» » » Анамның диірмені

Анамның диірмені

Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
Шал ақын
Өмірде әке мен ананның алатын орны ерекше емес пе? Бүгін ерте ояндым. Әкем мен анамды түсімде көрдім. Жүздері жарқыраған мейірім нұрына бөленген кейіпте риясыз жымиып арқамнан қағып, үлкен жолға шығып бара жатырмыз деп, тез жиналып кетіп қалды. Әкем мен анама деген сағынышым қордаланып жүргенде, бір өңімде көргендей қуанып, бойымда күш-қуат, жігер пайда болды,шаттық кернеді. Өзімді және бауырларымды нағыз еңбеккер жандардың берекелі, тату отбасында, еңбектің тәтті нанын жеп өскен бақытты жандарға балаймын. 
Әкем Тасымов Жаппар, анам Жүсіпова Күләнда екеуі де қарапайым еңбек адамдары еді. Көз алдымда балалық бал күндегі отбасылық тату – тәтті тірлігіміз, әкешім мен анашымның тұтынған заттары ойыма оралып, тәтті сағыныш бойымды билеп, көзімнен сағыныштың жасы сырғып, естеліктеріммен сырласқандай болдым. Әкемнің өзі қолы бос уақытында жұмыс жасайтын бөлмесі болатын. Ол бөлмеде үлкен верстак сөресі болатын. Есігін құлыптап қажет заттары өте ұқыпты жинаулы тұратын. Жұмыстан келіп ас – суын ішіп, балаларын басынан сипап еркелетіп, жай жағдайымызды біліп болған соң бос отырмай күнделікті халық тұтынатын заттарды оп – оңай жасап тастайтын. Кетпен, күрек, шымшуыр, қол жуғыш, кітап жинайтын шкаф сөрелер, сандық жасау менің әкемнің сүйікті ісі болатын. Ал анам болса шүберек дастарханды жайып жіберіп, диірмен тастарын орналастыра қойып, талқан тартуға кірісіп кететін. Отбасында үлкен әжеміз болды. Әжеме арнап талқан тарту, бидай жармасын жасауда осы диірменнің алатын орны ерекше еді. Оны арнайы дастарханмен орап, биікке таза орынға сақтайтын.Анам өте тазайын кісі еді. Бәріміз диірменді айнала отыра қалып қызықтайтынбыз. Иісі бұрқыраған талқанды түскенін түскендей бір – бір кесемізге салып қант қосып, сүтке былғап береді. Ол бір керемет бақытты сәттеріміз екен. Менің анамның талқанын көпшілік Күләннің талқаны бөлек, ұлпадай майда деп мақтап жүретін. Туысқан әжелеріміз Балымкүл әжеміз, Ағисал әжеміз, Күлбибі әжеміз, Құлпия әжеміз, Жұмаш әжеміз, Лайық әжеміз, Үмбіш әжеміз, Ділдә әжеміз, Қази әжеміз ол кісілер жаулықтары қандай әппақ болса жүректері кіршіксіз керемет жандар еді. Осы әжелеріміз анамызға үнемі мақтау айтушы еді. Ағисал әжем «Күлән тамаққа ұста ғой», - деп жиі мақтап жүретін. Кейін есейіп тұрмыс құрып, өз алдымызға ел болып кетсек те анамыздың талқанын іздеп баратынбыз. Балаларымыз Күлән әженің талқанын айтсай деп әлі күнге әңгіме етеді. Осы бір қасиетті диірмен жаныма жақын, естелігі көп бұйым болды. Анамның диірменінен түскен талқанның алдын міндетті түрде әжеме ауыз тигізетін. Содан соң үлкен әжелерге апарып береміз. Ол уақытта сойған соғымнан да туысқандарға сыбаға тарататынбыз. Сол уақыттағы пейілдің кеңдігіне шүбә жоқ. Барлығы қолмен жасалады, бірақ берекелі еді. Көршіге сүт сату деген ол заманда болмаған. Сонда да қазаннан буы бұрқыраған сүт, отта таба нан, асулы ет, қуырылған бидай, жүгері бәрі керемет еді. Анам жүгеріден және бидайдан диірменмен жарып ашытпа асып қоятын. Ол кезде мұздатқышы жоқ үйлер ашытпа, айранын құдыққа байлап қояды.Біздің үйде де анам айран ашытпасын құдыққа байлап қоятын.Осы күнде кейбір ағаларымыз ата-анамызды еске алып мерейімізді тасытып қояды. Өткен – кеткен қайнылары, жүргіншілер ішіп кетсе де анам еш ренжімейтін. Дастарханымыз анамның қолымен жасаған ұлттық тағамдарға толы болатын. Қуырылған бидай, бадынаған жүгері, иісі бұрқыраған тәтті талқан, бойға күш берер атала көжесі бәрі осы анамның диірменінен шыққан өнімдер еді. Осындай ардақты әке, асыл ананың перзенті болғанымызды мақтан тұтамыз. 
Әкешімнің, анашымның асыл бұйымдары келі-келсап, күбі, тас диірмені біздің қалам-қағазымыздай ең үлкен қажетті бұйымдары еді. Бүгінде тыныштыққа жалқауланған диірмен тасы да аса қозғалғысы келмейтін сияқты. Өйткені жалт-жұлт еткен тағам түрлері көп-ақ. Бірақ ананы да жеуге болмайды, мынаны да жеуге болмайды деген пікірлер, әлжуаз балалар табиғи өнімнен шеттеп қалғаны рас-ақ. Ия, қоғам дамуда, өмір жаңаруда, бірақ жаныма ыстық диірмен тасы мен үшін баға жетпес байлық болып қала береді.
Зарипа Тасымова,
№29 мектеп директоры
26 қаңтар 2020 ж. 1 415 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031