» » » Ол соңғы сәтте де жұмысын ойлады

Ол соңғы сәтте де жұмысын ойлады

qarmaqshy-tany.kz Тағдырдың жазуы дейміз ғой мұндайда. Басқалай айтар сөз де жоқ. Дүниеге келмек бар да, кетпек бар. Әркімде Алланың берген жасын жасайды. Нәпақасын табады. Дегенмен жақсыны қашан да жоқ деуге қимайсың. Іздейсің, сағынасың. Орны білініп, көңіліңді жабырқатады. Сондай жаны жайсаң, айналасына болсын деп тұратын арда азаматтың бірі өмірден өтті. Ол – бар ғұмырын медицина саласына арнап, мамандығымен өмір сүрген Байзақ Жәнібеков.

Байзақ ағамыз жетпіске қараған шағында дүниеден өтті. Арал ауданы, Сайғонды елді мекенінің тумасы 1979 жылы екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін медициналық институттың "Педиатрия" факультетіне оқуға түсіп, қатарының алды болып бітіреді. Қызылорда қалалық балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, Қармақшы аудандық ауруханасына балалар дәрігері болып жұмысқа қабылданады. Он сегіз жылға жуық уақыт осы ауруханада анестезиолог-реаниматолог қызметін атқарса, одан соң Т.Көмекбаев ауылдық ауруханасында бас дәрігер, сондай-ақ аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде дәрігер-фтизиатр, ІІІ Интернационал ауылдық ауруханасында бас дәрігер, ауыл тұрғындарының өтінішімен қайтадан 2012 жылдан бастап соңғы демі біткенше Т.Көмекбаев ауылдық округі ауруханасының меңгерушісі болып адал еңбек етіп келді.
Байзақ Жұбатырұлы отбасындағы он баланың ең үлкені болатын. Оның кішіге қамқорлық етіп, үлкенге құрмет көрсетуі – әу бастан-ақ отбасында қалыптасты. Жастайынан ой-санасына сіңген қасиет десек те болғандай. Дәрігер мамандығын таңдауында да адамдарға деген шексіз мейірім мен махаббат жататын. Өмір мен өлім арпалысқан әрбір сәтте науқастарына қолынан келгенше ем-шипасын жасап, ол толық сауығып кеткенше бақылауында ұстайтын еді. Білікті дәрігердің нағыз өз ісіне берілген азамат екеніне ауыл тұрғындарының жылы лебізі дәлел. Соның бірі – Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны Құдайберген Балшынов білікті дәрігер жайында былайша күрсініспен сөз сабақтайды.
– Байзекең 2006-жылдары ауылымызға келіп, қадам басты. Қызылдың қиян бір шетін алыс көрмей, бас дәрігер болып келуінің өзі оған деген ерекше біздердің құрметімізді арттырды. Әдетте отбасы, бала-шағасынан ұзағанды ешкім қаламайды ғой. Бұл кісі мамандығын жақсы көретінін осымен-ақ ұғындыра білді десем болады. Ол бұған дейін де облысымызға, ауданымызға еңбегін сіңірген белгілі дәрігер болатын. Адам пенде болғасын оның қателігі де, жетістігі де қатар жүреді. Сол секілді Байзақ ағамыздың бір қасиеті – науқастың диагнозын дұрыс қойып, дөп басып айтатыны біздерді таңқалдыратын. Осы мақаланы пайдаланып, марқұм ағамыздың жатқан жері жайлы болсын, ол кісінің жақсылығын айтқым келеді. Осы кезде өмірде аяғымды алшаң басып, аман жүрсем алдымен Алланың, сосын сол ағамыздың кәсіби шеберлігінің арқасы деп ойлаймын. Ол менің сәби кезімнен бері (өзіме білінбей) келе жатқан (туабітті) дертімді тап басып тауып, ертерек емделуіме септігін тигізген жан. Ота жасатып, өмірге қайта келгендей болдым. Осындай бітеу жара секілді белгісіз болып келген дертімнен айығып кетуіме ағамыздың үлкен үлесі болды. Қай кезде де науқастың құлан-таза жазылып, ел қатарына қосылуына әуелі дәрігердің дұрыс қойған диагнозы маңызды рөл ойнайтыны жасырын емес. Сол себепті де Байзекеңнің білгір маман, жауапкершілігі жоғары дәрігер екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Адамгершілігі, қамқорлығы, жақсылық жағы үнемі басып, озып тұратын. Оның ауылға, ауыл тұрғындарына жасаған қызметі өте көп. Аурухананың маңайын көгалдандырып, көркейтті. Емхана маңайын көкорай шалғынға айналдырып, гүлмен жайқалтып қойды. Өкінішке орай-енді бара қалсақ аңқылдап алдымыздан құрақ ұшып қарсы алатын ағамыз жоқтығы жанымызға батады, – дейді ол қамыға сөйлеп.
Азаматтық, кісілік келбетін еңбекқорлығы, елге деген жанашырлығымен қа лыптастырған бас дәрігер жайында кім де болса ілтипатқа толы жылы лебізбен жеткізетіні анық. Ауылдың тағы бір азаматы Қанжарбек Сұлтановтың да өз айтары бар.
– Ауылға келгеннен бастап Байзекең өзінің білікті де мықты маман екенімен көпшілікке танылды. Елге сыйлы бола білді. Құрметіне бөленді. Алдына қандай науқас келсе де мол тәжірибесімен, терең білімімен өзін-өзі көрсете алған адам. Мұндай кісілер сирек десем қателеспеспін, – дейді ол қимастықпен еске алып.
Байзақ Жұбатырұлының жары Ұрхия Ідірісқызы да білікті дәрігер. Аудандық ауруханада балалар дәрігері және балаларды емдеу бөлімінің меңгерушісі болса, зейнет демалысына шығып та аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен еңбек сіңіріп, қызмет етті. Ерлі-зайыптылардың отбасында 3 қыз, 1 ұл дүниеге келді. Балаларының тұңғышы Әсем Алматыда дәрігер болып қызмет етіп, ата-анасының жолын қуса, Хамзасы да кәсіп ашып, денсаулық саласының өсіп-өркендеуіне атсалысуда. Қазақ халқының және Шығыс медицинасы емін меңгерген белгілі шипалы алақан иесі.
– Байзақ – мамандығын қатты сүйген дәрігер. Көбінесе дәрігерлер осы оқуға жүрек қалауымен түсіп жатады ғой. Бірақ кейін жұмыс істегенде «Мен неге осы мамандықты таңдадым, не үшін оқыдым?» деп артынан дәрігерліктің қиындығына шыдамай жататын кейбір әріптесті өз көзіммен көргенмін. Әйтеуір амалсыздан жұмыс істеп, зейнетке шыққан да замандастарым болды. Ал Байзақ – ерекше тұғым. Мамандығын қатты жақсы көретін. Оған ешнәрсе керек емес еді. Тек – жұмыс. Өмірдің рақатын жұмысынан табатын. Бірде марқұм Қали Шыңғысов ағаны кездестіріп қалғанымда сонда ол: «Ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түстім. Байзақтың ауысымына тап келіппін. Ол қасымнан бір елі ұзамай, жанымнан шықпады. Мені бақылап, емін жасады. Жағдайым өте ауыр болған. Түнімен ұйықтаған жоқ. Таң ата «Қалеке, енді болды, денсаулығыңыз жақсарады. Мен шамалы демалайын. Уайымдамаңыз. Қалыпқа келдіңіз» деп айтты. Шынымен де сол кезде менің жағдайым жақсара бастаған-ды. Соны ол сезді. Әр минут, секундымды бақылауда ұстап отырды. Байзақты бұрын білмейді екенмін. Бұл өте күшті дәрігер. Ісіне тәнті болдым. Мамандығын жетік біледі. Науқастың жазылып кетуін ғана ойлайды екен» деп айтқаны есімде қалыпты.
Оның интуициясы күшті болды. Ауруды емдемес бұрын сараптамаларын әбден зерттейтін. Болжамы тура келетін. Халықтың аузында «Мына науқастың қалай болатынын Байзақтан сұрау керек?» деген сөздер де айтылып жүрді. Ауысымын тапсырса да науқасын тастап кетпей, соны айналшықтап жүретін. Қағаздарын қайта тексеріп, пысықтап шығатын. «Үйіңе неге қайтпайсың, жұмысың бітті ғой?» дейтіндер де табылған. Сонда артынша-ақ әлгі науқасының (тастап кете алмай жүрген) жағдайы күрт төмендегенде: «Мен осыны білдім, осыны күтіп жүр едім» деп жауап қайтаратын болған. Кейін оған үйіңе неге қайтпайсың? деп ешкім айтпайтын болыпты.
1988-жылдар болу керек. Қазақстанда бала өлімін азайту мақсатында Ресейден дәрігерлік бригада көмекке келді. Арасында ғалымы, дәрігері бар. Біздің ауданда бірнеше айлап жатып жұмыс істеді. Сонда ауыр науқастарды көріп, қалай емдеп жатсыңдар? деп таңырқаған-ды. Сол уақытта Байзақ жансақтау бөлімінің дәрігері еді. Келген делегация Байзекеңді қатты бағалады. Қасынан жібермейтін. Қонақ үйде тоқтады олар. Біздің отбасында да талай рет қонақ болып, келіп-кетіп жүрді. Кетерде олармен қимай қоштастық. Т.Көмекбаев ауылында ұзақ жыл бас дәрігер ретінде еңбек етті. Аурухананы жөндеуден өткізіп, жағдайын жақсартты. Ұжымында мамандарының бәрі білікті, бесаспап. Бәрін үйретіп қойған. Ұжымы да ауызбірлікті болды. Ол үнемі көңілді жүретін. Таңертең ұйқыдан тұғанда айқайлап өлең айтып тұратын. Мен сөйлеп жүретінмін, бала- ларды балабақшаға, сабаққа апару керек деп. Асықпайтын. Көңілі сондай таза адам. Институтта оқып жүргенде «Қаракөз» деген ансамбль болған. Соның неше жыл әншісі болды. Ескендір Хасанғалиевтің барлық әнін айтатын. Соңғы кезге дейін ән салды. Ауыр науқас жатқанда да ән салып, көңілді болуға тырысатын. Бұл да болса оның науқасқа деген психологиялық тұрғыда көмегі деп ұғуға болады. Сонда олар «Бұл кісі ән салып жүр, онда біздің жағдайымыз жаман болмағаны» деп кәдімгідей көңілденіп кететін көрінеді, – дейді ақ халатты абзал жанның зайыбы Ұрхия апамыз.
Байзақ Жәнібеков облыстың, ауданның салалық алғыс хат, құрмет грамоталарымен марапатталған. Омырауына Қазақстан Республикасының «Денсаулық саласына сының «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» медалін тақты. Бастысы, халықтың алғысына бөленді.
Оның өмірінің бірнеше айы күреспен өтті. Өмір үшін, жарық дүние үшін күрес, жанталас! Сонда психолог қыз қасына келіп одан: «Арманыңыз бар ма, аға?» деп сұрағанда «Арманым жұмысыма оралу» -деп жауап беріпті. Иә бірақ Алланың дегені болып, ағамыздың арманы орындалмады. Десе де ол өзі қиналып жатса да соңғы деміне дейін антына адал болып, дәрігерлік ақ халатын кірлетпей мына жарық та жалған өмірмен қоштасып кете барды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
17 қазан 2022 ж. 1 317 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031