» » » «Мұражайдың негізін әкем қалады»

«Мұражайдың негізін әкем қалады»


ОСЫ ЖЫЛДЫ ШАРТТЫ ТҮРДЕ РУХАНИЯТ ЖЫЛЫ ДЕСЕК БОЛАДЫ. СЕБЕБІ, МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖЫЛ КӨЛЕМІНДЕ ТАРИХИ ДАТАЛАР АЯСЫНДА БІРҚАТАР ІС-ШАРА ЖОСПАРЛАНЫП, ХАЛЫҚҚА НАСИХАТТАЛУДА. ОНЫҢ ҚАТАРЫНДА ҰЛЫ ОЙШЫЛ, ӘЛЕМНІҢ ДАНЫШПАН ҰСТАЗЫ АТАНҒАН ФӘРАБ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУМАСЫ ӘБУ-НӘСІР МҰХАММЕД ИБН ҰЗЛАҒ ИБН ТАРХАННЫҢ 1150 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ БАР. АТАУЛЫ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «РУХАНИЯТ – ӘБУ НӘСІР ӘЛ-ФАРАБИ МУЗЕЙІНІҢ» ДИРЕКТОРЫ АЛМАС ЖҰМАШЕВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК. ТӨМЕНДЕ МУЗЕЙ БАСШЫСЫМЕН БОЛҒАН ӘҢГІМЕМІЗДІ ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ.

– Отырар – тарихқа бай, мұқымнан ұлылардың мекені. Бабтардың бабы – Арыстан бабтың жамбасы жерге тиген қасиетті өлке. Осындай құтты өлкеде әл-Фараби атындағы музейдің болуы заңдылық та болар. Бірақ біздің білетініміздей, өзіңіз басқарып отырған мұражайдың негізін сіздің әкеңіз қалаған деп естідік?

– Оныңыз рас. Қазіргі мұражайдың тарихи-ғылыми ортаға айналуына – әкем Абдулла Жұмашевтың еңбегі ерен. Ол кісінің осындай келешек ұрпақ үшін үлкен іс тындыруы – Отырар ауданының бай тарихын жаңғырту мен туған өлкеге деген құрметінен туса керек. Әкем бар саналы ғұмырын өлкенің тарихи-мәдени құндылығы мен рухани мұрасын тал- май зерттеуге, оған қатысты әрбір дүниені тірнектеп жинауға арнаған азамат. Құнды мұраны кейінгі толқынға мирас етуге, музей ісі ретінде экспозициялауға жүйелі жұмыстар істеді. Өмірінің бір парасын сол мол байлықтың мұртын бұзбай насихаттап, оның қадір-қасиетін ұғындыруда көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осындай игілікті істің нәтижесінде ол 1992 жылы Қазақстан Республикасында тұңғыш рет қоғамдық негізде "Отырар руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музей-кітапханасын" ашып, оның ғылыми тұжырымын қалыптастырды. Әл-Фарабиден бастап, осы кезеңге дейінгі рухани мәдениетіміздің аса көрнекті өкілдерінің 10 мыңға тарта жәдігерін жинады. Ол жәдігер жинақтаушы немесе кітапхана ашушы ғана емес, өзі жинақтаған археологиялық, этнографиялық, фольклорлық түп деректерді зерттеуші де. Оның мерзімді баспасөзде 100-ден астам зерттеу мақаласы мен 20-дан аса кітабы оқырман қолына тиді. Музейде Ш.Айтматов, М.Қозыбаев, Ә.Кекілбаев, К.Ақышев, Ш.Қалдаяқов, Ө.Жәнібеков, М.Мырзахметов, М.Шаханов сынды атақты ғылым, өнер қайраткерлері өз қолдарымен түрлі жәдігер қалдырып, музей жайында пікір білдірген.

– Солардың бірін атап өтсеңіз?

– 2000 жылы музейге ат басын тіреген академик М.Қозыбаевтың пікіріне тоқталсам: «Ғылым мен білім – нәзік, әрқашанда раушан гүлдей күтуді, бағалауды қажет етеді. Ол күтпесе суалады да қуарады. Ғылым мен білімнің шырақшысы, насихатшысы бола білу – ерлік, баршаға өнеге болар тірлік. Міне Отырарға бара қалсаң осындай адамды кездестіресіз. Оның есімі Абдолла Жұмашов, елдің елеулі азаматы. Оның ұйымдастырғыш қабілеті, күнделікті тірлігі арқасында ғажайып ғылым-білім ордасы бой көтерген. Ол орда – Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Руханият музей-кітапханасы».

– Сонымен мұражай болып қай жылы ашылдыңыздар?

– Осындай тұлғалардың рухани демеуінің арқасында және жиналған мыңдаған жәдігердің басын біріктіре отырып, әкемнің меңгерушілігімен 2011 жылы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» МКҚК болып құрылды. Онда ғылыми қызметкерлер Райхан Әпекова, Люба Оразова, Ералы Шоқай, Рыскүл Молдаханова және қалпына келтіруші-суретші Әбдіманап Мейірбеков сынды білікті мамандар жұмыс істеді. 1992 жылы музейдің алғашқы тақырыптық-экспозициялық жоспары жасалып, ол Шәуілдір ауылындағы археологтардың базасында құрылды.

– Музей жайында толық мәлімет беріп өтсеңіз?

– Музей қорында 4240 жәдігер бар. Тақырыптық-экспозициялық бағыты бойынша 12 тақырыптан құралған. Атап айтқанда, "Отырар аймағы Қазақстан территориясындағы мәдениет дамуының ең ежелгі ірі ошағы", "Ортағасырлық Фараб – Әбу Нәсір әл-Фараби Отаны", "Әбу Нәсір әл-Фараби Шығыстың ұлы философ, энциклопедист ғалымы" болып бөлінсе, әрі қарай да "Моңғол шапқыншылығына дейінгі Отырар өлкесінің мәдениеті мен өнері", "Ислам және сопылық дүниетаным", "Алтын Орда тұсындағы рухани мәдениет", "Қазақ халқының ауыз әдебиеті", "Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет пен өнер", "Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр бойының XIX-XX ғ.ғ бас кезіндегі мәдениеті мен өнерінің дамуы" секілді тақырыптық зерттеулерден бастап бүгінгі тәуелсіздік алған бейбіт күнге дейінгі тарихи деректер қоры жинақталған.

– Музейдегі ұлы ғұламаға байланысты қандай да бір жәдігер мен құнды мұраларды атасаңыз? Оның ішінде кейбіріне жеке тоқталып өтсеңіз?
– Әл-Фарабиге қатысты жәдігерлер мен оған қатысты құнды мұралар негізінен шетелде сақталған. Қазақстанға әл-Фарабиге қатысты жәдігерлердің келуі – қазақтың тұңғыш фарабитанушы ғалымы Ақжан Машановпен байланысты. Ол 1968 жылы Сирия сапарында әкелген Египеттің «Ніл» баспасынан 1904 жылы шыққан Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» мен «Музыканың үлкен кітабы» трактаттарының фотокөшірмесін музейге тапсырды. "Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы" трактаты 2 бөлімнен, 302-беттен тұрады. Кітаптың атауы – "Ара аһлул мадинатул Фадла", яғни ізгі немесе қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы. Қолжазбаны көшіріп басып шығарған дамаскалық Шейх Фарух ал-Курди және Шейх Мұстафа Кабани. КітаптаФарабидің туған жері туралы мынадай мәлімет кездеседі. «Әбу Нәсір Мұхамед ибн Мұхамед ибн Узлағ ибн Тархан Фараб қаласынан. Ол қала Хорасан маңындағы түркі қаласы» делінген. Одан соң ғалым Рахманқұл Бердібай Сирияға барғансапарында сириялық достары сыйға тартқан Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың бюстін тапсырды. Одан бөлек, музейде әл-Фарабиге қатысты оның Сирияның Дамаск қаласындағы Баб ас-Сағир Кіші қақпа мазаратындағы қабірінен алынған құлпытасының бір бөлігі, қабір топырағы,ол зерттеген «Уд» музыкалық аспабы, туған қаласы Фараб – Отырар – Весидж – Оқсыз қала тұрағынан табылған ІХ-Х ғасырларға жататын сазсырнай және 2006-2008 жылдары Сирия сапарынан әкелінген бірқатар жәдігер сақтаулы.

– Біз әкеңіз Абдулла Жұмашевтың да Сирияға екі мәрте сапарлап барғанынан хабардармыз. Осы жайында айтып берсеңіз?

– Алғашқысы – 2006 жылы ұйымдастырылды. ҚР Діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің басшылығымен, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлының демеушілігімен құрамында бірқатар ғалым-зерттеушілер мен журналистер болып, Отырардан бip уыс туған жер топырағын алып оны Дамаскідегі ұлы ойшылдың қабіріне салды. Ол жақтың қабір топырағын туған жерге жеткізіп, Арыстанбаб мазаратына салды. Ал екіншісі – 2008 жылы «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қанат Тұяқбаев, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех, «Дара» ЖШС президенті, архитектор Алмас Жансүгіровтердің қатысуымен жоба жүзеге асты. Екі сапарда да әкем бастан-аяқ болып, өз үлесін қосты. Бұл сапарда бабамыздың араб елдерінде жарыққа шыққан бірқатар еңбектері елімізге әкелінді.

– Айтулы мерейтой аясында қандай іс-шаралар жүзеге аспақшы?

– Өздеріңізге белгілі өткен жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен күллі түркі жұртының мақтанышы, екінші ұстаз атанған ғұлама ойшыл, философ Әбу-Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы қаулысы жарияланды. Мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, туған жері – Отырарда халықаралық іс-шаралар жоспарланып отыр. «Әл-Фараби ізімен» атты Қазақстаннан Сирияға дейін халықаралық экспедиция ұйымдастырылды. Осы сияқты тағы көптеген іс-шараға музейіміз де атсалысуда. Бірақ әлемде болып жатқан коронавирус пандемиясына байланысты бұл іс-шаралардың көпшілігі кейінге қалдырылды. Биыл музей қорындағы әл-Фарабидің еңбектерін аударып, басып шығару жұмыстары басталуда. Бұл жұмыс өте күрделі, көп уақытты талап етеді және Қазақстанда әл-Фараби еңбектерін аударуға тісі бататын аудармашы-ғалымдар саусақпен санарлық. Алдағы уақытта пандемия тоқтамайтын болса республикалық конференцияны онлайн форматында өткізуді жоспарлаудамыз. Сонымен қатар мерейтой аясында ғұламаның музейін жөндеуден өткізу жұмысы басталуда.

– Мұражай ісінің инемен құдық қазғанмен бірдей екенін білеміз. Әсіресе, ғылыми- зерттеулер мен баспа жұмыстары?

– Қордағы жәдігерлерді насихаттау мақсатында 28 ғылыми-танымдық кітап жарық көрді. Мәдени мұрамыздың біразы әдебиет зерттеуші ғалымдардың, музей қызметкерлерінің талай жылғы ғылыми-жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-баспа жұмыстарының нәтижесінде тәржімаланып, жан-жақты зерттеліп жарыққа шықты. Олардың соңғы жарық көргендеріне тоқталсақ, 2017 жылы жарыққа шыққан «Отырар алқабындағы қолөнер» атты ғылыми-зерттеу кітабы. Еңбекте музей қорындағы қолөнер бұйымдары, олардың жасалу жолдары, қолданылу аясы және оларды жасаған ұсталар туралы жан-жақты баяндалады. Авторы – А.Жұмашев. Келесі 2018 жылы жарыққа щыққан кітап «Отырар жәдігерлері» деп аталады. Альбом-кітап музей қорындағы құнды жәдігерлер, тарихи фотосуреттер, Отырар өңірінің тарихи тұлғалары жайлы ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтыған үлкен еңбек. Авторлары – Қ.Айтаханов, А.Жұмашев. Соңғы жарыққа шыққан кітап 2019 жылы «Шың» баспаханасынан шыққан "Отырар алқабының ақындары" (Әл-Фарабиден Әселханға дейін) деп аталады. Бұл кітапта музей қорында жинақталған жазба деректер бойынша ІХ-ХҮ ғасырлардағы Отырар алқабы ақындарының шығармашылық өмірі сөз етіледі. Авторы – А.Жұмашев.

– Қармақшы ауданы – күллі түркінің абызы атанған Қорқыт атаның мәңгілік тыныс тапқан қасиетті өлкесі. Осы өңірде барша адамзат зиярат ететін мемориалдық кешінде болдыңыз ба? Ауданның рухани тыныс-тіршілігімен және мұражайымен байланыстарыңыз бар ма?

– Қармақшы өңірі жаныма біртабан жақын. Қайын жұртым, әкемнің құдалары Ақай елді мекенінен. Әрі-бері өткенде Қорқыт ата кешеніне соғып, зиярат етіп тұрамыз. Мұндай қасиетті жерден рухани күш алып шығасыз. Кешеннің архитектурасының өзі ғажайып бір күйге жетелейді. Былтыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы қарсаңындағы республикалық көрмемен Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістанның тұлғалары мен мұралары» атты тақырыпта көшпелі көрмемен барғанбыз. Көрмені бұл өңірге әкелуіміздің себебі – ғалымдар әлемдік музыкаға өзіндік үлес қосқан Әбу Нәсір әл-Фараби музыканы Қорқыттан қабылдады деп айтады. Бұл да шындыққа жанасатын пікір. Өйткені екі тұлға да арасы алшақ емес, бір заманда өмір сүрді. Мұндағы мақсатымыз – ұстазы мен шәкіртінің рухтары тыныстаған екі өлке арасында байланыс орнату еді. Осы орайда Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Дәурен Ержановқа алғысымды білдіремін. Әріптестермен біздің өңірде жолығуды осы жылға жоспарлағанбыз.

– Аудан халқына тілегіңіз?
– Әлемнің мақтанышы, ұлы ғұлама Әбу-Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын. Ұлы ойшыл, жырау әрі қобыз атасы Қорқыт ата елін бабалардың рухы жебеп, тыныштық заман болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбатты жүргізген
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
06 маусым 2020 ж. 1 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 102

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031