» » » Әділ Ботпанов - Қарғалар

Әділ Ботпанов - Қарғалар

19 Қазан, 2012 жыл - abai.kz (архивтен көшірілген)
Сүйінші! Бұйырса, санаулы күндерден кейін «Қазығұрт» баспасынан ақын Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабы жарық көрмек. 27 жасында кенеттен жоғалып кеткен ақынның өлеңдері мен прозалық дүниелері оқырман назарына тұңғыш рет топтастырылып ұсынылып отыр. Кітапты құрастырған - ақын Бауыржан Бабажанұлы. «Қазығұрт» баспасының директоры, белгілі ақын Темірғали Көпбаев азаматтық жасап, кітапты тегін шығарып беруге бел буғанын ерекеше айта кеткеніміз лазым. Біз төменде Әділдің аяқталмай қалған «Қарғалар» атты прозалық дүниесін қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік.

«Abai.kz»
Күпірлік сен жасасаң әдемі тек,
Түпсіз көзің сайтандар әлемі бек.
Мың сайтаның тозаққа тартар мені,
Бір сайтаның тозақтан тереңірек.
Нұрыңа көмілдім де, сайтанға ердім,
Біткендей жүрекке гүл, көзіме нұр.
 Сен үшін отқа кірдім, сезіне жүр.
 
III.
Кереуетте жалғыз жатырмын. Бөлмені іңірде көшкен шайтандай боп шылым түтіні тұмшалаған. Менің ойларым да сол түтіннің шырмауынан шыға алмай жатқандай. Орнымнан тұрдым. Екі қолымды қалтаға салып, бөлмеде әрі-бері жүріп көрдім. Әлдебір әуенді ысқырып билеп те байқадым. Ақыры босағадағы қолжуғыштың суын сарылдатып салқын суға жуынып, бойымды жеңген дел-салдықты қуып шықтым. Дорбамды ақтарып, Акутагава мен Бодлерді шығарып столға қойдым. Сосын қалтамнан қаламсап пен дәптерімді алып орындыққа жайғастым. Соңғы кезде осы екеуіне әуес болып алдым. Дүниелерін қайта-қайта оқып шықсам да, көңілім тояр емес. Жалпы, мен еш жазушы не ақынға табынбайтынмын. Ал бұлардың әлі мен түсінбеген құпиясы бар секілді. Иә, солай. Тағы да шылым тұтаттым. Өлең жазғым келді. Дәптеріме шыжбақтай бастадым:

Жалғыз пенденің жетімек мұңын сыр тұнған
Сағынып біткен сорлы болмаса кім ұғар.
Жырымның бәрі жүректе жатып жыртылған,
Жазым да жетті тынығар...
 
Жеті бояулы желкенімді өртеп...
Ғарышқа...
Кетіп барамын, соңымнан жетер жан бар ма? Осы жерде тоқтадым. Не жазарымды білмеген соң емес, жазғаным ұнамады. Парақты шимайлап тастадым.  «Жоқ дедім, сен бұлай жазбауың керек». Соңғы кезде жазғанымның бәрі көңілімнен шықпайтын болды. Талғамымның өскені емес, талантымның таязданғаны деп ойладым. Есіме үлкен қаладағы досым түсті. Ол бір түнде поэма жазып шығыпты.  Пушкин туралы. «Көз алдымнан себелеген қар мен Пушкин кетпеді. Жаза бердім, жаза бердім», - деді ол. Ал менің көз алдыма қарға шұқып жатқан өзімнің жанарларым келе береді. Бір қызығы, менің көздерімді түрлі түсті қарғалар шұқып жатады. Қызыл, сары, жасыл, қара, ала қарғалар. Ал көзімнен көгілдір қан тамшылайды. Көп-көгілдір.

IV.
Түс. Оянуын оянсам да төсегімнен тұруға еріндім. Көптен бері қолға түспеген мұндай еркіндікке өзім де таңмын. Шылым таусылыпты. Күлсалғыш қызметіндегі тәрелкедегі тұқылды тұтаттым. Тұру керек. Тұрмаса болмайды. Жуынып болған соң, қонақ үй жанындағы рестораннан сыра ішуді ойладым. Шыға берістегі аққұба келіншектің орнына қара торы бойжеткен отырыпты. «Сәлемет пе, ханым». «Саламатсыз. Сіз кеше келген жұлдызшысыз ба?» «Дәл таптыңыз. Ресторанда сыра бар ма?» «Білмедім. Сыра болмаса маған келіңіз, қою шаймен де бас жазуға болады». «Рахмет, - дедім, - егер мен сұлтан болсам, жарты қазынамды сізге берер едім». «Кешіріңіз, сұлтан, сәлден соң ресторан үзіліске жабылады». Мен шығып кеттім. Сыраға үлгірдім. Ендігі мақсат - кітап дүкенін көру. Қай жерге барсам да үйге кітап арқалап қайту - ежелгі әдет. Бұл жердің дүкені де мені ренжітпеді. Шаң басып қалған Набоков, Кобо Абэ, Маркес, Ницше, ежелгі қытай афоризмдері мен үшін туған күніме есепсіз сыйлық алғаннан кем болған жоқ. Соншама кітап алғаныма қуанған дүкенші «Қазақша кітаптарды да көріп шық, жақсы кітаптар бар» деп, қолымен қазақ баспаларының туындылары орналасқан жақты сілтеді. Бұл жақ та көңіл қалдырмады. Жұмекеннің «Темірқазығы» мен Кеңкеңнің «Іңкәр дүниесі», Есенғалидың соңғы жинағы, тіпті Жұмағаңның «Сарыатаны» бар екен. Дорбамды толтырып, аудан орталығын аралауға кірістім. Талдардан түскен жапырақтар, енді қайда барарларын білмегендей сандалып қалыпты. Сағыныш түстес сорлылар-ай... Аяғыммен жапырақтарды баспауға тырысып, қонақ үйге келдім. Қараторы бойжеткен тістерін көрсетті. Күлгені болса керек. «Мақтап жүреді екенсіз, - деді ол, - шәй дайын. «Егер сен Тәңірі болсаң, мен сенен бір-ақ нәрсе өтінер ем», - дедім мен. «Иә, ол не?» - оның тістері көрінбей қалды. «Сізді қойып, сенге көшелік». «Ту-у, бар болғаны сол ма. Онда отыр». Шәй ішпегеніме де екі сөтке болған. Кәдімгідей терледім. Қыздың аты Кәрима екен. Парсыша «Құдіретті» деген мағынаны беретіні есіме түсті. Шәйді болып: «Рахмет, - дедім, - шынымен құдіретті екенсің». «Қалайша, неге құдіретті?» «Кәрима, сенің атың құдіретті деген мағына береді, есіңде сақта». «Жарайды». Ол тістерін көрсетті. Мен бөлмеме келдім, столға отырдым... Ойыма жапырақтар оралды.
Сары көшкін.
Ұнатам күзді,
Жапырақтарды уақыттың алып ұшқаны,
Түскені жерге, сандалып, сабылысқаны.
Қор болып қалды-ау сап-сары сағыныштары,
Жұбатам күзді...
Әрі қарай жаза алмадым. Бойымнан күзді жұбатар күш табылмаса керек. Шылым тұтаттым. Есіме Жұмағаң оралды. Онымен соңғы кездескенім есіме түсті. Ол кезде мен үлкен қалада едім. Жұмағаң да тірі еді. Үш-төрт кісі жиналып, кездескенімізді жудық. Ол мені ақындар қағанатына ноян етіп қабылдады. Кезек-кезек өлең оқыстық, керілдесіп бір-бірімізге сөз бермеуге тырыстық. Ал үш-төрт күннен соң оның қайтыс болғанын естідім. Кеңсайда, жерлейтін кезде оның костюмін шешіп жатып, көз алдына қан қатып қалғанын көрдім. Оның да жанарларын қарғалар шұқыды ма екен?...  Түрлі түсті қарғалар. Қызыл, жасыл, сары...

Гала
Кеш. Төменге түсіп Кәримаға бардым. Оның да іші пысып отыр екен. Мені күліп қарсы алды. «Мен саған сыйлық дайындап қойдым», - деді. Ресторан жабылғалы жатыр екен, сыра алдым. Столының астында тізіліп тұрған қызыләскерлерді көзімен нұсқады. «Саған». «О, бұл сыйыңды немен өтесем екен, құдіреттім!» «Сен өлең жазады екенсің ғой». Мен  қабақ шыттым. «Оны қайдан білдің?» «Бөлмеңді жинап жүріп дәптеріңді көрдім».
- Иә...
- Маған арнап өлең жазсайшы.
- Өлеңді қайтесің, - дедім мен. - Сен өзің өлеңсің ғой. Бұл үйренген сөз еді. Аға буын  ақындардың бірінен  естігем.
- Онда, ренжимін.
- Қой, ренжіме, жазамын.
- Қашан.
- Сен - кемпір, мен - шал болған кезде.
- Ой, ол қызық емес қой.
- Неге? Немерелеріңе көрсетесің.
- Иә... Ол ойланып қалды. Мен стол астынан сыра алып, шыныдан ішуге кірістім. Ол маған көздерін қадады. Ойлы, таза көздер екен.
- Он сегізде суретші тұрады, - деді қыз, - бағана бөлмесін жинап жүріп көрдім, әдемі қыздың суретін салып қойыпты, бірақ аяқ-қолдарында ет жоқ, тек сүйектері ғана. Түсінбедім. Неге олай салады екен? Киім кигізіп, кәдімгідей салса сұп-сұлу қыз. Мен үндемедім. Тек екінші шыныдан сыра ішуге кірістім.
- Сенің де өлеңдерің қызық екен, - деді қыз. - Оқып едім, бір түрлі екен. Біздің газеттерде ондай өлеңдер баспайды.
- Білемін.
Қыз терезеге қарады. Әне келе жатыр.
- Кім?
- Суретшіні айтам. Есіктен мен жақсы танитын сақалды суретші енді. Екеуміз төс қағысып көрістік.
- Мұнда қалай жүрсің?
- Тағдыр ғой. Жалпы ол осылай сөйлеуге құмар еді.
- Кел, сыра ішейік. Қарындасыңмен таныса отыр.
- Ай, ақындар-ай! Әйтеуір қызға мықтысыңдар. Біз байғұс қой жақындауға қорқып...
- Қойыңызшы аға... Мен шәй қояйын.
- Иә, жұмыс қалай. Жазып жатсың ба? Суретші сақалын сипап, маған қарады.
- Жәймен. Өзің ше?
- Шүкір.
- Иә, сурет өнері жайлы айта отыр. Қарындасымыздың көңілін аулайық.
- Е, ақындар тұрғанда бізге әңгіме қайда. Не жазып жүрсің? Қаладан қашан келдің?
- Өзімнен басқаны жазбайтынымды білесің ғой. Сол баяғы Тәңірінің алдында тәлімсігенімнен басқа не бар дейсің. Жалпы Бодлерді қазақшалайтын ойым бар.
- Дұрыс. Ол - мықты ақын. Жалпы екеуің аздап үндессіңдер. Аударсаң - қазаққа бір жақсылығың болар еді. Тек жақсылап аудар. Адамның ғұмыры Бодлердің бір жолына татымайтынын білесің ғой.
Екеуміз үнсіз сыраға бас қойдық. «Сыраны шәйдан соң ішіңдер», - деді қыз. Біз үнсіз келістік. Бірақ шәй бата қоймады. Қыз бізге алма-кезек қарап шәй сораптай бастады. Біз қызды тіпті ұмыттық. «Өзің не шимайлап жүрсің?».
- Жәй. Бояуды шығындағаннан басқа не бітірер дейсің. Далиді не Пикассоны қазақшалау қолдан келмейді. Біз күлдік. Қыз да күлгендей болды. Суретші маған қарады. «Жүр, бөлмеге барайық». Стол астынан қалған сыраны алып, оның бөлмесіне кеттік. Суретші чемоданынан арақ шығарды. Екеуміз стақандарға құйдық та бірауыздан тост айттық.
- Ұлы өнер мәңгілік өлмес үшін!
Сол түні арақты көп іштік. Суретші мас болды. Ол мені құшақтап, кемсеңдеп жылады. «Саған сырымды айтайын ба?» «Айт». Мен де сау емес едім. «Мен ғашықпын». «Кімге?» «Галаға». «Қандай Гала, неге танымаймын?» «Танымайсың. Ол Сальвадордың, Далидың Галасы, мен күнде оны түсімде көремін. Ол маған Далиды өлтірші дейді. Мен қанжарымды алып Далиға ұмтыла бергенде шошып оянам. Түсіндің бе? Далиға, ұлы Сальвадор Далиға қанжар сала бергенде оянам. Сірә, мен оны өлтіре алмай-ақ кететін шығармын». «Иә, - дедім мен, - оны ешкім өлтіре алмайды. Ол - ұлы адам». Ал суретші столға басын қойып ұйықтап кетті. Бәлкім, Далиға қанжар сұққалы жүрген шығар...
 
V. Махаббат
Сақалды суретші қалаға қайтты. Ол кетерде менің көңілімді бір түрлі мұң биледі. Енді ешкіммен ұлы өнер үшін тост көтере алмайтындай болып көріндім. Оны вокзалға шығарып салып келе жатып жолдан шампан сатып алдым. Қонақ үйге келгенімде, кеш бата бастаған еді. Кәриманы аққұба келіншек ауыстырып жатыр екен. Мен кіргенде, оның көзінде жұмбақ жымиыс пайда болды.
- Сәлем, қайным.
- Хал қалай, жеңеше?
- Шүкір.
- Ағамның денсаулығы мықты ма?
Ол үндемей қалды. Мен Кәриманы бөлмеге шақырдым. Столда шампан, шоколад, печенье және Акутагаваның новеллалары жатты. Мен кереуетке, ол орындыққа отырдық. Шылым тұтатып, сонсоң келіншек неге үндемей қалғанын сұрадым.
- Оның күйеуі жынданып кеткен...
- Қалайша? Шампанды атып, стақандарға құйдым.
- Бұдан бес-алты жыл бұрын ол шопыр еді. Жап-жас, көрікті жігіт болатын. Гитарамен ән айтқанда, біз сияқты бала қыздар жылауға дейін баратын. Құралай(келіншек) екеуінің үйленгеніне көп болмаған. Олар бақытты еді. Бір күні Бахтияр (күйеуі) бір топ шопырмен бірге көрші ауданнан қауын алып, қалаға кетті. Үш-төрт түн жүріп аман-есен апарған қауындарын өткізген соң, жанындағы жолдастары шаруаның біткенін жуамыз дейді. Бахтияр да солармен бірге бір түн жуады. Бір күн жуады. Сапарластары қайтуды ойламаған соң, Бахтияр кешкілік мәшинесін оталдыра бастайды. Жолдастары оны қалуға біраз үгіттеді. Бірақ бойынан арақтың қызуы қайтпады ма, әлде Құралайды сағынды ма, Бахтияр айтқанынан қайтпады. - Жоқ! - деді ол сенбі күні ораламын дедім, оралам. Айттым - болды! Ауыз дарбаза емес!
- Балам, айтқанды тыңда, алдың - түн, сапарға жалғыз шығуға болмайды. Жолда қорым бар. «Ол жерді түнде Қара қыз төңіректейді. Жалғыз-жарым жолаушыны азғырады» - деген сөз бар. Бір түннің әрісі не, берісі не, таң ата шығармыз. Бұны айтқан шопырлардың үлкені Мешітбай шал еді...
- Жоқ, ақсақал, ренжімеңіз, мен қайттым. Қара қыз да, сары қыз да керек емес, үйде аппақ келіншегім бар.
Осыны айтып ол жүріп кетеді...
Кәрима ойланып қалды... Мен ол қабағын түйгенде қастарының қосылып кететінін байқадым. Нәзік саусақтарымен стаканды алып кішкене шампан жұтты да, ойлы көздерін маған қадады. «Білесің бе, - деді ол, - білесің бе, сен Бахтиярға ұқсайсың». «Қойшы». «Оның да еріндері қызарып тұратын. Бояп қойғандай». «Әрі қарай айтшы». «Қазір». Ол тағы кішкене шампан ішті...
Бір-екі күннен соң ауылға оралған шопырларды қарсы алуға шыққан Құралай Бахтиярдың мәшинесін көре алмады. Сол ойға батып тұрған ол қасына келген Мешітбай шалға иіліп сәлем беріп, Бахтиярды сұраған. Көпті көрген кісі емес пе: «Ә, ол көрші ауылда шаруаларымен қалған. Келіп қалар», - дей салды да, Мәкең үйіне кіріп шығып, қасына бір-екі жігіт ертіп, келген жолымен кері қарай кетті. Әркімнен сұрастыра жүріп, жолдағы жалғыз бейіттен бес-алты шақырым жерде құм арасынан Бахтиярдың мәшинесін, тағы біраздан соң сексеуіл түбінде ұйықтап жатқан өзін тауып, ауылға әкеледі. Жолда ол: «Жіберіңдер, мен кері қайтамын. Маған онсыз болмайды. Біз бірге болуымыз керек. Маған бәрібір онсыз өмір жоқ!» - деп айқайлапты дейді. Көпті көрген қарттардың айтуына қарағанда, жалғыз бейіт маңында жалғыз-жарым жолаушыларды арбайтын аққудың көгілдіріндей, жоқ... хор қызындай әдемі пері бар дейді. Онымен бір жүздескен еркек есінен айрылатын көрінеді.
Жұрт айтады: Бахтияр жалғыз бейітке жақындағанда алдынан қос бұрымы тобығын тепкілеген жалаңаш қыз шығыпты-мыс. Сөйтіп, мәшиненің алдына түсіп жүгірген қыздың соңынан ол да ере беріпті. Ақырында жолдан шығып қалың құмның арасына барғанда, адам көзінен таса болғанда, екеуі мәңгі бірге болуға серттесіпті. Содан бері Құралай қанша өтінсе де, жалынса да, Бахтияр оған тіл қатпапты. Апармаған молда, бақсы қалмапты. Ешқайсысы да оны емдей алмаған көрінеді. «Қара қыздың дуасын біз қайтара алмаймыз», - деп қолдарын қусырады екен.
Ал Бахтияр болса екі күннің бірінде  қара жолдың бойымен жалғыз бейітке қарай тартады да тұрады. Құралай сорлы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалады. Жындыханаға беруге жанындай жақсы көрген адамын қайдан қисын. Сөйтіп күндер, айлар өтіп жатты. Тірі адамға тіл қатпай Бахтияр  қала береді. Тек жанындағы ешкімге көрінбейтін сүйіктісімен тілдеседі де қояды. Ақыры түн жамылып ауылдан шыққан ол үлкен жолдан мәшинеге мініп жалғыз бейітке қарай тартып отырады. Артынан іздеп шыққан адамдар оны баяғы алғашқы көрген жерден тауып әкелді. Тек...  тек бұл жолы ол өліп қалған екен. Бір қызығы, еш жері ұрылмаған, сынбаған, тек жұмбақ жымиған қалпы жатыр екен...
Осыны айтты да ол үнсіз қалды. Бөлмені ауыр тыныштық басты. Күнә секілді ауыр тыныштық. Бәлкім, екеуміз де тірі жүргеніміз үшін ұялған шығармыз...   Әлде күнәһар екенімізді сезбедік пе?  Мен Бахтиярға қызықтым. Оның өлмегенін, тек «тірілерге» тәнін қалдырып өз сүйіктісімен аспанда, дәлірек айтсам, Күн-жұлдыздың көгілдір жүрегінде ғұмыр кешетінін ұғындым. Оның тағдырына қызықтым. Бақытына қызыққан да шығармын...
Сонсоң стақандарға шампан құйдым.
- Кел ішейік.
- Не үшін?
- Бахтияр мен Қара қыз үшін. Махаббат үшін.
 
Мен Кәриманы шығарып салуға шыққанда, келіншек столға басын қойып ұйықтап отыр екен.

VІ.Түс
 
Аяқталмай қалған

01 қараша 2019 ж. 1 053 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031