Отбасы құндылығын дәріптеу–ұрпаққа өнеге
Жақсы дәстүр өмір қажеттігінен туындап, жаңғырып отырады. Біздің мақсат – ұлттық құндылығымыздың кеңінен қолданылуына әсер ету, оны санаға сіңіруге, білім, тәрбие, руханият, мәдениет пен дәстүрдің биіктеуіне ықпал жасау.Ауданда ұрпақ тәрбиесінде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жетерлік. Бүгінде өңірімізде 1474 көпбалалы ана есепте тұрады. Оның 570-і «Алтын алқа», «Күміс алқа», сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған. Оларға мемлекет тарапынан қолдаулар жыл сайын жасалуда. Жағдайы төмен көпбалалы отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де артып келеді. Отбасы құндылығын сақтауда аналардың қоғамдағы рөлі ерекше. Ауданымызда әйелдер қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестіктің ұйымдастыруымен отбасы құндылығын дәріптеуде түрлі шара іске асуда. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі болып отыр.
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Отбасын құрайтын үштаған – әке, ана, бала. Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, ұлттық құндылықтарын дәріптеп отырған. Отбасының ар намысты жоғары қоюға, ішкі сырын сақтауға, адалдыққа тәрбиелеген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындайды. Дәстүрлі құндылықтар ауданымыздағы көп отбасының өмірінде сақталып келеді. Ата-ананың басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүрістұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бірін-бірі құрметтеп сыйлауы – үлкен мектеп. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген. Аналарымыз ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда әрбір отбасының жарасым тауып, мемлекетіміздің бақытты ошағына айналуын тілейді. Балаларын саламатты өмір салтына сай бейімдеп отырған өнегелі отбасыларын мақтан тұтамыз.
Ауданда жыл сайын үлгілі отбасыларды анықтайтын байқаулар, ұлттық құндылықты насихаттайтын түрлі іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай шаралар отбасының іргетасын жаңа қалағалы жатқан жастарға үлгі болары сөзсіз. Аудандық әйелдер кеңесі құрылған күннен бастап, ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, отбасылық зорлықзомбылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шара ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алды. Сонымен бірге, әйелдер кеңесі жастар денсаулық орталығымен, ауылдық әйелдер кеңесімен, «Ұлт бірлігі Қармақшы» қоғамдық бірлестігімен, ҮЕҰ-мен бірлесіп жұмыс істеуде. Ақсақалдар алқасының, әкелер кеңесінің мүшелері шақырылып дөңгелек үстелдер, пікір алмасу кештері, тақырыптық әңгімелер өткізіліп отырады. Басты талқыланатын мәселе – атабаба дәстүрі бойынша жастардың тәрбиеленуі, оқушылардың ұлтымызға жат қылықтары қарастырылады. Аудан бойынша неке қиғандар саны өткен жылы – 223, соның 25-і ажырасса, 2020 жылдың күні бүгінге дейін 150 жас некесін қиып, оның 14-і ажырасқан. Жастарды жарты ғасыр отасқан атаәжелермен жолықтырып, ақылын тыңдатамыз. Мұндай шаралар жастарға оң ықпал береді. Әр отбасы шаңырағында ұрпағына ұлттық отбасы құндылығын үйретуге тиіс. Ауданда «Жас отбасылар», «Жас келіндер» арасында байқаулар, ұлттық қолөнерімізді дәріптеуге байланысты шебер қолдар көрмесі, елді мекендер арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар тұрақты ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ пандемия кезінде онлайн «Біз үйдеміз» атты үйде отырған аналарымыздың, отбасыларының ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатындағы бейнероликтері әлеуметтік желіде жарияланды. Отбасы – мемлекеттің берік іргесін қалайтын да, дәстүрлерін жалғастыратын да, ұрпақ тәрбиелейтін де қастерлі ұя. Осы орайда, ата-аналар отбасында баланы халқымыздың салт-дәстүрімен тәрбиелеп, ұлттық отбасы құндылықтарын дәріптеп отыруы қажет. Ұрпақты дүниеге әкеліп, ақ сүтін беріп өсірген ананың арманы – қызының ақ некесін қидырып, ақ босаға аттатып, ақ отауының иесі болғанын көру. Үйлену, үй болудың түп негізінде ұрпақ қалдыру, тәрбиелеу, ұрпақ көбейту деген құндылықтарымыз бар. Көпбалалы отбасында өскендердің бір-біріне бауырмалдығы мен еңбексүйгіштігі көпке үлгі боларлық жайт. Біріншіден, біз балаға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Әрбір отбасының баласы тәрбиелі болса, қоғам тәрбиелі болады. Екіншіден, әрқайсымыз өз үйімізді таза ұстауымыз керек. Әр үйдің іші, есігінің алды таза болса, ауылымыз, еліміз таза болады. Үшіншіден, өз көршімізбен тату тұруымыз қажет. Әр көрші тату болса, еліміз тыныш, татулықта, ынтымақта болады. Отбасының мызғымас беріктігі мен тұрақтылығы біздің әрқайсымыздың қолымызда. Қашанда ұрпағымыз үшін өміршең, өнегесі мол ұлттық отбасы құндылығымызды дәріптей білуіміз керек демекпін.
Гүлжауһар РАЕВА,
аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы
аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы