» » » СИҚЫРЛЫ ТАЯҚША ИЕСІ

СИҚЫРЛЫ ТАЯҚША ИЕСІ

1980-жылдар ма деймін? Нақты қашан екені есімде қалмапты. Мәдениет үйінде ине шаншар жер жоқ. Шымылдық түріліп, ар жағынан жүргізуші дауысы шаңқ етті. «Сахнада «Отырар сазы» фольклорлық оркестрі». Халық ду ете түсті. Артынша, «оркестрдің дирижері, сазгер Нұрғиса Тілендиев» деп хабарланды. Өнер саңлағының есімі естілісімен жұртшылық орнынан тұрып, қошеметпен ұзақ қол соғысты. Қара фраг, ақ жейделі әйгілі оркестрдің танымал дирижері ортаға шыға келгенде залда сілтідей тыныштық орнады. Қолындағы сиқырлы таяғына қазақ халқының тұма болмысы, тұмса табиғаты сыйып кетті. Сазгердің әр қимылын баққан оркестр Құрманғазының «Сарыарқа» күйін құйқылжыта жөнеді.
Бұл – тұла бойыңды шымырлатқан күй құдіреті. Шығарма авторының жан тебіренісі, ұшқыр қиялы. Қазақ даласының ұшы-қиыры көрінбейтін кең жазирасы. Ұшқан құс, жүгірген аң, тұлпар тұяғының дүбірі. Туған елге деген махаббат пен сағыныш. Туынды жүрек сүзгісінен өтіп, сезімнің нәзік қылын шертеді. Жүректен шығып, жүрекке жетеді. Осы бір сұлу көріністі көзі ашық, көкірегі ояу көрерменге сол қалыбында жеткізуші – дирижер мен оның қолындағы үш елі таяқшаның нендей сиқыры бар? Дирижерлық – ауыр мамандық. Шығарма тынысын ашу, оркестрді сүйемелдеу – хас шебердің ісі. Көп дей алмаймыз, бірақ осы мамандықты игерген, Нұрғисадай дүлдүлдің ізбасары бізден де табылады.Сондай өнер иесінің бірі – Нағашыбек Дәулетшіұлы Бижанов. Ол Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық әуез мектебінде балаларға фортепианодан сабақ береді. Саналы ғұмырының 34 жылын өнерге арнаған өз ісінің шебері. Мұғалімдікпен бірге, әуез мектебі мұғалімдерінің ұлт аспаптар оркестрінің дирижері әрі солисті.
Н.Бижанов 1982 жылы Қызылорда музыкалық кол­леджінен «Хор дирижері» мамандығын алса, былтыр Шымкенттен аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің «Музыкалық білім» бөлімін бітірді.
Бір қызығы, Нәкең музыкаға бала кезден қызыққан. Әулетінде өнер иесі болмаса да, әнге құмарлық нағашыдан тараған болар дейді. Анасы белгілі құрылысшы, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» орденінің иесі, батыр ана Қаншагүл Жүнісова. Құлыс Кетенің қызы. Есімі де бекер Нағашыбек аталмаған. Анасы төркінге қыдырып барғанда дүниеге келген торсық шекенің атын нағашы құрметіне осылай атапты. Оның өнерге келуіне отбасында жиі қонақ болатын жырау, жыршылардың да әсері болған. Мектепте оқып жүргенінде ән салып, баян аспабында ойнаған.
Дирижердің шығармашылығын дамытуда, жетістікке жетуде талантты музыкант, сол уақыттағы аудандық мәдениет үйінің директоры Талапбек Серікбаев ықпал еткен.
– Тәкеңнің орны бөлек. Әуез мектебіндегі ұлт аспаптар оркестрі осы кісінің бастамасымен құрылған. 2002 жылы ауданаралық оркестрлер сайысы өтетін болды. Соған оркестрді екеуміз дайындадық. Айтулы шарада көшпелі комиссия шешімімен облыстық «Сырдария-жырдария» төсбелгісімен марапатталдым. Бір жағынан ән салсам, бір жағынан оркестрді дирижерладым. Жалпы әулетте музыкант жоқ. Мен нағашыма тартқан шығармын. Ұмытпасам әкем 5-6 жасымда сырнай сатып әперді. Өнерге деген іңкәрлық сол бала кезден қалыптаса бастады. Кейін музыка мектебінде білім алдым. Украиналық Любовь Бойка баяннан дәріс берді. Мұны аяқтағасын музыкалық училищеге жол тарттым. Диплом алғасын ұстаздарымның кеңесімен оқу орнында қалып, хор дирижері мамандығы бойынша шәкірт тәрбиеледім. 1990 жылы әкем өмірден өтті. Отбасылық жағдайыма орай, бауырларыма, анама көмектесуім керек болды. Ауылға келіп, жұмысымды осында жалғастырдым. Дирижерлық – күрделі мамандық. Әрбір орындаушыны мұқият тыңдап, ойды бір арнаға жинақтап, үлкен көрініс беруің керек. Дирижер таяғын оңды-солды сілтей бермейді. Аспаптарды қолымен сүйемелдей отырып, шығарма желісінің түпнұсқасын халыққа жеткізуші. Әуен ырғағын қолдың қимылы арқылы орындаушыларға түсіндіру. Аузымен, қолымен бере білу. Қажет болғанда, қабақпен де үн қатасың. Мысалға, Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» – үлкен шығарма. Мұнда қазақтың егістігін, сары даласын, егін алқабын елестетесің. Бұл қазақ елінің Ота­нын, ырысын, қуанышын жеткізген төл туынды. Оркестр қоржынында Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», Түркештің «Көңілашары» сынды күйлер бар. Оркестрде 19 музыкант өнер көрсетеді. Рашид Ақназар прима-домра, Салтанат Ақназар скрипка, Бағдагүл Мәденова домбыра, Шәрәбан Төрешова қобыз, Дәулет Байғараев велончел, Руслан Диханбаев баян, Жарқынбек Тұрымбетов бас домбырада ойнайды. Барлығы да білікті маман. Сондай-ақ, жас маман Ардақ Ысқақованың да атын түстеп айтар едім. Ізденісте жүретін қарындасымыз балалар хорын жүргізеді. Өнерде шек болмайды. Білгенімізді, жиған-тергенімізді балаға үйрету – басты мақсатымыз. Бүгінде 11 баланы фортепианоға баулудамын. Алданыш Мейрамбекова, Нұрлыхан Байғараев, Меруерт Мирамбекова, Сымбат Ғалымдардың болашағынан көп үміт күтемін. Бірнеше мәрте аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Жұлдызай Кетебайқызының ұйымдастыруымен «Наурыз шапағаты» облыстық фестиваліне қатысып, жүлдегер атандық, – дейді дирижер.
Өнер адамы – қылдан нәзік, қылыштан өткір. Ұлттың бағы мен бақыты. Бағалай, баптай білсең – байлық, мол қазына. Шығармашылық адамы өзін шыңдап отыруы тиіс. Ол үшін оған тың ізденіс, шығармашылық байланыс ауадай қажет.
– Вальс королі Шәмші Қалдаяқовпен кез­десудің сәті түсті. Ермек Серкебаевты көрдім. Атақты дирижер, опера таетрының директоры, профессор Байғали Жаманбаевпен дәмдес болдым. Училищеде бірге оқыған достарым Ринат Қазбеков, Болат Мұсабеков, Ордабай Канетовтермен шы­ғармашылық байланыстамын. Қазір Қа­зақстанда дирижерлық өнер жақсы дамыған. Әншілеріміз әлемнің ең танымал деген опера сахналарында қазақ халқының ұлылығын, өнерін паш етуде. Бұл жағынан басыңды тік, еңсеңді биік ұстауға ұялмайсың. Дүние бір орнында тұрмайды. Ақпараттар ағыны көз ілестірмес жылдамдықпен жүруде. Десе де өнер – мәңгілік. Ол құнын ешқашан жоймайды. Тыныш, бейбітшілік заманда еңбек ете бер, – дейді халық әндерінің орындаушысы.
Түйін
2008 жылы әйгілі композитордың басына тәу етіп бардым. Қоладан құйып салынған мүсін құдды бір жаны бар адамдай, алысқа көз тігіп, терең ойға шомады. Жанындағы қос аққу-мүсін де айдын көлде жүзіп жүргендей сыланып-таранады. Бұдан өнердің мәңгілігін, мәнділігін көргендеймін. Ұшан теңіз де, ұшар аспан да – күй күмбіріне сыйып кеткендей. Өмір – өтпелі. Ал, өнер – мәңгілік.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
08 маусым 2018 ж. 2 006 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031