ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ҰЯСЫ – ҰЛЫ ДАЛА

«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес. Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш», – деп жазды Елбасы мақаласында.
«Аңырақайда» жоңғар-қалмақтарды бытырата қуған батыр халықтың кеудесінде мақтаныш сезімі кернейді. Мекенінде «Алтын адамы» табылған түркі әлемінің алтын бесігі, Еуразияның жүрегі – қасиетті Қазақия азаттықтың ақ таңын атырғалы бері тарихын түгендеп келеді. Елбасы айтқан «Ұлы даланың жеті қыры» руханияттағы қазығымызды нықтап, желкенімізді кермек. Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан бақ мекенде ат құлағында ойнап, ұлттық өнерді бойына сіңірген, домбыра шертіп, тау жаңғырған даусымен жұртты таң қылған қазақ қашанда ұлы дала баласы болып қала береді.
Елбасы жазған мақала «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы болмақ.
Марат НАЯТҰЛЫ,
аудандық мәслихат хатшысы.