» » » Еңбек ерлері шыққан мекен

Еңбек ерлері шыққан мекен

Адамзат баласы тіршілік ете бастаған сонау ықылым замандардан бері қаншама ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болған бұл өлке – Қармақшы деп аталады. Қойнауы қазынаға толы Сыр өзенінің бойы бұрыннан мал бағып, егін еккен шаруа қазақ үшін қасиетті жер болып саналған.
Сақ өркениетінен бастау алып кешегі Тәуелсіздікке қол жеткізгенше талай тарихты басынан кешірген Сыр өңірі, әсіресе туған топырағымыз Қармақшы өлкесінің біз үшін маңызы ерен, өмірімізде алар орны ерекше. Біз туған жерімізбен мақтанамыз, онда туып-өскен әрбір азаматты мақтан тұтамыз.
Күні бүгінге дейін өзінің дәстүр-салтын сақтаған өңірде туылып, осы өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып келген қаншама тарихи тұлғаларымыз болды. Мейлі мәдениет, мейлі білім, денсаулық пен спорт, мейлі ауыл шаруашылығы, қай салада болмасын аудан халқы өзгелерден қалыс қалған емес. Бір жыраулық өнердің өзі Қармақшының абыройын асқақтатып тұр емес пе?!
Бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болып отырған қасиетті жерден шыққан Социалистік Еңбек Ерлері де өңіріміздің алдыңғы қатарлы аудан болуына атсалысып, аянбай тер төккен тұлғалар. Олар тек еңбегімен ғана емес, ақыл-парасатымен де халқымыздың ұлттық мақтанышы деңгейіне көтерілген батырлар.
Социалистік Еңбек Ерлері – шаруашылық пен мәдени құрылыстағы аса үздік жетістіктері үшін еңбекте ерекше көзге түсіп, КСРО-ның күш-қуатын нығайтып, даңқын шығарғаны үшін берілетін ең жоғарғы құрметті атақ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1938 жылдың 27 желтоқсанындағы Жарлығымен бекітілген.
Біздің ауданымызда бес Социалистік Еңбек Ері бар екендігі белгілі. Қасымтай Ізтілеуов, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабекова, Цай Ден Хак және Пак Чен Ир сынды ерендеріміз халық шаруашылығының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ерлері.
жылы қыркүйек айының аяғында еліміздің Қиыр Шығысынан сталиндік қуғын-сүргіннің әсерінен, яғни депортациялық жолмен корей халықтары Қазақстанға көшіріле бастағаны белгілі. Осы кәріс халқының бірсыпырасы біздің ауданға қоныстанды. Бір қыстап шыққан оларды 1938 жылдың сәуір айынан бастап «Қашқансу» ауыл советіне қарасты жерге орналастырды. Орналастырылған 48 отбасы «Червонная Земля» және «ІІІ Интернационал» деп аталған колхоз құрып, ІІІ Интернационал колхозын 50 жылға жуық Цай Ден Хак басқарды. Жаңа жерге жаңа қоныстанушылар келіп, бұл жердің күріш өсіруге қолайлы екенін айтқызбай танып, мекенді құтты орынға айналдырды. Сайланған уақытынан бастап колхоздың көркеюіне, көзге көрінуіне барлық күшін сарпыған Цай Ден Хакты ІІІ Интернационал халқы әлі күнге дейін мақтанышпен айтып отырады.
Колхоз көшелеріне асфальт төселді, кең бөлмелі жаңа пәтерлер, мәдениет үйі, қонақ үй, жаңа мектеп, колхоз басқармасының ғимараты, жаңа мал фермасы орталығы, сүт комплексі және тағы басқа да көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, колхоз емес құдды бір қаладай жайнап-жарқырап шыға келді. Цай Ден Хактың арқасында 1956 жылдардың өзінде күріш егісінің көлемі 1851 гектарға жетіп, оның 700 гектары таза күріш егісі болды. Бұл жылы колхоз еңбеккерлері күріштің әр гектарынан 38,2 центнерден өнім алды. Бұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған еді. Бұл деп отырғанымыз колхоз басшысының жұмысты ұйымдастыра алу қабілетінің өте жоғары екендігін, мол өнімге жету үшін ерінбей еңбек еткендігін аңғартады. Осы еңбегі еленіп, оған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. 10 жыл емес, 15 жыл емес 50 жылға жуық бір колхоздың шаруашылығын дөңгелетіп отыру екінің бірінің қолынан келмейтіні тағы бар. Міне, осындай халықшыл тұлға Цай Ден Хак – бір ғана ІІІ Интернационал ауылы емес, бүкіл Сыр елі болып есте сақтайтын білгір басшы, ауыл тұрғындарының алдында абыройы асқақтаған, елі үшін, колхоздың жаңғырып, жаңаруы үшін еңбек еткен еңбекқор, жатырқауды, бөлінуді білмейтін ардақты азамат.
Келесі еңбек ерлерінің қатарын 15 жасынан шаруаға араласып, естен кетпес көрсеткішке жеткен Пак Чен Ир толықтырады. Ол 1896 жылы Солтүстік Кореяда дүниеге келген. 1905 жылы ата-анасы Ресейге көшіп келіп, қиыр Шығыс өлкесіндегі Уссурий облысына қоныс тебеді. 1929 жылдан бастап «ІІІ Интернационал» колхозының мүшесі болып кіреді. Жастайынан шаруаға бел буып кіріскен ол, еңбекте озат атанып, әр ісі тиянақты, нәтижелі, жоғары дәрежелі бола білді. Өзінің еңбекқорлығының арқасында еңбек ерлерінің арасынан табылып, колхозшылар мен жолдастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Ол колхоз өндірісіне белсене қатысып, колхоз экономикасының өсуіне үлес қосты.
1937 жылдан бастап Қазақстан жерінде басқа күрішшілермен бірге күріш өсіру жөнінде рекордты көрсеткішке ие болады. Пак Чен Ир 1949 жылы күріштен мол өнім алғаны үшін Ленин орденімен наградталды. Сол жылдың күзінде Пак өте жоғары өнім жинады. Көлемі 5 гектар егістіктің әр гектарынан 101 центнерден дән бастырды. 1950 жылы 21 маусымда осы жетістігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.
1956 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1961 жылы оның звеносы егіс көлемін 10 гектарға ұлғайтып, әр гектардан 90 центнерден өнім жинады. 10 жыл ішінде Пак Чен Ир орта есеппен әр гектардан 60 центнерден күріш алды. Пак Чен Ир күріш егістігіне минералды тыңайтқыштың кажетті мөлшерін самолетпен бір-ақ рет енгізудің прогресшіл әдісін қолданған алғашқы адам.
КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне 4 рет қатысып, оның медальдарымен және грамоталарымен марапатталған ауыл шаруашылығы майталманы.
Ақжар атты тарихи мекенде дүниеге келіп, бар саналы ғұмырын осы ауылға арнап, «Қазақ Мересьеві» атанған Социалистік Еңбек Ерлерінің бірі – Қасымтай Ізтілеуов. Ол еңбек жолын аудандағы «Ақбел» ұшымжарында бастап, 1937 жылы «Ақжар» МТС-да механизатор, кейіннен трактор бригадасының бригадирі болған. Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталған жылдары соғысқа аттанып, соғыстың сұрапыл жылдарында қаншама қиыншылық көріп, елге аман-есен оралған. Елге келгеннен кейін бірден сол бұрынғы ауыл шаруашылығы саласына ден қойып, техника тілін жақсы меңгерген Қасымтай Ізтілеуов сол уақытта құрылып жатқан «Қаракеткен» МТС-на механизатор болып орналасады. Осылайша тарактор тізгінін қолына алады.
Соғыс жылдары жау оғынан аман қалып, қиыншылық заманды басынан өткерген Қасымтай ақсақалға тағдыр тағы да бір нәубет берді. Қыстың күні қырауда еңбек үстінде екі аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған Қасымтай Ізтілеуов өзін елден кем көрмей, еңбекке құштарлықтың және қажырлы жаттығудың нәтижесінде механизатор мамандығына қайта оралды. Алғашқы кезде трактор бригадирі болып істеді. Кейіннен трактор руліне отырды. Екі аяғы тізеден кесілсе де үйде болуды білмей, керісінше тағдыр құлатқан жерінен қайта тұрып, ауыртпалық пен ауырсынуды елемеген Қасымтай ақсақалды қалайша құрмет тұтпауға болады. Екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік.
Жергілікті партия, совет органдарының ұсынысымен ауданда «Қасымтай Ізтілеуовтың атындағы жүлде» жарысы ұйымдастырылған кезде Қасымтай өмір жолын баяндай келіп былай деген екен: «Менің атымдағы жүлдені алам деушілерге мынадай кеңес берер едім: еңбек өнімді болу керек. Иә, осы жағына назар аударыңыздар. Мықтап көңіл бөліңіздер. Ол үшін техниканың тілін түсіну керек. Бір маусымда бір өзі алты-жеті, тіпті сегіз мың центнер астық бастыратын комбайнерлер де бар. Ал маусым бойына бастырған астығын мың центнерге жеткізе алмағандар да жоқ емес. Олар диқанның жаз бойы маңдай терін сыпырып өсірген алтын дәнін ысырап етушілер. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген осы.
Социалистік Еңбек Ерлерінің қатарында ер азаматтарша еңбек еткен, тағы бір ерен тұлға Сәлима Жұмабекова бар. Ол 1935 жылы Қармақшы ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері, көпбалалы Батыр ана. Еңбек жолын 1953 жылы сауыншы болып бастаған. Табиғаты әйел азаматы болғанымен ер кісілерден кем емес жұмыс жасап, күріш өсіруден мол өнім жинаған Сәлима апа өзінің ақылшы ұстазы бола білген күріш өсірудің шебері Шәймерден ақсақалдан үлгі-өнеге алып, күріштен мол өнім алудың қыр-сырын үйренген. Сәлима Жұмабекованың күріш өсірудегі басты ерекшелігі – сол ұстазы үйреткен күріш тұқымын ісіндіріп барып себу үрдісін пайдаланғаны десек артық емес шығар. Бұл әдісті кейінгі жылдары да күріш өсіру техникасында қолданып жүргені белгілі.
Ол 1959-1986 жылдары «Ленин» атындағы кеңшарда күріш өсірумен айналысқан. 1967-1973 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрайымы қызметінде болды. 1973 жылдан бастап күріш өсіруші ірілендірілген звено жетекшісі болды. Ғұмырының көптеген кезеңін күріш өсіруге арнап, күріш егісінің әр гектарынан 84-118 центнерден өнім жинаған еңбек ардагері.
Социалистік Еңбек Ері, қос алтын жұлдыз иегері Сәлима Жұмабековаға 2000 жылы «Ғасырдың Батыр анасы» құрметті атағы берілсе, 2005 жылы 70 жасқа толу мерейтойына орай Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атағы салтанатты тапсырылған болатын. Міне, бір өзі бірнеше атақты алып, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында абыройлы өмір кешкен апамыз ауданның мақтанып айтар азаматшаларының бірі. Тынымсыз еңбек, адал маңдай тері ескерусіз қалмай, Сәлима апа Социалистік Еңбек Ерлерінің арасынан табылды.
Әділбек Хайруллаев 1938 жылы 25 ақпанда Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, өндірістен қол үзбей жүріп ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдайды. Әділбектің әкесі өздері туып-өскен Ленин совхозында қаракөл қойын алғашқылардың бірі болып өсірген. Осылайша қой бағудың қыр-сырын әкесінен үйренеді. Мал басын аман сақтауды, одан алынатын жүн, ет өнімдерінің сапасын жақсартуды өте жақсы меңгереді. 1963 жылы жас шопан Әділбек Хайруллаев ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен наградталыпты. 1964 жылы «Жаңақала» өз алдына дербес кеңшар болғанда Әділбек ағамыз небәрі 26 жаста екен. Еңбегі жанып, халқы қалап 1965 жылы оны облыстық кеңеске депутат етіп сайлайды. Ал 1966 жылы жас шопанның тарихта есімі мәңгі қалған жыл еді. Осы жылдың 22 наурызында жанқиярлық ерен еңбегі мен мал шаруашылығын дамытудағы қол жеткізген үздік жетістіктері үшін мемлекетіміздің ең жоғарғы наградасы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, 28 жасында омырауына «Алтын жұлдыз» таққан. Аз жылдар ішінде көп тәжірибе жинаған Әділбек Хайруллаев әрбір қойдан 3 келіден жүн қырқып, әр жүз аналықтан 160-қа дейін төл алған. Жыл сайын 400-450 қозыны тірі асырауды қамтамасыз еткен. Қой бағуға үлкен жүрекпен келіп, бригада құрған жастарға ақылшы ұстаз болғаны бір төбе. Шындығы сол Әділбек облыстың, қала берді республикамыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, ел экономикасын көтеруге ұшан-теңіз үлес қосқан. Осылайша халық құрметіне бөленген Әділбек ағамыз аудандық комиссия шешімімен «Ғасыр шопаны» деген құрметті атаққа да ие болады.
Өмірде өзінің өнегелі өмірімен, халыққа жасаған жақсылығымен, адал еңбегімен, тазалығымен, жоғары деңгейдегі адами қасиеттерімен өзгелерге үлгі болған осындай абзал азаматтар, болмыстары бөлек тұлғалар. Олардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары анық.
Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері

23 тамыз 2022 ж. 834 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031