» » » ҚАСИЕТТІ ҚАРА ТӨС

ҚАСИЕТТІ ҚАРА ТӨС

– БҰРЫНҒЫ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ТҰСЫНДА, – ДЕП БАСТАДЫ БІРДЕ ӘКЕМ ӘҢГІМЕСІН – ОРЫНБОРДАН ТӘШКЕНГЕ ТАРТЫЛЫП ЖАТҚАН ТЕМІРЖОЛДЫҢ ҚАЙНАҒАН ҚАРА ЖҰМЫСЫ ҚЫЗЫП ЖАТҚАН КЕЗ БОЛСА КЕРЕК.
Жосалы бекетінің шығыс бетіндегі Қараөзектің Сырдариямен қайта түйісер жерінен теміржол көпірі салынатын болып, құрылысын ол кезде «Пірсияндар» деп атайтын, шамасы ирандық ұсталар жүргізгенге ұқсайды. Киіздей ұйысқан қара шаштарын біркелкі алашабыр орамалмен шарт таңып, сақалдары кеудесін жапқан ұсталардың ұзын саны сексен адам еді. Су астынан біркелкі етіп мінсіз өріліп шыққан, алып тіреулердің басын  қосып, көрнекті көпір жасаған ұсталардың ісіне таң қалмаған жан болмапты бұл өңірде. Бірі – іліп, бірі – қағып, жерге бір түйір шеге түсірмей  сонау көрініп тұрған қанша айқыш-ұйқыш темірлерді бір-бірімен тойтарма шеге арқылы бекітіп тастаған деседі ғой, сабаздар! 
Сол кездегі істің сапасына қойылатын талап қандай десеңізші, ақпатшаның тікелей тапсырмасымен жұмысты қабылдарда сексен ұстаны көпірдің астына қатар қойып, үстінен жүк поезын өткізуді бұйырған ғой! Сонда өз ісіне сенімді ұсталар қыңқ деместен әрі-бері өткен ауыр вагондардың астында бір-бірімен қол айқастырып, қолтықтаса тұрып, көпірдің қауіпсіздігіне өмірімен жауап бере алатынын көрсеткен Бұл – көнекөздердің айтуы. 
Сонымен, жұмысы біткен ұсталар еліне қайтатын болады. Көріктер, төстер, қосқолдар мен балғалар, түрлі қысқылар жинақталып керуен жолға дайындалады. Көпір салу кезінде осы төңіректен жиналған қолынан іс келеді-ау деген көрік басып, қосқол ұстап   жүрген кедей-кепшіктер азын-аулақ еңбек ақыларын алып, ұсталармен қош айтысып, қайтуға беттейді. 
Осы кезде елге қайтпауға бекінген он екі жастағы бір бала ешкімнің айтқанына көнбей, осы ұсталармен бірге жолға жинала бастайды. Баланы бәрі біледі, қолына түскен темірдің асылы мен жасығын оңай айырып, олардан біркелкі тойтарма шегелер дайындауда ісмерлігімен көзге түскен Махамбет еді. Соңғы кезде өз алдына бір төсті иемденіп жүрген ұсынақты баланың Қуаңдария болысының 7-ауылындағы Көбентай ақсақалдың баласы екенін осындағылардың бәрі білетін.
Қос-қолаңын даярлап ауылға қайтпақшы болғандар дағдарып қалады. Елге барғанда әкесіне: «Балаңды Пәлен деген елден келген ұсталарға ертіп жібердік» – деп қалай айтады, ақылдаса келе жағдайды айтып ауылға адам шаптырады.
Мән-жайға қаныққан Көбентай ақсақал бірбеткей баласының оңайлықпен райдан қайтпасын сезеді де, інілері Қосыбай мен Кенжебайды шақырып алып, баламен бірге сол керуенге ілесуді тапсырады. Оңашада екеуіне әлде бірдеңелерді нығырлап айтып, жолға шығарып салады.
Сол кісілердің айтуына қарағанда, жаз ортадан ауып, Таразы туған кез болса керек, жолға шыққан ауыр керуен оңтүстік-батысты бетке алып, жыландай жылжып келеді. Наруанға екі жақтап бекітілген ауыр темірлер мен үш арбаға бөліп тиелген 12 төсті тартуға шыдас беріп келе жатқан кәтепті қара нарларды жануардың жампозы дерсің! Бала соның ішіндегі шошақ төбелі біреуін жетелеп, оған жегілген арбаның жанынан айналақтап шыға алмай келеді.
Осы жүріспен екі күндік жолды артқа тастаған шамада шаруа баққан Қосыбай осы керуеннен баланы қалай айырып алып қалудың амалын ойластырып басы қатып келе жатыр еді, жастайынан ұста атанған көрік пен төстің жайын көбірек білетін інісі Кенжебай ат басын іркіп, ағасын әңгімеге тартып:
– Ана екінші арбадағы қара төсті көрдің бе? Алдағы тағдыры соған байланған інің соған еріп барады. Есебін тауып, төсті алып қалудың жолын ойластыруымыз керек, – дегенді айтты.
Ертеңіне  кешкілік керуен бір терең құдықтан су ішіп, осы жерде аялдамақ ниетпен теңдерін шешіп, ас қамына кірісіп кетті. Осы сәтті пайдаланған Кенжебай айналаны барлап, құдық маңына бір-екі рет барып қайтты да ағасына әлденелерді сыбырлай айтып, өздерімен алып шыққан азын-аулақ кешкі тамақтарын ішкен болды да, күдік туғызбай жатып қалды. Екеуі іштей бір байламға келген сыңайлы. Алла сәтін салайын десе, қиын емес екен, кешкі астан кейін жол соқты болып шаршап келе жатқан керуен айдалада қауіптенетін ешкімнің жоғын байқап ұйқыға кетеді.
Түннің бір уағында ағайынды екеуі қасында жатқан інісі Махамбетті оятып ертіп алды да, арба үстіндегі төсті екі жақтап көтеріп апарып жүз қадамдай жердегі құдыққа баланың көзінше тастап жіберді. Қайтып келген соң асқан сақтықпен арба үстіндегі қалған төстерді ығыстырып, әлгі төстің орнын толтырады да, бетіндегі киіз жабумен қымтап тастап, жатып қалады.
Ертеңінде керуенді түстік жолға дейін шығарып салған екеу елге қайтуға ықылас танытқан інісін алып ауылға беттейді.
Осы оқиғадан он шақты күн өткен соң түйеге жегілген шағын арбамен келген он жігіт құдық суын сарқып, екі қабаттаған ұзын арқанға бекітілген төсті ауылдан әкеп орнатқан шарықты пайдаланып түйемен тартып алып елге жеткізген екен.
– Махамбет пен інісі Сарымсаққа ұзақ жылдар ризық-несібе болып, кәнігі ұста атандырған бұл төс Кәрібай ұстаға, одан Тұрақбай ұстаға, одан Созаққа өтіп, бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келеді, – деп әкеміз ескіден суыртпақтаған әңгімесін әулетімізбен қасиет тұтып жүрген қара төске әкеп тіреген еді.
Бабадан қалған мұраны қастер тұтқан әжелеріміз немерелерін көздің сұғы мен тілдің бізінен сақтайды деген сеніммен осы төспен ұшықтап жүретін. Бүгінде бас ауырып, балтыр сыздағанда өзіміздің де маңдай тигізіп қоятын жайымыз бар.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист.
20 ақпан 2018 ж. 2 346 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031