"ДОСТЫҚ КУБОГЫ" жолындағы тартыс
Мамыр мен маусымның ерекшелігі бар. Неге дейсіз ғой. 25-мамыр соңғы қоңырау мерекесі жақындағаннан 10, 20, 30, 40 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер бас қосып, балалығын еске алады. Өмірден орындарын тапқан жандардың өткен күндеріне ойша оралу арқылы бақытты бозбала мен бойжеткен шағымен қайта қауышуы қандай ғажап.
Тұлымшағы желбіреп, тай-құлындай бірге өскен, болашаққа арманмен қараған, ақ көйлек қызыл галстук тағып, арқаға сөмке асынған шәкірттер араға 20 жыл салып қайта кездесті. №183 орта мектепті 1999 жылы бітірген түлектер бас қосып, аудандық деңгейде естен кетпес шара ұйымдастырды. Өзге мектептерде білім алған, өздері сынды 20 жылдық кездесуге арнайылап келген құрдастарын жинап, №27 орта мектеп ауласында шағын футболдан турнир өткізді. Бас жүлдеге 100 мың, кейінгі орындарға 80, 50 мың теңге тігілген сайысқа белсенділікпен қатысқандар көп болды. Барлығы 10 команда бақ сынады. Сайысқа қатысушыларға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев сәттілік тілеп, спортқа жанашырлық танытқан, игілікті істі қолға алған жігіттерге алғысын айтты.
Нәтижесінде І-ІІ орындарды №183 орта мектеп түлектерінен құралған «Самал» және «Болат» командалары иеленсе, екі ІІІ орынды №30, №26 мектеп түлектері өзара бөлісті. Үздік өнер көрсеткен ойыншылар да марапатсыз қалмады. Оларға арнайы дайындалған 20 номинация берілді.
Жолдастық кездесуге жиналғандар мектеп партасында басталған достықтың үзілмегенін айтып қуанады. Алтын ұя мектепті бірге бітіріп, жүздері бал-бұл жанып, мерекеде маңғаздана отыратын аяулы достарының кейбірі өткінші өмірден аққан жұлдыздай өте шығыпты. Құрдастар марқұм болған достарының әруақтарына арнап ас беруді де ұмытпады.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».