» » » Жыраулық өнердің жампозы – Базар жырау

Жыраулық өнердің жампозы – Базар жырау

qarmaqshy-tany.kz 
Сыр елі – өнердің мөлдір бұлағы. Иә, Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ. Сол себепті өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығы әлем әде­биетінде сирек кездесетін құ­былыс ретінде өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар аударады. Сыр елінде өмір сүріп аты үш жүзге мәлім болған ақын-жырауларымыз ұрпақ тәрбиесіне, инабаттылық пен ой-өрісінің дамуына, эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған. Бұл жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге ретінде жол салған. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жас­тарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндейтін толғау термелер де игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған. Осындай айдар таққан сыр бойының жыраулары ерекше мақамдарымен ел-жұртты қазыналы жырларымен тамсандырды. ұлттық рухты асқақтатты. сондай жандардың бірі – жыр жампозы атанған Балқы Базар.
Базар жырау Оңдасұлы 1842 жылы қасиетті Қармақшы өңіріндегі Қызылқұмда орналасқан Қарақ тауы маңында Оңдас атты шаруа отбасында дүниеге келген. Руы – шөмекей ішіндегі Балқы. Сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен екен. Әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленеді. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен ауы­лына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден-бір себеп, үлкен мектеп болады.
Базар жырау 15-16 жасында бала жырау атанады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұлан-ғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көроғлы», «Жүсіп-Ахмет», т.б.) қазақ тілінде жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әмина қыз», «Айна-тарақ» дейтін шағын дас­тандар шығарады.
«Айна-тарақ» дастаны шығыс тақырыбына арналған. Ағайынды үш жігіт бір қызға ғашық болады. Үшеуі де мал саудасымен Бұхара шаһарына жүрмек болып, әлгі қызға әрқайсысы жеке-жеке келіп «Көңіліңе ұнаған нәрсеңді айт, әкеп береміз» дейді. Қыз жігіттердің үлкеніне кілем алуды, ортаншысына айна, ең кенжесіне тарақ әкелуді тапсырған. Бұл заттар өзгеше қасиеті бар дүниелер болатын. Кілемді мініп алып ұшуға, айнамен дүниенің төрт бұрышын көруге мүмкін, ал тарақты кеудесіне қойса, үш күн бұрын өлген кісі тірілетін. Жоғарыдағы заттарды сатып алған соң, айна арқылы өз ауылдарына көз салған жігіттер опат болған қызды көреді. Үшеуі кілеммен ұшып, тарақты кеудесіне қойған кезде өлген қыз тіріліп түрегелген.
Ал «Айна-тарақ» – адамды тапқырлыққа баулуда тәрбиелік маңызы зор шығарма. Жырдың тілі жатық. Кезінде оны ел жыршылары жаттап алып, көп жиналған жерлерде айтып жүрген. «Әмина қыз» – сиқыр күшке сенетін шығыс тақырыбына арналған шығарма. Бағдат шаһарындағы бір жігіт әкеден қалған мол байлықтың арқасында Әмина атты бір қызға үйленген. Жігіт алған жарына қаншама ықылас, кең пейіл көрсеткенмен кенет әйелінде тосын мінез пайда болған. Әмина дуаның күшімен сиқырлап, ерін итке айналдырып жібереді. Жеті жыл ит болып, көп азап шегіп, ақыры бір қыздың жәрдемімен адам қалпына келген. Жырау бұл шығармасында әділдік жолын берік ұстаған адал адам, талай тауқымет қиыншылықтарға кездессе де, оны жеңіп, мерейі үстем болып, ойға алған мақсатына жетеді деген қорытынды шығарады.
Базар дастандарының ішіндегі ең көркемі – «Мақпал-Сегіз». Ақынның бұл еңбегінде бас бостандығын аңсаған екі жастың мөлдір махаббаты жырланған. Қызын теңіне бермей малға берген кер заманның шындығы көркем бейнеленген. Жырдың тілі бейнелі, көркем де шешен. Дастанның құрылысы – жеті-сегіз буынды жыр үлгісі және он екі буынды қара өлең. Демек Базар жыр-толғаулар ғана емес, көлемді дастандар да жырлаған арқалы жырау.
1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан баспадан шыққан «АйманШолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап, ел арасына таратады. Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы да көпке белгілі. «Әр кемелге – бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық» секілді іргелі толғауларында ол өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданған екен.
Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырған деседі. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әртүрлі маусымы, туып-өскен жер жайында шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, қиянатшыл әкімдерге арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауызекі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырады екен. Бұдан жыраудың сазгерлік қабілетінің де болғанын аңғарамыз.
Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері ХХ ғасырда ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енді. Оның шығармаларына С.Сейфуллин, М.Жұмабаев жоғары баға беріп, Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау шығармаларын жинастыруда Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қайнарбаев үлкен еңбек сіңірді. Сыр сүлейлерінің отаны атанған киелі Қармақшы өңірінде өмір сүрген жыр саңлақтары Ешнияз сал мен Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар мен Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары мен даңғайыр ақын Тұрмағамбет жыр жампозы Балқы Базар Оңдасұлының жыраулық өнеріне бас иіп, оны өздеріне ұстаз еткен. «Жыраулардың жүйрігі» деп атақ берген.
Қармақшы ауданының құрметті азаматы Нұртілеу Салықов бір үлкендердің бас қосуында айтылған бала Базардың түс көргені жөніндегі әңгімесі жайында былай тарқатады.
Бала Базар қозы бағып жүріп, далада, ауылдан қашық емес жайылымда күн көтеріле ұйықтап қалады. Енесінен ертерек, азанғы уақытта айырылған қозыларды өріске жаю үшін Базар ерте тұрып, егелік жасау керек қой. Сол ұйықтап жатқанда Базар түс көріп, түсінде бір ақ сақалды, үстіне ақ киім киген, келімі келген, басында сәлдесі, қолында тәсбісі бар кісі:
– Базар, айналайын! Маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе? – деп бір-екі қайталағанда Базар:
– Таңдайыма бер, – деп жауап қатып, сол кезде өзі де шошып оянады. Базар тұра салып, өлеңдете жөнеледі. Ол заматында айналасына қарап:
«Аспан да өлең, көк те өлең,
Құмда өскен шөп те өлең» – деп тоқтамай айта жөнеліпті.
Ақындық пен жыраулықты 16 жасынан бастаған Базар жырау өзінің саналы өмірін, жастық жігерін, ықыласын елге, халыққа қызмет жасауға арнаған. Ол кісінің өлеңдеріне зер салып оқығаныңда халық қамқорын көксеп жазғандарын көруге болады. Базар өлеңдерінде көңіл қос айту, беташар, тағы да басқа жас ұрпақ тәлім аларлық ұлағатты сөздер өте көп. Тіпті халықтың сөзін сөйлегені, жырлағаны үшін сол кездегі үстем таптың қудалауымен Қазалы, Үргеніш қалаларының түрмесіне түседі. Әйгілі Ешнияз сал, Шернияз, Мұсабай, Нысанбай, Бұдабай секілді ақын-жыраулардың үлгісін ұстап, оны әрі қарай дамыта түседі.
Балқы Базардың шығармаларын өскелең ұрпаққа жеткізуде көптеген зерттеушілер жылдар бойы жұмыс істеді. 1925 жылы Ташкент қаласында жарыққа шыққан «Терме» және 1931 жылы ақын Сәкен Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқалары» атты жинақтарында жыр дүлдүлінің бірнеше өлеңі мен жыр-дастаны, толғауы жарық көрсе, 1965 және 1984 жылы қазақ ақын-жыраулардың өмірі жайлы жарыққа шыққан «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» атты кітапқа бірнеше шығармасы енген.
Жыраулық өнерімен елге танылған Балқы Базар Оңдасұлы зайыбымен бірге төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Оның ұрпақтары арасында басына жыраулық бақ қонған ұлдары Әмзебек пен Балзаданың талпынысы енді шарықтап келе жатқанда қыршын кеткен екен.
Екі баласының мезгілсіз бұл фәниден бақилық болуы жырауды біраз шөктіріп те тастайды. Тіпті оны төсекке де байлады. Домбырасын ұмытып, қайғыға көшеді. Болашағынан көп үміт күткен балаларының артынан, яки ортаншы ұлы Әмзебекті жер қойнына тапсырғаннан кейін үш жылдан соң 1911 жылы 69 жасында өмірден өтеді. Оның мүрдесі Қарақалпақстандағы Тамдыбұлақ ауданына қарасты Жалпақтау ауылындағы қорымнан мәңгілікке мекен тапты. Осы тұста Базар жырау туралы тағы бір аңызды айта кетейік. Оның мәйітін ақ жауып арулағаннан кейін бүкіл шариғат жолы жасалынып, мәйітті нарға артып, «осы нар қай жерге шөгеді, сол жерге жерлейік» делінген екен. Өйткені Базар жыраудың өзі соны өсиет еткен. Сонымен не керек, мәйіт артылған нартүйе Жалпақтаудың басына келіп шөккен екен. Сондықтан Базар жырау осында жерленіпті.
Базар жырау Оңдасұлы өзінің халық алдындағы қадір-қасиетін түсіне білген. Елі, халқы үшін еңбек етіп, адал жүріп анық басқан. Дұшпанын сынау­дан бір тынбай, тілін тартпай өткен. Заманының шыншыл жырауы болған. Өзінің «Құмарын тарқат алқаның» атты толғауында «Халықтың аузын тұшыттым» деуінің сыры да осы.
«Тереңдігім теңіздей,
Қайратым қоңыр өгіздей.
Халқымның аузын тұшыттым,
Сере шыққан семіздей.
Дабысым кетті алысқа
Жиреншенің өзіндей» деп жырлайды ол. Бұл туындысында ақын өзін халыққа аңыз болған Жиренше шешенмен салыстырады. Бұл жайдан-жай айтылған салыстыру деп айтуға болмайды. Шынында да, Базар жырау – өз тұсында аты аңызға айналған шешен. Оны халық Жиреншеден кем көрмеген. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлау арқылы Балқы Базар шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті. Көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды. Сөзімізді Базар жыраудың «Сұм дүние» атты керемет толғауындағы:
«Мына қысқа дүниеден,
Шайыр өлмес дер едім.
Сайраған қызыл тіл берген,
Көңіліне сонша жыр берген,
Алжаспай сөзді ағытып,
Есебін тауып үлгерген.
Мәжілісінде жақсының
Дәурен сүріп, күн көрген.
Ерегескен олармен
Ажалы жетпей күнде өлген» деген бүкіл ақын атаулыға берген тамаша бағасымен аяқтағанды құп көрдік.
Қазіргі таңда жыраудың есімін ел есінде сақтау мақсатында Жалпақтау ауылындағы орта мектепке есімі, Тамдыбұлақ пен Қызылорда қаласы, Жосалы кенті орталықтарынан көше атауы берілді.
Жыраулық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, саф алтындай мінсіз сұлулығын сақтауға әрбір аудан тұрғыны жанашырлық білдіруі парыз. Осындай киелі өнерді кең көлемде өрістету, жас тұрпаққа насихаттау, қолдау көрсету кезек күттірмес мәселе болу керек. Сыр сүлейлерінің жыр күмбезін тұлғаландырып, жарқырата түсу бүгінгі және келер ұрпақ еншісінде.
22 қараша 2022 ж. 557 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 250

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 351

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930