісі келетінін айтады. Көрсетілімдегі кинолар рухани азық беретін, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін жанрда болмақ. Сондай-ақ NEET санатындағы жас­тармен де байланыс бар. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жасау керегін тапсырған болатын. Сол бо­йынша кент, ауылдарды аралап, жұмыссыз жастармен сауалнама жүргіздік. Алдағы уақытта белсенділерін қоғамдық жұмысқа тартып, түрлі кәсіп ашудың жолын үйретсек деген жоспар бар.
– Қазіргі жастарды қандай дүние­лермен қызықтыра аламыз?
– Ізденген адамға жастарды жалықты­­рып алмаудың жолы көп. Қазір не көп, жастармен өткізіліп жатқан іс-шара көп. Бірақ ол бір рет қана өткізіліп қояды. Біз ескі сарыннан арылуымыз керек. Жаңа форматқа ауысатын кез келді. Оның орнына жастармен ұзақ байланыста болатын жобалар әкелуіміз керек. Биыл қолға алар біршама жоспарымыз бар. Ауданда жас кәсіпкерлердің тізімін жасап, кәсіпкерлер клубын қалыптастырсақ дейміз. Ондағы мақсат, олардың ұсыныс-пікірін тыңдап, жоғарыға жеткізу. Әрі қарай оның орындалуына жұмыс істеу. Республикалық, облыстық деңгейде танылып жүрген бизнес-тренерлерді шақырып семинар-тренинг өткізу арқылы жастарға қолдау көрсетсек деген идея бар. Қазір жастардың көбісі телефонның ішіндегі әлемнен шыға алмай жүр. Өздері де ашылғысы келмейді. Оларды сол шеңберден шығарып, қазақы қалпын ояту мақсатында танымал тұлғалармен сыр-сұқбатты көбірек өткізуді қолға алудамыз. Одан бөлек, жастардың сүйіп көретін Жайдарман ойыны ауданымызда тұралап қалды. Бұйырса оны да бастаймыз.
– Ауыл жастарымен қандай жұ­мыстар жүргізуді жоспарлап отырсыз?
– Орталық тарапынан атқарылған жұмыстарда ауыл жастары да ұмыт қалған емес. Олармен ұдайы байланыстамыз. Іс-шараларына жиі қатысып тұрамыз. Биыл «Жігіт сұлтаны» сайысын ауылдарда бас­тауды жөн көріп отырмыз. Ол жерде нағыз қазақи құндылықтар дәріптелетін болады. Жақында Тұрмағамбет ауылында келіндер сайысы өтті. Бір байқағаным, ауылдағы жастар арасында белсенділік бар. Бұл жобалар әрі қарай жалғасатын болады.
– Жастар ұйымдарын басқарған аға буын өкілдерімен қаншалықты байланыстасыз? Олардың ақыл-кеңесіне жиі жүгінесіз бе?
– Әрине байланыстамын. Ол кісі­лер­дің салып кеткен сара жолын қазіргі таңда жалғастырып жатырмын. Айбол Қозыбақов, Айдынбек Скендіров ағаларымнан үлгі алсам, Әсем Мерекова, Ақтолқын Нұрмағамбетова әпкелеріміздің кеңесіне жиі құлақ асамын. Алдағы уа­қытта осы кісілердің басын құрап, ізінен ерген жастар арасында алтын көпір орнатсам деген ой бар.
– Жастармен жұмыс жүргізу креа­тивтілікті, жаңашылдықты талап етеді. Ал сіз қаншалықты ізденесіз?
– Жастардың ортасы шығар­машылықтан алыс емес. Жастарды ояту үшін өзің де жас болуың керек. Ораторлық, жан-жақты білім керек. Бір бағытта жұмыс істей берсең, екінші бағытта сұрақ қойылуы мүмкін. Сол үшін үнемі ізденісте жүремін. Жастарға арналған көп кітаптар оқимын. Мен бұл орынға құр отырып кету үшін келгенім жоқ. Барынша дұрыс бағыт-бағдар беруге жұмыс жасауымыз керек. Жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың тұлғалық қалпын қалыптастыру. Оларға шабыт беру.
–Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Ерсін СӘДУҰЛЫ
05 сәуір 2022 ж. 1 097 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031