» » » Ұрпаққа үлгі, елге мұра

Ұрпаққа үлгі, елге мұра

qarmaqshy-tany.kz Қазақтың қандай бір өңірінде болмасын аузы дуалы, сөзі уәлі, ескі әңгіме, шежіре, тарихты тара­тып айтатын кеуделері алтын сандық, көнекөз, құймақұлақ қарттардың шоғыры бұрын да көп бол­ғаны, ал, қазір олардың жолын жалғастырушылардың аз емесі көңіл қуантады. Өйткені, сөз өнерін ерекше қастерлейтін және оны ілгері дамытып отыратын үрдіс біздің қанымызда бар қа­сиет. Мұны мақтан етуге әбден құ­қы­лымыз. Сондай ұрпағына ұлағатты із, ғибратты сөз қал­дыр­ған қарттардың бірі – Қорқыт ата өңірінде (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) 1899-1979 жыл­­дар аралығында өмір сүрген, кезінде елдің арасында «Қисықтың Оспаны» аталып кеткен бұл кісі отызыншы жылдары тұрмыстың ауыр тауқыметінің себебінен мәсі тігетін етікші атанады.
Бірақ ол табиғат берген дарыны – жыршы, жыраулығымен де елге кеңінен танымал болып, Сыр сүлейлерінің соңынан ерген. Соның бір мысалы – Қисықтың Оспаны атақты Сыр сүлейі Бала жырау Тұрымбет Салқынбайұлының шәкірті болып, оның «Күмісай» әнін және басқа да ақын, жы­раулардың шығармаларын халыққа кеңінен насихаттаған сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз кісі атанған.
– Мен бала кезімнен әкем Оспаннан арғы атам Жұдырық баласы Қисық туралы басқа да елдің игі жақсылары, жырау-жыршылары, би-шешендері, батырлары жайлы деректер мен қызықты әңгімелерді, жыр-дастандарды көп естіп өскен едім. Мұны Тәңірдің өзіме бір берген үлкен сыйы деп білемін, – дейді Қисық атаның немересі, көне сөздің жанашыры, өзі де кезінде ел басқарған белгілі азамат Ашабек Қисықов санада сарғайып, ағы­тылып айтуға сұранып тұрған әңгіме-сырдың тиегін тым әріден қозғап.
Туған жер, өскен орта қай кезде де өз перзентінің алтын бесігі, болашаққа бастар темірқазығы болып қала бермек. Оспан Қисықұлы 1899 жылы бұрынғы Қазалы уезіндегі №3 Жамансыр болысының Бозарқаш елді мекенінде (қазіргі Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы Автор.) дүниеге келген. Көнекөз қариялардың айтуынша, Оспанның әкесі Қисық деген кісі өз заманында көзі қарақты, алғыр, сөзге шешен, орташа мал-дәулеті бар, өзінің бедел, абыройымен өңірдегі Кете-Шөмекейге билігін жүргізген, халыққа қайырым, жақсылығы мол әрі әділ кісі болған. Оспанның шешесі Зылиха Бексалқызы атақты Дәуімшар би ауылынікі екен. Еліне сыйлы, отбасына жайлы, мейірі мен шапағаты мол аяулы ана Қисықтан 6 ұл, 1 қыз туып, оларды тәрбиелі етіп өсірген салиқалы, салмақты бәйбіше болған екен.
Өз кезінде Сыр бойының атақты биі Пышанның Төребайы Қисықты ел арасындағы билікке араластырып, үзеңгілес іні ретінде жанына ертіп жүрген. Сөзі, беделі елге жүріп, бағы, абыройы асып тұрған шағында Қисық ата Сыр бойындағы әйгілі тұлғалар: Жәрімбет Сарғасқа Қарамен ( Темірбек Жүргеновтің әкесі), Қалпе Қаратамыр Сарыбел бимен, Есенғұл Кәрімберді әулиемен қыз алып, қыз берісіп, мың жылдық құда болған жандар. Дала абыздарының өзара сыйластықтары да шынайы әрі баянды болған. Қалай айтқанда да, ата жолының заңдылығында үлгі тұтатын бір керемет қасиеттің бар екені даусыз.
Кеңес өкіметінің тұсында, яғни, 1928 жылғы жөн-жосықсыз тәркілеуге ұшырағандардың қатарында орта дәулетті Қисықтың әулеті де бар еді. Бұған олардың зорлықшыл күшпен Сыр елінен әр тарапқа шашырап кеткендері толық дәлел. Қисықтың әулеті де сол топта бар, дүние-мүлкі, малы тәркіленіп, өздері Өзбекстанға жер аударылады. Қисық ата Ташкент түрмесіне қамалады. Бірақ, оның азамат болған үш баласы адвокат жалдап, қыруар ақшаның күшімен әкелерін түрмеден босатып алады. Өкінішке орай, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. Сыр бойына жетуге асыққан түйелі көш Өзбекстан аумағынан шықпай жатып, «Зеребұлақ» деген жерге аялдауға мәжбүр болады. Тас түрменің мұздай суығынан ауру болған Қисық ата сол бұлақтың басында көз жұмады. Марқұм өлерінде аяқ жағында жылап отырған кемпіріне: «Әй, Зылиха, несіне жылайсың? Сен де кешікпессің, сірә... Мақшар күніңде жолығайық», – деген сөзді айтқан екен. Балалары қартты сол жерге жерлеп, алғашқы жетісін бергеннен кейін ілгері жүрмек болып қайта жиналып жатқанында Зылиха аналары да аяқ астынан ауырып, 10 күннен соң шалының артынан жөнеп кетеді. Міне, тағдырдың жазуынан ешкім де асып кете алмайды екен. Сөйтіп, ерлі-зайыпты қарттарға жат жерден топырақ бұйырады.
Осылайша Қисықтың Оспанын да, оның бауырларының да тағдыр жолдары адам сенгісіз қиын жағдайға толы болады. Бірақ, өмір көші тоқтамайды екен. Оспан тәуекелшіл, ерік-жігері мықты адам еді. Ол жолында кездескен ауыртпалықтарды қара нардай көтере білді. Болашақтан күдерін үзбеді. Оспан алғашқы әйелі Сарыбелдің қызы Нағимен 26 жыл отасқан еді. Бірақ, олар осы жылдар ішінде перзент сүйе алмайды. Бұл жағдай ерлі-зайыптыларды да, Сарбелдің Ермаханын да қатты күйзелтеді. Ол кісі күйеу баласы Оспан ұрпақсыз қала ма деген қауіп ойлап, қарындасы Нағидың рұқсатымен күйеу баласы Оспанға Сарғасқа, атақты Келмембет батырдың қызы Әлиманы құда түсіп, алып береді.
Қисық атаның өзінен 6 ұл, 1 қыз тараған ғой. Олардың арасында кезінде болыстыққа таласқан, колхоз төрағасы болған, тіпті, жауырыны жерге тимеген балуан, жүйрік ат, қыран құс баптаған сері, домбырашы, жыршы, т.б. өнер қуған елге белгілі тұлғалар бар болатын. Бірақ амал не, олардың көбісі кеңес өкіметі тұсында бай баласы деген желеумен қудаланады, ашаршылық қуғын-сүргіннің, соғыстың кесірінен қатарлары сиреп, ақырында жоқ болып кетеді. Оның ішінде Оспанның Әбіш деген ағасы «Үштіктің үкімімен» жазықсыз атылып кетеді. Тек Омар деген бауырынан екі қыз тірі қалады. Ал, Қисықтың Оспанынан шүкіршілік, ұрпақтар бар.
Кезінде Қисық ата шаңырағынан өрген балаларын бөліп-жарып көрмесе де, өзгелерінен гөрі Оспанды ерекше жақсы көрген екен. «Әке балаға – сыншы» дегендей, Қисық қарт үй арасында ойнап жүрген кішкентай балаларына қарап: «Әй, басқаңды қайдам, осы Оспанымнан ұрпақ қалады» дегенді айтып қалған екен. Сол айтқанындай, бұл шаңырақта ұрпақ жалғастырушы Ашабек пен Жаңабек есімді екі бала бүгінде өсіп-өніп, ұрпақ қызығын көруде. Сондай-ақ, олардың Қаршыға және Кенішкүл әпкелері де үй-жайлы, бала-шағалы жандар.
Қисықтың Оспанының балалық, жігіттік шағы Сыр бойында өткен. Жаны сал-серілікке жақын болған ол бозбала шағында әке дәулетінің арқасыңда шалқып, астына жүйрік ат мініп, тазы ертіп, құс жүгірткен. Домбыраны солақай шертіп, күй тартқан, ән шырқаған. Әйгілі Сыр сүлейі, ұстазы Бала жырау Тұрымбет Салқынбай- ұлының «Күмісай» әнін, басқа да терме мақамдарын нақышына келтіре орындап, тыңдаушыларды таң қалдырып келген. Ел аузынан ескі әңгімелерді жинап, шежірені, көнелікті қисса-әңгімелерді, билік сөздерді де таратып айтуға өте шебер болған.
Аумалы-төкпелі заманды көп көр­ген Қисықтың Оспаны нанталаппен 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың бас кезінде күнкөрістің қамымен Өзбекстан еліне барады.Ташкеннің базарында ол жақын туысы Сәріктің Тілеумұратын кезіктіреді. Ол базарда етікші болып істейді екен. Інісі Оспанның жағдайын түсінген Тілеумұрат: «Оспанжан, бө­тен елде жүрміз. Бас бағайық. Менің қасымда бол, мәсі тігуді үйрен өзбек өлтірмес», – деп, өзіне серік етіп алады. Сөйтіп, Оспан ағасының арқасында аз уақытта мәсі тігуші шебер әрі етікші болып шығады. Жағдайлары түзелген соң олар бірер жылдан кейін елге оралады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Қисық атаның 2 ұлы мен 1 немересі Отан қорғау жорығына аттанады. Өкінішке орай, бауыры Әбіштің баласы Ұзақ пен інісі Әбдали соғыста ерлікпен қаза табады. Ал, Қисықтың Оспаны бірнеше майдандағы шешуші шайқастарға қатардағы жауынгер ретінде қатысып, елге жеңіспен 1945 жылы аман-сау оралады.
Қисықтың Оспаны соғыстан кейінгі жылдары етікшілік кәсібінен қол үзбейді. Елуінші жылдары Сырдария мен Қарөзектің қиылысатын жері ашада жолаушылар мен ат-көліктерді, мал-жануарларды әрлі-берлі алып өтетін паромның (үлкен желқайық) қожайыны болып, халыққа адал қызмет етеді. Ашада туған ұлының Ашабек аталу сыры сол екен. Оспанның зайыбы Әлима ақылына көркі сай, ауыл-үйге сыйлы, инабатты, қолынан келмейтін өнері жоқ іс тігуші шебер жан болған. Қайғылы отбасының қайғысына ортақтасып, шын пейілімен жоқтау айтатын, оның сөзін де, мақамын да өзі табатын, ал той жасаған үйдің қуанышын бөлісіп, бар көмегін аямайтын қолы ашық, көңілі дархан жан болыпты. Бауырмал жанның Сүйінтай, Ертай, Нұртай, Құлтай есімді бауырларының да ұрпақтары мәуелі бәйтеректей жайқалып өсіп келеді.
Қисықтың Оспаны қиын кезеңде үйренген етікшілік кәсібін бала-шағасының нәпақасы үшін жасы сексенге таянса да, тастамайды. Өйткені, оның ұлдары Ашабек – 60, Жаңабек – 62 жасыңда дүниеге келген еді. Ол есейіп қалған ұлдарына: «Құдайдың маған осынша денсаулық бергені –сендердің несібелерің ғой» дейді екен. Көңілі дария Оспан қарт 1979 жылы – 80, ал, жаны жаз Әлима әжей 2005 жылы 86 жасыңда дүниеден өтіпті. Қандай мықты кісілер еді десеңізші.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ.
27 қараша 2022 ж. 478 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031