АСЫЛ ДІНІМІЗДІҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ұлтының өткені туралы кеңінен тарқата келе, елге белгілі Марал ишанның Кенесары ханға тарту еткен Құран кітабының табылғандығы жайлы да айта кеткен болатын. «Марал ишанды білмейтін қазақ кемде-кем, – деді Президент, – ол қазақ тарихында орны бөлек Кенесары ханның үзеңгілесі. Бұл Құран екі ғасырға жуық қолдан-қолға өтіп, елден сыртқа кеткен еді. Мінеки, біз елімізге танымал жанашыр демеушілердің көмегімен киелі кітапты Қазақстанға қайтарып отырмыз. Бұл Құранда Марал ишан мен Кенесары ханның мөрлері басылған».
Осы сөздері арқылы Мемлекет басшысы тарихы тереңге кететін ұлтымыздың өткені мен бүгінгісінің арасына алтын арқау болған, ұлт болып қалыптасуымызға өзіндік үлестерін қосып кеткен тумысы бөлек текті тұлғаларымыз, батырларымыз бен билеріміз, ақын-жырауларымыз, елдігіміз сынға түскен қиын сәттерде елдің еңсесін көтеріп, жігерін жанитын көсемдеріміз бен шешендерімізді меңзеген болатын.
Бала күнімде марқұм әкем Сермахан Өтегенов «жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер», тегін біле жүру әр қазақтың парызы деп, Марал ишан бабамыз туралы құлағымызға құйып отырушы еді. Бабамыздың әкесі Құрман Кенжебайұлы діндарлығына қоса Абылай ханның белгілі батырларының бірі болған. Жоңғар хонтайшысы Қалдан Цереннің қазақ әйелінен туған екі қызының бірін Абылай хан алса, Фатима есімді екінші қызын Құрман бабамыз жар етіп, осы некеден Құлжа, Арал, Марал атты үш ұл дүниеге келеді.
Деректерге сүйенер болсақ, Құрманұлы Марал ишан бабамыз 1780 жылы Қостанай өңіріндегі, бүгінде «Әулиекөл» атанып кеткен «Қайран көл» деген жерде өмірге келіпті. Алғашқы сауат ашу мен тағылымдық тәрбиені әкесі Құрманнан алса, тоғыз жасынан бастап Көкілташ медресесінде Қал-Мұхаммед ұстаздан, өзге де белгілі ахун, ишандардан діни дәрістерді меңгеріп шығады. Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде білімін жетілдіріп, 1820 жылдары Сыр еліне қоныс аударады. Марал баба жүрген жерлерінде шығыс емдеу тәсіліне сүйеніп өзі меңгерген емшілік қасиетімен дертіне дауа іздеген жандарға ем қолданумен бірге, халықтың сауатын ашып ағартушылық қызметті де қоса атқарған. Тарихшы Сәден Нұртайұлы мынадай деректер келтіреді: «Сырдария жағалауына келіп Марал ишан жергілікті тұрғындардың діни сауатын ашумен бірге жазу-сызуға, мәдениетке отырықшылыққа үйретті. Оның бас болуымен Сырдарияның төменгі ағысында Қырғы, Қара бөгет, Ишан ауылы, Байбол, Қолан төбе, Қамыр төбе, Қыш мешіттері, жеті мешіт-медресе бой көтерді».
Кенесары ханның патша отаршыларына қарсы бас көтеруінде Марал ишан көтерілістің рухани діни қолдаушысы болып бел ортасында жүрген. (Нұртайұлы С. «Марал баба». 1996, 31-бет.) Орыс-қазақ текетіресінде Марал баба екі жақтың қарым-қатынасын келіссөздер арқылы шешуге көп күш салған. Осы мақсатта ол Керей болысының ақсақалы Байсал арқылы Оренбургтің әскери губернаторы Эссен мен Сібір бөлімі корпусының командирі Капцевичке екі хат жіберген. («Айқап» энциклопедиясы, бас редактор Р.Нұрғалиев. Алматы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакция, 1995 ж.) Марал ишанның бұл хатын Сібір билеушілері Азия ісі жөніндегі департаментке жіберіп, нәтижесінде оның Санкт-Петербургке патша қабылдауына баруы туралы шешім қабылданған. Бірақ сол кездегі өршіп тұрған қазақ даласындағы бас көтерулер бұл шешімді мүлдем басқа арнаға бұрып жібереді.
Марал Құрманұлы бабамыздың кіндік қаны тамған Қостанай өңірінде сол заманда іргетасы қаланып, бүгінгі күнге сай жаңартылған өзінің есімімен аталған, қаланың дәл ортасындағы зәулім мешіт келушілерге есігін айқара ашып тұрса, аудан орталығы Жосалы кентінде ұрпақтарының демеушілігімен «Марал баба» мешіті бой көтере бастады. 0,4 гектар жерге қоныс тебуі көзделген кешенді құрылыс 250 адам сиятын қос қабатты мешіт ғимараты, Құран оқитын бөлмелер мен дәріс бөлмелері, мәйітхана мен үш бөлмелі тұрғын үй, 200 орындық асханадан тұрады. Құрылыс нысаны биыл пайдалануға берілмек.
Ал бабамыздың Қазақстанның киелі жерлері географиясы жобасы аясындағы «Өңірлік қасиетті нысандар» тізбесіне енгізілген және жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарынан саналатын, қабірі үстіне көтерілген күмбезді кесенесі Жосалы кентінің шығыс беткейіне қарай 18 шақырым жерде қоныс тепкен.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Ұлт азаттығы үшін күрескен бабаларымыздың қолдарының табы қалған құнды мұра Құран кітабының елге келуі жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік» деп, киелі жәдігерді Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қоюды ұсынған. Бұл ұсыныс жүзеге асып, киелі кітап өз орнын тапты.
Еліміздің өткен тарихында қомақты із қалдырған, заманында әлсізге демеу, күштіге тежеу бола біліп халқының жанашыры ретінде танылған, ақиқатқа бергісіз ғажайып істерімен аты аңызға айналған біртуар тұлға Марал ишан Құрманұлының өмір дерегі ұрпақ тәрбиесі мен ұлтымыздың рухани ұстанымына елеулі үлес қоса беретіні анық.
Әміржан ӨТЕГЕНОВ,
Марал баба ұрпағы, полиция полковнигі