Далда-Шұрық

                                                   
(Қаз қалпында)       

– Ка-ш-ша-ан!
Биік төбенің етегіндегі шығысқа қарай созылыңқырап барып кеңейіп кететін үлкен тақырдың жиегінде өңі құп-қу, ағарып кеткен еріндері кезере бастаған ер адамның осыдан басқа сөз айтуға шамасы келмейді. Тек бүгіліп-созылып, әлсіз ыңырсумен жатқанына ет пісірім уақыт болды. Науқастың аяқ жағына үй орнындай жерге от жағып, оған жақын маңдағы төбе етегінен сексеуіл жиып жүрген екі бала «Кашан» деген дауысты есіткеннен қолымыздағыны тастай сала жүгіріп жетіп келеміз. Екпіндеп келгенімізбен қолдан келер қайран жоқ, не істерімізді білмей аңырып тұрамыз. Бар тапқанымыз, тор сеткіге салған айран, нанымызды ораған майлықтарды алаулап жанған отқа қыздырып, еш жеріне қол тигізбей бебеу қағып жатқан науқастың ашық жерлеріне жабамыз. Аздап саябырсығандай болады. Қолы қаттылау ма, әлде Кашан ұстаған жері ғана ауыра ма, жақындап кетсе атып жіберердей алара қарайды оған. Байғұс бала өзін қайда қоярын білмей тыпыршиды да қалады. Мүмкін, өзінің баласы болғасын солай ететін шығар, маған өйтпейді. Әр қимылыма риза болғандығын білдіріп, аса бір түсіністікпен басын изейді. Осыны сезген Кашан болса: - Мен отты үзбей жағып отырайын, бұл іспен сен айналысшы – дегендей маған жалынышты көзбен қарайды.
От алаулап жанып жатыр. Маңайда шырпы мен тоқсырып қояр томар таң атқанша жағамын десең де жеткілікті. Ол аз болса алдыңғы бөлігі жартысына жуық қиюлана қаластырып сексеуіл тиелген трактордың тіркемесі де жақын жерде тұр.
Бағана сәске түстің кезінде науқасты машинаға салмаса елге жеткізу қиындық келтіретін болған соң тракторшы Еламан тіркеменің жетегін ағытып тастап ауылға тартқан.
Бәрі сол бағанадан басталды.
Ауылдан азанмен шыққан үш трактор Далда құмының шығыс жиегін ала қатар түсіп, троспен сексеуіл тартып отын даярлауға кірсті. Әр трактордағы 4-5 адам жағалай жығылған сексеуілді бұтарлап, әр жерден үйіншек жасап жүргенде күн түске таянған. Шамаға келді-ау деген кезде әкелген айраны мен ашытпасын ішіп алып, үш трактор үш жерден  дайындап үйіп қойған сексеуілді тиеуге кіріспей ма?!
Біздің топ Еламанның тракторына Сәкеңнің үйіне баратын отынды тиеп жатырмыз. Тіркеменің үстінде тиеп тұрған Сәкеңнің өзі мен інісі –  Нұрмағамбет. Жерден алып беріп жүрген  –  Жаманбай, Кашан үшеуміз. Сонау 1967 жылдың қараша айы ғой. Жаманбай екеуміз оныншы сынып, Кашан болса сегізінші сыныпта оқиды. Бірақ төртбақ денесі мен кең жаурыны оны денелі көрсетеді. Бізден ірі болмаса шағын емес. Және де жұмысқа да жой, қарулы бала.
Шамамызша тіркеменің бортынан асатындай сексеуіл тиелді, бірақ тиеп тұрған екеудің табаны әлі тіркеменің полынан көтерілген жоқ. Әрі десе  биіктігін борттың алдыңғы қалқасынан жоғарылау етіп, кірпіштей қаластыра өріп жатқан сексеуілдің көлемі тіркеменің жар ортасына да жақындайтын емес. Саңлаусыз өріліп жатыр. Отын Сәкеңнің үйіне баратын болған соң, өзін Сәкең тиеп жатқан соң басқамызға үнсіз көнгеннен басқа лаж да жоқ.
Жинап қойған үйіншек тиеліп біткенде тракторды келесісіне қозғап апаратын Еламан бірауық бізге көмектескен болып жүрді де, біраздан соң әлде бірдемелерді сылтау қылып, әріректе жүрген отыншылардың қасына кетіп қалды.
Мұндайда үйілген сексеуілді тиеп болғаннан кейін тракторды қозғалту еркіндігі  сол жерде отын алып беріп жүргендердің біреуіне тиеді. Ар жағына дейін 150 метрдей болатын мыстай тақырдың бұл бетіндегі отын бітіп, келесі үйіншекке беттеу керек болды.
Жас уақытымыз ғой, шамалы жер болса да  көліктің рульіне отыру біздер үшін   бақыттың үлкені! Соңғы томарды алып беріп, трактор жаққа бейімделе бергенім сол еді, сол екі ортада Жаманбай зып етіп рульге отырып алыпты. Ілесе мен де кірдім кабинаға. Мен қасына мінген бойдан трактордың қозғалыс тегершіктерін іске қосып, асығыс жүріп те кетті. Шапқан аттың үстінде отырғандай бойына желік біткен ол жүгіре басып келе жатқан Кашанға да қарамай тақырға түсіп алған соң трактордың бар жылдамдығына салып атыла жөнелсін!
Көріп келе жатырмын, ай тақырдың ортасындағы биіктігі радиатордың орта тұсына шамалас жалғыз түп сексеуілді туралап аңқытып келеді. Әне-міне дегенше жақындап та қалдық. Сексеуілді екі дөңгелектің ортасына салып өткісі келіп отыр ма деп бетіне қарап едім, не ойлап келе жатқанын аңғара алмадым. Міне келдік. Төрт метр..., екі метр.., бір метр.., жарт.... Кенет трактор рулі оңға қарай шорт  бұрылды.  Теңселіп кеттік. Дереу артыма қарай қойғаным сол еді, шұғыл бұрылған тіркемеде алаңсыз тұрған екеудің бірі ауып барып, тізеден жоғары бортқа тірелді де сол екпінімен жерге ұшып түсті.
– Тоқта, Нұрмағамбет құлап қалды – дедім, Жаманбайға жан ұшыра айғайлап. Абыржып қалған ол  арындап келе жатқан тракторды тоқтатам дегенше бірсыпыра жерге ұзап кетіппіз. Түсе сала кейін қарай жүгірдік. Нұрмағамбет те тоқтаған тіркемеден қарғып түсіп: – Әкеңнің аузы... – деп жүгіріп барады екен. Арғы беттен Кашан да ентелеп жетті.
Құлаған Сәкең екен. Бет-аузы көкпеңбек боп  демсіз жатыр. Өлді деген осы ма?! Мұндайда адамға жақсы ой түсе ма, ә дегенде ойымызға келгені осы болды. Тұрған жерімізде самсоз боп қатып қалыппыз. Бізді көріп басқа трактордағылар да жиналып қалды. Ішіндегі ересектеу біреуі келе:
– Әрі тұрыңдар! –   бәрімізді ығыстырып жіберіп, өзі тамырын ұстап, деміне құлақ түріп аз отырды да, бізге қарап: – Демі бар! – деді. Беломыртқасына зақым келген-ау! – деді аздан соң – жұлын аман болса жарар еді?!
Шықпаған жаннан үміт бар дегенмен не істерін білмей, дағдарып тұрған жігіттерді ұйымдастырып жіберіп, қоөғала алмай жтқан кісіні саумалай көтеріп,ең жайлы жер деп табылған осы жерге орналастырған сол кісі. Жігіттерді жинап, отын сындыртып, от жақтырып кеткен де сол кісі.
 – Қалай болғанда да ауылға барып, жайлы машина, дәрігер алып келмей, мына кісіні трактормен жеткізе алмайсың. Еламан, сен елге шап – деп Еламанның тіркемесін ағытып, жайдақ трактормен ауылға жіберген де сол кісі.    
Жайлы жер дегенде де бар табылғаны астына төсейтін екі қысқа тон, үстіне жабатын екі көпәйке болды. Оны да мына жағдайдан кейін «осы тиегеніміз жетер, қайтамыз» деп ауылға қайтуға бет бұрған жігіттердің ішіндегі келген тракторларының кабинасына мінетін жігіттер шешіп беріп кеткен. Тамаққа деп алып келген айран, нан, консерві, басқа да оны-мұны салынған тор сеткілер де әр тракторден жинақталып, оттың айналасынан орын алды. Тек біреуі ғана:
– Әй, ауылдан да сол машинаның да оңай табыла қоюына сенім жоқ. Бұл маң ит-құстың көп болатын жері, түн түсіп кетсе қиын болады – деп, он патроны мен бір жалғызауыз, қоянқұлақ мылтықты жақын жердегі сексеуілге сүйей кетті. Десе де ауру адамның қасына ересектерден бір адам қалмай, Нұрмағамбетке дейін кетіп қалғанына әлі күнге таң қалам.
Қо-ош! Содан кейінгі отырысымыздың жалпы жайы осы.
Қарашаның қысқа күнінде төбеден әлде қашан ауып, батыс беттегі ірге құмның арғы бетіне қарай ойысқан күн жарықтықты да бұлт бүркеп, қараңғылық ерте түсетіндей сыңай танытып келеді. Алғашында әр жерден баяу көтерілген бұлт  тұтаса келе аспанды түгелге жуық торлап алды. Онымен де тұрмай, уақыт өткен сайын  қоюланып  түнере түседі. Күздің толассыз жаңбыры басталып кеткісі келгендей ме, қалай?! Тек жаумаса екен?!
– Каш-ан!
Отты үзбей жағу үшін жан-жақтан шырпы, томар жиып жүрген біз «тағы не боп қалды екен» – деп жанымыз қалмай науқастың жанына табыламыз мұндайда.
– Етігімді шеш – деді .
Ертеден бергі «Кашан» деген сөзге жаңадан қосылған алғашқы лебіз еді бұл. Бір жағынан қуанып қалдық. Екінші жағынан уайым қалыңдай түсті. Қуанғанымыз науқас тілге келіп, бетінің бері қарай бастағанын көрсеткен сияқты болды. Уайымымыз, еш жеріне қолдың басын сипай тигізбей жатқан адамның етігін қалай шешеміз? Бірақ амал жоқ. Тәуекел еттік.
Ыңырсу мен айқай араласқан біраз арпалыстан кейін екі етік те шешілді. Кашан байғұсты да әбден боқтап, боралап сілікпесін шығарды. Енді ойласам, ешқандай кінәсі жоқ баласына сонша шаншылып айқайлау арқылы   булыққан ашуды ауыздан шығарып, аз да болса жеңілдеудің өзін-өзі алдаған амалсыз түрі екен ғой.
Етіктер шешілгеннен кейінгі жұмыс – күн ұзағына қалай жатқаны белгісіз, 52 размерлі пимаға сыймайтындай болып ісіп кеткен екі аяққа         қыздырған шүберекті орап отыру болды. Орамал суый бастағанда отқа ұстап отырған келесісі дайын тұруы керек. Бұған отыншылардың бізге тастап кеткен сеткілеріндеғі айран ораған, майлықтары қолайлы болды. Бұл іс осы арадағы екеудің ішінде «қолы жеңіл» болып табылған менің дәрігерлік пе, әлде тәуіптік пе міндетім болып қала берді. Себебі денесінің бір жеріне Кашанның қолы тиіп кетті дегенше бұрынғы былай қалып, маңдайдан ұратындай ежірейе қарайды Сәкең. Науқастың аузы басының, көз айналасының қарақошқылданып, әр жерде ұйыған қандарының тарамай тұрғаны болмаса осы қимылының өзі жақсы ілгерілеу сияқты болып көрінеді бізге.
Ендігі уайым – күн батып, қараңғылық қоюлануы мен жаңбырдың қатты жауып кетуі. Екеуінің де ықтималдығы ауа райының барлық ережелеріне сәйкес келіп тұр. Батар күннің уақыты болғанда ештеңеге қарамайтыны секілді, аспанды түгелге жуық иеленіп алған мына қою бұлт та басқа барар жері жоқтай сәт сайын төбемізден төніп келеді.
Өстіп барлық амал таусылып, алдағы тағдырға мойын сұна бастаған кезде: – Сендерге бүгінгі көрсетерім мұнымен шектелмейді – дегендей,   алыстан сызыла шығып, төбе құйқаны шымырлата азынаған ұлыманың дауысы құлаққа жетсін! Тұла бойды тітіркендіріп жіберді. Кашан екеуміз бір-бірімізге қарадық. Тап қазір іргедегі төбеден ылдиға қарай андыздай ұмтылардай, үрейміз ұшып, берекеміз қашып кетті. Қайрат қылады деген кісіміздің түрі анау, дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз әлсіз ыңырсып, қиналумен  жатыр.
Жарық көзінде жинап алған сексеуіл шырпысын салып, отты алаулата түстік. Майлықтар болса кезек-кезек отқа қақталып, ысыған қалпымен ісік аяқтарға оралады. Кейбіреуін бүктеп, белінің астына тыққан боламыз. Содан жаны жайланғандай науқас та бір сәт толас табады.
Осындай бір сәтті пайдаланып, сексеуілге сүйеулі тұрған қоянқұлақты алып, төбе басына шықтым. Анығын айтқында шыққаным жоқ, бергі беткейінде тұрмын. Басына шықсам арғы жағында қасқырлар қаптап жүргендей болып көрінеді. Алаулай жанған оттан алыстағым келмейді. Қайткенде де әлгі ұлымаға: -Біз де бос отырған жоқпыз – дегендей бір жауабы берілу керек.
Ертеректе, баларақ кезім, көшершілікте Қарақұмға қой айдап келе жатып, осындай далаға түнеген кезде қос іргесіне иіріп тастаған отардың арғы бетіне шыққан әкем:
– О –ооу! Һайт, Һайт! – деп, өзіне біткен дауыспен айқайлап алып, аспанға қарай бір оқты азынатар еді. Оған иттердің даусы қосылып, сырттан келер қауіптің қандайына да даяр екенін сездіріп, айбат жасап қоятын. Мұның өзі жақын жерде торуылдап жүрген ит-құс болса аулақтау кетсін дегені. Әрі бір-бірінен онша ұзамай қатарлас қоныстанған әріптестеріне: - Абай болайық, кезектесіп мылтық атып қояйық - деген белгісі еді.
Бұдан кейін төңіректегі Тайыш ақсақал, одан әріректе Есдәулет ақсақалдар араға аз уақыт салып, бір-бір оқтан шығындап қойып, осылай кезек-кезек қой күзететін.
Сол есіме түсіп, бар дауысыммен өзімше қаһарлана айқайлап алдым да, аспанға қаратқан мылтығымды әлгі ұлыманың дауысы естілген жаққа сәл-пәл бұрып, шүріппені басып қалдым. Өз дауысымның қалай шыққанын білмеймін, ал мылтықтың дауысына риза болдым. Патронды оқтаған кісі оқ-дәріні де, пытыраны да кітаптағыдай, өз мөлшерінде салып, жақсылап тығындаған екен. Мылтық дауысы төбе-төбені қуалай жаңғырықтырып, едәуір жерге жеткен сияқты!
Осымен әзірге бір де  бір! Ендігі хабар өздерінен. Әйтпесе қалған тоғыз оқ таң атқанша шыдас бермесі ақиқат. Осыны ойлағанда тұла бойым бір түрлі болып кетті. Бірақ оны Кашанға сездірмеуге тырыстым.
Отты алаулата жағып, жұмысымызға кірістік. Аумағы кеңейіп келе жатқан оттың жиегінен шоқ тартып шәйнек қойдық. Ерні кезеріп жатқан адамға ауық-ауық жылытып шай бермесе болмайды. Әрі өзіміз де бой жылытамыз. Ұлыма туралы қорқынышты ойлардан да арыламыз. Тек мына бұлт жаңбырын ірке тұрса екен!
Менің жалғыз оғым ой салды ма, әлде топтасыңқырап алып жақындай түскілері келе ме ұлымалардан хабар жоқ.
– Әне – деді бір кезде жайбарақат отырған Кашан ұшып түрегеліп. Қапелімде оттың айналасы быжырлаған сансыз жылтырақтарға толып кетті. Қызылы бар, көгі, сарысы да бар сансыз көз екеу-екеуден шоқтана қадалып, мысықтабандап оттың айналасына жақындап келе жатыр. Дыбысым да шықпай қалған сияқты. Апыр-топырым шығып орнымнан зорға тұрдым. Қорыққанға қос көрінеді – дегендей, көзім екен. Айналада ештеме көрінбейді. Кашанға қарасам дауысы көңілді шығады.
– Әне! – деді тағы.
Енді байқадым. Төбеден асып түсті ма, ауыл жақтан көрінген машинаның жарығы қараңғылықты қақ жара тілгілеп, жақындап қапты. Әрірегінде тағы бір жарық келеді.
Уһ! – деппін.
Уһ – дегенмен әлі қуануға ертерек екен. Екі жарық бірін-бірі қуып, Тоғызқұдық жаққа қарай көлденеңдей тартып барады. Әлде ферманың машиналары болғаны ма?
Жоқ. Әне бір жерде ұзыншалау, терең сай бар еді, соны айналғаны-ау, Шұрық жағына таман ойысып барып, сәлден соң бізге қарай туралай салды. Сөз жоқ, біздің алаулата жаққан отымыз да оларға алыстан көрінуі тиіс.
...Сай демекші, осыдан екі айдай бұрын қыркүйектін ортасында келгенім бар осы Далдаға. Онда Тұрсынбай жездемнің өзіміз «ЗиС» деп атап жүрген тиеген жүгін өзі түсіретін қауашақты қара машинасы. Кабинада Сәкең екеуміз. Шофер – Тұрсекеңмен үшеу. Алдымызда «Иж-Планета» маркалы екі аяқты мотоциклмен Нұрмағамбет келеді. Есімде. Осы тұрған жеріміздің  терістік бетіндегі бір биік төбенің етегінен отын сындырдық. Бұтарлап, әр жерге үйдік. Жайланып отырып шәй да ішіп алдық. Ендігі мәселе машинаға тиеу! Сәкең тиеуге кірісті. Нұрмағамбет екеуміз жерден алып беруші. Тұрсекең машинасын қозғай жүріп бізге көмектеседі. Сөйтіп жүргенде оң жақ көзіме бірдеме сарт ете қалғандай болды. Шөп қиқымы ма, әлде не түсіп кеткендей көзімді уқалап, бүктетеліп отырып қалдым. Болмай бара жатқан соң Сәкең бірдемені сезді ме, машинадан түсіп, көзімді екі саусағымен кеңірек ашып қарады да:
– Шыбын тышып кетіпті ғой –  деді. Мен одан сайын тыпыршып, жаным қалмай барады. Бұндай жұмыстан мол тәжірибесінің бар екенін, қазір бәрі дұрыс болатынын айтып, мені тыныштандырды да, 3-4 минуттан кейін көзімдегі құрттар өсіп, қозғалысқа түсе бастаған кезде Сәкең дала ережесіне сәйкестендірілген ем-дом шараларын бастап жіберді. Таза орамалға түйген бір шымшым насыбайдың үстіне су құйды да, екі саусағымен көзімді еріксіз ашып тұрып, екінші қолының бармағы мен сұқ саусағының арасындағы әлгі түйіншекті жайлап сығып жібергенде насыбай  араласқан  бір тамшы су ерітіндісі көзіме тамып кетті. Ашытып жіберді. Амал жоқ шыдап жатырмын. Сол-ақ екен, жан ене бастаған құрттар тұрған-тұрған жерлерінде қатып қалды
Тұрсекең мен Нұрмағамбет сықылықтап күліп жүр. Сау  адамның құдаймен ісі болсын ба, оларға ермек керек:
– Көзді жұмып жүру керек еді, үйту керек еді, бүйту керек еді - деген сияқты ақыл мұндайда көбейіп кетеді.
Бір үлкендеу сексеуілді түбінде мен отырмын. Сәкең айтқандай     серейіп-серейіп қалған құрттарды көз жасыммен кірпігімді олай-бұлай қозғау арқылы көздің артқы жағына қарай ысырып, орамалмен алып тастауға болады екен. Осылай бірсыпырасын алып тастаған соң көзім бұрынғы түйілуін азайтты.
Бір кезде:
– Ойбай көзім – деді Нұрмағамбет те тап жаңағы мен сияқты  көзін басып отырып қалды. Неге екенін нақты білмеймін, бұл кісінің бір көзі бұрыннан жоқ еді. Шыбын сау көзіне тышыпты.
Бұл жолы Тұрсекеңнің күлуге шамасы келмей қалды. Себебі Нұрекең екеуміз атқаратын бар шаруа оның жалғыз өзіне ауысып еді.
Сонымен, жаңағыдай емнің далалық процедурасы бұл кісіге де жасалып, сәлден кейін Сәкеңнің рұқсатымен Нұрекең екеуміз мотоцикльге мініп алып ауылға тайдық. Бұл кісінің мотоцикл айдау шеберлігіне бүкіл Ленин совхозында ауыл болып «АС» деген баға беріп қойған. Жетіасар даласының жер жағдайын да жетік біледі. Тақыр тақырды қуып заулап келеміз. Бірсыпыра жер жүргеннен кейін жүріс өзгере бастады. Кейде жазық жерде тормоз беріп, бір аяғымен жер тіреп, тоқтап тұрып көзін сүртіп алады.
Біраз шыққаннан кейін мотоцикл ойға қарай құлдилай құлап келе жатқандай болды. Әр жерде бұлт етіп бұралаңдап кетеді. Сусымалы ыспа құм артқы дөңгелекті тартып кеткендей болады да, артынша қайта түзелеміз. Бұрқ ете қалған топырақ көтеріліп барып артта қалып жатады. Көлденең кезіккен бір терең сайға түсіп бара жатыр екенбіз. Нұрекең жылдамдықты азайтып, екі аяқпен кезек-кезек жер тіреп тоқтағанда сайдың табанына да жетіппіз!
Айнала биік жусан мен изен араласқан, басқа да түр шөптердің ортасында көлемі үй орнынан үлкендеу алаңқай жерде тұрмыз. Жазды күндері терең қақ тұрған болса керек, тақыраштың бетіндегі пышақ сыртынан қалың лай қабыршақтары иретіле майысып қатып қапты. Тоқтаған жеріміз үшбұрыштап қолмен қазғандай үш шұңқырдың ортасы екен!  
– Көзіме жас толып, ештеңе көрмей қалдым, абырой болғанда жардан құламай, жайпауыттау жерден түсіппіз – деді Нұрекең мотоциклден түсіп, аяғына тіреп қойып жатып,  есептеп-ақ келе жатыр ем, аңғармай қалыппын.
Енді байқадым, жарты шақырымға созылған   сай жиегінің көпшілік жері тік жар екен!
Аз кем демалып алған соң сайдың бойын қуалай келіп, бір ыңғайлы жерінен шығып алып тоқтадық. Сол жағымызда Шұрықтың жалғыз төбесі. Басында сексеуілден тұрғызылған ба екен, оба сияқты бір белгі бар. Етегінде де әлденелер қарауытады. Бейіт, белгілер болар. Алдымызда – Жетіасардың жалпақ даласы, иен далада сағым үстінен буалдырлана әр жерден көрінген асарлар сұлбасы.
– Көзіме жас толып кете береді, енді жүре алмаймын. Мотоцикл айдай аласың ба? – деді Нұрекең.
– Айдаймын. Ауыл арасында жүріп жүрмін. Бала кезімде Ақжарда Шүкірбай ағам Жанұзақ екеумізді мінгізіп алып, Оразақын маңындағы ақ тақырға әкеліп талай үйреткен. Әрі десе қазір аяғым жерге тіреуге толық келеді.
Сөйтсем екеуміздің ортамызда бір-ақ көз қалған екен ғой. Бір көзім таңулы, көптеген қиыншылықтармен елге де жетіп, Нұрекеңнің айтуымен аурухана шарбағының есігіне маңдай тіредік. Ойымыз – көзімізді тазартып, таза дәкемен таңдырып алу.
Біз көзімізбен әлек болып жүргенде мазақ етіп күлген Тұрсекеңнің қалған отынды тиеуге жалғыз өзі алып бергенін, шаршап-шалдығып, ауылға қараңғылық түсе әрең келгенін айтпай-ақ, бұл әңгімені осы арадан доғарайын.
Әлгі жарық жақындай түсіп, машинаның сұлбасы да көрінді. Машинамен бірге екі киіз бен үйден кереуеттің үстіндегі барлық көрпе, көрпешелерді жастықтарымен қоса орап тиеген Шамал апам да жетті. Қайсысы екенін білмеймін, медбикелердің біреуін дәрі-дәрмегімен ала келіпті. Тағы екі-үш жігіт машина қорабынан түсіп жатыр.
Ұрыста тұрыс жоқ. Науқасты жан-жақты көріп, аурудың кәрін қайтарып, тыныштандыратын дәрілерден біраз салған соң машинаға жайлап орналастырдық. Арттағы трактор да келіп тіркемесін жегіп алды. Енді қозғалып, тақырлыққа шыға бергенімізде жаңбыр құйып кеп берсін! Бағанағы қою бұлт қараңғылықпен көрінбей тұрғаны болмаса, біздің машинаға орналасып, елге беттеуімізді күтіп зорға шыдап тұрғандай екілене келіп төкті дейсің! Әп сәтте жолдағы тақыраштар мен шұқырлар суға толды да қалды. Жолдың бойы лайсаң батпаққа айналып жүру қиындады.  
Кей жерлерде машина тұрып қалып, троспен сүрейді-ау деймін,  трактордың артқы доңғалағынан шашыраған лайлы батпақ кабинадан асып келіп, ауруды қоршай отырғандарды көміп-көміп тастайды. Машинаның алдыңғы терезесі мен жолға жарық түсіру жағдайын қалай реттеп келе жатқанын шофердің өзі білсін, бізде қай жермен жүріп, қай жерде келе жатқанымызды білер шама жоқ. Аурудың аяқ жағына таман жерде тізеге жетпейтін Ұзақбай жездемнің қысқа тонын бас аяғыма тартқылап, бүктетіле түсіп жатыр ем, ұйықтап қаппын.
Есіктің алдына тоқтаған екенбіз. Даланың жарығы жанып тұр. Ауыл адамдары абыр-сабыр болып, науқасты жайлап түсіріп, орналастырудың  қамында жүр. Мен де тұрып, құрысып қалған аяғымды жазып, машинадан түсе бергенім сол еді, біреу жеңімнен тартады. Шетке таман ығысып шыға бере бетіне қарасам –Даша! Екеуміз бір сыныпта оқимыз. Сәкеңнің үлкен қызы.
– Папам тәуір боп кете ме? – дейді сыбырлап.
– Е-е. Жақсы ғой, тез-ақ жазылып кетеді – деймін жұбатқан болып, әрі
ол кісінің жайын жақсы білетін жалғыз адамдай білгірсіп.
– Папам тәуір болса мені өлтіреді – дейді тағы да мұңайып.
Түсінбей қалдым.
– Не боп қалды?
– Түнде папам отын әкелуге көмекшілер іздеп жүріп Оңғарсын
екеумізді көріп қалды. Ол қашып кетті де, папам мені желкемнен ұстаған күйі үйге дейін әкеп итеріп кіргізіп жіберді: – Ертең келейін, сенімен болсын жұмысым – деген. Содан бері зәрем жоқ. Не істеймін енді – деп қояды.
          Не дерімді білмей қалдым. Мертігіп жатқан әкесіне жаны ашып тұр екен – десем...
– Е, онда әзір өлмессің. Папаң жазға таман жазылады – дедім, тағы білгішсініп. Сөйттім де бұрылып алып, батпақ көшеге түсіп апамның үйіне қарай тайдым. Балалық қой. Екеуміздікі де балалық.
          Көше лайсаң. Шамасы ауылда жаңбыр күн ұзағына жауған-ау! Бүгінгі төбеден төніп тұрып жаумаған бұлт есіме түсіп: – Бізді құдай өзі сақтаған екен! – деп қоямын күбірлеп.
          Далда! Шұрық!.. Жетіасар даласының алыс қойнауындағы осы бір екі төбе қасынан өткен сайын балалық шақтағы осы бір екі оқиғаны күні бүгінгідей  алға тартып, жүректі шымырлатады.
          Айтқандай, келер жылы біз оқу бітірер 1968 жылдың мамыр айында №29 мектептің мұғалімі Сағынтай ағай көптеген ем-домнан кейін аяғына тұрып, бір қолына таяқ ұстап, екінші қолының сыртымен арқадан төменірек белін демеп, мектеп жаққа барып жүрді.
                                                                              
      Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ
 
                   
13 қыркүйек 2023 ж. 619 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 208

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 318

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930