» » » Тақсыретті жылдармен тоқылған тағдыр

Тақсыретті жылдармен тоқылған тағдыр

Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған Арыстанбай Айбосұлын тіпті жауы да кеміте алмаған. Ол Әбілхайыр ханның батырларының бірі болған. Бұл турасында архив құжаттары мен жазушы, ақындардың өлеңдерінде арқау болған-ды.

Әңгіме барысын Арыстанбайдан бастауым негізгі кейіпкерім Жаманкөзовтің Арыстанбай арғы бабалары болып келеді. Нақтыласам батырдың бір баласының есімі Бәден. Осы Бәден бабадан Жаманкөз – одан Ережеп туған. Ережептен Жаманкөзов Мамыр өмірге келеді. Осы Мамырдан біз көрген Жағыпар, Камалдар тарайды.

Мамыр Жаманкөзовтің 30 мамыр 1929 жылы тіркелген Бүкілодақтық Атқару Комитетінің төрағасы М.Калининнің атына жолданған өтінішінде өзі жайлы толық баяндаған. 1928 жылы 13 қыркүйекте ірі бай ретінде тәркілеуге жатқызып, Адай округына жер аударғанын жазады. Өзінен 61 жылқы, 187 қой, 36 түйемен қоса, ақбоз үйін және бір кілемді тәркілегенін айтады. Сондай-ақ ол одан әрі арызында ірі бай қатарына жатпайтынын, ірі қараға (заңға сәйкес — Т.Д.) шаққанда малының 112 бастан аспайтынын, мұны істеп отырған өзімен қарсылас ауылдық кеңестің басшысы Дүйсен Тұрмахановтың ісі екенін анық жазған. Тасқа түскенді өшіре алмайсың дегендей, біз де нақтысын (М.Жаманкөзовтің жазбасы бойынша – Т.Д.) көрсетіп отырмыз. Өзінің аса бай болмағаны жайлы 1928 жылдың қыркүйек, қазан айларында 200-300 кедей шаруалардың жиынында қолдағанын да назардан тыс қалдырмаған.

1917 жылдан бері кеңес өкіметі жұмысына атсалысқанын, 1920 жылдың қазан, желтоқсан айларында ашыққандарға көмек беру ісіне белсене араласқанын, 1924 жылы «Ақжол» газетіне жазылғанын (Ташкенттегі), 1926-1927 жылдарда Қарсақбай зауытының іске қосылуына араласып, Жосалы теміржол стансасында жүктерді Қарсақбайға жеткізуде әсіресе қыс кезінде өте қиын болғандығын да атап өтеді. Сонымен қатар 1926-1928 жылдары «Казшерсть» жүн дайындау мекемесінде өкіметке жүн дайындауды адал атқарғанын және өзі жайлы қызметтес болған Дүйсембай Қатарбаев, Спан Тышқанбаев, Жақу Елшібековтерді куәге тартқан. Бұған қосымша (27.04.1927ж. No218) «Казшерсть» Қармақшы бөлімшесінің бастығы берген анықтама (6.03.1928 ж. No209) және 4 қараша 1928 жылғы «Атбасарцветметалл» кәсіпорындары басшыларының берген анықтамасы және 1926 жылдың 8 шілде күні берген Қармақшы ауданы болыстық комитеті М.Жаманкөзовтің Көктөбе мен Құрайлы ауылдары арасындағы су дауын шешуге делегат етіп сайланғанын және дауды дұрыс шешкендігі айтылады. Осындай түрлі анықтамалық құжаттарын 1929 жылдың 25 сәуірінде Бүкілодақтық Атқару комитетінің төрағасына жіберіп, өзінің ісін қайта тексеруді сұраған өтінішін оқыдық. Осы арызына 1929 жылдың 30 мамырымен деп секретариатта тіркелгені жайлы №38875 санмен белгі соғылса, С-38875 санмен 1929 жылдың 31 мамырында Қызылордацикіне қайта тексеріп, анықтауды тапсырып М.Жаманкөзовтің 9-беттік ісін жіберген. Оған М.Калинин қол қойыпты. Мамыр Жаманкөзов туралы тағы бір құжатта оның 1929 жылы 5 қаңтардаҚазақстандағы ОГПУ-дің Шығыс бөлімшесі тұтқынға алып, РСФСР КК-ның 58 бабының 8,11 тармағы және 169 баптың 11 бөлімі, 173 баптың 11 бөлімі, 174 бабымен қылмыстық іс қозғаған. Қарап отырсақ бір өзіне 4 бап бойынша айып таққан.

Сондағысы Кеңес өкіметіне қарсы саясат жасады, байларды қолдады. 1925-1927 жылдары ауылдық кеңеске өз туыстарын сайландырып, ел арасында ру араздығын тудырды, патшадан сыйлық алған. Түркістан өлкесін Англия басып алады деген сөздер айтты деген айыптаулармен іс қозғалған.

Мамыр Жаманкөзов бірінші рет Ойылдан 25 сәуірде, екінші рет Мәскеуге 1929 жылдың 31 тамызында телеграмма хатын жолдап, өзінің ісінің не болып жатқанын, отбасының бірден-бір асыраушысы екенін, 5 айдан бері түрмеде отырғанын, тағы басқа да жағдайларын атап көрсетіп ОГПУ басшылығына және прокурор Крыленкоға арнап жазғаны хатында айтылады.

Адресін «Ойыл, Дамзак Казахстана Джаманкузов» деп жіберген. Қылмыстық ісінде атап көрсетілгендей, Мамыр Жаманкөзов атқа мінер азамат болған. Арғы-бергі бабалары мен аталары Арыстанбай, Қашқынбайлар есімі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылған тұлғалар қатарынан орын алды.
Атақты Тұрмағамбет Ізтілеуов ақын:
«...Қамқоры болған халқының,
Қожагелді Қашқынбай десе...
Шегебай ақын:
...Ордасын бұзып қалмақтың.
Арыстанбай өтіпті
Ұранға шығып түрленген».
Кешегіге дейін өмір сүрген, біз көрген ақын, шежіреші Әлімбай Әлиасқаров былайша толғаған:
«...Арыстанбай, Қашқынбай,
Қайтпаған қайсар еді» десе, Сағымбай Тұрғанбаев:
«...Таубайдың Жүсібі, Пітеген, Таппай,
Мамырдан, Кең ойлы еді келісті кеңес табылатын» деп өлеңіне қосады.

Мамыр Ережепұлы 1885 жылы Торғай облысының Ырғыз ауданы, Мамыр өзені бойында, көшпелі шаруа отбасында дүниеге келген. Қармақшы ауданының №5 ауылында тұрған. Оқыған, сауатты кісі болған. Өзі тұрған жерде болыстың писарі қызметін атқарған. Патша ояздары тарапынан сыйлық та алған.

3 әйелі болған. Бәйбішесі Алтыннан Жағыпар туылады. Екіншісі Қатира Еспанқызы. Ол 1916 жылдан ел басқару ісіне араласқан тұлға. Үшіншісі жеңгелей алған әйелі. 1926-1928 жылдарда Қармақшыда ашылған «Казшерсть» кәсіпорындарында қойма меңгерушісі қызметін атқарған. Негізінен саудамен айналысқан. Қарсақбай зауытының салынуына көмектескен. Қармақшыда ашылған орыс-қазақ түземдік училищесінің алғашқы түлегі.

Атақты Арыстанбай батырдың 5-ші ұрпағы болып келеді. Өз әкесі Ережеп те ауқаттылардың бірі болыпты. Мамырдан Жағыпар, Қалсал туады. Жағыпар Ақжар ауылында белгілі экономист еді. Жағыпар – 1916 жылы туған. Есеп мамандығын игерген. Тіпті Қарабалық аудандық бөлімін басқарған. Ол да байдың баласы деп көп қудаланған.

М.Жаманкөзов сол 1929 жылдың 14 маусымдағы қаулысымен Қазақстаннан тыс жерге 3 жылға жер аударылған. Бұл кезде ол 44 жаста болатын. Одан Қостанаймен шекаралас «Затобольск» деген мекенге келеді. Осында 1943 жылы қайтыс болған. Бейітінде ескерткіш белгі қойылған. Қызылорда облыстық прокурорының міндетін атқарушысының 1994 жылғы 11 наурыздағы қаулы-шешімімен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы жарлығының негізін алып, толық ақтаған.

Мақаланы жазу барысында оның орысша сауатты, асқан бай болмаса да тұрмысы жақсы, өз ортасына беделді, ықпалды кісі болғанын білдік. Кәрі құлақ бірен-саран көзін көргендермен сөйлескенімізде Мамыр Жаманкөзовтің ел арасындағы дау-жанжалдар мен басқа да елдік істерді басқарғанын сөз еткен-ді.

Айыптардың бірінде ол ел ішінде алауыздық тудырды, ауыл жұртының 2-ге бөлінуіне әкелді және оның бұл қылығы «Советская степь» газетінде басылғанын, газеттің ауылдық тілшісі Оразбаевты өлтіруге әрекеттенгені де айтылыпты. Шынында да Кетебай Оразбаев 1926 жылы большевиктер қатарына қабылданып, 1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу мен ұжымдастыру ісіне белсенді араласқан. Алматы қаласында өмірден өтеді.

Кетебайдың көзін көргендер өте белсенді азамат болғанын да айтады. Солай болса керек. Мамыр Жаманкөзов пен аталас (жақын – Т.Д.) ағайыны екен. Сол кездің солақай саясатының әсері ғой. Сонымен бәйбішесі Алтыннан – Жағыпар, Қатирадан – Дария, Шарпық атты екі қыз, жеңгелей алған әйелінен Камал атты перзенттері бар. Сондай-ақ Қарабалақтағы Арыстанғали (Жаппас – Т.Д.) атты азаматтың көп көмегі тиіпті дейді.

Қорыта айтар болсақ, Мамыр Жаманкөзовті ешкімде кеміте алмаған. Аяғы мен аузына тұсау салынған белгілі тұлғаның, белгісіз жайларынан оқырмандарды хабардар етуге тырыстық. Осы зерттеу мақаламызды жазуға көмектескен Мамыр Жаманкөзов туып-өскен Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Бектайқызы мен Мамырдың немересі Мұзаппар Жағыпарұлы. Сол ауылда «Мамыр тамы» деген жер атауы бар. Үлкен ұлы Жағыпардың өмір жолы сан тараулы. Ол өз алдына бөлек әңгіме етерліктей.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
07 қыркүйек 2023 ж. 467 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031