» » » Ғасыр куәгерінің қарашаңырағы

Ғасыр куәгерінің қарашаңырағы

Ақай ауылындағы көшелердің біразы асфальттанған. Жарықшам да көп. Жеңіс көшесінің бойында келеміз. №27 үйдің маңдайшасында «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмырза Жарманов тұрған» деген жазуды көзіміз шалып, тоқтай кеттік. Ғасыр жасаған Байқоңыр қаласының құрметті азаматын танымайтындар кемдекем шығар. Ардагер тұрған үйге табан тірегенімізде қонақжай қауым төріне шығарды. Қонақ бөлменің бір қапталындағы сөре құнды мұрағат, құдды мұражай. Атаның ілулі тұрған кәстөмінде бір бос орын жоқ. Толған төсбелгі. Естелік суреттері, алған марапаттары, тұтынған заттары, бәрі-бәрі сақтаулы. Бұл көзі кетсе де артында әке ұлағатын ұлықтайтын ұрпағы барын аңғартады. Үй иесі Қалмырза атамыздың немересі Мұстафа аға мен Ғалия жеңгей. Мал ұстау ата кәсібіміз емес пе? Қымыз бен шұбатты, таба нан мен сары майды дастарқанға әкелген жеңгемізден «Ата отбасында қандай адам еді?» дегеніміз сол еді: «Атамның жақсы қасиеттерін тілмен жеткізіп айта алмаймын-ау, аңыз адам еді ғой, аңыз адам» дей берді қайталап. – Сабырлы, байсалды болатын. Ауылда екі бала шекісіп қалса да атамды шақыратын. Оның сөзіне тоқтамаған адам жоқ. Елдік істерге араласатын. Шаңырағымыздан қазыналы қариямыз барда адам арылмайтын. Байқоңыр қаласының басшысы Бусыгин де жиі келіп тұратын. Өмірінің соңғы күніне дейін 5 уақыт намазын қаза қылмады. Жан баласына жаттығы жоқ еді. Үнемі өсиет пен шежіре айтатын. Соғыс жылдарындағы қиындықтарды айтып, бейбіт өмірді бағалай біліңдер деп отыратын. Үнемі табиғи өнімдер, шұбат ішкен соң ба ауырдым деп айтқан күні жоқ. Осындай ғасыр жасаған аңыз адамның ұрпағы болғанымызды мақтаныш етеміз, – дейді бағып-қаққан немересі Мұстафа Жарманов. Қалмырза Жарманов 1941 жылы Қазалы стансасынан əскер қатарына алынған. 1942 жылы Қалмақ даласында алғаш соғысқа қатысып жарақаттанып, Астрахань қаласында 3 ай емделеді. Жарақатынан жазылған соң 77 дивизиясының 221 полкі құрамында Сталинград шайқасына қатысқан. 1943 жылы 5 шілдеде Орловскідегі соғысқа қатысып, жараланады. Емделіп шаңғышылар батальонына түсіп, 1944 жылы Мәскеуге барып мергендер мектебін бітірген. 1944 жылы 22 қыркүйекте "ІІІ дəрежелі Даңқ" орденімен наградталған. 1944 жылы Прибалтикада болып, жарақаттанған. Ленинград əскери госпиталінде емделіп 6 ай жатқан. 1945 жылы 1 сәуірде елге келгеннен кейін Жеңісті осында қарсы алады. Қалмырза әкей жары Ханзадамен бірге 12 бала өсіріп, тәрбиелеген. Мал шаруашылығымен айналысқан. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұлықтау мақсатында бір жылдары көпқабатты үйлерге суреттер салынған. – Менің әкемнің Көкшетаудағы көпқабатты үйдің бірінде суреті салулы тұр. Байқоңыр қаласынан оның есіміне көше берілді. Шүкір, адам ұрпағымен мың жасайды деген. Әкем немере, шөбере, шөпшек көріп, қолынан су ішкен жан. Көзі тірісінде 80, 90 жасқа толған тойын ат шаптырып, бәйгеге түйе мен бие қойып жасадық. 99 жасында өмірден өтті. Үнемі «жақсы адамның өлімі қамырдан қыл суырғандай болады» деп айтып отыратын. Әңгімесін айтып отырып кете барды. Ешкімге салмағын салмады. Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне 1200-дей адам жиналды. Орталық алаңға дейін көтеріп апаруға таласып, қаншама азамат сапта тұрды. Жарықтық, жақсы адам еді, – деген қызы, медицина саласының ардагері Күлпаш Жарманова төрде тұрған әкесінің суретіне қарап көзінің жасын бір сығып алды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Менің атам майдангер» атты бейнеролик байқауына №279 мектепте оқитын шөбересі Сұлушаш Мұстафақызы қатысып, бас жүлде алыпты. Еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін қартын құрметтейтінін халықтың бұл өнегелері бізді тәнті етті.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Айнұр ӘЛИ (сурет)
26 қазан 2021 ж. 897 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031