» » » Мұражайдан алар тәлім мол

Мұражайдан алар тәлім мол

Қарап отырсақ, қазақтың даласының өзі мұражайлар мекені. Орталықты былай қойғанда, әр ауылда бір музейден бар. Тіпті, білім ордасы мектептерде де бұл үрдіс жолға қойылған. Сондай асыл қазынаға толы орталықтың біріне көмекбаев ауылында куә болған едік. Бұл №185 мектеп жанынан ашылған тарихи-өлкетану мұражайы.
Аталған мұражай білікті ұстаз Сақтапберген Қосбаевтың жетекшілігімен өз жұмысын бастаған. Туған жерге, өскен мекенге деген құрметі зор, тұлғалық қырымен қатар ұрпақ алдындағы борышын да ұмытпаған Сақтапберген Төлегенұлы осы мектептің ардагері. 25 жыл тарих пәнінен сабақ берген. Бүгінде зейнет жасына жетіп, еңбегінің жемісін көруде. Десе де мектеппен тығыз байланыста. Қандай жұмыс болса да қолдауға дайын. Ұстаздығымен қатар өлке тарихын зерделеуді жанына серік еткен Сақтапберген ағайдың барлық жиған-тергені бүгінде мұражай қорында.
– Мен өзі ескі қыстақтарды аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізгенді жақсы көремін. Қолым қалт етсе кең даланы шарлап, өзімді қызықтырған дүниені жинап әкелемін. Жалпы бұл ауыл 1964 жылы құрылған. Облыс, аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан бұл мекеннің тұрғындары тұрмысқа қажетті заттардың басым бөлігін қолдан жасаған. Сонымен қатар, біз тұрған аймақ тарихы құнды мұраға бай. Жаңа мектеп бой көтеріп, 2015 жылы осы мұражайды аштым. Бұл уақытқа дейін үйге жинаған бар-дүниемді мектепке сыйладым. Басты мақсатым – бүгінгі ұрпақ өлке тарихын толық білсе, туған жерге деген құрметі артса, осы дүниелер олардың бір керегіне жараса деймін. «Өткенсіз болашақ жоқ» дейді емес пе? Білген адамға мұражайдан алар тәлім мол, – дейді ардақты ұстаз.
Мұражай іші расымен сырға толы. Әрбір затына сағаттап қарап тұруға болады. Кең бөлме болғанымен, іші лық толы. Сақтапберген ағай өз қолымен тірнектеп жинаған әрбір заттың қайдан, қалай, қай жерден алынып, не үшін қолданылғанын тыңдаушыға қызықты етіп жеткізе біледі. Себебі бұл жердегі әрбір зат оған ыстық. Ал мұражай – дала аралап, ел кезіп, көз майын тауысып жүріп ерекше ықыласпен жинаған дүниесі, қаншама жылдағы үздіксіз ізденісі, тынымсыз еңбегінің жемісі. Ағаймен әңгімелесе жүріп, мұражай ішіне көз жүгірттік. Мұнда тұрмысқа қажетті ошақ, қоржын, мес, айағаш, иінағаш, диірмен, шоқ үтік, қыздырма үтік, киіз үйдің жабдықтары, Байдаш ұстаның кебежесі, Әйтімбет ұстаның арба жегетін құралы, Торықбай ұстаның қолынан шыққан ер-тоқымы, кілем тоқуға, жүн түтуге арналған түрлі құрал, зергерлік бұйым жасайтын көрік те бар. Кейінірек қолданылған кино көретін аппарат, фермаларды бір-бірімен байланыстырған рация, машинка, пластинка, гитара да өз заманынан сыр шертіп тұр.
Әрі қарай жүре бергенде бұл жерде тіпті тас дәуірінен қалған құнды мұраның барын аңғардық. Тас, қола, темір дәуірі деп бөлінген әрбір орында әр кезеңнің заттары жинақталған. Мысалы тас дәуіріне тән дәнүккіш пен ұршықбастар, қола дәуіріндегі жебе, темір дәуіріндегі түрлі бұйым көз тартады. Оюлы құмыраның бөлшегі, кейбір боялған қыш пен кірпіштер де осы қатарда. Қарап отырсақ, бұлардың барлығы ХVII-XVIII ғасырға дейінгі дүниелер.

Ал қабырғаға зер салсақ, онда ауылды құрған елге беделді тұлғалардың, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің, жетістікке жетіп, орден тағынған өлке тумаларының, осы жерге қатысты тарихи ескерткіштердің, бүгінгі өңір мақтаныштарының фотосуреттері ілінген. Одан кейін өңір өрендерінің қолынан шыққан кітаптарына бір бұрыш арналған. Айта кетерлігі, мұнда Сақтапберген ағайдың да осы өл­ке жөніндегі үш кітабы бар. Одан ке­йін өңір тумасы, мектеп түлегі ­ Алмас Алматов­тың шығармашылығы жинақталған бұрыш бар. Мектеп тарихына арналған орында сиясауыт пен қауырсын, автоқаламсап, алғашқы қоңырау, жаңа мектептің символикалық кілті қойылған.
Мұражай қорында жинақталған зергерлік бұйым, әшекей, көзмоншақ, зерлі сақиналар да көздің жауын алады. Таза күмістен жасалған күміс жүзік, бойтұмарлар ерекше ою-өрнекпен дайындалған. Одан кейін түрлі тиын мен заманға сай өзгеріп отырған ақша түрлері де коллекция қатарына кіреді. Осы жерге келгенде ардагер ұстаз бір қызықты дерекпен бөлісті. Жиналған тиынды қарап тұрып «Бұрын адамның барлығы са­уатты болмаған ғой. Бір тиынды қойға айырбастаған кездер де болған. Тіпті осы ақшаны екі адам бөліп алу қажетігі туындаса, оны ортасынан балтамен шауып алатын көрінеді. Ал мына тиындар осылай екіге бөлінген тиынның қалдықтары» деп өткеннен сыр ақтарды.
– Мұражай – мол білім мен тәрбиенің орталығы. Яғни әрбір мектепте мұражай ашып, оны дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Бұл оқушылардың адамгершілік болмысын, ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын қалыптастырып, тәрбие мәселесіндегі мектеп пен отбасының рөлін жоғарылатады. Әрбір ай­мақ­тың, ауданның, ауылдың өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі, өмірбаяны, адал істері мен ерліктері ұрпаққа үлгі болатын еңбек ерлері мен ардагерлері бар. Тәуелсіз еліміздің алтын әріппен жазылған тарихын, еліміздің әлем мойындаған керемет жетістіктерін мектеп мұражайында жинақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап көрсете білу біздің парызымыз. Былтыр зейнетке шықтым. Мұражайдағы мол мұраны шәкіртім, тарих пәні мұғалімі Қуанышбек Қанатовқа аманат етіп қалдырдым. Әрі қарай бұл істі өзі жалғастырады, – дейді Сақтапберген Төлегенұлы.
Иә, тарихи дерек пен құнды жәдігерлер сыр шерткен ортадан өмірі өнегеге толы тұлғаның бекзат болмысы мен парасатты танымын терең таныдық. Мұражаймен танысып, сырға толы өлкенің тарихына үңіліп, алғысымызды жазып, қолтаңбамызды қалдырдық. Біздің бұл сәтіміз де тарих қойнауына осылайша енді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ
(сурет)

01 мамыр 2021 ж. 683 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031