» » » Дильфура БАЙРАХТАРОВА: «Көшбасшылық қасиет әжемнен дарыған»

Дильфура БАЙРАХТАРОВА: «Көшбасшылық қасиет әжемнен дарыған»


Дильфура БАЙРАХТАРОВА,
облыстық аналар кеңесінің, іскер әйелдер қауымдастығының, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты

– Дильфура ханым, мерекеңізбен! Халықаралық Әйелдер күні қарсаңында өзіңізбен сұқбаттасқалы отырмыз. Сізді бұрын білікті педагог деп білсек қазір халық қалаулысысыз. Билік пен халық арасын байланыстыруға не себеп болды?
– Рақмет, өзіңізге де мереке құтты болсын! Билік пен халық арасын байланыстыру себебім: жоғарыда атап өткеніңіздей мен білім беру саласында жұмыс істеймін, яғни халықпен тығыз байланыстамын. Халықтың, ауылдың, әйелдердің мәселелерін (проблемаларын) көріп келе жатырмын және де сол түйткілді мәселелердің шешімін табу менің азаматтық борышым деп білемін. Халқыма септігім тисе, елім үшін тынбай еңбек етуге әрдайым дайынмын.
– Саяси науқанда өзіңіздің сайлауалды бағдарламаларыңызды қорғап шықтыңыз. Ел сенім артқан қызметіңізге білек сыбанып кіріскеніңіз аңғарылады. Алғашқы жоспар не міндет қандай болмақ?
– Біріншіден, мен ауылда тұрғандықтан, ауылдың тыныс-тіршілігін, ауыл адамдарының бейнетін, әсіресе ауыл әйелдерінің бейнетін көріп өстім, әлі де көріп келемін. Сол себепті ауыл әйелдерінің зейнет жасын төмендету қажет деп ойлаймын. Мысалы мен мектепте жұмыс істеймін. Күнделікті жұмыс барысында 60-қа келген апаларымыздың ауыр шелек көтеріп, еден жуып жүргені мені қатты қынжылтады. Қанша дегенмен жас ұлғая келе денсаулық сыр бере бастайды, оны көзімізбен көріп жүрміз. Екіншіден, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту. Мектептегі оқу кабинеттерін жабдықтау – оқушылардың білім алып, оқытушылардың жемісті еңбек етуіне септігін тигізеді. Үшінші, бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі. Егер әрқайсымыз өз білгенімізше сан-саққа, жан-жаққа тартар болсақ онда тұрақтылық та, бейбітшілік те, достық та болмайды. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға ат салысу, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатында жұмыстар жүргізу, қолдау көрсетуге бағытталады.
– Қазіргі қоғамдағы әйелдің рөлі туралы айтсаңыз?
– Бүгінгі қоғамда әйелдердің алатын орны мен рөлі ерекше. Олар өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып, бірлік пен тұрақтылықты сақтауда аянбай еңбек етіп келеді. Бұл ақиқатты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес» - деген пікірі айқындай түседі.
– Сіздің ойыңызша елімізде гендерлік саясатқа неге басымдық беріліп отыр?
– Ер мен әйел арасында айтарлықтай қатты айырмашылық жоқ. Әйелдер әскерге де барып, айға да ұшып жатыр. Неге саясат сахнасында бағын сынап көрмеске? Әйелдер өте төзімді, қабілетті, ақылды. Осы құндылықтарын саясатта қолданса нұр үстіне нұр болар еді.
– Сан ұлтқа сая болған мекеннің тумасысыз. Бес саусақ бірдей емес. Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі болады. Қыз тәрбиелеу, болашақ келін, ана қалыптастыруда қай ұлттың көркем қасиетін айрықша бағалайсыз?
– Әрине, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Қай ұлт болмасын қыздың тәрбиесіне жіті назар аударған. «Қызды қырық үйден тыю» деп бекер айтпайды. Қызды тәрбиелеу, келін, болашақ ана тәрбиелеу бір ғана адамды емес, бүкіл ұлтты тәрбиелеумен бірдей. Сондықтан да қыздарымыздың тәрбиесіне аса назар аударып көңіл бөлсек деймін.
– Жақсы жар, ибалы келін, инабатты анасыз. Үлгі болар тұстарыңыз көп. Ал сіз кімге ұқсап бақтыңыз? Өзіңізге тәлімгер санайтын әйел-аналар бар ма?
– Менің тәрбием мен осы дәрежеге жетуім әжем мен анамның арқасы. Мен үйдің үлкені болған соң менің тәрбиеммен көбіне әжем айналысқан және де әжем – менің идеалым! Мен әркез әжеме ұқсағым келетін. Ол кісі өте парасатты, ақылды, өз замандастарының арасында көзі ашық кісілердің бірі болған. Олай дейтінім, араб, латын тілінде еркін жаза білген. Әжемнің көшбасшылық қасиеті болғанын ерекше айтуға болады. Қандай түйін болмасын барлығын дау-дамайсыз орынды шешетін, әжемнің осы қасиеті маған дарыған секілді, мен де кез келген мәселені бейбіт жолмен шешкенді ұнатамын.
– Мерекелік тілегіңізді білдірсеңіз?
– Мен барша әйел қауымын келіп жеткен 8 наурыз – халықаралық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбастарына амандық, әйел бақытын тілеймін. Бейбітшілігіміз жасап, халқымыз бай қуатты болсын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
06 наурыз 2021 ж. 909 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031