» » » ҚИЫР ШЫҒЫСТАН КЕЛГЕН КЕЛІН

ҚИЫР ШЫҒЫСТАН КЕЛГЕН КЕЛІН



Біздің қазақтың өлшемімен алғанда жердің шеті саналатын, Кеңес Одағының Тынық мұхитына ашылған қақпасы, Владивосток шаһары Мәскеуден 9172 шақырым қашықтықта болса да, соғыстың соңғы жылдарында қайнаған тіршілік мекеніне айналған аймақ орталығы еді.
  Төңкеріске дейін алпыс бес мыңға жуық халық, қырқыншы жылдары екі жүз он мыңнан асып, екі жүзге жуық өнеркәсіп орындары қарқынды жұмыс атқарып тұрған алып қалаға айналды.
  Ұлы Сібір темір жолы мен Тынық мұхитына теңіз жолы арқылы шығатын портымен аты әлемге әйгілі, ғылымы мен мәдениеті, әскер күші мен өнеркәсібі қарыштап дамыған сәулетті шаһар болатын.
Көктем мен жазда жауын көп жауғанымен күзде ашық, қысқа қысында ауа райы тынық, жанға жайлы табиғатымен ерекшеленетін. Теңіз жағалай жиырма шақырымға созылған темір жолдың бойымен жүре қалсаңыз құрлық беті емен, қарағай, қайың, ақтерегі көк тіреген орман, Маньчжурия жаңғағы, жабайы жүзім бағымен көмкерілген. Теңіз жақ беті майда алтын түсті құм төселген жағажайлары, парк, емдеу сауықтыру орындарының әсемдігінен көз тұнатын жер шетіндегі ұжымақ қала.
Сталиннің тапсырмасымен Жапон басқыншыларына қарсы құрылған Тұнық мұхит әскери-теңіз флотының балық, тіпті кит аулайтын кемелерінен теңіз беті көрінбейтін.
Кейіпкеріміз 19 жасар бойжеткен Елена осы біз айтып отырған жердің тұрғыны.
Еліктің лағындай елегезек жанды қызметтестері де өте жақсы көретін. Теңізге тірелген әсем қаланың тұрғыны Елена жұмыстан қолы босағанда жағалауға соққан теңіз толқындарымен шағаланың азан-қазан шуымен жарыса өлең оқығанды ұнататын. Жас жүрек желкенін жайған кеме жолаушыларын күтетін.
Портты қалаға өнер адамдары көп келетін. Гострольге келген сыған группасының көзі от шашқан бір сұлу әншісі:
– Ей, ұзын шашты сұлу, саған бір ақыл айтайын, тыңдайсың ба?– деген еді тізесіне түскен алтын түсті сары шашын сипап тұрып. – Мына шашыңды жинап жүр, біреу қырқып алар. Шашын қырқылса, бақытың келте болар! Ұзақ өмір сүресің, ұлты да діні де басқа елге тұрмыс құрасың. Өмір бойы көшіп жүресің. Терезесі төбесінде орналасқан үй тұрағың болар, – деп бұрылып кете берген. Бойжеткен өзін бөтен елге алып кететін жігітті осы теңіз арқылы келетін шығар дейтін.
Төрт бірдей баласын соғысқа атандырған қарт Максим мен Аннаның қызы да, ұлы да Лена еді. Етік тігудің шебері Максим жігіт шағында революция жұмысына да араласқан-ды. Соғыстың қарсанында ғана Владивостокқа ағылған көппен бірге осында қоныс аударған. Негізі Енесей губерниясының алыс меңіреу деревияларының орысы. В.И.Ленинді көріп, етігінін ұлтараған жамап, азық-түлігін тасып қызмет көрсеткенін жырдай етіп әңгімелейтін. Лениннің айдауда жүріп-ақ партия бағдарының жобасын әзірлеп, астыртын революциялық ұйымдар құрып, Россияның алыс түкпіріндегі орыс шаруалары мен жұмысшыларының жәй-күйін жан-жақты зерттегенін тарихтан бәріміз жатап өстік емес пе?
Сондай жиындарда көсемнің жалынды сөздерін тыңдап өскен Максим ревалюция жұмысына белсене араласты. Ешнәрсені көзінен таса етпейтін кіммен болса да тіл табысқыш, Ульянов Максимге ерекше ықыласты еді. Оңашада үйленген соң ұлынның атын Володия, қызды болсаң Елена қой деп айтудан жалықпайтын. Кейін Максим көсемге деген құрметтің белгісіндей ұлын Владимир, қызын Елена атаған-ды.
Бала кезімізде үлкендер: «Шебер Құдай, адамның айтқаны емес, тағдырдың жазуы болады» деп отырушы еді ғой. Алланың шеберлігінің бір дәлелі болған оқиға кейіпкері Жалағашта туып, балалық шағы Қызылордада өткен Әбдірахман Келмаханұлы 1931 жылы 12 жасында осы қаладағы бастауыш сыныптан білім алып, қара жұмысқа ерте араласады. Темір жол жағалап, өзек жалғаған, байланыс саласының жұмысына бейімделеді.
1942 жылы 12 желтоқсанда әскерге шақырылып, 193-ші миномитшілер полкында байланысшы болып ұрысқа кіреді. Неміс басқыншыларын өз ордасында талқандау ұрыстарына дейін қатысқан «Жазған құлда жазық болмай», қиыр шығысты да жеңіспен аяқтап, 1945 жылы 28-ші қыркүйекте әскерден босап елге қайтуға рұқсат алады. «Боздақтар» кітабында 1945 жылы тамыз айынан хабарсыз кеткендер санатына жатқызылды. Елге келе алмай қалуынан болса керек-ті. Владивостокта әскер шенелін, бейбіт өмір азаматының киіміне ауыстырған Әбекең елге қайтуға асыға қойған жоқ. Елдің жағдайы бәсенеден белгілі, біріне тартса, біріне жетпей жатқан жоқшылық. Бауыры Есіркеп соғыста хабарсыз кетті. Елде «Көппен көрген ұлы тойдың» ортасындағы анасы Ақжанға ай сайын хат жазып, сәлемдеме салып тұрады. Қайнаған өмір ішінде өзіңе сенсең жұмыс жаса, мал тап. Елге қоңданып, қорланып қайтпаққа ниеттеніп портқа жұмысқа орналасады. Күш қуаты тасыған жиырма жеті жастағы жігіт жұмыс таңдамай, тапсырған жұмысты жапырып атқара берді. «Туған ай, туралған ет» ай артынан ай жылжып, екі-үш жыл өте шықты. Бойы да, ойы да түзелген жас, жан-жағына көз сала бастады. Аласа бойлы алтын түстес шашты Еленамен алғашқы танысқаннан-ақ, өзінің өмірлік сыңарын тапқанына сенімді болды. Туған жерге деген сағынышты Қиыр шығыстың сары қызы басты. Арқандалған аттай ауылға қайту жоспары кейінге ысырыла берді. Қыздың әке-шешесіне барып қалған ғұмырын Еленамен бірге болуға бел буғандығын айтып, батасын сұрады. Көзінің ағы мен қарасы жалғыз қызының тілеуін тілеген жандарда басқа қандай тілек болсын, бақыт тілеп батасын берді. Қайынатасы Максим бақиға аттанған соң, Еленаны өз еліне алып кетуге үгіттей бастады. Анасы Анна қартайған шағында сүйегімді салдыратып мені қайтесіңдер, шалымның жанында қалайын деп ырық бере қоймады. Жас жұбайлардың алғашқы перзенті Рима жасқа жетпей шетінеп кетіп, 1951 жылы дүниеге келген қызының есімін тағы да Римма деп қояды. Сол кішкентайлары бір жасқа толғанда кәрі анасы Аннаның келісімімен туған жерге бет алады.
Владивостоктан шыққан шабан поезды арада бір күн өтпей жатып, Анна шешей қатты науқастанып, жолдағы бір үлкен бекеттен түсіп қалып ауруханаға жатқызуға тура келді. Қарт ананың тілеуі болып, сол жерде көз жұмып, өз елінің топырағы бұйырады.
Бар асылдарын сатып анасын жерлеп жас нәрестесімен екі жас елге бет түзейді.
Қызылорда қаласының іргесіндегі Жаңадан құрылған Жамбыл колхозына қоныс тебеді.
Сағынған баласын бауырына басқан Ақжан ана қуанышында шек жоқ. Алайда ол ұлты бөлек келіннің келешегіне күдіктене қараушы еді. Өмірі есек көрмеген жас келін есектің ақырғанын «үлке-ен овчарка ит қуды» деп бір қылса, қазан-ошақтың, ыдыс-аяқтың атын жаттай алмай, үйдегі төрт жан бір-бірімен тілмаш арқылы сөйлесетін хәлге түсті. Жастайынан еті тірі, пысық Лена барлық қиындыққа шыдап бақты. Тауық бағып жұмыртқа жиып, бақша егіп өнімін базарға шығарып сатып, сауданы сауып қарт енеден бастап үсті басы бүтінделіп, ыдыс-аяқ жамалып үйдің берекесі кіре бастады. Колхоздың басқарма төрағасы Ким Дик Маннан бастап, көп маман корей ұлтынан еді. Еленаның тіл білуі көп жұмыстың иін қандырып от басының ұйытқысы болған орыс келіннің ауыл-аймаққа да жақсы аты шыға бастады.
Ауылға хат-хабар тасып, пошта жұмысын атқарып қоғам жұмысына белсене араласты. Әбекең алма бағына қорықшы болып, қыста арба айдап отын-шөп тасып, колхоздың жұмысын дөңгелетіп әкетті. Елуінші жылдары бір отар қой алып қыста Қызылға, жазда Сарысуға жайлауға шығып қой бағып қоңды жанға айналды. Үш қыз, үш ұл өрбіген үлкен отбасына айналды. Баяғы сыған әншінің айтқаны келіп, терезесі төбесінде, түндігі түрулі, түтіні түзу, қараша үйдің мекен еткен Елена ослайша елге сіңіп, он екі жыл тағы өтті.
Мал баққанға бітеді, абыройсыз бола қойған жоқ. Әбекең зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып отырмады. Егін салып, жерден ырзық несібесін айыруды. Бақша өнімдерін тұздау, консервлеу, жеміс жидектен тосап жасауды ауыл жұрты Елена Максимқызынан үйренді. Кесте шұлық, қолғап, шағын алаша-кілем тоқу, көрпеше көктеудің хас шебері болып алды.
Ерім пірім деген Елена Ислам дінін қабылдап, тілін калима шаһадатпен бекітіп өмірден өткенше харамға жоламаған жан болды. Жеңістің 70 жылдығы секілді бірлігі ұйысқан елдің мерекелері тоғысқан жылы Бесарық елінде елеусіздеу күй кешкен жандардың ұрпақтары санасында сақталған естеліктері қайта жаңғыртып, әңгімеге арқау етуді жөн көрдік.
Мұны ұлты бөлек болса да тілегі тоғысқандардың махаббатқа байланған бақытты жылдары дейсіз бе?
Қиындығы көп болған сайын өмірге, жарға, балаға деген ыстық ықыластың арта түсетіндігін дәлелдеген өмір жолы дейсіз бе? Оны патша көңіліңіз білсін, ойлы оқырман.
Анығы, бұл жандардың өміріміз босқа өтті деп өкінбегені.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ

13 мамыр 2018 ж. 1 008 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031