» » » Қайран сол, Сыр сұлуы, қайдасың?

Қайран сол, Сыр сұлуы, қайдасың?


Кабинетке енгенім сол еді, телефон безілдеп қоя берді. Тонымды асыға іліп, тұтқаны көтердім. Ар жақтан бейтаныс апайдың жылы дауысы естілді.
– Қызым, бұл редакция ма екен?
– Сәлем бердік, иә, апа
– Саламат бол, жаным. Мен Нәзира деген апаңмын, көрші ауданнан. Бір бұйымтайым бар еді. «Сыр сұлуы» деген әнді білетін боларсың. Біздің қатарымыз осы әнмен ержеткен. Жастық шағымыздың қайталанбас естелігі. Ұзынқұлақтан естуімше, «Сыр сұлуын» алғаш сахнаға алып шыққан сол кездегі М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесінің І курс студенті Данагүл Ержанова. Ұмытпасам қармақшылық. Білгім келгені қазір сол Данагүл көрінбей кетті? Дауысы қандай еді, өзінің?
– Түсіндім сізді, бұйырса газетіміздің алдағы нөмірінен апай жайында оқып қаларсыз. Сұрағыңызға жауапты сонда жазармыз, – деп тұтқаны орнына қойдым.
ӘН ҚАЛАЙ ТУЫП ЕДІ?
Әлгіндегі істеймін деп тұрған шаруаның бәрі ысырылып, сол бір ғажайып әннің әуені санамда сыңғырлап сала берді.
«Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран сыр сұлу.
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу...
Аңсатса Сыр өңірі,
Ән тербер жүрегімді,
Өзіңнен туған ұлың айналсын.
Жайқалған ақ күрішің,
Жаралған шаттық үшін,
Қайран сол, Сыр сұлуы, қайдасың?»
Дөңгеленген дүние. Зымыраған уақыт. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан өмір. Тұрлаусыз тірлікте тұла бойыңды жылытар бір-ақ нәрсе бар. Оның аты – еңбек. Жұмыр бастының жұмырына шақ келетін «жұмыс» деген падиша адамзат баласының бақытына жазылған өлшеусіз несібесі. Өткені ол көктегі іздегеніңді жерден тапқызып, ала алмас асуыңды алақаныңа тосады. Еңбектенгенде ғана өсесің, өнесің, жетесің, жетілесің. Алладан адамға берілген зор мүмкіндік осы. Төккен тер, еткен еңбек ешқашан еш кетпейді. Кешегі кеңес дәуірінде де қазақ жастарының, оның ішінде қазақ қыздарының еңбекқорлығы, жаңашылдыққа ұмтылуы – талай ақынның өлеңіне өріліп, қажыры мен қайраты, сұлулығы мен сымбаты ән болып тербетілді. Ән демекші, сондай жаныңа жаз көңілін сыйлайтын танымал әннің бірі – «Сыр сұлуы». Тарихы тереңнен сыр шерткен, осы кезге дейін әрбір қазақтың жадынан өшпей келе жатқан осынау әнде не құдірет бар?
Өз дәуірінде қазақ қыздарының әнұранына айналған айтулы ән Қазақстанда ғана емес, тіпті шетелде де танымалдыққа ие болғаны көпке мәлім. Бұл ән – әлі күнге дейін қазақ аруына әннен қойылған ескерткіштей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әдемі әуені мен сырлы сөзі үндестік тапқан әннің бүгінге сабақтасуы – оның өміршеңдігін білдірсе керек. Заман ауысты, талғам өзгерді десек те, адам ғұмырында кейде мұлдем өзгермейтін де құндылықтың бар екенін білеміз. Ол – пенде бойындағы адалдық, тазалық, махаббат сезімі. Міне, «Сыр сұлуы» да осындай кіршіксіз жүректен дүниеге келген саф туынды болатын.
Тарихына тоқталсақ. Сыр өңірінің күрішші аруларына арналған "Сыр сұлуы" 1964 жылы жазылған. Сол жылы Баян Құтыбаева атты белсенді қыз бір топ құрбысымен күріш өсіруді қолға алады. Бригада құрады. Бірнеше бойжеткеннен құралған бригада облыс, республика көлеміне дейін аттары шығады. Еңбек екпінділерінің саны артып, он алты қызға дейін көбейген. Қайсыбірі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі және ақшалай сыйлығымен де марапатталып төрден орын алады. Сол кезеңде әннің шығу тарихы туралы айтқан халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов былайша толғайды.
– Қызылорда облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы Қаржау Жарқынбеков біздің үйге телефон соғып, Шәмші екеумізді Сыр өңіріне қонаққа шақырды. Қазақ вальсінің королі ол кезде өз шаңырағы болса да, негізінен біздің үйде жүретін. Екеуміз ақылдаса келе, баратын болып шешетік. «Құр қол қалай барамыз? Бір ән ала барайық та, сен өлеңін жаз» деді Шәмші маған қарап. Сөйтіп ән дайын болды. Мен осы әннің мәтінін қызылордалық ақын Зейнолла Шүкіровке берейік» деген ұсыныс айттым. Өйткені Зейнолланы қатты қадірлеп, ерекше құрметпен қарайтынмын. Қай жылы екені есімде жоқ, 60-жылдардың басы болуы керек. Оңтүстік Қазақстан облыстық ақын-жазушылардың жиыны өткен болатын. Сол уақытта Төлеген Айбергеновтің «ақын-жазушыларды үйге қонаққа шақырып жіберейік» деген бастамасымен бәріміз біздің үйде бас қостық. Сонда Қызылорданың жігіттері Зейнолла Шүкіровті мойнына салып көтеріп әкелген болатын. Кешіміз ән-жырға ұласып, өте әсерлі өтті. Түн ауғанша отырдық. Зейнолланың ақындығы ерекше әсер қалдырған. Сол себептен де Шәмшіге «Зейнолланың жарымжан көңілін көтерейік. Қуанып қалсын» деген едім, – дейді ұлт жанашыры.
Айта кетерлігі, Зейнолла Шүкіров әу бастан әннің атын «Он алты қыз» деп атаса керек.Дегенмен кейін маэстромен ойласа келе, «Сыл сұлуына» тоқтайды.
ӘНДІ АЛҒАШ БОЛЫП ОРЫНДАУ КІМГЕ БҰЙЫРДЫ?
Иә, әннің әуені де, сөзі де сәтті шықты. Әнін қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов жазса, сөзін Сыр перзенті, тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіров шығарды. Енді композиторға жаңа әннің орындаушысын іздеу керек болады. Сөйтіп ол бірнеше әншіге орындатып көреді. Алайда оның таңдауы – М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің бірінші курс студенті Данагүл Ержановаға түседі. Күміс қоңыраудай сыңғыр дауысты арудың жасы небәрі он төрт-он бесте ғана еді. Бүгінде Данагүл апамыз ол күндерді сағынышпен еске алады.
– 1964 жыл. Туған жерім Ақжар ауылындағы №28 орта мектептің сегізінші сыныбын бітіріп, мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түстім. Мектеп қабырғасында жүріп ән айтатынмын, түрлі шараға қатысатынмын. Бірінші курста оқимын. Күзгі салымда жиын-терімнің аяқталып, диқан қауымның тыныстайтын уақыты. Осы кездерде училищеге Зейнолла Шүкіров пен Шәмші Қалдаяқов келіп, студенттермен кездесті. «Сыр сұлуы» әніне орындаушы іздеп жүргендерін айтты. Сонда бірнеше қызды тыңдап, менің дауысыма тоқталды. Шәмші Қалдаяқовты бірінші рет көруім. Шағын ғана келген ақсары кісі екен. Саусағы пианиноның пернесін басқанда көз ілестірмейді. Өзі қоса сырғиды. Беріліп ойнайды. Бір қызығы, әнді түсте бір-екі айтқызып көрді де, кешке қаладағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің сахнасына бірден әнді орындауға шығарып жіберді. Сөзін жаттап үлгіре алмадым. Уақыт тым тығыз. Газетке қарап тұрып айттым. Осылайша «Сыр сұлуын» ең бірінші мен сахнаға алып шықтым. Әнді оқуды бітіргенімше сахнадан түсірмедім. Төрт жыл бойы салдым. Репертуарымда «Сыр сұлуынан» бөлек, он шақты ән болды, – дейді бүгінде білім саласының ардагері Данагүл Ержанова.
Жасөспірім қыз мектептің үшінші, төртінші сыныбынан бастап ән айта бастаған. Әншілік анасы – Бибіпатыма Үбісұлтановадан дарыған деседі. Ол Сыр сүлейі әрі шежіреші Өтеген Күмісбаев "Қазақ энциклопедиясы" деп айдар таққан Үбісұлтан Аяповтың жалғыз қызы. Заманында қазақтың ұлттық аспабы домбыра ойнап, той-думанда ән салған. Айтпақшы, педагогикалық училищені бітірерде Ұлттық консерваториядан белгілі вокалист Бекен Жылысбаев келеді. Данагүлдің дауысын тыңдап, «бізге қабылдандың» деп қуантып кетеді. Бірақ әкеден ерте айырылған оған анасынан ұзаққа кету де оңай болмайды. Оған қоса, анасы да қызының алыста оқығанын құптамайды. Осылайша жас әнші «әнші боламын» деген арманынан алыстап кете барады...
ҚҰБЫЛАР БАС ҚОСҚАНДА...
Әр уақыттың өзіне тән ерешелігі, бағыт-бедері болады. 1967 жылы үшінші курста білім алып жүрген Данагүл сұлу «Сыр сұлуы» ансамблінің құрамына қабылданады. Үлкен ұжымда шашамен 240-тай өнер иесі болған. Оларды мамандар арнайы Алматыдан ат терлетіп келіп дайындаған. Құрамында бишілер мен әншілер және хор айтушылар өнер көрсеткен. Бір ескерерлігі, сол кездегі үрдіспен 1968 жылы Қармақшыда «Сыр ұшқыны» атты ансамбль құрылған. Оған Серік Елеусізов, Әсет Бейсеуов сынды өнер тарландары жетекшілік еткен. Өнер ұжымы 100-ге жуық адамды қамтыған. «Онда екі бөпелі болғанша концертпен іс-сапарға шықтық. Әрі мектепте ұстаздық еттім. «Сыр сұлу» ансамблімен Алматыда болдық. Ол жақтан өнер ұжымы бас жүлдені жеңіп алып, Мәскеуге жолдама иеленді. Көп ұзамай Мәскеуде Қазақстанның он күндігін өткізіп, қазақ өнерін паш еттік. Би тобында 42 қыз-келіншек мың бұрала билегенімізде кереметтей әсер алатынбыз. Өнер жолын қумадым. Бәлки, көзқарас басқа болды ма? Арқа сүйейтін әке жоқ. Анам жақын-жуығымен ойласып көрсе, «қой әртіс деген не ол?!» деп бетін қайырыпты. Әлі есімде сонда анама «жолпұл тауып берсеңіз болды, басқа ешнәрсенің керегі жоқ» деп қолқа салғаным. Консерваторияға қабылданып тұрып, бара алмағаныма, әнші боламын деген арманымның орындалмайтынын білгенімде қатты қиналдым» дейді кейіпкеріміз.
Ананың жүрегіне Алла мейірімін төгіп қойған ғой. Жас маман ауыл азаматы Нұртілеу атты жігітке тұрмысқа шығып, екеуі 4 перзент тәрбиелеп өсірді, өнегелі отбасы атанды. Бүгінде 11 немеренің ардақты атасы, асыл әжесі. Ұрпағының қызығына кенеліп отырған жайы бар. «Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, Данагүл әжесінің әншілігі – жеті жасар немересі Ерасылға қонған түрі бар. Талантты бүлдіршін музыка мектебіне барып жүр. Домбыра мен вокалдан сабақ алады. Ұстаздарының одан үміті зор. Өнер жолын енді бастаған ол қазірге дейін бірнеше байқаудан жүлдегер болып үлгерді.
Салықовтар отбасында жақсы дәстүр қалыптасқан. Мерекелік даталар мен қатар, басқа да қуанышты сәттер аталып өтіледі. Әсіресе, бірнеше жылдың көлемінде студенттік құрбылар мен «Сыр сұлуы» ансамблінде бірге өнер көрсеткен қатарластар осында бас қосуды үрдіске айналдырған. Олар жақында тағы да еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, Нұртілеу аға мен Данагүл апайдың шаңырағында кездесті. Ардагер-ұстаздың жетпіс жылдық мерейтойын атап өтті. Қызықты күндерін еске алып, әнші құрбыларына «Сыр сұлуы» әнін салдырды. Әжесімен бірге Ерасыл да ән салып, келген қонақтарын бір тамсантып тастады. Дастарқан басында ізгі тілектерін жеткізіп, өткен күнге шегініс жасады.
– Данагүлді қашан көрсеңіз – көңілді, ақжарқын қалпынан танбайды. Он бес жасымызда оқуға түстік. Бір партада отырдық. Бірге жүрдік, бір-біріміздің үйімізге қыдыратынбыз. Қамқор. Достыққа, сыйластыққа адал. Барлық жақсы мінез бір бойынан табылады. Пысық. Бала кезінен тамақ пісіріп үйренген. Қонақжай. Осы күнге дейін араласамыз. Менің өзім қостанайлықпын. Нұр-Сұлтанда тұрамын. Хабарласып отырамыз. Студент кезінде қалай болса, қазір де солай, өзгермеген. Жары да жақсы болып кездесті. Үлгілі жанұя. Данаш «Сыр сұлуында» жүргенде үнемі қасында боламын. Себебі, кейде ән айтып болған соң, сахнаға қайта шығуына тура келеді. Сондайда би көйлегін, қамзолын, тақиясын жылдам ауыстырып шығуы керек. Шашын жөндеп, сахнаға шығарып жіберетінмін. Күміс көмей әншілігі сол қалпында сақталған, – дейді училищеде бірге оқыған құрбысы Тамара Омарова.
Ансамбльдің құрамында бірге өнер көрсеткен құрбысы шиелілік Райгүл Бодықованың да бірауыз айтары бар.
– Концерттік іс-сапармен Алматы, Мәскеуде болдық. Келген соң емтиханға дайындалдық. Шетелге бара алмадық. Бізден кейінгілер Болгарияға, өзге де елдерге барып, қазақ халқының мәдениетін танытып қайтты. Мәскеуде КСРО Мәдениет министрі Фурцеваның қолынан мақтау қағазы мен төсбелгісін алдық. Данагүл құрбым әнді де айтты, биді де биледі. Осындай шақта бірге бардық, бірге тұрдық. Ансамбльде әртүрлі ұлт өкілі болды. Біздерді балетмейстер Дәурен Әбдіров Алматыдан келіп дайындады. «Балықшылар» биі есімде қалыпты. Данагүлдің дауысы керемет. Әнді жүрегімен айтады. Сыңғырлаған дауысы естіле бастағаннан-ақ жұрт сілтідей тынады. Ол арамызда ең кішкентайымыз болатын. Сабырлы, адамгершілігі мол. Бәріміз жақсы көреміз. Бүгінде де солай. «Сыр сұлуының» қырық, елу жылдық мерекесін атап өттік. Өмірлік серігі де көрген, түйгені мол адам. 2014 жылы бірге оқыған жиырма жеті қыздың басын қосып, дастарқан жайды. Ғибратты отырыс ұйымдастырды, – дейді ол.
ӨТКЕННЕН – ӨНЕГЕ
Данагүл Ержановажиырма алты жыл білім саласында қызмет етті. Балаларға тәрбие мен білім бере жүріп, өнерді де жанына серік ете білді. Тума-туыс пен ұжымдық отырыстарда қолқа салғандардың тілегін орындап, ән айтудан жалықпады.
– Ертеректе Базарбай деген баянмен ән салатын кісі болатын. Онымен де талай ән айттық. Арадагер-ұстаз Уақытбек Сұңғатовтың баянмен сүйемелдеуімен де көрерменнің қошеметіне бөлендік. Жалпы сахнада 1973 жылға дейін өнер көрсеттім. Бір жылдары Көшеней ағаймен де «Біржан-Сара» айтысын жасап, қойылым көрсеткен де шағымыз болды. Ағай – Бірдан да, мен – Сараның рөлін ойнадым. Шәмшат апам көрсе болды, «Данагүл, сен, мен және Бидас үшеуміз біріміз – жырымызды айтып, біріміз – әнімізді салып елге тыңдатып қайтайықшы» дейтін. Бірақ соның сәті түспеді. Шәмшат апам соны сол күйі армандап кетті, – дейді ҚР «Білім беру саласының үздігі».
Ән салса, оның тұла бойы жеңілдеп, қуаныш кернейді. Ән айтқан сайын өзін ерекше сезінеді. Қай істе де жан жары жанашыр боп қолдап отырды. «Балалы болған соң жанұяңда жауапкершілігің бар. Ерімнің қонағы көп. Қолым тие бермегені рас. Ендігі арманымыз – немеремізден әншілік шықса екен дейміз. Ағаң, мен сені шығара алмадым, үмітіміз – немеремізде деп, Ерасылын әуез мектебіне өзі қатынатады. Жақында қолдан домбыра соқтырып берді. Бір өкінерлігі, техниканың дамығаны мен адамдардың құр атаққа құмартуы – өнердің бағасын түсіріп жіберді. Өнер – құдіретті күш. Оны бизнеске айналдыруға болмайды» дейді сыны кетпеген «Сыр сұлуы» әнінің тұңғыш орындаушысы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК



24 ақпан 2020 ж. 1 954 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031