Менің анам

Ана – ұлттың ұйытқысы, отбасының шамшырағы, ақылшысы, жылулықтың бастауы. Ана – әрбір адамның өміріндегі ең асыл жан. Ол – мейірімнің, төзімнің, адалдық пен шын пейілдің жарқын бейнесі. Менің анам – Балагүл есімді қарапайым, бірақ ерекше жан. Біз әкемізді «тәте», анамызды «апа» деп атаймыз. Анам шеберлігімен, сабырлы мінезімен, мейірімге толы жүрегімен бәрімізге үлгі. Өйткені оның ғұмыры – өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан, сол сынақтардан сызат түсірмей өткен нағыз ананың тағдыры. Анам жастайынан тағдырдың жазуымен қиындықты көп көрген.
Анам Балагүл дүниеге келгенде, тағдыр оған күтпеген бұрылыс дайындаған екен. Ол алты айлық кезінде туған әкесі ағайыны – Төлеш атты кісіге береді. Бұл бір жағынан еріксіздік болса, екінші жағынан – жақсылықтың, қамқорлықтың бастауы, бауырмал қазақы кеңдіктің, адамдықтың үлгісін көрсету, ағайынға жаны ашу еді. Төлеш атамыз – мал бағып, маңдай терімен күн көрген, кішіпейіл әрі жүрегі кең адам болған деседі. Ол анамды туған баласындай еркелетіп өсірген. Ешқашан өгейлік көрсетпеген. «Жалғызым» деп, бетіне жел тұрғызбай, аялап, қорғаштапты. Осы мейірімнің арқасында анам қаталдығы жоқ, бірақ өмірдің қиындығын ерте сезінген, жаны нәзік, жүрегі берік жан болып қалыптасты.
Анамның өзінің балалық шағы туралы мына бір әңгімені біз де естіп өстік:
– Әкем Төлеш Қармақшы ауданы, Жаңақала (қазіргі Т.Көмекбаев) совхозының қойын бақты. Мен ол кезде 5-6 жасар баламын. Үйде көзі көрмейтін соқыр әжем, анам, әкем төртеуміз ғана. Әжем көзі көрмесе де ұршықты иіргенде сау адамнан кем иірмейтін. Қолынан келмейтіні жоқ, шебер кісі еді. Анам жеңіл мінезділеу, құстың келіп қайтар кезінде ауыратыны бар. Әкем соғыста сол қолын оққа ұшырған шолақ кісі еді. Малдың жайылымына байланысты қыс қыстауда, жаз жайлауда, күз күздеуде көшіп қонып жүреміз. Қарақұмда, көне құдықтарды 4-5 кетпен құм алып аршыса тап-таза су шыға келеді. Әкем марқұм сол құдықтан жалғыз қолмен бір отар қойды қауғамен суаратын. Ал анам екеуміз қойларды бөліп-бөліп астауға сиятындай етіп жіберіп тұратын едік. Әкем сондай қайратты еді, жұрт айтушы еді: «Ана қолының күші екінші қолына берілген ғой», – деп. Әкем мылтықты атқанда шолақ қолдың үстіне қойып, талай Қарақұмның лақтай қояндарын әкелетін. Екі қоян әкелсе, бірін көршіміз Жағыпарға беретінбіз.
Бір жылдары қазіргі Майлыөзек (бұрынғы К.Маркс) жақта У төбе деген жерде отырдық. Әкемнен бұл жер неге бұлай аталған деп сұрағанымда, ертеде бұл жерге жайылған малдар қырыла берген, улы шөп болған ба, әлде басқа себебі бар ма, сосын У төбе атанған, –дейтін. Әкем азаннан кешке дейін қой бағып жүреді. Үйде анам екеуміз қаламыз. Менімен ойнайтын бала жоқ. Содан шешеме ойнайық деп қиғылық саламын. Ол шамалы ойнайды да: Қой болды, өзің ойнай бер, әкең келеді, нан пісіремін, тамақ істеймін, – деп кетіп қалады. Ол кезде қазіргідей ойыншық қайда? Ірі малдың ауыз омыртқасын түйе қылып, шүберектен тоқым салып, пенцелиннің шынысын бәк жасап су артып, тасып, көшіп, қонып көргенімізді жасап ойнайтын едік.
Сол жылы қыста көрші жоқ, жалғыз үй отырдық. Бір күні әкем қалта-құлтасын салдырып «ата-енеме сәлем беріп келейін, сендер малды қараңдар», – деп өзі атпен кетіп қалды. Түс ауа «аманшылық екен, сендерге сәлем айтып жатыр» деп қайтып келді. Содан менде үйде ойнайтын бала жоқ болған соң, нағашыларыма барсам деген ой келіп, әкеме барайын деп сұрандым. «Балаға алыс, адасып кетесің», деп әкем жібермей қойды. Әкем қойдан азанда кетіп кешке бір-ақ келеді. Келген бойда күнде «Әке, нағашыларымның үйіне барайын, балдармен ойнап қайтайын» деп, миын ашытып қоймаған соң, әкем «Құдайға тәуекел. Қоймадың ғой, ертең барсаң бар, сен атқа мін, мен малды түйемен бағайын» деді. Мен жүрегім жарылардай қуанып кеттім. Ертесіне азанда әкем атты суарып, ерттеді. Үй жақта алыстан көрінетін биік төбе болатын, екеуміз соның басына шықтық. Әкем:
– Мені жақсылап тыңда, балам, адасып кетіп масқара болмайық. Жол жоқ, тек көздің ұшында алыста бір қарайған қарақшы көрінеді. Соның да ар жағында кең алқап( тегіс жер) бар, соның арғы жағында үлкен бір жал төбелер бар, соның бергі етегінде нағашыңның үйі бар, ұмытып қалма, – деп мұқият тапсырып, сілтеді.
Қыс мезгілі. Айнала аппақ қар. Содан атыма мініп алып ілбіп жүріп келемін, жүріп келемін. Артыма да қарап қоямын. Әлде қайтсам ба деп ойлап қоямын. Қайтып барсам енді жібермесі анық. Не де болса қайтпау керек деп ойлап келемін. Күн болса қызарып қып-қызыл болып батуға айналды. Өзіме айтқан жобасына келген сияқтымын. Бірақ көрініп тұрған үй көрінбейді. Жан-жағыма алақтап қарап келемін. Бір кезде қойлардың ізін көрдім. Сол ізбен еріп келемін. Қойдың ізі қораға келген із бе, өріске кеткен із бе деп ойланып, аттың басын тарттым. Өріске кеткен із болса біттім деп ойлап қоямын, қораға келген із болса жақсы болар еді деймін іштей. Барам деп қоймаған өзім ғой деп өзімді кінәлаймын. Бірақ әкемнің сілтеген жері осы жалдың етегінде еді ғой деп, жал мен тақырдың қосылған үлкен алқапты жағалап, олай-бұлай кезіп жүрдім. Бір уақ тұрып тыңдаймын. Иттің үрген даусы естіле ме деп. Сонымен күн де ұясына батты. Айнала тым-тырыс, өлі тыныштық. Қорқайын дедім. Бір кезде астымдағы жануар атым пысқырып, сол жаққа жалт қарады. Қарасам ақ қардың ішінен қап-қара үңірейген үңгір көрінді. Жақындап келіп қарасам жерден қазып шығарған жер кепе үй екен. Жан-жағыма барлап қарасам, мұржадан түтін шығып жатыр. Үстін ақ ұлпа қар басқан қора бәрі көрінді. Жүрегім жарылардай қатты қуанып кеттім. Аттан секіріп түссем екі аяғым бастырмайды, ұйып, тоңып қалған. Атымды есіктің ағашына байлап, үйге «Сәлем бердік» деп кірдім. Үйдегілер мені екі кештің арасында келеді деп ойламаған. «Қалай келдің, кім әкеп тастады, қашан шықтың ауылдан» деп сұрақтың астына алып жатыр. Бұл үйдегі нағашы атам Мырзағали, әжеміз Шолпан, жалғыз ұлы Ақыл және Ақылдың әйелі Марияш өте жақсы адамдар еді. 3-4 баласы бар. Мен үйге кірген бойда Марияш жеңгем мені пештің түбіне отырғызып, беті-қолымды жуып, мәз болып жүр. «Сені қыстың көзі қырауда қалай жіберген» деп жатыр. Менде «өзім ғой барамын деп қоймаған» деп айтып жатырмын. Ертесіне Марияш жеңгем маған көйлек тігіп кигізіп, үсті-басымды жуып, ретке келтірді. «Бұл сорлының қайбір шешесі бар бұған қарайтын» деп қояды. Содан мен 3-4 күн сол үйде болып, балдармен ойнап, 5-күні азанда Ақыл ағам мені түйеге мінгізіп тонға орап, өзі менің атыма мініп, алыстағы ауылыма жақындатып әкеп салды. «Енді бұлай келме, адасып кетсең, қасқырға жем боласың» деп қорқытты. Мен мәз болып ауылыма қайттым. Сол кезде 7 жаста едім. Бала кезімде осындай болған» –деп әлі күнге немерелеріне айтып отырады осы әңгімені.
Анам әке-шешесі мал бағып жүргендіктен және соқыр әжесін бағып, ол қайтыс болған соң мектепке 9 жасында барады. Мектеп бітірген жылы әкесі қайтыс болып, шешесі болса жайы белгілі құстың келіп қайтуында есі кіресілі-шығасылы болып ауырып қалады. Содан ағайындары ақылдаса келе «өз үйіріне қосайық» деп өзінің туған әке-шешесі Бәймен атамыздың шаңырағына әкеледі. Анасы Райкүл мен өзінен кейін туған тоғыз бауыры құшақ жая қарсы алғанмен, бір үйдің еркесі болып өскен менің анам әуелгіде оларды тосырқап жүреді. Бірақ кейін үйренісіп кетеді.
1977 жылы анам әкем Молыбекпен отау құрып, жаңа өмір бастайды. 1978 жылы тұңғышы Жарқын ағам дүниеге келді. Одан кейін мені, сіңілім Жадыраны, інім Бақытжанды дүниеге әкелді. Бұл жылдар – жастықтың, үміттің, тұрмыстың қым-қуыт кезеңдері болатын. Әкеммен отау құрған шақта малшы ауылда тұрған анам үй шаруасына бел шеше кірісіп, бізге бар жағдайды жасауға тырысты. Үйдің жылуы, дастарқанның берекесі – бәрі анамның тынымсыз еңбегімен байланысты еді. Киіз басып, алаша тоқып, қыс түспей жатып қолғап-шұлық тоқып беретін. Бір қарағанда, күнделікті тірлік секілді көрінгенмен, ол – ананың шексіз махаббаты мен ыстық ықыласының көрінісі.
1986 жылдан бері анам әкеммен бірге Жаманшығанақ деген жерде шлюзде су реттеушісі болып еңбекке араласты. Су – тіршілік көзі. Сол суды реттеп, шаруашылыққа бағыттау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Анам сол жұмысты да еш мүлтіксіз, тиянақты атқарды. Қайрат пен сабырды серік етіп, сырт көзге еленбейтін еңбекпен елге пайдасын тигізіп жүрді. Таңның атысы, кештің батысы – бар уақыты суда, егісте, міндетінде өтті. Сол жұмыстан зейнеткерлікке де шықты.
Ол ешқашан атақ күтпеді, марапат іздемеді. Бәрін де шын жүрекпен, тыныш еңбекпен атқарды. Үйде де, түзде де шаршамайтын анам – мен үшін нағыз еңбек адамы. Оның қолынан дәм татып, мейірімін көріп өскеніміз – өміріміздегі ең үлкен бақ.
Анам – біздің шаңырақтың берекесі, үйдің жылуы. Ол кісінің қолынан келмейтіні жоқ десем артық айтқаным емес. Киіз басып, алаша тоқиды, көрпе тігеді, бізге әдемі қолғап-шұлық тоқып береді. Балдарының әрқайсысының үйінде өзі қолымен жасаған тұскиізі ілулі тұр. Қай істі қолға алса да, ықыласымен істеген соң барлығы сәнді де сапалы болып шығады.
Әрбір ісіне қарап, «шын шеберлік жүректен туады» дегенді ұғасың. Анам қолөнерді ғана емес, дәмді ас пісіруді де жақсы меңгерген. Оның дастарқаны әрдайым молшылық пен мейірімге толы. Таза табиғи тағамдар құрт пен ірімшігі, бал қаймағы, сары суы, сүзбесі, қазан жаппайы тілді үйіреді. Қауыншегі мен қауынқұрты және бар.
Сонымен қатар немерелеріне керек болар деген ниетпен есінде қалған әңгімелерді, жұмбақтар мен қазақтың мақал-мәтелдерін қойын дәптеріне жазып жүреді. Теледидардан естіген жақсы бір сөз немесе өлеңдерді де түртіп отырады. Біз үшін анамыздың әрбір еңбегі баға жетпес қазына. Ол тек шебер ғана емес, бізге шыдамдылық пен еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсеткен асыл жан. Аналарымыз аман болсын!
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ