» » » Дала данышпаны Қорқыт ата мұрасы жайында

Дала данышпаны Қорқыт ата мұрасы жайында

Балауса кезімізден құлағымызға сіңісті болып, әсем әуезімен-ақ бесікте жатқанда әлдиге бөлеген Ұлы дала данышпаны Қорқыт атаның қасиетті қобызының сарыны жан дүниемізге ана уызымен бірге шым-шымдап еніп, қан тамырымызға ғасырлар лебімен таралып кеткен. Қорқыт ата желмаямен желіп өткен бұйрат адырлар, қобызын күңірентіп, ойға шомған сексеуілді, тораңғылы еспе құмдар, маясын шөгеріп, саясына дамылдаған нулы да сулы Сырдың желекті тоғайы, алып абыздың оғыз-қыпшақ жұртын жиып, мәслихат құрған көне шаһар, ескі кенттерінің сағаналы жұрты, жыраудың тыным тапқан бағаналы қорымы баршамызға балғын кезімізден мәңгілік өмір жырының тамылжыған сазындай ғажайып күмбірімен, тылсым күбірімен сыр шертіп тұратын.


 
«Дәдә Қорқыт» жырының әзелгі сарыны Сыр бойында сымбат түзеп, Қап тауында қалыпқа құйылып, мәуелі Анадолыда мәйекті қазынаға айнал­ға­нын кейіннен мектеп партасына шынтақ артып, университет босағасын аттаған соң егжей-тегжейлі түсіне бастадық.
«Сыр елі – жыр елінде» өмірге келіп, Қорқыт атаның топырағына табанымыз тиіп, ол ішкен шыңырау құдықтан су ішіп, ол жұтқан жусанның жұпарын сіміріп, отбасылық өнеге мен тәрбие аясында, қара қобыз, ақ домбыраны мирас еткен жыраулар нақысын көкейге сіңіріп, ұлы абыздың киесіне тағзым етіп мақтанып, марқайып өскен едік.
Әлемге әйгілі бір ғұлама ғалымның «Қорқытты қадірлеудің Сыр бойын­да мыңжылдық өнегесі бар» деп түйіндеуі – жәмиғы қазаққа ортақ берілген асыл баға, құнды лепес. Қорқыттанудың ала­уын жаққан Ә.Марғұлан, Ә.Қоңы­ратбаевтардың ғасырлар қой­науынан ой маржанын терген құнар­лы зерт­­теулері – біздің ұрпақ үшін ғылыми танымның көкжиегін кеңіткен мұнарлы мұнара.
Тұңғиық терең философиясы гуманистік мазмұнмен суарылған, жасампаз өмірге құштарлықты өзек еткен Қорқыт – барша түркінің ортақ мақтанышы әрі мәртебесі. Адамның өмірін сақтау, ғұмырын ұзарту қай заманда да қоғамды толғандырған тағдыршешті мәселе десек, оған жауап тапқан Қорқыт ата даналығы – өркениетті адамзат үшін бағалы қазына, ғибратты құндылық. Данышпан Қорқыт баба жан мен тәннің саламатты, рухтың мәңгілік асқақ болуына ізгілік пен өнер, жасампаздық пен жігерлі күрес, күй мен жыр, шипагерлік пен болашақты алдын ала болжау, барлау кепіл болатынын өсиет етті. Әлбетте, бұл қағи­да­лар мен жоралғылар – дәл қазіргі пандемияға шырмалған жаһан үшін де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
Сондықтан кемеңгер бабаның келе­лі кеңесіне, қазыналы мирасына ауық-ауық қайта оралып, ұлы жіңгір өмірдің ағыстары мен тоғыстарына сай жаңаша пайымдап, байыппен бағалап отыру Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бағдар еткен «Рухани жаңғыруды» сенімді ізбасары, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ұсынысы бойынша заманауи ұлттық жаңғыру бағдарламасына айналдырып жатқан қазіргі буынның, зиялы қауымның парызы.
Әйгілі Әлішер Науаи: «Алланың нұры жауғыр Қорқыт ата еді, түркі ұлысы арасында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқы ешкімге жеткізбейтін еді. Өзгешелігі, даныш­пандық атының көп шығуы, неше жыл өзінен бұрынғыны білуі, неше жыл өзінен кейінгіні болжап, келешекті ай­тып беруі, оның таңғаларлық на­қыл сөздері осы күнге дейін бар» деп кемеңгердің дара келбетін білімпаз­дық­пен ашып көрсетеді.
Абыз, жырау, шипагер, от тілді, орақ ауызды би-шешен, қабырғалы қай­­раткер болған Қорқыт атаның ел­дік­­тің іргесін нығайтушы мемлекет­шіл тұлға, ұлыс бірлігінің ұйытқысы, әділеттің қорғаушысы, көне мен жа­ңаны жалғастырушы алтын көпір абыз болғаны тарихта хатталып қалған.
Әбілғазы Бахадүрханның «Түрік­ шежіресінде» жазуынша, оғыз халқы құрылтай шақырып, қайы тайпасынан шыққан Инал Йавыны хан көтеріп, Қорқыт атаны оған уәзір етіп сайлайды. Инал Йавы жеті жыл пат­шалық құрып, өз орнына кенже ұлы Дуйлы Қайыны таққа отырғызып, о дүниелік болады. Ол ұзақ жыл ел басқарады, Қорқыт атаның ақылына ұдайы құлақ асып отырады. Дуйлы Қайы қайтыс болған соң дүниеге келген оның жалғыз ұлына Қорқыт ата Тұман деген ат береді, Тұман ержеткенше елді оның немере ағасы Көл Еркі хан билейді. Тұман жігіт болғанда халық Қорқыт атаға «Ел мен ханның тағдыры өз қолыңда, барлығы сенің қалауыңша болсын», дейді. Құрылтай шақырған Қорқыт ата Тұманды таққа міндіріп, ұлы той жасайды, артынан оның ұлы Қанлы Йавлыға да қызмет етеді. Осылайша, Қорқыт ата бес ханның тұсында (Инал Йавы, Дуйлы Қайы, Көл Еркі, Тұман хан, Қанлы Йавлы) бас уәзір болады.
Елдіктің бекем тұтқасы, мемлекеттік жарғы-түзімнің жасақшысы болған кемеңгер Қорқыттың айтқан әрбір сөзі нәрлі нақылға, орамды мақал-мәтелге айналып, түркі халықтарына кең таралады. Мысалы:
«Қара есектің басына жүген тақ­қан­­менен, ол тұлпар болмас, Қар қан­ша жауғанменен, ол жазға бармас, Гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас, Ат қиналмай жол алмас; Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, Атадан та­ғылым алмаған ұл жаман; Жабы мінген жау алмас, Тозған мақта бөз болмас; Сайдың шөбін жекен білер, Түз­дің шөбін бөкен білер; Күн мен түннің келгенін бозторғай білер; Жер қадірін ел білер, Ел қадірін ер білер; Жалаңашты тонды қыл, аш жүргенді тойындыр» деген секілді түрлі өсиет толғаулары ана тіліміздің айшығына айналып бүгінгі күнге ұласып отыр емес пе?!
Қорқыт ата алғаш рет қарағайдың түбінен қайырып, үйеңкінің түбінен үйіріп жасаған аққу бейнелі, қаз дауысты қара қобызы ұлтымыздың жыраулық-музыкалық өнерінің алтын жаршысы, сонымен бірге дәстүрлі медицинасының шипалы аспабы болуымен халықтың танымына қастерлі ұя салған.
Бұл туралы академик М.Әуезов «Өзі тынымсыз ойшыл, өзі өнерлі, дана Қорқыт қалың оймен қатты толғанып жүріп, өзгеше бір өнер табады. Су үстіне кілем жайып, ағын сумен бірге, өмір ағынындай жылжып ағып отырып, өзі жасаған бірінші қобызбен, жер үстіндегі ең тұңғыш күй аспабымен «күй» атты сәнді сыр шертеді. Қазақ аңызы бойынша жер-жаһан күй дегенді естімеген шақта, адам баласы ән-күйді білмей тұрған шақта, осы өнерді бірінші аспабының қылына оралтып шығарған Қорқыт еді. Сондықтан Қорқыт жер үстіндегі күй атасы болды дейді», деп ой толғауы тегін емес.
Қобыздың сарынын тарихшы, мәде­ниеттанушы, Венгрияның экс-пре­зиденті Арпад Гёнц айтқандай, «Ұлы құс жолының әуені» деуге әбден болады...
Ел қорғаны болған ежелгі жауынгер жырауларды қобызсыз елестету мүмкін емес. Қоңыраулы қобыз әскери-патриоттық өнердің салтанатты құралы да болған.
«Қорқыт ата» кітабында батыр­лар­дың жорыққа өзімен бірге қобыз аспабын алып жүретіні, майдан даласында күй ойнайтын, жыр толғайтын дәстүрі болғандығы айпарадай етіліп жазылған.Мысалы: «О, қырық жігітім, қырық серігім! Неге жылайсыңдар?! Онан да менің қыл­қобызымды әкеліп тартып, әруағымды жебеп тұрыңдар», деді Қан-Төрәлі батыр.
Ел мен жердің байтақ шежіресінің жиыны, дала мен қала аңызының арналы түйіні араға қаншама шалғай ғасыр, салқар кеңістік түскенімен негізінен Қорқыт ата мен оның төңірегіне топтасып, тоғысады. Бұл асыл қазына – ежелгі даңқты оғыз-қыпшақ ұлысының бүгінгі ұрпағы Орта Азия, Кавказ, Ана­долы тарапындағы ағайын елдерге ортақ мұра, бірегей ұран.
«Қорқыт ата» дастанының көгентүп сарындары, кейіпкерлерінің есім-сойы, жер-су, ру аттары сақара даламызда мол ұшырасады. Мысалы, Қазылық, Қаратау, Шәуілдір, Түркістан, Жанкент, Қарашық, Домбауыл, Байбөрі, Бамсы Байрақ (Алпамыс), Байшұбар, Бану шешек, Қазан, т.б.
Алпамыстың жары Баршын сұлудың есімі Сыр бойындағы Баршынкентке беріледі. Мамыш бектің (Алпамыстың) ханымы Баршын сұлу оғыздарды билеген жеті арудың қатарында аты аталады. Баршынкент кейіннен Көккесене, Қызқала аталуы да оғыз-қыпшақ заманынан қалған бағалы ескерткіш болса керек.
 Сыр бойындағы көне қалаларға «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғалымдар тобы археологиялық қазба жүргізуі құмға сіңген жауһарларымызды аршып алып, заманауи жаңғыртуға, төл тарихымызды түгендеуге деген ұтымды жоба болды деуге негіз бар. Белгілі ғалым М.Елеуов бастаған экспедиция ежелгі Жент, Қышқала (Қызқала) секілді шаһарларға зерттеу жасап, көптеген бағалы артефактіні жұрт назарына ұсынды.
 Түмен жылдар өтсе де түгел түркінің санасын оятатын құдіретті дабылға ай­налған дарабоз Қорқыт «Қорқыт ата» дастанында эпосты жырлаушы, әрі оған кейіпкер ретінде қатысуы да абыздың ерекше тұлғасына берілген айшықты мәртебе сынды. Бұл телағыс қасиет дана Тоныкөктің тасқа бәдіздеген жырында да кездесетін айрықша жағдай: жырда Тоныкөк өзі жырау әрі кейіпкер. Сол дәстүр сабақтастығы Қорқыт эпосында да жалғастық табады. Қорқыттың жиынтық бейнесінде Алтайдан Ана­до­лыға дейін ен жайылған түркі рухының сан түрлі сарыны, ел мен жер шежіресінің тізбекті сүрлеу сорабы, танымның қилы кезеңінің бедерлі ізі жосылып жатыр.
Дана Қорқыттың асыл мирасын бүгін­дері қазақ, түрікмен, түрік, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, қырғыз, өзбек секілді тамырлас халықтар өзіне тәбәрік етеді, сөйтуге де толық хақысы бар. Қорқыт ата қабірінің өзі үш жерде аталады: Түркияның Байбұрт ауданы, Кавказда Дербентте, Сырдария бойында Қармақшы ауданында.
Қорқыт атаның бұл сырлы жұмба­ғына Әзербайжанның әйгілі ақыны Бахтияр Вахабзаде айтқан «Атақты тұл­ғалар бір жерде туып, мың жерде дү­ниеден өтеді және қайтадан тіріледі» де­ген ғибратты сөзі шешім беретін сынды.
Сыр бойында бір шаранадан жарылып, тетелес ғұмыр кешкен телқоңыр халықтар туралы таралған мынадай ескі шежіре бар: «Сейілхан мен Жайылхан ағайынды екен. Сейілханнан түрікмен, Жайылханнан қазақ тарайды. Әу баста Сейілхан мен Жайылхан бір ата, бір анадан жалғыз дене болып, жабысып егіз туған екен деседі-міс. Жайылхан мен Сейілханды Сыр бойының бір ханы қылышпен екіге бөліп, сол екеуінен кейін қазақ пен түрікмен жұрты таралыпты».
Аңызды кейіннен түрікменнің бел­гілі ақыны жырға да айналдырады: «Екеуі бірге ғұмыр кеше берді... Бір күні осы араның ханы келіп, қылышпен бөл­ді арасын деседі елі».
Жалпы, халқымыздың ұзына тарихында «Елайырылған» дейтін шерлі күй-толғаулар мол кездеседі. Қазақ пен ноғайдың айырылысу зары бір төбе болса, одан ілгері заманда оғыз бен қыпшақ жұртының ажырауы «Айрауықтың ащы күйіндей» алтын аңыз болып бізге жетіпті. Ал Қорқыт әпсанасы барша түркіні біріктіретін, бауырластыратын, ортақ тамырға байлайтын құдіретті феномен емес пе?!
«Қорқыттың қабір-күмбезін халық ғасырлар бойы қадірлеп, бұл атақты жыраудың, асқан күйшінің, ақылгөй данышпан кісінің тұрағы деп, басына мыңдаған жыл шырақ жағып келді... күзетші, шырақшы қойып жүрді», дейді ғұлама Ә.Марғұлан.
Көненің ізі өшпеуіне, рухы жоғал­мауына кешегі қылышынан қан тамған кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында да батылдықпен қызмет еткен ұлтжанды қайраткер азаматтар өз арамыздан табылды. Бір сөзбен айтқанда, Сыр елі Қорқыт баба мұрасына қай заманда да қорықшы бола білді.
Тәуелсіз еліміздің шежірелі руха­ния­тының алтын тиегі сынды Қорқыт ата кешенін бүгінгі заманның талаптарына сай толық лайықтап, қайта жаңғырту мына біздің пешенемізге бұйырып, перзенттік парызымызды өтеуге мүмкіндік алған екенбіз. Өткенге салауат айтып, мың да бір шүкір етеміз!
Тәуелсіз елімізді әлемге танытқан ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назар­ба­ев Қорқыт ата мұрасы мен Сыр өңірін түлетуге ерекше қамқорлық жасап, аянбай қажыр күш жұмсауы көне қазынаның адамзат игілігіне заманауи жарауына жан-жақты жол ашты. Елбасының тікелей тапсырмасымен Қорқыт мұрасын ЮНЕСКО-ның рухани мирасы тізіміне тіркеу, кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды қолға алынды. Абыздың кешені 2015 жылы «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» болып түбегейлі жасақталды. Бұл киелі орын бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының санатында дәріптеліп, сан мыңдаған турист келіп, зиярат етуге мүмкіндік туды.
1999 жылы «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Осыған байланысты Қа­зақстан Республикасы Үкіметінің Қау­­лысымен Қызылорда қаласында Қор­қыт атаға ескерткiш орнатылып, «Қор­қыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық дәстүрлi саз фестивалi, қобызда орындаушылардың «Қылқобыз» республикалық конкурсы табыс­ты өтті.
2015 жылы «Қорқыт ата» кітабының жарық көргеніне 200 жыл толуына орай Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Қорқыт мұрасы және түркі әлемі» атты шара өтті. Ғылыми шараны Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО жанындағы Әзербайжан, Түркия, Түрікменстанның тұрақты өкілдіктерімен бірлесе ұйымдастырды.
2018 жылы ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында әлемнің 217 елінің өкіл­де­рі қатысып, Қорқыт ата мирасын адамзаттың материалдық емес мә­дени мұра тізіміне енгізу туралы рес­ми шешім қабылдады. Бұл жоба Қа­з­ақстанның бастамашылығымен және бауырлас Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінің қолдауымен жүзеге асып, Қорқыт мұрасы адамзаттың ақыл-ой қазынасына ресми тіркелді.
«Ғарыш қақпасы» саналатын, яғни «жер кіндігі» іспетті Байқоңыр маңында ірге тепкен айдынды Қорқыт ата кешені өзінің бүкіладамзаттық құндылыққа тән мағынасын жалпақ жаһанға мең­зеп тұрғандай. Аталған кешеннің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында орналасуы да Батыс пен Шығыс өркениеттеріне дәнекер Қорқыттың символикалық сипатын таныта түсері сөзсіз. Этносаралық та­ту­лық пен тұрақтылық қамтамасыз етілген қоғамымызда Қорқыт тұлғасына тағзым етіп, ғибратына сусындаудың біріктірушілік маңызы зор.
Дана Қорқыт атаның халық рухы мен кісіліктің кілтіне нұрлы бастау болатын бай мұрасын бүгінгі жаһандану кезеңінде адамзаттың жауһар қазынасы тұрғысынан әлемдік кеңістікте дәріптеп, өскелең ұрпақтың кәдесіне жаратудың маңызы зор.
Қорқыт бейнесінен бастау алған ізгі армандар, асыл мұраттар Елбасы, ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясымен үндестік тауып, қырандай қайта түлеген қазақ елінде гүлденіп жүзеге асып жатқаны елдік рухқа тегеурінді серпін беріп келеді.
 
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

01 сәуір 2021 ж. 812 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031