» » » Республикалық жас ақындар айтысы өтті

Республикалық жас ақындар айтысы өтті


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студенттер арасында республикалық жас ақындар айтысы өтті.
Қазақтың төл өнері айтысты жастар арасында насихаттау, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылған дүбірлі додада еліміздің жоғары оқу орындарынан келген 14 ақын өнер көрсетті.
  • Бүгінгі айтыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Айтыс – қазақтың қанына сіңген бекзат өнер. Ұлттық құндылығымызды тілге тиек еткенде Жамбыл Жабаев есімі бірге жырланады. Жүз жылдық ғұмырында сан ғасырлар бойы өшпейтұғын із қалдырған ақынның асыл мұрасы бүгінде сіз бен бізге өнеге ретінде қалыптасты. Осы ұлттық құндылықты сақтап қалу үшін өткенді саралап бүгінгіні бағалап отыру – басты мақсат. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мәдениетіміз, өнеріміз жаңа қарқынмен қайта жаңғырды. Ана тіліміздің мәртебесі көтеріліп, рухани дами түстік. Сіздер тәуелсіз елдің ұланысыздар, бүгінгі заманның еркесі мен еліміздің ертеңісіздер. Сондықтан Сіздердей жалынды жастар барда ұлттық өнеріміз тек қарыштап дами береді, - деді университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова айтыстың ашылу салтанатында.
Республикалық айтыста Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақ Ұлттық өнер университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті,  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Павлодар педагогикалық университеті атынан жас ақындар бақ сынады.
Өнер додасында бас жүлдені Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Алтынай Қанапия  иеленді. Жүлделі І орын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Жамбыл Бақытәліге, ІІ орын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Ұларбек Жеңісбек пен университетіміздің 4-курс студенті Бексұлтан Орынбасаровқа табысталды. Ал Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 4-курс студенті Еркеғали Бекболат пен Павлодар педагогикалық университетінің 1-курс студенті Мизан Жұмали ІІІ орынды теңдей бөлісті.
Сонымен қатар, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің  2-курс студенті Әділ Ахметовке, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Бақтыбай Саулетбайға, Еуразия Ұлттық университетінің студенті Бекзат Құлшарға, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 4-курс студенті Айдана Бекбергенге, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің 4-курс студенті Дарын Шағымановке ынталандыру сыйлығы берілді.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 3-курс студенті Мейірбек Саламатов халық ықыласына бөленіп, айтыс ақтаңгері Мұхтар Ниязовтің арнайы жүлдесімен марапатталса, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті Фариза Жетпісбаева Ректордың арнайы жүлдесін иеленді.
Салтанатты шараның марапаттау рәсімінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Бексұлтан Орынбасаровқа «Менің пірім – Сүйінбай» атты халықаралық жас ақындар айтысына жолдама берілді. Айтысты Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті келер жылы ұйымдастыратын болады.
Аламан айтысқа қатысқан жастардың барлығы өз өңірінде танылып жүрген, озық ойлы, өткір тілді студенттер. Сондықтан сөз додасы өте тартысты өтті. Көп емес, дөп сөйлеуге, түйінді ой айтуға тырыстық. Республикалық деңгейде өткен бұл шара ақындардың шығармашылығына үлкен серпіліс берді, – деді Бексұлтан Орынбасаров.
Айта кету керек, ауқымды шара қарсаңында университеттің студенттер сарайында «Алтын домбыра» айтыс орталығының тұсауы кесілді. Орталық төл өнеріміздің  жастар арасында кеңінен насихатталуына, шығармашылығының шыңдалуына мүмкіндік жасайды. Мұнда ақындар шеберлік сағаттарын өткізіп, айтыс түрлерін жандандыру жұмыстарын жолға қоймақ.
Айтыс орталығының жабдықталуына және республикалық шараның жоғары деңгейде өтуіне облыстық мәслихат депутаты, жастар қолдаушысы Мағжан Ералиев, жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтарына Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары, өнер жанашырлары Қайрат Ерназаров, Мұса Абдуқалықов, Жасұлан Жарасбаев демеушілік жасады.
Республикалық додаға айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Серік Ыдырысов, айтыскер ақын, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері Мамыр Байдаулетов, айтыскер әрі жырау, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Айдос Рахметов, айтыскер Ержеңіс Әбді, университеттің Дәстүрлі өнер институтының директоры, философия докторы Ғани Байұлы төрелік жасады.
Сондай-ақ, ақындар бәйгесін облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, университеттің Директорлар кеңесінің мүшелері,  оқытушылары мен білім алушылары тамашалады.
03 қараша 2021 ж. 725 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 180

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031