» » » КИІЗ БАСЫП, ЖҮН ТҮТУ – БЕРЕКЕСІ АУЫЛДЫҢ

КИІЗ БАСЫП, ЖҮН ТҮТУ – БЕРЕКЕСІ АУЫЛДЫҢ

«Алма ағаштың гүліндей-ай, текеметтің түріндей-ай...», – деп аналарымыз салған халық әні кімнің құлағының құрышын қандырмады, кімнің жүрек түкпіріне жетпеді. Осындағы «текемет» сөзі келесі бір жиырма жылдықта көнерген сөздер тізбегіне ілінеді ме деп қорқамыз. Өйткені, текеметтің гүлін айтып, отырысты қыздырғанымызбен, киіз басып, текеметке түр салып жатқан ісмердің қарасы тым сирек.
Ұлттық дәстүрді ауызша айтып, ұрпаққа мұра ете алмайсың. Оны өзің бастап істеп, бала-шағаңа қолмен ұстатып көрсетуің керек. Олай болмаса, дәстүрді дамытамын деу – ыдыстың ернеуінен сыртқа төгілген сумен тең. Еңбегің еш. Талабың зая. Уақыт өзгерді дейін десек, сол баяғы уақыт. Заман өзгерді дейін десең – ай, күн, жұлдыз өз орнында. Не десек те, қазақтың қазақылығы, даналығы, шеберлігі – оның қолөнершілік қасиеті мен тумысында, рухани болмысында. Енді осыларды бізден біреу тартып алды ма? Жоқ, әрине. Біреу қолымыздан қақты ма? Құдай сақтасын. Бір әпкем айтып еді: «Қызым бес алса, әкесі өзіне ұқсатады да, бірдеңесі дұрыс болмаса – нағашысына тарт­қан деп». Сол секілді жездемнің керін киіп жүрмейік. Қазір киіз басу өнері – мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Мектептердегі технология пәні мұғалімдерінде киіз басу өнерінде ізденушілік бар. Ал, ертеректегі екі үйдің бірінде білекті түріп, әлгі текемет әнін салып жіберетін күннің бізден алыстағаны қашан. Ауылдың түтіні қашан да түзу ұшқан. Адамы кең пейіл, мінезі дархан. Әр үйінде, қымыз-қымыран, айран-ашытпасы дайын. Түбі түскір кока-колаң одан әдірам қалсын. Жазда ауылдың үлкен анасы бас­тап, оны қыз-келіншектер қолдап, бір күнде бірнеше киізді басып тастайтын. Ішіне әңгімесі толып қалған Дүкенгүл апай да ағынан жарылып, басқаларымен иін тіресе кететін. Тай қазандағы қайнап жатқан ыстық суды киізге бүркіп, шынтағы күйіп бара жатса да шыдайтын еді жарықтықтар. Қыңқ еткен дыбысы болсай-шы. Қыздар жиденің шыбығымен (сабау) жүн сабаса, келіншектер иі қанған киізге түр салуға кірісетін. Ортада осының бәрін басқарып жүретін Бәтима ана ас мәзірін де естен шығармайтын. Буы бұрқыраған жылқы етінің иісі мұрын жарады. Танауын ас қытықтаған Талапты апай да киіз басушыларды асықтырып, жылдамдатып бітіруге күш салатын. Кеш қараймай тұрып киіз де басылатын, ән де айтылатын. Қазақтың бас тағамы – ет те желінетін, қымыз да ішілетін. Көмекке келген көрші де, ағайынға болсыншы тілейтін абысын да, «көргенім көзіме жақсы, істегенім өзіме жақсы» дейтін жас келін де тапқан-таянған көйлек-орамалын қолтығына қысып, үйіне мәз болып тарайтын. Ауылдың ақ пейіл аналары-ай. Күмәнсіз көңілде етегіне немересін шұбыртып жүріп бір-бірімен риясыз қатысатын.

ҰРПАҚҚА МҰРА БОЛЫП ҚАЛСА ДЕЙМІН

Қазақ қазақ болғалы – мал шаруашылығы бар. Мал бар жерде – оның өнімін қажетке жарату бар. Далаға тастамайсың – обалы бар. Шіркін, ішсең – сусын, жесең – ет, кисең – киім, мінсең – көлік. Әрине, оны ұқсата білсең жарар. «Кешегіні – кетті деме, ол да бір сенің өткенің, алдағыны алыс деме – қазір-ақ оған жетпегің», – дегендей, өткен күн естен өшпейді екен», – дейді Әлия апамыз сонау Қарақұмдағы жылдарын ойға оралтып. Алдағыны біреу тартып алмайды. Алла ғұмыр берсе, оны бар көрмегің. Ал, өткенің кешегінің еншісінде қалғанымен, ол сенің жүріп өткен жолың, артыңа қалдырған өшпес ізің, еткен еңбегің, төккен терің. Әлия Жұмабайқызының жүзіне қарап бір сәт оның көз алдынан Қарақұмның құм көшкіні, бет қаратпайтын құмды дауылы тізбектеліп өтіп жатқандай көрінді маған. Қызылқұм мен Қарақұмның құмын кешкен, көсігін теріп, құм сағызын шайнаған маған да апам ыстық көрінді. Екеуміздің арамызды қазақ даласының киесі мен ғажап көрінісі жалған тұрғандай еді. Ә.Тойбазарова бүгінде Жосалы кентінің тұрғыны. Әлеуметтік саладан зейнеткерлік демалысына шыққан. Жары Асылбек Боранбаевпен қырық жеті жыл отасып, үбірлі-шүбірлі болып отыр.
– 1977 жылы Қармақшы ауы­лы­ның «Тышқан тамы» бөлім­ше­сіне көшіп бардық. Мектеп-интернатта кіші тәрбиеші қызметін атқардым. Шопандардың балаларына қараймыз, тамағын береміз, сабағын қадағалаймыз. Менің киіз басуға деген қызығушылығым сол кезде басталды, – дейді ол мені де қызықтыра сөйлеп.
Орталықтан барған жас келіншек үшін бұл әдеттегі іс болмаса да, біртін келе үлкен апалардан қолөнершіліктің сыры мен қырына қанығады. Әсте, талап қылғанға бағынбас асу бар ма? Жүн сабау, жүн түту, ши тарту, ши тоқу, киіз басу, ұршық иіруді ауылдың жайсаң аналары – Ажаркүл, Шәрипа, өз анасы Зейне мен қайынапасы Төлебикеден үйренеді. Уақыттың жүйріктігіне, жастың келе жатқанына қарамастан – бұл өнер Әлия Жұмабайқызының қажетті бір кәсібіне айналды.
– Уақ малымыз бар. Киіз басуға соның жүнін пайдаланамын. Киіз басатын мезгіл – жаз болған соң, мұндай шаруаға жазда қам жасаймыз. Қыздарым – Майра мен Гүлназымды да киіз басуға баулудамын. Кейде ескі киіздің жүні босап, қайта қатайтуды керек етеді. Ондай кезде киізді қайта пісіріп, қатайтып аламыз, – дейді кейіпкеріміз.
Қолөнершімен сөйлесе отырып, оның шебер қолы мен дархан жүрегінен шыққан текемет, киіздерін қызыға тамашаладық. Түрлі ою-өрнек салынған киіз, текеметтер үйге сән беріп тұр. Киіз – таза табиғи өнім. Қыста аяққа жылы, күзде табаныңнан суық өткізбейді. Қолөнершінің айтпағы жалғыз бұл емес, оның қазіргі мақсаты – ұмыт болудың алдында тұрған киіз басу өнерін ұрпаққа аманат етіп қалдыру.

КИІЗ БАСУДЫҢ КЕРЕМЕТІ

Біздің назарымызды аударатыны – айтулы өнердің тәрбиелік мәні. Үлкенді де, жасты да эстетикалық тұрғыда жетілдіретіні. Киіз басқан адам суретші де болады. Түрлі-түсті бояулар арқылы көптеген ою-өрнектің философиялық ма­ғы­насына мән береді. Төзім­ді­лікке үйретеді. Себебі, киіз басу – сабырлы адамның ісі. Киіз басу – тұрғанымен спорт десек те, ар­тық айтпаған болар едік. Жүн сабау кезінде, жүнді дайындау үшін қанша мәрте еңкейіп-көтерілесің, екі қолың мыңдаған мәрте жоғары, төмен түседі. Киізді шиге орау кезінде де спорттық жаттығулар орындалады. Неғұрлым дене қи­мылы көбейген сайын, соғұрлым әйел денсаулығының жақсара түсе­тіні ғылымда дәлелденген дүние. Аталған өнердің тағы бір айтарлығы – асармен жүзеге асырылатыны. Асар – адамды татулыққа, ауызбірлікке үндейтін ата-бабамызда ертеден келе жатқан дәстүр. Киіз басу өнері – ұзақ жасаудың да бір себебі. Ой тазалығы, кірбіңсіз кеуде, алаңсыз демалыстың да кепілі. Күнделікті күйбің тірліктен алыс­тап, қыз-келіншектердің қауқыл­дасып алатын тамаша бір көрінісі.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».
19 наурыз 2019 ж. 4 051 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031