ЖАМБЫЛДЫҢ ЖЫРЫ – ЖҮРЕКТЕРДЕ
Биыл ؘ– қазақтың халық поэзиясының алыбы, айтыс өнерінің хас шебері, жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Ғасырға жуық өмір кешіп, артына ұмытылмастай мұра қалдырған жыр алыбы Жамбылдың есімі қалың қазаққа мәлім.
Ел аузындағы аңыз әңгімеге сүйенсек, сол уақыттағы жаулардың қыспағынан ығысып келе жатқан қазақтар көшінде ұл бала дүниеге келген екен. Жаңа туған нәрестеге әкесі көш тоқтаған таудың атын береді. Міне, бұл бала – Жамбыл Жабаев еді. Әке жүрегі перзентінің таудай заңғар, биік, ұлы тұлға болып өсетінін сезген де шығар.
Жамбыл атамыз жастайынан еркін, домбыраның әуеніне қанығып, жырына құмартып өседі. Алдымен ол басқалардың ойнауындағы күй-жырларды тыңдап, содан кейін домбырамен өзі де дос болады. Барлық суырыпсалма ақындарға лайық Жамбыл да халық поэзиясына ерте бастан қызығушылық танытады. Халық әуені мен жыры Жамбылды ақындық пен жыршылық әлеміне сүйрейді.
Ақынның жас шағында жырлаған көптеген өлеңі бізге түгел жетпеген. Бүгінге жеткен бозбала кезіндегі өлеңдерінде («Шағым», «Әкеме», «Менің пірім – Сүйінбай», тағы басқа) өмір шындығын, қоғамдағы маңызды құбылыстарды ашықтайтын, шынайы суреттейтін шеберлігін көреміз. Мәселен, дүмше молданы мысқылдап «Шағым» өлеңінде молданың типтік бейнесі «Екі иығын қомдаған», «Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан», «Боз інгендей боздаған, қайтіп сабақ береді?» деп суреттейді. Өлең мысқыл сарынында жазылса да, астарында сол кездегі сауатын аша алмаған талай балалардың жайы баяндалады.
Ол 15 жасынан бастап домбыраны серік етіп, 16 жасынан бастап ақындыққа ден қойған. Осы құмарлықпен Жамбыл Жетісу даласындағы Екей руынан шыққан даңқты ақын, жыршы Сүйінбайға барады.
Сүйінбай ақынның қорғаны болған қызыл жолбарыс жыр алыбы Жамбылға ауысқаны туралы ел аузында аңыз бар. Осылайша жыраулық қасиет Жамбылға жұғысты болады. Жамбылдың Сүйінбаймен кездесуі және оның ақын шығармашылығына үлкен серпін бергені халық жадында аңыз болып сақталды. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған жас Жамбыл ұстазының жырларын жатқа айтты. Ұстазы да Жамбылдың қарымын, дарынын байқап батасын береді, ақылын айтып, жөн сілтейді.
Көп айтысының ішінен санаулылары ғана Кеңес жылдарында ақынның өз айтуы бойынша хатқа түскен. Ақын жастау кезінде Айкүміспен, Бөлектің қызымен «қайым», «түре» айтысқа түскен. Кейініректегі көлемді «сүре» немесе «желілі» айтыстары «Жамбыл мен Құлмамбет», «Жамбыл мен Сарыбас ақын», «Жамбыл мен Досмағамбет», «Жамбыл мен Шашубай» жұртшылыққа кеңінен мәлім. Сара ақынмен қағысу, Майкөтпен дидарласу, Жамбылдың Шыбыл шалға айтқаны, Жамбыл мен Бөлтірік – бұлардың бәрі де төкпе ақындықтың тамаша үлгілері қатарынан саналады.
Оның алғаш «сүре» айтыс түріндегі поэтикалық сайысы 1881 жылы Құдайберген байдың үйінде атақты импровизатор ақын Құлмамбет Құланаяқпен болған. Үлкен бір жиында Құлмамбет тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын жоқтығын айтып «Жамбыл деген ақын бар дейді, маған соны шақырып келтіріңдер» деп тілек білдіреді. Айтыста Жамбылдың сөзі мен ойы салмақты шығып белгілі айтыс ақыны Құлмамбеттің Құланаяғын жеңіп кетеді.
Дәл осы айтыстан кейін Жетісуда, оңтүстікте Жамбыл дарынды ақын ретінде әңгіме бола бастайды. Жамбыл кейін Балуан Шолақ, Шөже, Шашубай, Әсет секілді айтулы ақындармен сөз сайысына түсіп, сөз зергерлерінің біріне айналады. Оның аты көршілес Қырғызстанда да белгілі болды.
Жеті жыл өткен соң Жамбыл жалайыр руынан шыққан Досмағамбетпен күш сынасады. Бұл жолы айтысқа Жамбыл шақырады, оның даңқының қаншалықты артқанын байқатады.
1936 жылы Жамбыл бір күннің ішінде бүкіл елге мәлім болды. Бұл «Правда» газетінде, 7-мамыр күні оның «Туған елім» атты көлемді толғауының жариялануына байланысты болды. Сол кезден бастап Жамбыл жаңа кеңестік қоғамның жаршысына айналады. Сөйтіп ақын 1936 жылдың көктемінде Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады.
Ақын өзінің он екі бөлмелі үлкен үйінде 1945 жылғы 22-маусымда қайтыс болды. Бұл үй 1938 жылы ақын шығармашылығының 75 жылдығын тойлау қарсаңында мерейтойға арнап тұрғызылған болатын. 1946 жылы ақынның 100 жылдығы қарсаңында бұл жерге мавзолей салынды.
Осы 100 жылдық мерейтойға орай оның өзі тұрған үйінде әдеби-мемориалдық музей ашылды. Бұл музей қазіргі кезде Алматы облысының ғана емес, бүкіл республиканың мақтанышы болып отыр.
Биылғы 180 жылдыққа байланысты республика көлемінде көптеген ісшаралар ұйымдастырылуда. Онда ақын шығармашылығы дәріптеліп, жыраудың жүріп өткен өмір жолы, бір қазақтың емес әлем әдебиетіне қосқан үлесі турасында айтылып, жасаған еселі еңбегі насихатталатын болады. Осындай жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Жамбыл Жабаев мұрасы» тақырыбында іс-шара өтті. Іс-шара барысында Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы, өлеңдері мен толғаулары, айтыстары, елге сіңірген еңбегі жайында толыққанды мәлімет айтылды. Мектеп оқушылары Жамбылдың маржан жырларын тарту етіп, тарихта есімдері қалған Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысынан үзінді орындады. Сондай-ақ оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Жамбыл – жыр алыбы» атты фотокөрмені тамашалады. Аталмыш шара ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, поэзияны сезінуге, тарих пен мәдениетті тануға тәрбиелейді.
Сәкен Сейфуллин «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деген екен.
Міне, Абайдай дара тұлғаның замандасы, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған Жамбыл Жабаевтың мұрасы әлі талай уақыт өтсе де елінің жүрегінен өшпесі анық.
Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері

















