» » » Шын хакім сөзің асыл, баға жетпес

Шын хакім сөзің асыл, баға жетпес

Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ұлы ойшыл, дана ғұлама, қазақ әдебиетінде шоқтығы биік тұлға – Абай Құнанбаев. Қазақ даласында оны білмейтін жан кемде-кем шығар. Ол – қай қырынан толғасаң да таусылмайтын тақырып. Қазақтың мақтанышына айналып, бағына біткен осы тұлғаның 175 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуде. Оған қарапайым ғана дәлел –әлеуметтік желідегі Абай шығармашылығына арналған эстафеталар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жүрген Шынар Шәкен есімді журналистің бастаған челленджі бүгінде республика көлемін шарлауда. Бұл бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та зор қуанышпен қабылдап, өзгелерге жолдауда. Иісі қазақ баласы өзіне келген эстафетаны жалғап, Абай мұрасын дәріптеуге өзіндік үлесін қосуда. Бұл ұлы Абайға арналған құрметтің бір парасы ғана. Мұнан бөлек ұлы ақынның мерейтойына арналған ауқымды шаралар еліміздің әрбір өңірінде өтуде. Абайды насихаттау мұнан кейін де жалғасын таба бермек.
Осындай кең көлемді шараның бірі – аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №250 мектеп-лицейінде «Шын хакім сөзің асыл, баға жетпес...» тақырыбында өтті. Кеш Абай бейнесін шебер сомдаған өнерпаз көрінісінен бастау алды. Одан соң аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Дастан Мырзабекұлы толымды да тағылымды ойларымен кеш шымылдығын ашты.
– Абай – әдебиетте өзіндік орны бар, өз ортасында өз ойын айта білген, болашаққа болжам жасай білген, өз сөзінде адами қасиеттерді керемет түйіндей білген, оқыған адамға ой тастап, жүрегіне қымбат қазына сыйлайтын құнды мұра қалдырған тұлға.Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ. Уақыт адамға бағынбайды, керісінше біз уақытқа бағынамыз. Абай өз заманында ақылын айтып, ортада орны биікболып өмір көшінен өтсе, біз олардың заңды жалғасымыз. Сондықтан  Абайдың сөзін көңілге түйіп, көкіректе жаттап, санамызды оятып, ойымызды тіктеп, болашаққа нық қадам жасауымыз қажет, – деп ұлы ойшылдың тұлғалық қасиетіне  тоқтала кетті.
         Танымдық кеш одан әрі ақын өлеңдерін аудандағы озық өнерпаздардың жатқа оқуымен, әндері әуелене шырқалуымен жалғасын тапты. Сонымен қатар сахналық көрініске құрылған Абай мен Тоғжан, Евгений мен Татьяна образдары толықтай ашылып, көрермен қошеметіне ие болды. Оқушылар арасындағы қара сөз оқудан үздік  өрендер Абайдың ойын көрермен көкейіне толықтай жеткізе алды. Ал Абай аталарына жыр шумағын арнаған жас ақындар тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленді. Жоғары дәрежедегі дайындық жұмысының болғаны әрбір оқушының мінсіз өнерінен анық байқалады. Бұл сахнаға даярлаған, Абай шығармасымен қуаттап, бойына сіңдіре білген – барша ұстаздың еңбегі.
Кештің екінші бөлігі – осы кешке арнайы келген абайтанушы, облыстық «Абайтану» орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, «Абай» төсбелгісінің иегері Абат Жолдасовамен сұқбатқа арналды. Абай әлеміне терең сүңгіген абайтанушының оқырманға айтары көп. Ол өз сөзінде ең алдымен өнер көрсеткен барша өнерпазға алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Абай мұрасының жоғары дәрежеде ұлықталғанын көріп қуанғанын жеткізді.
­– Сіздердің мына өнерлеріңіз барда Абай өлмейді. Оны сақтаушы, кейінгі ұрпаққа жеткізуші сіздер. Абайдың Абай болуы – Құнанбайдан. Оны терең зерттеу барысында осыны аңғардым. Абайдың даңқы шыға бастағанда ел ішіндегі пікір екіге жарылыпты. Бірі – Құнанбай білімді десе, екіншісі – Абайды қолдапты. Бұл сұрақ Құнанбайдың өзіне келгенде «Абай мықты болса, өзіндей ұл туғызсын» деген екен. Осыдан-ақ ұлы ойшыл өмірінде әке тәрбиесі, әке мектебінің орны басым болғанын аңғарамыз, ­– дейді абайтанушы.
Мұнан өзге де Абай жайлы тың деректермен бөлісіп, өзінің «Ұлылықты ұлықтау», «Мұхтар Әуезов», «Атадан –­ тағылым, әруағына тағзым» атты кітаптарын таныстырып өтті. Осы кеште үздік өнер көрсеткен бірнеше өнерпазды Абайға арналған кең көлемді шараларға қатысуға шақыратынын тілге тиек етті. Одан кейін Абат Жолдасқызымен ере келген арнайы қонақтар сөз алып, танымдық-кездесу кешінде алған әсерін жыр шумақтарымен жеткізді.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Қ.ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
12 ақпан 2020 ж. 2 628 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031