Құралай

1962 жылдың көктемі. Қыстай қар қалың болғанының үстіне көктем жаңбырлы болып, Нұра жері кілем төсегендей көк майсаға бөленген. Әкем биыл қыстан шығарған тоқтысын ешкімге өткізбей, отарды өзі иеленуді ойлаған болуы керек. Жазғы каникулға келгенде біздің үй Молдиманның терістік тұсында екі-үш шақырымдай жер де Шұқының белгісіне таяу бір төбенің батыс беткейінде отыр екен.
Жадымда дұрыс сақталған болса, Молдиман аталған терең құдықты Шұқы деген кісі қаздырса керек. Мақсаты – малға жайлы, шөбі шүйгін, береке дарыған белгілі қоныс болған осы төңіректі иеленіп, «Шұқы» атандыру болған деседі. Бірақ құдық қаздырар алдында мал шалып, ел жұртты жиып, түпкі ойын айтқанда:
– Осы төңіректі көп жылдан мекендеп келе жатқан, мал десе малы бар, абырой-беделі биік Молдиман бұл жердің атын сенің есіміңе бере қояр ма екен, – деушілер де табылыпты көпшілік ішінен.
Елге қадірі бар, сөзі шын, ісі нық, халық қамын ойлай жүретін парасатты адам болуы керек, жерді осылай атауға әлгіндей қарекет қылмаса да кейінгі жұрт бұл алапты «Молдиман» атап кетсе керек. Дегенмен сол маңдағы бір төбенің басында «Шұқының белгісі» деген әлде сексеуілден үйген, әлде кесекпен өрілген бе екен бір белгі көрініп тұратын. Нақты қасына барып көргенім жоқ.
Тап осы Молдиманның шығыс беті ұзыннан ұзақ биік тау. Таудың екі жақ ұшы құстың тұмсығындай сүйірленіп көрінетін болғандықтан «Құсмұрын тауы» атанып кеткен. Таудың етегінен бері қарай бидайықты сары дала. Қараған көзге жап-жақын сияқты болып көрінгенімен таудың қашықтығы осы жерден 40-50 шақырымнан кем емес-ау, – деп шамалаймын.
Алыс екенін сол таудың етегінде мал бағып отырған Ыбырай әкеміздің үйіне барғанда көрдім. «Сахидікіне барамыз» деп шыққан бір топ ферма мамандары мен жұмысшыларына апам мені ертіп жіберген. «Водавоз» дейміз, су таситын машинаның кабинасына үш адам, менімен төртеу, өздері «подножка» деп атайтын екі жақ есіктің баспалдағында екі жігіт тұрып, тақырашты, құмақты жерлермен бірсыпыра уақыт жүргенде барып тау етегіндегі ағаның үйіне келдік.
Тау осы тұстан өте жақын жерде тұрғандай көрінеді екен. Жоталана созылған бөктерлері мен сүйірлене шошайған шоқылары, тау басынан тарам-тарам болып андыздай төмендеген жыра-жырасына дейін анық көрініп, қазір-ақ барып ойнап келетін жер сияқты өзіне тартып тұрады. Үйге келісімен бала көңілмен тау жаққа көбірек қарағаштағанымды көріп қауіптенді ме, Нұрбибі әжем:
– Ол тау алыс, барамын деп жүрме, адасып кетесің. Таудың етегі толған аш қасқыр, сендердей баланы жеп қояды, – деп қорқытып қойды.
Сол жылдар Сәкең мен Кенжегүл жеңгеміздің үйленген жылы болуы керек.
Бірді айтып, бірге кетіп бара жатырмын, тап осы Молдиман жерінде қой қоздатып отырғанда май айының бас кезі болса керек, мал бағып жүрген әкем үйге киіктің жаңа туған лағын әкепті. Оны өткен жылы мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсудің сәті түспей, үйде көмекші болып жүрген Паташ тәтеміз жаңа сауған түйенің сүтімен ауыздандырып, екі күнде аяғынан тұрғызып мал қып алған екен.
Біз каникулға келгенде осы лақ үй жанына келген қозы-лақтармен ойнап, үй айналасындағы әр нәрсені иіскелеп төңіректен ұзамай жүреді екен. Майлы танауын майыстырып жіберіп, шөп жегені-ақ қызық. Тіпті үйдің итіне де үйреніп алған. Үйдегі адамдардың ыңғайына қарай ма, ит те оның үсті басына секіріп мазалағанына «мәу» демей, көлеңкеде жата береді. Бір қызығы өріске кеткен қойдың соңына ермейді, үйде қалады.
– Бұған «ә» дегенде сүт беріп асыраған Паташ, ол үйде жүргенде бұл ешқайда кетпейді, – дейтін шешеміз.
Біздің үймен қатар, үй төбесі көрінетін жерде отырған Тұрмахан деген кісінің үйінде де осындай лақ болды. Бірақ оның мойнына ұзын жіңішке шылбыр байлап, арқандап қояды. Кейде Шамшадин деген менімен қатар баласы жетелеп әкеп біздің лақпен ойнатып кетеді. Үлкендердің айтуынша ол лақ анасын бір рет те болса емген болуы керек, адамдар мен үй жанындағы қозы, лақтарға көп жұғыса бермейді.
Молдиман құдығы сол жылдары ферманың орталағы болды-ау деймін, біздің үйден алысырақта құдық басында үш-төрт үй бар. Онда зоотехник, мал дәрігері сияқты ферма мамандарымен бірге Хасен деген түйекеш, Жүздібай, Машақбай деген жылқы бағатын кісілер отырады. Паташ тәтеміз түйеге екі флягті теңдеп алып сол ауылдағы құдықтан су әкелуге кететін болса біз жас баланы алдарқатқандай құралайды төбе асырып ойнатып кетеміз. Ондайда құралай үйге келгеннен кейін бірдеме жоғалтқандай басы кәңгіп, әр нәрсені иіскелеп іздеп жүргені...
Осындай кезде кешкілік қой ауылға жақындаса, үйді тастап солай қарай шаба жөнеледі. Қалың отарды қақ жарып барғанда қой бағып жүрген басқа адам екенін көрсе дереу қойды дүркірете үркітіп, барған ізімен қайтып келеді. Мал бағып жүрген апай болса кешке дейін соның қасында жүріп, өрістен қайтқан малмен бірге келеді.
Маусым айы туа Қарақұмға көшетініміз туралы әңгіме көбейді. Ферма басшылары кімнің қай құдықты жайлайтынына дейін белгілеп қойған. Уайымымыз, осы жазда оқуға баруға дайындалып жүрген Паташ тәтеміз көшке ермей штабтағы үйлерде қалады. Орталыққа жүретін алғашқы машинаға мініп Жосалыға барып, одан әрі қалалы жерге оқуға кеткісі келіп отыр. Өзімнен кейінгі қарындасым Бақыт екеуміз бойымызға үйретеміз деп қанша әуреленсек те құралайдың бізбен ісі жоқ. Әбіл кішкентай ол кезде.
– Түбі үйренбейтін болса ертең қиын болады, – деп бір күні әкем тәтемізбен екеуі біздің қарсылығымызға қарамастан ауылға жақын жерде жайылып жүретін ақбөкендердің табынына апарып қосып, біршама уақыт үйреніскенше қасында болып түс ауа қайтып келді. «Жақсы болды-ау, үйіріне апарып қосып жібердік» деп көңілі тынған әкеміз, жамбастап жатып рахаттана шәйін ішіп отырғанда, құралайдың тасырлатып үйге шауып келгені! Шамасы жайылып жүрген ақбөкендер табыны әрі жылжығанда бұл үйге қарай тайса керек!
Сонымен қойшы, көшетін күн де келді. Шағын үйімізді төрт түйеге бөліп артып алып Қарақұмға қарай бет түзеген кезде Паташ тәтеміз құралайын ертіп қой айдасып бірсыпыра жерге дейін шығарып салмақ болды. Араға жарты шақырым, одан көбіре жер салып Есдәулет, Тұрмахан, Алпысбай деген кісілердің отары қатар келе жатыр. Әкемнің айтуы бойынша алдымыздағы қырдың ар жағынан Ыбырай әкеміз бен Диханбай ақсақалдың көші Құсмұрын тауы жақтан келіп түйіспек.
Жұрттан қозы көш жер ұзаған соң. Паташ тәтеміз кейін қайтатын болды. Молдиманның басындағы үйлерде жатып, орталыққа баратын машинаны күтпек. Әрі қарай Алматы деген алыстағы шаһарға кетеді шамасы...
Құралайдың көзін таңып қоршау түйеге салып алған біз Молдиманнан түстік жер кетіп қалдық. Қай жер екенін білмеймін көк майсалы белдердің бірінен асып түскен көш ат басын іркіп, түстенетін жерлеріне түйе шөгере бастады.
Біз де сондай жердің бірін таңдап, әкем қос тігіп көлеңке жасап, шешеміз шай қайнатып болғанша Бақыт екеуміз көзінің байлауын шешпей, құралайды құшақтап отырғанымыз есімде.
Шайға отырып жайғасқаннан кейін әкем: «Енді қайда барар дейсің?» деп құралайдың көзін шешіп қос іргесіндегі қой отарына қосып жіберді. Құралай болса қойдың қақ ортасын жарып арғы бетке өтіп шамалы жүрді. Иіскелеп әлденені іздеп жүргендей. Қой, қозыны үркіте-мүркіте бері өтті. Шөгіп жатқан түйелерді аралап, арқандаулы аттың бауырына дейін кірді. Қазан-ошақ, қостың төңірегін түгел тінтіп шықты да тұмсығын жерге салып алып, тура келген жағымызға қарай тартты.
Улап-шулап біз қалдық. Әкем де енді атқа мініп оның соңына түскеннен пайда жоғын айтып, құралай бел асып кеткенше артынан қара-а-ап тұрды.
Оның жұртқа қайтып келгеннен кейінгі тарихын да есіттік, бірақ айтқым да келмейді. Көшкен үйдің жұртында алтын қалып қоятындай қалған үйлердің кемпірлеріне жұрт аралау әдет ол кезде. Хасекеңнің үйіндегі әжеміз «отын-потын болса ала қайтайын» деп қолына арқан алып, біздің жұртқа келсе құралай жұртқа келіп ошақтың ішінде ұйықтап жатыр екен. Қасына еріп келге төбеті жатқан жерінен бас салса керек...
Шешем марқұм бертінге дейін еске алып:
– Білмегенім-ай, алғашқы сүтті өзім беріп ауыздандыруым керек екен! – деп, өкініп отыратын.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ



16 мамыр 2020 ж. 1 917 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031