БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жұмыстар істеліп, тақырып аясында талқылаулар жүргізілуде. Бұған жас ұрпақ өкілімен қоса, аға ұрпақ өкілі де айтарлықтай атсалысуда. Әсіресе ата-әжелеріміз келешек ұрпаққа үлгі боларлық іс көрсетіп, өнегесін дарытуда. Соның біріне жақында өзіміз де куә болған жайымыз бар.
Мамыр – білім ошақтарында соңғы қоңырау үні сыңғырлап, балалардың жазғы демалысқа шығатынымен ерекшеленетін ай. Сондай-ақ мамыражай мезгілде мектеп түлектері өздері біліммен сусындаған алтын ұя ордасына ат басын тіреп, бас қосады. Ұзақ жыл көріспеген түлектер бір-бірімен амандықта қауышып, басты тұлға саналатын – асыл ұстаздарын ортаға алады. Қолдан келген құрметін жасап, қошемет көрсетеді. Бастары түйіскен айтулы мерекеде сырласып, шүйіркелеседі. Қандай ғанибет десеңізші?
«Елу жылда – ел жаңа». Расында да осындай сағынышты сәттің естен кетпес қуанышын басынан өткізгеннің бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебін осыдан 45 жыл бұрын бітірген 10 «б» сыныбының түлектері. 1964-1974 оқу жылында тәрбие мен білімге қаныққан қағілез ұл мен қыз бүгінде бозбала мен бойжеткен емес, салиқалы да парасатты ата мен әже. Өрелі ұрпақ өсірген, ғылым мен техникада, білім мен мәдениетте, өмірдің қай саласында да өзіндік қолтаңбасы бар ұлағатты жандар. Олардың көбісі туған жерден жырақта жүрсе де балалық, жастық шағы өткен Қармақшының қасиетті топырағын ұмытқан емес. Туған жерге тағзым етуді бір парыз деп есептесе, адамзат баласын адалдыққа баулып, ізгі қасиетін шәкірт жанына сіңіре білген ұлағатты ұстаздар – Қаз КСР «Білім беру ісінің үздігі» Абдулхамит Асқаров, Фазила Маханбетова, Зибаш Қамбарова, сол секілді Айзада Танашева бізге әркез мақтаныш. Білікті мамандардан білім алып, талай белесті бағындырған мектеп шәкірттері: физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Әбдіқады Мұстафаев, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Салауат Дастанбаев, Рахметолла Шаяхметов, Асанғазы Айтілесов, Пархат Еспенбетов, Бақтияр Отаров, сонымен қатар Қаламқас Тасымова, Иләш Қаймақбаева, Кенішкүл Қуатбаева, Алтын Әбдіразақова, Жаңагүл Бұхарбаева, Майра Тайшықова, Дариха Кенішбаевалар қырық бес жылдан кейінгі бас қосудың әсерін сөзбен айтып тауыса алмауда.
Атап айтарлығы, қалыптасқан үрдіспен түлектердің бірқатары мейрамхана, тойханада дастархан жайса, бұл кісілер Елбасының сара саясатына сай, Қазақстанның қасиетті орындарын аралауды жөн санапты. Жас ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында қасына немере-шөберені ертіп, Оңтүстік Қазақстан облысына жол тартқан. Онда шежірелі Отырар ауданында жатқан бабтардың бабы – Арыстанбаб кешені мен ер түріктің бесігі саналған – Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы кесенесінде болып, зиярат етіп қайтты. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанғандар марқұм ата-аналары мен бірге оқыған сыныптастары Айнакүл Берденова, Серік Бұйрабаев, Ықпал Метеров, Хамит Иманбаев, Сейілбек Піржановтарды еске алып, Құран бағыштады.
– Есте қаларлықтай етіп өткізгіміз келді бұл кездесуді. Әркім де мұндай сәттімейрамханада атап өте алады. Біз – ұрпағымызға үлгі болсын деген ниетте осылай ұйымдастыруды құп көрдік. Қасиетті орынға сапарымызды өзіміздің Қорқыт атадан бастап, оңтүстікте жалғадық. Тарихымызбен, ұлттық дәстүрімізбен, аты аңызға айналған киелі мекендермен таныстық. Ұмытылмастай саяхат болды, – дейді Жаңыл Меңдібаева.
45 жылдан кейінгі келелі кездесу осылайша ерекше үлгіде өтті.
Сәрсенкүл АҚКІСІ