АЯЛЫ АЛАҚАН ИЕСІ
Аса ұқыптылық пен жауапкершілікті қажет ететін мамандықтың бірі-дәрігерлік. Өмір мен өлімнің ортасында жатқан науқас дертінің бетін кері қайтарып, өмірге қайта әкелетін де осы мамандық иелері.
Дәрігер болу мейілінше ақ желең киюмен шектелмейді. Оған жарқын көңіл, жайсаң жүрек, теңіздей терең білім керек. Басқа мамандықтармен салыстыра қарағанда да бұл мамандықта көптеген айырмашылықтар бар. Мысалы, медициналық академияларда 8, 9 жыл білім аласың, теориялық біліміңді аяқтағаннан кейін 1 жыл интернатурадан өтесің. Сырттай оқи алмайсың...Орта мектеп түлектерінің дәрігер мамандығын таңдайтындары бірен-сараң болатыны сондықтан. Дәрігерге білім мен біліктілік, сонымен қоса батыл жүрек те қажет.
Мына дүниеде перзенті үшін ана тілегінен артық ештеңе жоқ. Балалары жақсы азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарын тапса, ата-ана үшін осының өзі зор мәртебе.
Оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарда белсенді Альбина ана тілегін іштей сезінетін. Өзі білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті “Алтын белгіге” бітіріп, 1995 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина академиясына грантпен оқуға түседі. 2002 жылы академияны “Акушер-гинеколог” мамандығы бойынша бітіріп, туған топырағы Жосалы кенті орталығындағы аудандық емханада акушер-гинеколог болып білім жолын еңбек жолымен ұштастырады. 2012 жылы аудандық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады.
-Дәрігер мамандығын таңдауыма анам Кемалова Айгүл тікелей ықпал етті. Анам да гинекология бөлімінде 20 жылдан астам медбике болып қызмет атқарған. Әкем Жұмабаев Сайран механизатор болып еңбек еткен. Өкінішке орай, өмірден ерте кетті. Анамыз біздерді аяқтан тұрғызып, мамандық алуға көп көмек көрсетті. Қазір еңбек демалысында. Шүкір, анамыздың ақылын, әкеміздің өсиетін тыңдап өскеннен жаман болғанымыз жоқ. Ата-ананың баласынан ел-халықтың баласына айналдық.
Бөлімге ауырып келіп, айығып шығып жатқан көптеген аналардан, қыз-келіншектерден алғыс алып жатамыз. Дәрігерге бұдан жоғары марапат болмас. Әрбір мамандықтың өзіне тән қыр-сыры болады. Сол сияқты дәрігерліктің де қызық-қуанышы, қиындығы болатыны жасырын емес. Қиналып келген науқасқа қолыңның шипасы дарып жазылып жатса, жүкті болып келген аналар он екі мүшесі сау ұрпақты өмірге әкеліп, отбасына аман-есен оралып жатса соған қуанамыз, марқаямыз. Әр әйелге жеке-жеке қарап, түрлі ем қолданамыз. Әр әйелдің босану үстінде жаныңды шүберекке түйіп тұрасың. Қиындығы осы болар.
Бөлімде 16 адам қызмет жасаймыз. Аға мейірбике Айнаш Ыбрашева, мейірбикелер Күләш Орынбаева, Ләззат Жүсіпова, Шәрбану Андаева, Нағима Мұхамедиярова, Жанат Дембаева, Мая Жұмалиева, тағы басқалары бөлім мақтаныштары десек болады.
-Аурушаңдық көрсеткіштері туралы не айтасыз. Аналар арасында түсік көп деген әңгімелерді жиі естиміз. Онымен 2013 жылы аудан аумағына құлаған “Протон” зымыранымен байланыстырып жатады. Сіздің дәрігер ретіндегі пікіріңіз?
-Қазіргі кезеңде жүктілікке есепте тұратын әйелдердің пайыздық көрсеткішіне жүгінсек, түсіктің жоғарылығы анықталады. Ал, түсіктердің ішінде жетілмей қалған жүктілік көп кездеседі. Оның себебі жатырішілік инфекциялардан, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайына және сіз айтып отырған экологиялық жағдаяттардан іздеуімізге толық негіз бар.”Протон” зымыраны құлаған бір аптада бөлімде14 түсік жағдайы тіркелді. Жүкті әйелдердің үлкен айдағы су кету фактілері көп тіркелді. Сол себептен де жас аналар жүктілікті болжау мақсатында әртүрлі құрсақішілік инфекцияларға алдын алуға тексеріліп, емделсе нұр үстіне нұр.
Көпшілікпен жұмыс жасау оңай емес. Перзент сүйе алмай жүрген аналар бала көтерсе, еңбегіміздің жемісін көрсек соған шаттанамыз. Науқастармен жылы-жылы сөйлесіп, олардың ілтипатына бөленуге тырысасың. Жақсылыққа себепкер болу да бір бақыт.
-Не нәрсенің де алдын алған дұрыс қой. Ол әрине, денсаулыққа қатысты болса?
-Өзі де солай. Үстіміздегі жылдың 9 айында 39 ота жасалды, 436 науқас емделіп шықса, оның 163-і жоспарлы түрде. Өздігінен 96 түсік, 96 қабыну тіркелді. Бұл жоғары көрсеткіш. Әсіресе, түсік жағдайында кездесіп отыр. Бөлімде 15 төсек орны түнгі стационарда және 10 төсек орны күндізгі стационарда қызмет көрсетеді. Бүгінде күндізгі стационарды 20 төсек орнына жеткізуге жұмылып жұмыс жасаудамыз.
Сақтану жағына келсем, қажетсіз жүктіліктің алдын алу, туу жағдайындағы әйелдердің отбасын жоспарлау мақсатында өзіне ыңғайлы контрацепция (сақтану) жолдарын қолдануға шақырар едім. Сөз ретінде маған үміт пен сенім артқан халық қалаулысы, амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаевқа, ұстаздық ұлағатын кейінгі буынға беріп келе жатқан саланың білікті акушер-гинекологтары Раяш Шәкенқызы мен Алтынкүл Төлепбергенқызына риясыз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әділбек Мәліковке де разылығымды айтқым келеді.Альбина әйел-аналардың құрметімен бірге, отбасының да қошеметіне бөленіп жүрген жан. Жары Ідірісов Есіркеген жеке кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысады. Кішкентайлары Ерасыл 7 сыныпта оқыса, Шерхан 5 сынып оқушысы.
Жаны жайсаң, қайсыбір науқасқа болмасын қолынан келген көмегін аямайтын дәрігер қызметіне біз де табыс, деніне саулық тіледік.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ