Мемлекеттік қызмет – мемлекет айнасы
Айдын СЕРІКҰЛЫ,
аудандық құрылыс, сәулет және қалалық құрылыс бөлімнің басшысы:
Тамыз айының екінші жексенбісі «Құрылысшылар күні» екені баршаға мәлім. Кәсіби мереке қарсаңында аудандық құрылыс бөлімінің басшысымен еркін форматта сұқбат жүргіздік.
– Айдын Серікұлы, аудандық құрылыс бөліміне басшы болып келіп жатыр екенсіз, біріншіден қызметіңіз құтты болсын. Жаңа жас басшыны үлкен орта қалай қабылдады?
– Рахмет. Аудандық құрылыс бөлімі бұл үлкен шаңырақ, мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Сондықтан ұжым мені жақсы қабылдады, жас екен деп сынаған жоқ. Туған жердің азаматы болғаннан кейін қолдау көрсетуде. Әрине, бұл салаға бірден бәрін біліп келгеніміз жоқ, ұжымдағы аға-әпкелердің ақыл-кеңесін сұрап отырамын. Олар да білмеген сұрағыма жауап беріп көмектесуде.
– Саланың жұмысын көпшілік біледі. Жаңа басшы ретінде ауданды гүлдендіруге қандай тың идеяңыз бар? Нендей жаңалықтар енгізесіз?
– Болашақта жоспарлар бар. Бірақ алдымызда бастап кеткен үлкен істерді де аяқсыз қалдырмай, соны бітіру керек. Одан бөлек, ауданды абаттандыру жұмысына үлкен күш салсам деген ниетім бар. Кентке кіре беріс жолдарды түзеп, айналасын гүлдендіріп көркейтсек, оның өзі сырттан келушілерге үлкен әсер қалдырады. Енді қаржысынан қолдау тауып жатса басқа да идеялар бар. Аудан әкімінің тапсырмасымен біршама жоба қолға алынуда. Ол мына темір жол вокзалының кіре берісін өзгерту. Қазір эскиздік жобасы жасалып жатыр. Карантин біткен соң, бұл жоба да басталар деген ойдамын.
– Мамандық таңдауда ата-ананың ықпалына қаншалықты сенесіз?
– Орынды сұрақ. Ата-ана әрқашан баласына дұрыс жол көрсетуші, бағыт-бағдар беруші. Сондықтан мамандық таңдауда әке-шешенің ықпалы зор. Мен өзім әкеден ерте айырылдым. Бірақ анам әкемнің орнын жоқтатпай маған қолдау көрсетіп, осындай жетістікке жетуге үлесін қосып отырды. Ағаларымның да құрылыс саласынан хабары бар жандар. Міне сол кісілердің айтуымен осы мамандыққа бет бұрып, ізін жалғап келемін.
– Аудан күн санап көркейіп келеді. Десе де бізде алаңдатарлық қандай мәселе бар?
– Мәселе бар. Оның қайсы бірін айта береміз. Бәрінің шешімі бір күнде бола қалмайды. Римнің өзі бір күнде тұрғызылған жоқ қой. Алдымен ең бірінші сабыр керек. Кез келген істе халықпен жұмыла бірігіп қолдау тапса, міне сол кезде мәселенің шешімі табылады. Мысалы он жыл бұрынғы Жосалы мен қазіргі Жосалының айырмашылығы жер мен көктей. Ауылдар да жылдан-жылға дамып көркеюде. Сондықтан не нәрсеге де уақыт керек.
– Мемлекеттік қызметке алғаш келуіңіз екен. Жалпы мемлекеттік қызметкердің оң имиджі дегенді қалай түсінесіз?
– Мемлекттік қызметші дұрыс киініп, өзін қай ортада болмасын тәртіпті алып жүру қажет. Қызметте негізі жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, адалдық және белсенділік құпталады. Жұмыстан тыс уақытта өзгелерге үлгі болатындай білікті де білімді маман болуы керек. Ауылдың тұрғыны ретінде ауласын таза ұстап, қоғам өміріне дұрыс қараса, өзгелер соған қарап бой түзейді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші адалдықты ту еткен, ақ жарқын азамат болуы тиіс.
– Түсінікті. Жалпы өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?
– Сын түзелмей мін түзелмейді деген. Егер дәлелді түрде сын айтылса, онда қабылдаймын. Ал негізсіз, дәлелі жоқ қисынсыз пікір болса, оған жауап бермеуге тырысам.
– Атаққа қаншалықты құмарсыз?
– Атақ құмар дегенді ойлап көрмеппін. Жалпы қанымда жоқ қасиет.
– Өмірде ең маңызды шешім қабылдарда кімнің кеңесімен жүзеге асырасыз?
– Жоғарыда айтып өткендей кез келген істе ақылын айтып отыратын төрт көкем бар. Сол кісілерге жүгінемін және анамның ақылына құлақ асамын. Осы салаға келер алдында солардың кеңесіне жүгіндім десем артық айтпаймын.
– Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?
– Менде бала кезден қалыптасқан бір ғана ұстаным бар. Ол «тек қана алға».
– Соңғы сауал. Он жылдан кейін Айдын Серікұлы кім?
– Бұйырса абыройлы қызметтің басшысы(күліп).
– Сұқбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен Ерсін СӘДУҰЛЫ