» » » АСАУ АСУЛАРМЕН АЛЫСҚАН АЗАМАТ

АСАУ АСУЛАРМЕН АЛЫСҚАН АЗАМАТ

Жаратқанның сыйға берген өмірін өнегелі етіп өткізгендер ел құрметіне ие болып, қошемет иесі атанып жатса, өмірін қалай болса солай өткізген, қоғамға кесірі тигендер керісінше тарих бетінен жоғалып кетіп жатадыАл, енді бүгін сіздерге таныстырғалы отырған кейіпкеріміз Серік Құлмырзаев өзінің өнегеге толы өмір жолымен
тек киелі Қармақшы өңіріне ғана емес, Сыр бойына танылған қадірлі жан десек жалған емес.
Серік Қожанұлы Ұлы Отан соғысына дейін Арал, Қазалы өңірі жұртшылығына жыраулық өнерімен танылған, соғыс жылдары билік тарапынан темір жол саласы қызметкерлеріне берілген бронь бойынша киелі Қармақшы өңіріне қоныс аударып, Жосалы теміржол стансасында қажырлы еңбек еткен Қожан ақсақал мен  Күнтәй анамыздың отбасында дүниеге келген 4 ұл, 2 қыздың  ортаншысы.
 «Өмір – өзен» дегендей, сырбаз Сырдың суы қалай ағып жатса, өмір де солай зырылдап өтуде. Едіге батыр мен Қарасай қажының жырларын күн-түн демей жырлаған әкеміз де, әрқайсымызды емірене иіскеп еркелетіп,  «Айналайынын»  қоса айтатын анамыз да өтті бұл өмірден. Міне, содан бері арада жылдар өтіп, біз де ел қатарынан орын алдық. Тәуба. Өстік, өніп жатырмыз».  Бұл – Серік ағаның сөзі.
Қасиетті Қармақшы топырағынан нәр алып өскен Серік Қожанұлы  аудан орталығындағы киелі қара шаңырақ, талай таланттарды үлкен өмірге қанат қақтырған №26 орта мектепті тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы «ДЭУ-530» мекемеде жұмысшы болып бастайды. Сол кездердегі бозбалалардың басты арманы – жоғары білім алумен қатар, Отан алдындағы әскери парызын өтеу болатын. Міне, ол Отан алдындағы өзінің азаматтық парызын атқару мақсатында екі жыл бойы әскери мамандықтың қыр-сырын  терең меңгере жүріп, өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындап, бірнеше рет бөлім басшылығының марапатына ие болады. Тіпті, ол мектепте оқып жүргенде өзін еркін күреске баулыған ұстазы Жарболсын Құндақбаевтан алған ілімін одан әрі жалғастырып, еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындайды.
Туған елге оралған Сәкең ағамыз сол кездері жаңадан ашылған аудандық  машина есептеу стансасының директоры Жұмабек Дәулетбаев пен ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Әбдірей Бөрібаевтардың ұсынысымен   Алматы қаласында ауданнан жіберілген 20-ға жуық жастардың қатарында білімін жетілдіріп қайтқан соң аталған мекемеге қызметке қабылданады. Бес жыл бойы өзі қалаған мамандықты терең меңгерген жас маман кейін жүрек қалауымен білімін одан әрі жетілдіруде облыс орталығындағы совхоз техникумының механик бөліміне сырттай оқуға түседі. Еңбек ете жүріп, ауданда жастар саясатын қолдауға сүбелі үлесін қосқан Сәкең ағамыз аудандық комсомол комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Нұртілеу Салықовтың қолдауымен №14 аудандық селолық кәсіптік-техникалық училищесіне комсомол комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Білікті жас бұл мекемеде қызмет еткен жылдары жастардың сапалы білім алып, қоғамнан өз орындарнын табуларына үлес қосады. Бір жылдан соң ол сол мекемеде өндірістік оқу шебері қызметін қоса атқарып, жастардың білім алуына еңбегін сіңіреді.   
1980 жылы жас маман өз  білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Жамбыл гидромелиоративтік институтының Қызылорда қаласындағы филиалына оқуға түседі. Сәкең ол кезде аудандық «Сельхозтехника» бірлестігінде  инженер қызметін атқарып жүрген болатын.
Талапты әрқашанда биік белестерді бағындырады. Аталмыш мекемеде абыройлы еңбек етіп, ұжымдастарының ыстық ықыласына бөленген Серік Қожанұлы көп ұзамай шеберхана меңгерушісі, содан кейінгі жылдары аудандық агрохимиялық және мелиоративтік қызмет көрсету мекемесінде бас инженер қызметін абыроймен атқарады.
1988 жылы аудан басшылығы ұйғарымымен №14 аудандық селолық кәсіптік-техникалық училищесі директорының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1993 жылға дейін аудан жастарының кәсіптік білім алып шығып, қоғамымыздан өз орнын табуына аянбай еңбек етеді. Бүгінде Сәкеңнің тәрбиесін алған көптеген шәкірт тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүр.
Атпал азамат 1993-2006 жылдары аудандық ауылшаруашылығы басқармасына қарасты техникалық қадағалау инспекциясының бастығы, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары, 2006-2007 жылдары аудан әкімінің көмекшісі,  аудандық  тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бастығы қызметтерін атқарса, 2007-2014 жылдар аралығында, яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Жосалы кенті әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
Иә, міне ұзақ жылдарғы еселі еңбек еленіп, 2014 жылы Серік ағамызды ұжымдастары құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығарып салды. Сөйтіп, Серік Қожанұлының екінші өмірі басталды.
Көп жылғы еңбектен кейін кейбір адамдар зейнеткерлік демалысқа шыққан соң үйлерінде жатып қалады. Тіпті, оларға ел алдында елеусіз қалдым-ау деген ойлар да келеді. Әрине, ондай теріс ой кімнің де болмасын, оның айналасымен  араласуына кедергі болады. Керісінше Серік ағаға зейнеткерлік жаңа өмір есігін ашты. Мақаланың басында айтып өткендей, кейіпкерімнің бойында бірнеше қасиет бар екенін айтқан болатынмын. Солардың бірі оның бойына бала кезден дарыған емшілік қасиет. Сәкең емшілік қаиетпен көптен айналасып келеді. Ол  халықтық медицина,  биоқуат терапиясы мен  табиғи дәрі-дәрмек, табиғи реттеу тәсілдері бойынша біліктілігін арттыру мақсатында курстарды тәмамдады. Туған халқының денсаулығын арттырудағы еселі еңбектері үшін де көптеген марапаттарға ие болды. Бүгінде оның омырауында  «Қазақстанның жұлдызды емшісі» ордені жарқырап тұрса, елімізде дәстүрлі халықтық емшілікті дамытуға қосқан үлесі үшін  «Танымал  тәуіп»  төсбелгісімен марапатталды.
Сәкең аға бала кезінен спортқа, оның ішінде әрбір қазақ баласы сияқты күресті жанына жақын тұтты. Жарболсын  ұстазынан үйренген самбо бойынша спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Міне, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де спортты қайта қолға алды.
«Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін өзіңді далада қалғандай сезінеді екенсің. Бастапқыда  мен де солай деп ойладым. Бірақ,  «әркімнің де өмір сүруге таласы бар» дегендей, қоғамға пайдамды тигізуге кірістім. Күнде таңертең үйдегілердің үлкені бар, баласы бар, бірі – жұмысқа, бірі – мектепке, тіпті үйдегі кішкентайымыз да балабақша кетеді. Үйді қарауылдап өзім қаламын. Кейде барар жер таппай қаламын. Көп ойландым. Бірер күннен кейін жұмыс істеп жүрген кездері қолыма сирек алатын гір тасын  қайта алып, есік алдындағы сарайда жаттыға бастадым.  Ондағы ойым  жақында теледидардан ардагер балуандар арасында өт­кен жарысты көрдім, неге маған бақ сынамасқа? Менің олардан қай жерім кем? Жаттыға бастадым. Бірақ,  кейіннен ойлана келе, күрестің орнына гір тасын көтеру жарысына дайындалдым. Арманым – әлемдік додаға қатысу. Армандар орындалады дегендей,  2013 жылы Минск қаласында гір тасын көтеруші ардагер спортшылар арасында өткен байрақты бәсекеде бағымды сынауға  ұстазым – Жарболсын Құндақбаевпен  бардым. Беларусь мемлекетінің астанасында өткен жарысқа әлемнің төрт бұрышынан жиналған ардагер споршылар қатысты. Алғашқыда қатты қобалжыдым. Ал, Жакең болса жайбарақат жүр. Ол кісі жігерімді  қайрап қояды. Гір тасын ұршықша иірген  шет елдің небір алыптары  өнер көрсетуде.  Міне, диктордың менің аты-жөнімді шақырған дауысы естілді. Жүріп келем. Жарболсын аға мені арқамнан қағып, батасын беріп жіберді. Осындай кезде әруақтарға сүйенеді екенсің. Бойымды тік ұстап, 16 келілік гір тасының маңына бардым. Әу деген  өзімнің дауысымды естідім. Бір кезде зал жақтан қатты шапалақ ұрған дауыстар еміс-еміс естіледі. Жарболсын ағамыздың да «Серік жарайсың көтер, тағы көтер, көтер» деген дауысын естідім. Бұл дауыс жүрегіме жақын жетіп, есімді жиғызды. Сөйтіп, 2 минутта  жұлқа көтеруде 94 рет, ал серпе көтеруде 64 рет,  ал 1 минутта жұлқа көтурде 52 рет, серпе көтеруде 31 рет аспанға әуелетіп, мен деген сайыпқыран спортшыларды артқа қалдырып, әлем чемпионы атандым», – деп  еске алады алғашқы жеңісін Серік Қожанұлы. 
Содан  кейін Сәкең Витевск қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, онда да  қарсыластарын шаң қаптырып, екінші рет әлем  жеңімпазы атағын жеңіп алды.
«Атаулы жарыстардың бірінде диктор «Қымбатты біздің жарысқа қатысушылар арасында тұңғыш рет қала басшылығы  қызметін атқарған  азамат қатысып отыр. Ол Қазақстаннан келген Серік Құлмырзаев мырза» деп  саңқ ете қалғаны. Жұрт қошеметке бөлеп жатыр. Сөйтсем Жәкең мен туралы дикторға сыбырлап жіберген екен. Міне, осы қошемет маған демеу болды ма, әйтеуір сол жарыста да өткен дәстүрлі жеңісімді қайталадым. Ал, өткен жылы Петропавл қаласында, яғни «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған әлем біріншілігіне қатысып, үшінші рет әлем жеңімпазы атағын алдым», – деп ағынан жарылады Сәкең.
Иә, Серік Қожанұлы  – халықаралық дәрежедегі чемпион. Сонымен бірге, Ф.Ушаков, М. Ломоносов  атындағы әлемдік додалардың жеңімпазы.
Сондай-ақ, ол спорттың осы түрін дамытуға қосқан орасан үлесі үшін  БҰҰ және ЮНЕСКО жанындағы адам құқығы халықаралық федерациясы мен ғылыми институттары Еуропалық ассосациясының шешімімен дүние жүзі бойынша гір спортының дамуына қосқан елеулі еңбегі үлесі үшін халықаралық «Қанатты арыстан» және халықаралық гір спорты шеберлері конфедерациясының «Алтын гір көтеруші» ордендерімен марапатталса, 2015 жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Сондай-ақ, Сәкең екі рет «Гиннестің рекордтар» кітабына енгізілген бірден – бір қазақстандық спортшы.
Иә, Серік Құлмырзаев бүгінде 1970 жылы отау құрған өмірлік жары Балкүл Жалғасбайқызымен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан тараған немерелерінің қызығын көруде. Ұлдарының үлкені Ерлан –  аудандық мәдениет үйінің басшысы, қызы – Мөлдір облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында журналист, Гаухары – Иіркөл ауылындағы №107 орта мектепте мұғалім, ал ұлының кішісі – Нұрлан Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде декан қызметінде абыройлы еңбек етуде. Экономика ғылымдарының докторы.
Міне, біз білетін, біз мақтан тұтатын Серік Құлмырзаев ағамыз осындай.  Оның алар асулары әлі алда.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
18 ақпан 2018 ж. 1 332 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 029

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031