» » » «Көрұғлы дастаны»: Белгілі нұсқасының белгісіз тұстары

«Көрұғлы дастаны»: Белгілі нұсқасының белгісіз тұстары

Түбі бір түркіге ортақ осы жыр біздің жыршылардың қорына қайдан келді? Оның түрлі ықтимал нұсқалары бар. Соның ішінде жүрегіме жақыны Жиенбай жырау нұсқасы.
Ел ішінде: «Көрұғлының» отыз үш саласы болған, осы отыз үш саланы қазақта алғаш рет Жиенбай жырау (1864-1929) жырлаған» деген аңызға бергісіз әңгіме бар. Әр саласын бір күнге тақау орындаса, тек қана «Көрұғылы» жырын бір ай жырлайды екен. Осыдан-ақ, жыршының жыр қорын өлшей беріңіз. Жиенбай жыраудың баласы Рүстембек (1905-1966) Әнәпия (1909- 1978) шешемізбен 1925 жылы отау құрғаннан кейін Жиенбай жырау бір айдан аса уақыт алыс сапарға кетеді. Сол сапарынан елге ораулы бума қағазға жазылған осы «Көрұғлы» дастанын алып келгенін жыраудың келіні баласы Бидас ағамызға айтқан. Осы жырдың түпнұсқасын алу үшін арнайы Түрікпен еліне барып, өз қолымен жазып әкеліп, жалпақ елге таратқан. Сырдың бойында көп жырланатыны да осы нұсқа. Сонымен қатар Рахмет Мәзқожаевтің Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына жаздырған нұсқасы да бар. Бұл екі нұсқаның бір-бірінен көп онша айырмашылығы байқалмайды. Қазақта «Таудың басынан түскен тас, етекке жеткенше ырым-жырым болады» деген сөз бар. Міне, тағдырдың қаншама қалтарысында жырдың да үзінділері оралмастың етегіне жерленді. Біздің заманымызға, сол өткелектерден өте алғандары ғана жетті. Бұл жырды Жиенбай жыраудан үйренген Ақбет Керейт, Орынбай Қарынбайұлы (1880-1931), Метей Сарғасқа Молдахмет (1892- 1946) пен Жиенбайдың бел баласы Рүстембек жырлады. Молдахмет Дабыловтан Қызылорда облыстық филармониясында қатар жұмыс жасаған кезінде Рахмет Мәзқожаев үйреніп, ғылым академиясының қорына жаздырады. Молдахметтен үйренгендігі жайлы Рахмет жыраудың жазбасы бар. Адам санасының асыл қоймасы «жад» дейтін болсақ, заман өзгерген сайын жадымыз да сұйылып келеді. Сол кезеңдерде бір естіген ұзақ жырларды жаттап алатын зерек жадты жыршылардың қабілеті қазіргі кезде аңыз секілді қабылданады. Көрұғлы дастанының қазақтағы алғашқы үлгілері ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жарияланған (1885, 1890, 1895, 1905, 1906, 1909, 1915 жж). Қазақ тілінде 7 нұсқасы басылым көрген. Олар – «Көроғлы», «Қисса Көроғлы», «Хикаят Көроғлы», «Көроғлы мен Безерген», «Көроғлы» (Бозайхан), «Қисса Ғауазхан», «Түрікмен Қасымхан». ҚР ҒА Орталық кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба қорында Көрұғлы туралы 15 дастан, 3 ертегі нұсқасы бар. Жекелеген қазақ нұсқалары Кеңес дәуірінде екі рет жинақ болып баспа бетін көрді. Фольклортануда Әуелбек Қоңыратбаев «көр» терминіне қатысты мынадай тың пікір айтқан-тын: «Көр» деген сөздің мағынасы мола емес, оғыз-окс, ұғыр, гор, ұғыш, хойхар (ұйғыр) дейтін оғыз тайпаларының этнонимдік атынан шығады. Бүкіл Азия, Кавказға ортақ жырлар сол оғыз заманында туып, түрліше атауда көрінеді. «Көр» – (оғыр) деген сөз болса (Горхан), ұғыл – түрікше батыр деген сөз. Бұл реттен Бозұғлан, Көрұғлы, Алпамыс, Манас, Манаш, Құбаханбай, Құба қыпшақ (Гоби елі), Құбағлан, Қазан, Қосай, Көкше, Қозы, Бәміш, хұнн-хар деген сөздердің түбірі бір. «Окс, оғыз» атаулары сақ-хұн дәуірінен соң туған (б.э.д ІІ, б.э VII ғ) сөз, бүкіл Алтай түріктерінің ортақ аты болған еді. Сондықтан, біз «Көрұғлы» деген сөздің этнонимдік негізі «оғыз батыры», «ұлы батыр» деген мағынаны береді деп ойлаймыз. Мұны жырдағы көшпелі өмір суреті, нанымдар, әсіресе, географиялық атаулар мен ономастика дәлелдейді. Жиенбай нұсқасында да, Рахмет Мәзқожаев нұсқасында да көрде туған баланы алақанына салып аялаған шілтендер оның атын Көрұғлы деп қояды. Жалпы, жырда кейіпкердің көрде туылғаны ерекше назарға алынады. Пірлердің Ақанайға берген аянындағы: «Көр ішінде туасың, Ішіңдегі баланы», «Көрұғылыдай арыстан Ақанай сенен болады» сондай-ақ, «Саламат көр ішінде туды бала, Көр ішінде бір арыстан туыпты» деген жыр жолдары ертеңгі күні ел қорғаны болатын баланың көрде туғанын айғақтаса керек-ті. Баланың көрде өмірге келгені үшін Көрұғлы есімінің берілгенін Күләйімнің түсіне шілтендер аян беріп: «Баланың атын біз қойдық, Көрден шыққан Көрұғлы» деген сөздерінен анық көруге болады. Ел аузында бұрынғы әкелеріміз ыңылдап айтып отыратын «Көрұғлы» жырындағы әйеліне өзін
«Көрден шығып Көрұғлы сұлтан атанған,
Қаусыл қияс кәмбіл пірден бата алған.
Ат шаптырдым Шәмбіл белде ізі жоқ,
Көрұғлының ұлы түгіл қызы жоқ.
Палау бастым қырық кісіге тұзы жоқ,
Бұл өмірден бей перзент өткен сұлтаным» дегенде, шидің артында өлген адам секілді жатқан Көрұғлы ұшып түрегеліп, Қират атқа бекер міндім, сұлтандықты бекер құрдым деп, еңіреп жылағанын айтқанда, баласыз өткен қаһарманның халіне жүрегі бар тыңдарман еріксіз көздеріне жас алатын. Түркі халықтарына тән эпостық жырлардың қай-қайсысында да кейіпкердің қуанышпен басталған өмірінде түрлі қайғылы жағдайлар орын алып, болмаса кереғар сәйкессіздіктермен өріліп отырады. Соның айқын дәлелі осы жырдың өн бойынан табылады.
Ал Мәшһүр Жүсіп Көпеев нұсқасында кейіпкерге Көрұғлы есімін шілтендер бермейді. Шілтендердің кейіпкердің анасы Алтыншашқа көрде жатып бала туасың, деп аян бергені де айтылмайды. Бірақ Алтыншаштың хал үстінде жатып, бауыры Бозұғланға «Көргенім өтірік болмаса, Ертеңгі күн өтермін. Хақ бұйрығы осылай» деп айтқан ақтық сөзінен оған алдын ала тылсым күштің көрде жатып ұл туатынын хабарлағанын аңғарамыз. Рухани күштердің кейіпкерлерге ат қоюы қазақтың көне эпостарында жиі ұшырайды. Мысалы, «Мұңлық-Зарлық» жырында Шаншар ханның әйелі Қаншайымнан туған ұлға Зарлық, қызға Мұңлық деп ат қояды.
Көрұғлының көрден шығып, Құдайға қылған зарында: «Артымда қалып атағым, Дүниені кезіп жұрт алсам, Көрұғлы сұлтан атансам» деген жыр жолдары кезігеді. Әлбетте, бұл жерде бала өз-өзіне ат қойған деген түсінік шықпайды. Жыршы бұл шумақта кейіпкерге зар айтқызып, Көрұғлының арман-мұратын көрсетіп, әлқиссадан-ақ тыңдаушы жұртқа жырдың контексін ұғындырғысы келген сияқты. Нағашы ағасы Бозұғлан жиенімен табысқан соң «Көрде туып, көрде өскен, Сен болмасаң, қарағым, Көрұғлыдай жиенім» деп атауынан кейіпкердің көрден шыққаннан кейін осы есімді иеленгенін көреміз. Жалпы, М.Көпеев нұсқасында кейіпкердің Көрұғлы есімін қалай иеленгені нақты айтылмайды. Жырлаушы кейіпкер көрде туғандықтан, оны Көрұғлы атандырғанын ғана аңғарамыз.
Әбділда Жүргенбаевтан жазып алынған Жиенбай нұсқасы Рахмет Мәзқожаев нұсқасымен желілес болатын себебі, екі нұсқада бір адамнан шыққандығында. Көрұғлының әкесі Раушанбек пен нағашысы Кәждембек зұлымдық көрсетуші Шағдат патшадан қашып, түркіментекежәуміт еліне кеткеннен соң, Раушанбектің артында жүкті күйінде аңырап қалған жары Ақанай түс көріп, түсінде шілтендер келіп аян береді. Бірақ Жүргенбаевтан жазылып алынған нұсқада кейіпкердің көр ішіндегі өмірі туралы сюжет жоқтың қасы. Ақанай түсін шешесі Күләйім мен Бабалыға айтқандықтан, кейіпкер көрден шыққаннан кейін оны осы есіммен атай бастағанын байқаймыз. Нағашы әжесі Күләйімнің жиенімен қауышқанда «Мен айналдым форымыңнан, Көрұғлы, Көкесінен аумай қапты мияғы» дейді. Осыдан да аңғаруға болады.
Еркеғали Есенжолов нұсқасындағы кейіпкерге Көрұғлы есімінің берілу мотиві Көпеевтің нұсқасына ұқсас мазмұнда жырланады. Алтыншаш өлер алдында түс көріп, түсінде қырық шілтендердің аян бергенін, бауыры Бозұғланға айтып, көрде туатын баласын аманаттайды. Көрде туған Көрұғлыны ғаусыл ағзам, қырық шілтен асырап-бағып, ержеткізеді. Бірақ бұл жерде рухани күштердің Көрұғлыға ат бергені туралы ештеңе айтылмайды. Дегенмен, Көрұғлы көрден шығып, Тәңірден тілеу тілегенде: «Аға сұлтан, патша болсам түркіменге, Өзім жиһангез Көрұғлыбек атансам» немесе «Пері нұры аспанменен таласпас, Айтар сөзден Көрұғлыбек адаспас» дейді. Бір қарағанда, Көрұғлы өзіне-өзі ат қойған секілді болып көрінгенмен, негізінен, бұл өлең жолдары жыршының Көрұғлының тілеуін жырға арқау ету арқылы кейіпкерінің бітім-болмысын танытқысы келгені аңғарылады. Есесіне, көрдің аузында жатып алған арыстан бейнесіндегі машайық: «Артыңнан қуған Көрұғлы, Бозұғландай тағаңды» немесе жиеніне қолы жете алмай шаршаған Бозұғлан: «Енді мені жылатпа, Көрде туған Көрұғлы, Айналайын жиенім. Білсең, балам, Көрұғлы, Алыс емес жақының» деп, Көрұғлыны өзіне шақырып көреді. Бұдан ұғатынымыз: бұл кезде Көрұғлыға есім беріліп қойған. Яғни жыршы кейіпкерін көрде туғызғандықтан, оған ат қою рәсімінің болғанын арнайы суреттемегенмен, оны кезегі келгенде көрде туғандықтан Көрұғлы деп атауды жөн көрген тәрізді.
Жамбыл атамыз жырлаған нұсқадағы Көрұғлыға ат қою мотиві басқа нұсқаларға мүлде ұқсамайды. Бозайхан өзінің сүйіп алған жары Гүлжазираны әлдебіреулердің өсегіне бола өлімге кескеннен кейін, баласыздық дерті оған қатты уайым шектіреді. Өстіп жүргенде қойшысының тергеуге алынуынан Гүлжазираның көрде бала тапқанын біледі. Жиенбай Дүзбенбетұлы, Рахмет Мәзқожаев (Раушанбек), Мәшһүр Жүсіп Көпеев (Көрұғлы сұлтан өлеңі), Әбілда Жүргенбаев, Еркеғали Есенжолов нұсқаларында кейіпкердің көрде қалай туылғаны, немен қоректенгені, тіпті рухани күштердің тәрбиелеп өсіргені баяндалса, Жамбыл нұсқасында кейіпкердің көрдегі өмірі туралы ештеңе айтылмайды. Әміреш Жұмағазин нұсқасында кейіпкерге ат қою рәсімі болғанымен, өзге нұсқаларға қарағанда күрделірек жырланады. Бозай батыр үйде жоқта тырысқақ ауруынан әкесі, шешесі, баласы, қатыны өліп қалады. Бозай еліне келіп, қайғылы жағдайды көріп, іші удай ашып, жүкті әйелінің көрін ашқанда, төсті еміп жатқан тірі баланы көреді. Әйелінің мұрнына шырпы жағып, үш күн ішінде тірілтіп алып, тірі қалған баласы үшін түркіменді жиып, ұлан-асыр той жасайды. Осы тойда туылу сипатына қарай баласына «Көрұғлы» деп ат береді. Әміреш Жұмағазин нұсқасында сол шілдехана тойдан кейін Бозай мен әйелі қайтыс болып, елі Бозайдың малын талан-таражға салып, Көрұғлыны жер-ошақтың ішіне тастап кетеді. Осы кезде Байыр елі қоныс іздеп, Бозайдың жұртына көшіп келіп, ханның тезекшісі қазаношақтың ішінде жатқан Көрұғлыны тауып алады. Тезекші өтірік толғатып, Көрұғлыны өзінің баласы ретінде дүниеге әкеледі. Байыр елінің ханы тезекшінің баласына «Табылды» деп есім береді. Яғни бұл жерде айтпағымыз, Жұмағазин нұсқасында кейіпкерге ат қою эпизоды екі жерде кездеседі. Бірақ жыршы жырдың басқа жерінде кейіпкерді «Табылды» деп мүлде атамайды. Қайта, кейіпкер өзіне ат ұстап мінбек болғанда үйір ішіндегі тайды оған: «Ей, Көрұғлы» деп тіл қатқызады. Қалыңдығын іздеп келгенде де Ақмеден: «Апамнан: «Көрұғлы келді», – деп едім, Сүйінші берді, – деп қарады» деп жігіттің Азан шақырып қойған атымен атайды. Ал «Көрұғлының» Анадолы нұсқаларында балаға ат қою мотивтері қазақ нұсқаларындағыдай кеңінен жырланбайды. Өйткені түрік нұсқаларында Көрұғлы батыр 9 немесе 15 жасар бала деп көрсетіледі және «Көрұғлы» оның нағыз аты емес, лақап аты деп баяндалады. Бехчет Маһир жырлаған «Көрұғлы дастанындағы» «Көрұғлының ортаға шығуы» бөлімінде батыр болашақ тұлпарларды бағып жүргенде кездескен кедергілермен күресін, біртіндеп оларды жеңе бастағаннан кейін оның аты әкесінің соқыр болуына байланысты қойылады. Сонда соқырдың (Көрдің) баласының мәрттігі, халық арасында кеңінен таныла бастағаннан кейін біртіндеп өз атымен емес, лақап атымен, яғни «Көрұғлы» атымен даңқы шыға бастайды. Осылайша, Көрұғлы атын иеленеді. Бұл атты оған шартты түрде жаулары мен өзінің ауылдастары береді. Ғылымның жасаған тұжырымынан бөлек, қазақы сана деген ұғым бар. Бұл жағдай бойынша қарапайым халықтың түсінігіндегі, олардың ойларындағы Көрұғылыны басқаша сипатта көреміз. Жиенбай жырау нұсқасының да басқа нұсқалардан артықшылығы «халықтық санамен» қабысып жатқандығында. Сондықтан да көптің көңілінен шыққан эпостық жырдың осы нұсқасы оқырман қауыммен қайта табысып, насихатталуына жол ашуымыз керек. Ұрпақ санасына қаһармандықтың дәнін егіп, ел қорғауға дағдыландыру үшін де осындай жырлармен сусындатуымыз керек.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері
13 мамыр 2024 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 790

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 835

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031