Медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара түспек
Бақытжан Нысанбаев, амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың бас дәрігері
Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Түрлі үздік мемлекеттің тәжірибесін ескерсек, медициналық көмек жоғары деңгейде болуы үшін осы сақтандыру тиімді болуда. Келер жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін бұл жобаның көпшілікке тиімділігі қандай? Осы тұрғыда аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаевпен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға байланысты сұқбат жүргізген едік.
– Әңгімені бастамас бұрын міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру туралы айта кетсем. Бұл жүйеде барлық сақтандырылған азаматтар жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекті бірдей ала алады. Яғни қарапайым халық үшін тиімділігі жоғары. Соңғы 10 жылдың көлеміндегі демографиялық өсім, өмір сүру жасының ұзаруы, жүрек-қан тамыр жүйесі, тыныс алу, қант диабиеті секілді аурумен ауыратындардың жасаруы, ауру түрінің көбеюі, ем-шаралардың қымбаттауы, жаңа технологияларды енгізу қажеттігі себебінен осы жүйе бізге тиімді. Қазіргі қолданыстағы жүйеден айырмашылығы – қажетті қызметтің құны сіз төлеген жарна мөлшеріне қарамайды. Бұл дегеніміз – кез келген адам қажетті жағдайда жоғары технологиялы операциялар жасата алады. Сонымен қатар еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Таңдауды тұрғын жасағаннан кейін медициналық ұйым арасында бәсекелестік пайда болады. Ал бәсекелестік бар жерде міндетті түрде сапаның жақсаратыны анық.
– Мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтарға кімдер жатады?
– Бұл санатқа жататындар балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, баласы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс алған адамдар, мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер. Олар үшін ҚР бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
– Ал бұл санатқа кірмейтіндер не істеуі қажет?
Ал бұл санаттың қатарында емес жандарға бірыңғай жиынтық төлем қарастырылған. Бұл бағытқа табыс табу үшін формальді емес жұмыс істеп жүргендер жатады. Бұл төлем 0,5 айлық есептік көлеммен 1 айға – 1263 теңге. Оны 3 айға, 6 айға немесе 1 жылға төлеуге болады. Яғни 1 жылға – 15 156 теңгені құрайды. Бұл төлемнің өзіндік тиімді тұстары да бар. Егер сіз осы төлемді төлеген жағдайда әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы қоры және табыс салығына бөлініп аударылады. Осы арқылы сіз медициналық көмекпен қатар, босанар алдындағы және босанғаннан кейінгі мемлекеттік жәрдемақыны және шағын несие ала аласыз. Ал жарнаны екінші деңгейлі банк немесе «Қазпоштаның» кез келген бөлімшесі арқылы аударуға болады.
– 1 қаңтардан бастап енгізілетін бұл жүйеге мемлекет тарапынан жеңілдігі жоқ тұлғалар үшін қандай да бір қиындық кездеспейді ме?
– Аса бір қиындық туғызатын мәселе болмайды деп сенемін. Себебі қазіргі таңда 327 адам жарна төлеуде. Ал аудандық ауруханаға қаралатын статусы анықталмаған тұрғындар саны – 949. Соның ішінде 101 диспансерлік есепте тұрады. Бүгінде олармен аймақтық дәрігер мен медбикелер үйлеріне барып түсіндірме жұмысын жүргізуде.
Қосымша айта кететін жайт, медициналық қызметтің екі түрлі пакеті бар. Бірінші базалық пакет бойынша Қазақстанда тұратын барлық азамат төмендегідей көмектерді тегін алады. Олар: жедел-жәрдем және санитарлық авиация қызметтері, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға және шұғыл жағдайда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер, амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етумен амбулаторлық-емханалық көмек. Ал медициналық сақтандыру қорынан ұсынылатын сақтандыру пакетіне амбулаторлық-емханалық көмек (емханада емделу, зертханалық қызмет, диагностика және манипуляция), стационарлық көмек – жоспарлы түрде ауруханада емдеу, стационардың орнын басатын көмек-күндізгі стационарда емдеу, жоғары технологиялы медициналық көмек, ерекше медициналық технология қолдану, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету жатады.
– Елді ақпараттандыру барысында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүруде. Осы уақытқа дейін аудан көлеміндегі барлық елді мекендерді қоса алғанда 400 дәріс оқылып, 10000 ұнпарақ таратылды. 10 билборд ілініп, 48 мекемеде дәріс тыңдалды. Халық көп шоғырланған жерлерге бейне материалдар қойылды. Whatsapp желісі 15000, хабарлама арқылы 5000 абонементке ақпарат таратылды. Әлеуметтік желілерге 26 мақала жарияланды. Аймақ дәрігерлері аула аралауда тіркеу, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА