» » » Халықпен қоян-қолтық араласқан

Халықпен қоян-қолтық араласқан

Жетпісінші жылдың көктемі жаңбырлы болды. «Сегіздің тақыры» деп аталған жазықтың түстік бетіндегі «Аққыр» жалы оңтүстік батысқа қарай созылып, Жаңадарияға жақындағанда «Еламанның» тұсынан терістікке  бұрылады да, «Құндақбай бұлақ» тұсынан өте тұйықталады. Етегі бір жарым шақырымдай жерге төмендей созылып барып майда құмаққа ұласып кетеді.
Ал енді сол жылы бар ма, қыстағы қалың қардың ылғалын кептірмей күнара жауған жаңбырдан осы жалдың екі баурайы мен төбесіне шықпаған шөптің түрі қалған жоқ. Ат тізесіне таяу өскен жусан, астындағы раң, бұзаубас, сарсаған сияқты сан түрлі өскіндер мен етектегі ебелек, түйеқарын, балықкөз белдің де, жердің де ажарын аша түсіп, малшылардың пейілін кеңейтіп-ақ тұр.
Қой болса қоздап жатыр. Құмақ жиегінде төбенің етегіндегі үйге жақындау жерде жас қозылаған саулықтарды бағып жүргем. Қарап қоям, жалдың басына тіке шығып, асып түсетін жолдың бойында орналасқан екі үйдің орнындай ғана төмпешіктің маңына шамасы автоклуб болуы керек, бір төңкерме машина мен бір су таситын машина бірін-бірі кезек сүйреп бағана, түс ауа жеткен. Енді етекке түсейін десе, қайтадан қалың батпақтан шыға алмасын біліп, құрғақ жерден ұзамауға бекінген сыңайлы.
Қой қамарға әлі де біршама уақыт бар. Тұра берсе күн кешкіріп, қараңғы түсіп қалатынын ойлады ма, бір кісі төменге, үйге қарай жаяу салды. Әне-міне дегенше әлгі кісі батпақтап, қанаттай жайылған қойдың арғы басына жақындап та қалды. Елемеген кісі құсап бұдан әрі тұра берудің жөні жоқ, астымдағы мажыражай жайылып тұрған көкше құнанның басын тартып, ер үстінен ауыздықтадым да, қарсы жүрдім.
– Ассалаума әлейку-ум! – деп сәлем берген маған қарап, ұсынған қолымды алып жатып:
 – Уа әлейкум-ссалам! Құндекеңнің баласысың ба? – деді бұрыннан танитын адамдай.   
Басында дөңгелек жиекті сұрғылт қалпақ, костюмның сыртынан етегі тізеден түсетін плащ киген кең маңдайлы, дөңгелек жүзді кісі бірден шаруаның жөніне көшті.
Аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі екен. Көктемгі мал төлдету науқанында малшыларға мәдени қызмет көрсету жұмысымен ферма аралап келе жатқан беті. «Коммунизм шамшырағы» газетінен де арнайы тапсырмасы бар байырғы тілші екенінен де хабардар етіп қойды.
– Жер батпақ. Төбе-төбенің басымен жол қуалап зорға жүріп келеміз. Анау екінші машинада ауылыңның партком хатшысы бар. Жол тауып, сол машиналарды үйге әкеле алсаң, жақсы кино қойып береміз, – деп қызықтырып та қойды.
«Ауылыңның партком хатшысы» деп отырғаны – шешемнің үлкен апасынан туған, маған бөле болып келетін Нағи апамның күйеуі. Смағұлов Тоқшылық деген кісі. Кеңшардың орталығына барсақ, түсетін үйіміздің бірі сол. Ақжар мектебінде орыс тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі еді, Қуаңдария кеңшары құрылған соң аз уақыттан кейін осында парторг болып ауысқан. Кеңшардағы партия ұйымының хатшысын о кезде осылай атайды. Ал өзін  Ақжігітов Смайыл  деген ағаң болам деп таныстырды.
Жалғыз үй отырған малшыға, әсіресе мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсе алмай мал соңында жүрген мен сияқты жас жігіт үшін бұл бір үлкен мереке. Таныс-бейтаныс адамдармен жүздесу, олардан ауылдағы, аудандағы жақсы жаңалықтарды есіту, арасында «подкидной» аталып кеткен алты картамен «дорақ» ойнау дегеннің өзі бір ғанибет нәрсе. Әрі десе, бірсыпыра уақыттан бері көлік қатынамаған уақыттарда ауыл поштасында жинақталып қалған газет-жорналдарымызды да ауыл поштасында істейтін Берен апа осындай кісілерден бір құшақ қып беріп жібереді. Бір қарқ боп, жырғап қаламыз.
Ұрыста тұрыс жоқ дегендей, күнұзағына қой соңында шаршағанымды дереу ұмытып кеткен мен әлгі кісіге қоздаған қойларды қамайтын қораның жөнін көрсеттім де, жалдың басында тұрған кісілерге қарай салдым. Аз-кем аман-саулық сұрасқаннан кейін машиналарды Сырлыбай бұлаққа қараған құмақтың етегіне қарай түсіріп, құмның бір қабат ішіндегі жолмен үйдің іргесіне әкелгенімде кеш батуға айналып еді. Қойлар қораланып, әке-шешем қонақтарға кешкі астың қамына кірісіп кеткен екен.
Кешкі ас дегенде бұндай уақыттағы «жеңсік тамақ» – баракошка! Әрі кетсе төрт-бес күн еміп, құйрық байлап қалған қозылардың еті тамаққа, терісі қаракөлге жарайтын уақыты болады. Шәймен жеп алған баракөшкеден кейін әкелген киносын көріп боламын дегенше даяр болған сүр етпен араластырып қол басындай қазы қосып асқан жас қозының етін жеп алған соң  келген қонақ бірсыпыра уақыт тамақ басып, өткен-кеткеннен әңгіме   қаузайтын әдеті. Бұндайда қанша шаршап жүргеніңмен ұйқы атаулы ұмытылады.
Смайыл аға әңгімешіл, адам жатырқамайтын ашық кісі екен. Облыстағы бірнеше ауданда аудандық газетке жауапты редактор болып қызмет атқарыпты. Кешегі немістермен болған қанды қырғынға бастан аяқ қатысып, Қиыр Шығыста жапондармен болған соғыс қимылдарына да араласқан көрінеді...
Осы кездесуден кейін Смайыл ағамен көрген жерде сәлем беріп, шұрқырай амандасып, жақсы араласып жүрдік. Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем дегендей, алыстағы ауылда кездесіп, сыйластық көргендіктен бе, әлде жарасымды жақсы әңгімелердің әсері ме әке-шешемнің жағдайын сұрап, Қызылдың даласында көрген қызықтарын әңгімелеп бірсыпыра тұрып қалатын да уақыттарымыз болып еді.
Ұзақ жылдар бойы баспасөз саласына елеулі еңбек сіңіріп, белгілі ел ағаларының бірі болған Сәкеңнің өмір жолы мен еткен қызметі жөнінде өзінің сүйікті басылымы – кешегі «Екпінді», «Қызыл ту», «Коммунизм шамшырағы», бүгінгі «Қармақшы таңы» атауымен шығып тұрған аудандық газеттің 90 жылдық мерекесі қарсаңында бір-екі ауыз лебіз білдіре кетуді орынды деп санадым.
Алдымен ескере кететін жайт, Сәкеңнің авторлығымен шыққан мақалалар газеттің жоғарыда айтылған атаулармен шығып тұрған сандарының барлығында да кездеседі.
1938 жылғы 5 қаңтардағы «Екпінді» газетінің №2 санында «Мал санағын алуға болшевикше кірісейік» деген мақалаға «Смайыл» деп қол қойса, «Көктем егісіне әзірлік жұмысы жақсы» деген мақаланы «Ақжігітіп» деген атпен жіберген.
Осындай еңбекшілер арасында, оқиға ортасында болып, жан-жақты зерттеп, сарапталған Сәкеңнің материалдарын кейін шығып тұрған «Қызыл тудан» да,  «Коммунизм шамшырағы» газеті беттерінен де көптеп кездестіруге болады. Бұдан аудан шаруашылығының барлық саласындағы жетістіктерді нақты көрсетіп,  арасында жіберілген кемшіліктер болса сын садағының жебесіне іліктіріп, фелетондатып қоятын қаламының желі бар журналистің оқырмандар арасында кеңінен танымал болғандығын байқау қиын емес.
Аудан экономикасы мен мәдениетін көтеру, білім, денсаулық саласы дейсің бе, шаруашылық саласының өркендеуі жолындағы түрлі жетістіктер мен жетімсіздіктер жөнінде керек пе?  Сәкең көтермеген тақырып жоқ бұл газетте. Қарапайым тілшіден редактор қызметіне дейінгі газет қызметіндегі барлық сатыдан өткен ол көтеріп отырған мәселесінің ыңғайына қарай мақала, очерк, фельетон сияқты жанрларды тиімді пайдалануға шебер еді. Қай салада  қалам тербесе де оқырманға ой салып, шаруашылық пен өндірісте озат аталғандардың озық үлгілерін ортаға салып отыратын. Содан да болар, тәжірибелі журналисті қаламдас әріптестері құрмет тұтып, жас тілшілер өнеге ететін.
Өмір жолына қарап отырсақ, Ақжігітов Смайыл 1911 жылы Қармақшы ауданының Төрткүл ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. Бұл – қазіргі Жаңажол ауылдық округіне қарасты аумақ. Мектеп қабырғасынан орталау білім алған ол еңбек жолын қарапайым колхозшы болудан бастаған. Отбасы жағдайымен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болып, сонда 1932-1934 жылдар арасында ауылдық кеңес хатшысы қызметін атқарады. Өзінің жазу-сызуға ұсынақтылығын көрсеткен жас жігіт 1935 жылы Ырғыздағы екі жылдық Совет-партия мектебінің газетшілер тобында оқып,  саяси білімін көтереді. Газет қызметінің қыр-сырына жан-жақты танысып, халық шаруашылығының түрлі салаларында мақала жазуға бет бұрады. Редакцияға келген хаттарды сараптауға машықтанады. 1937-1941 жылдары туған жеріне келіп, аудандағы «Қызыл ту» газетіне қызметке орналасады.
1941 жылы Жалағаш ауданындағы «Күрішшілер» аудандық газетіне жауапты редактор болып ауысады. Ол кезде газет редакторы лауазымын «жауапты редактор» деген атпен атаушы еді. Тап осы жылы елімізге тұтқиылдан жасалып, талай жанды жалмаған әйгілі неміс-фашист соғысы басталып кетеді де, кеңес әскері қатарына алынып, Отан қорғауға аттанады. Соғыс кезінде Примор өлкесі, Ворошилов қаласында болғандығы жөнінде мәліметтер кездеседі. Рота командирі қызметін атқарған.  Кеңес одағы Жоғарғы Бас командашысы Генералиссимус Сталиннің 1945 жылғы              23 тамыздағы №372  Бұйрығы негізінде берілген «Қиыр Шығыстағы жапондармен соғыста үздік соғыс қимылдарын көрсеткені үшін» деген мазмұндағы алғыс хатынан 1945-1946 жылдары майдандағы ерлік істерін жапон соғысында жалғастырғандығын аңғарамыз.  
1946 жылы туған жеріне жеңіспен оралған оны Тереңөзек ауданының «Сталин жолы» газетінің редакторлығы күтіп тұр екен. 1946-1949 жылдар арасында осы газетте жауапты редактор қызметін атқарады. 1949-1951 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы партия мектебінде оқып, 1951-1957 жылдар аралығында Жаңақорған ауданындағы «Екпінді» газетінде редакторлық қызметте болады.
Бұдан кейін елге оралып, аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Ақжар кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі қызметтерін атқарып, аудан еңбекшілерімен   қоян-қолтық жұмыстар атқарады.
Елге еткен қызметі елеусіз қалмай түрлі марапаттарға ие болып, халқының сый-құрметіне бөленеді. 1954 жылдың қыркүйек айында Жаңақорған аудандық газетінің редакторы ретінде облыстағы озат еңбеккерлер қатарында Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне экскурсант ретінде қатысуға жолдама алады. 1957 жылы №18 Карл Маркс сайлау округінен ұсынылып, еңбекшілер депутаттары Жаңақорған аудандық кеңесінің депутаттығына сайланады.
1959 жылдың қаңтарынан КСРО Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше мемлекеттік және мерекелік медальдармен марапатталған.
Көпбалалы отбасында Еділхан, Зәуреш, Сәуле, Ләйла, Есімхан сияқты тағы бірнеше ұл-қыздар өсірген. Олардың бәрі жоғары білім алып,  еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етті. Көпшілігі қазір құрметті еңбек демалысында. Ұзақ жылдар бойы әкесі қызмет атқарған «Қармақшы таңы» газетінің 90 жылдық мерекесі қарсаңында өздерінің ыстық ықыластарын жолдап, газет ұжымына шығармашылық табыстар тілейді. Жүрекжарды құттықтау лебіздерін арнайды.
Біз де аудан баспасөзінің даму жолында осындай елеулі тұлғалар болғанын кейінгі ұрпақ біле жүрсін дедік.
                                          Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
                                          Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
22 маусым 2022 ж. 512 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031