» » » Қобыздың тарихы

Қобыздың тарихы

Қобыз әлемнің моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, қобыз аспап ғана емес бақсылардың емдеу құралы, қазақ халқында және өзге ұлттарда өзіндік орны бар қасиетті аспап. Қазақ халқы үшін Қорқытпен байланыс­тыратын қобыздың алатын орны ерекше. Сондықтан мәдени-мұраның қыры мен сырына үңіліп, қадір-қасиетін айқындау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Ал, осы негіз қалаушы құндылықтардан айырылып қалмауымыз үшін ең басты байлығымыз мәдени-мұраларды қорғау.
Қобыз – VIII ғасырдан, Қорқыт ата заманынан келе жатқан қазақ халқы үшін киелі аспап. «Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған» қобызды қазақтың кие тұтуының өзіндік мәні бар. Бұл қобызды ойлап тапқан мистикалық тұлға – Қорқытпен тікелей байланысты. Қобыз адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқуын, жел мен судың үнін бере алады. Табиғаттың қайталанбас дыбысын ағаштан ойылып жасалған қарапайым аспаптың бере алуы, көптеген ғалымның таңданысын тудырып отыр. Қобыз ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Скрипка аспабының атасы. Аспап ысқысы бар шекті аспаптардың қатарына жатады. Өнер киесін арқалаған бабаның өнегесін қадірлеп, өткенді ұмытпай, бабалар жолын жалғастыру үшін қажет. Осы мұраны танып меңгеру бүгінгі, келешек ұрпақтар үшін парыз десек, оны жас ұрпаққа үйретіп, олардың бо­йына сіңіру, білікті ұстаз мамандардың міндеті.
Ақиқаты аңыздан ажырай қоймаған Қор­қыт тұлғасына қатысты сұрақтар қаншалықты көп болса, қобыздың да адамзат баласына беймәлім сыры жетерлік. Аңыздарда жаңа жасалған аспапта Қорқыт баба күй тарта бастағанда, бүкіл дүние күңіреніп, әлемнің астаң-кестеңі шыққандығы айтылады. Көкте ұшқан құс пен жерде жүгірген аңды да күйінің сиқырлы үнімен арбай алған абыз атаның қасиетті қобызының үні шыққанда, бүкіл даланың топырағын төңкерген дауыл тұрып, аспанды күркіреген қою қара бұлт шалған. Ол өзінің болмысымен, күңіренген күйімен халықты қорқытып қана қоймаған, Сыр суының үстінде күй тартып, елін бақытқа кенелткен дейді. Қобызды қазақтың кие тұтуының сыры, оның осылай пайда болуының ғажайып ертегіге ұқсастығында да жатқан шығар.
Қазақ жұрты қобыздың ерекше үнімен қоса, пішініне де зор мән берген. Қасиетті аспаптың аққу пішіндес сипатында өзіндік ерекшелік бар көрінеді. Академик Әлкей Марғұлан мұның себебін аққу құстың киелілігімен байланыстырған. Ғалым бұл орайда ежелгі қазақтардың аққуды қастерлеп, оның бейнесін өздерінің тотемі еткенін негізге алады.
Орта ғасырларда өмір сүрген ірі ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атаның соңында қалған әдеби және музыкалық бай мұра ұлағатты ұрпақтар арқылы кезеңнен кезеңге ауысып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Енді ол кім болған, қандай мұралары бар дегенге келейік.
Қазақ халқының атадан балаға тараған шежіресі бойынша музыка өнерінің тууы Қорқыт есімімен тығыз байланысты. Қорқыт қобызға алғаш тіл бітіріп, үнін күй етіп сөйлеткен өнер иесі, күй атасы. Ел аузындағы аңыздардың бірі – Қорқыттың елден ерекше болып дүниеге келуі және оған Қорқыт есімінің берілуі. Қорқытты туарда анасы құланның жаясына жерік болыпты. Жыл сайын бір рет толғатып, баланы үш жыл тоғыз күн көтереді. Бір күні нәрестенің дүниеге келер сәті жетеді. Анасы, туарында тоғыз күн толғатыпты, сол сәтте жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қара жаңбыр, дауыл соғып, біреуді біреу көре алмай, қорқыныш басыпты.
Бала анасынан туа тіл қатып, сөйлей бас­тайды. Шілдеханасына жиналғандар: «Бұл ерекше қасиетті болып өмірге келуі арқылы біздің бәрімізді қорқытты ғой, сондықтан аты Қорқыт болсын», – деп нәрестенің атын Қорқыт қояды.
Қыпшақ Қойлыбай Әбдурахпанұлы – атақты бақсы, таңғажайып тәуіп, керемет көріпкел, теңдесі жоқ қобызшы болған. Аңыздарда да, тарихи шығармаларда да Қорқыттан кейін Қойлыбайдың есімі аталады. Ақын Хамитбек Мұсабай өзінің «Қойлыбайдың қоштасу күйі» деген дастанында Қойлыбайдың қобызы мен киелі қасиеттері туралы былай жыр толғайды:
Қарт Қойлыбай – қобызшының абызы,
Шежіредей сайрап жатыр әр ізі.
Қатар жүрер қос анардай қашанда,
Замананың ақиқаты, аңызы.
Ол қобызбен – қара тасты сөйлеткен,
Ол қобызбен – тал бесікті тербеткен.
Ол қобызбен – селді буып сұрапыл,
Ол қобызбен – шу асауды үйреткен.
Ол қобызбен – қара бұлтты қақ тілген,
Ол қобызбен – ақбоз үйді тіктірген.
Ол қобызбен – тілін кесіп жыланның,
Ол қобызбен – ханға тізе бүктірген.
Ол қобызбен – жанған өртті өшірген,
Жөнге салған ессіздерді есірген.
Киіз үйді жиһазымен жиюлы,
Арғы беттен – бергі бетке көшірген.
Ол қобызбен – қара нөсер жаудырған,
Ол қобызбен – жан ләззатын қандырған.
Ол қобызбен – тоқсан тоғыз күй шалып,
Ол қобызбен – мәңгіге атын қалдырған.
Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, түсінде Қорқыт атадан бата алған қыпшақ Қойлыбай бақсы шамамен XIV ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген. Оның атақты бақсы, тәуіп, сәуегей, қобызшы ретінде есімінің алты алашқа кеңінен танылған кезі – XV ғасырдың алғашқы ширегі. Ол Қойлыбайды «бақсылардың бақсысы әрі пірі» деп бағаласа, Әлкей Марғұлан: «Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол – Қорқыттың шәкірті» деп жазады. Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастап, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бәрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай қобызын бәйгеге қосып бас бәйгені жеңіп алады. Мағжан Жұмабаев Шоқанның зерттеулерін негізге ала отырып «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанын жазған.
Қобыздың тағдыры бақсылардың тағ­дарымен бірге. Бұл жөнінде Әлкей Мар­ғұланның өзі былай де жазады: «Ұлы бақ­сы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ–ХІХғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді». Рашид ад-Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «Қыпшақ» сөзімен төркіндес екені айтылады.
Қобыздың өзі нарқобыз, қылқобыз, шаңқобыз болып бөлінеді. Қылқобыз – ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нарқобыз», «жезқобыз» деп аталатын түрі де бар. Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек.
Қазақ музыкасына арқау болған әр түрлі музыкалық аспаптар заманымызға сай түрленіп, жаңа ұғымда, жаңа мазмұнда пайдаланылып, қазақ өнерін әлемге танытып келеді. Демек, қазақтың музыкалық аспабының қай түрі болмасын көнермейді деген сөз, керісінше ол заман ағымына сай өзгеріп, жаңарып, жаңа туынды ретінде өмір сүреді.
Қазіргі кезде музыка әрлеушілері түрлі музыка жанрларын домбыраға, қобызға және т.б. музыка аспаптарына сәйкестендіріп, ұлттық нақышта, жаңа әр беріп, жоғары талғамда орындалуын көздейді.
Бүгінгі таңда қайта көркейген, жаңа мазмұнға ие болған, өмірімізден өзінің лайықты орнын алған бұл музыкалық аспап, өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті мәдениетімізді дамытатын, ажарын ашатын, рухани құндылық ретінде сақтауымыз керек.
Саналы адам баласы табиғи дарынымен ерекшеленсе, асыл мұраларамыз ата – бабаларымыздың өнерімен, өнегесімен бағалы.
Бүгінгі күні Қазақстанда Қорқыт атаның ізбасарлары аз емес. Бабалар мұрасын жал­ғастырушылар Қорқыттың күйлерін бізге жеткізіп отыр. Қорқыттың «Қобызым» әні әнші Жанар Айжанованың орындалуында өз тыңдаушыларын тапқан. Гүлнұр Оразым­бетованың орындауындағы Қорқытқа арнайы жазылған «Қорқыт – қобыз» әнінің өзі бір тарих. Ел ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қоңыр», «Тәңір күй», «Қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз күйлері, байырғы сарындар күні бүгінге дейін тартылады.
Скрипканың арғы атасы – қазақтың қара қобызы екенін әлем музыканттары мо­йындап та, дәлелдеп те үлгерді. Дәлелдеген – еуропалықтар. Мойындатқан – қазақтың ару қыздары. Бұл ұмытылуға жақын қалып, қудалау көрген аспабы Еуропаға халқымызды соғыс жылдары қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев танытты. Қа­зір дүние жүзіне танылып отырған қыл ішектің шеберлері – Марат Бисенғалиев, Арман Мырзағалиев, Ақан Мейірбеков, Айман Мұсақожаева, Гауһар Мырзабекова, Меруерт Тұяқбаева, Жәмилә Серкебаева, Лана. Бұл орындаушылардың мүмкіндіктері мен жоғары орындау мәнеріне Штраус, Брамс, Шуберттердің отаны алақандары қызарғанша қол соғып, жоғарғы мәртебелі ханшайымдар, корольдер, императорлар мен графтар арнайы шақыртулар жіберетін, қазақстандық музыканттардың гастрольдік сапарын асыға күтетін болды. Ұлыбританияның, Паганинидің мекені Қорқыттың Отанына жол бере бастады.
Біздер ата-бабамыз қалдырып кеткен мәдени мұраларымызды қадірлеп, бағалай білуіміз қажет. Сонымен қатар, мәдени-мұраны жаңғырту және насихаттау мақсатында мек­тептерімізде үйірме сабақтары өтсе екен деймін.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
30 қазан 2018 ж. 18 956 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 242

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 345

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930