» » » Мұхтар Әуезов: Көксерек

Мұхтар Әуезов: Көксерек

Қара адырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан. Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді.
Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім ескі ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті. Бұрын итмұрын жанындағы кішкентай аланда кеңдігі кісі сыйғандай үш үлкен ін болатын. Биыл жас топырағы жағасында дөңкиіп, тағы бір жаңа ін шыққан. Бәрінің ауданы бір, жер астынан қатынасы бар.

Маңайы қасқырдың ойнағы. Жас шөптер басылып, тапталып қалған. Жақындағы қарағандарда қасқырдың ақ жүндері көрінеді. Қыстан қалған түбіті кәзір де әр жерде сөйтіп жүлынып қалып жүр. Індердің орта жерінде екі қалың сасыр шайқалып өсіпті. Қазір соның түбінде қысқы жүні әбден түлеп болмаған ақ қасқыр жатыр. Баурында кішкентай көк күшіктері қыбырлайды. Жарқыраған қызулы күн бойын ерітеді. Көзі бір сығырайып ашылып, бір жұмылып қалғуға кетеді. Иіген емшектері жыбыр-жыбыр тартылады. Төбесінде сасыр шайқалып ырғалады. Маңайдағы қараған мен итмұрын бастары қозғалактайды.

Бір мезгілде бас жағынан сатыр-сұтыр, сырт-сырт сынған ши, тобылғы, қу шөмшектер дыбысы келді де, есін жиғанша бірдеме қасына тасырлатып келіп қалды. Атып тұрды... Баурындағы көк күшік шашылып-төгіліп, ұмар-жұмар домалап қалды. Тұрғанда "арс" етіп, азу тістері ақсиып, ырылдай түрегелді.

Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қызыл қозы топ ете түсті. Соның артынан секіріп шыққан — көк шолақ. Ентіккен, көбік акқан тұмсығымен ақ қасқырды айнала иіскеп, әр жерін жалап алды. Содан соң жерде үйелеп қалып, тыпырлап жатқан қозыны көре сала — "ырр" етіп барып бас салды.

Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш, қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады.

Аз уақытта екеуі қозының орнын ғана иіскелеп қалды. Енді біразда көк шөпте әрлі-берлі аунап-аунап, керіліп тұрып, жегендерін құса бастады.

Алдымен туған, көзі ашылған күшіктер жемденіп жатыр. Ең соңғы туған екі күшік баурын көтере алмай, тырбындап жатыр еді, енді оларды баурына алып емізе бастады.

Ертеңіне түсте жат иіс шықты, алыстан әлдеқандай дабырлаған дауыстар естіліп, жақындап келе жатты. Күшіктерді жоталарынан тістелеп, індерге тығып-тығып тастап, ақ қасқыр қараған ішіне кірді.

Ін үстіне мүйіз тұяқтар тасырлап дүбірлетіп келді, айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сарт түсіп жатты. Ін аузына екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздер ін түбіне қадалды. Күшіктер бірі үстіне бірі үйіліп, баурын көтеріп қыбырлай алмай, жақын жерде жатыр еді.

Жып-жылы мықты тұсаулар мойнынан, жотадан ұстап бар күшікті сыртқа алып шықты. Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін - ең кенжесін алып жүріп кетті. Қалған жалғыз күшікті тістелеп алып, екі қасқыр жоқ болды. Ін қаңырап қалды...

Осыдан соң бір жұма бойы маңайдағы ел күндіз-түні у-шу болып жатты. Қой жараланды. Қозы алып қашылды. Бұзаулар өлтірілді. Далада құлындаған биелердің бірнеше құлындары желінді.

Тұтқын болып кеткен көк күшік ауыл тұрғыны болды.

Көзін ауылға келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті. Кішкене Құрмаш Көксерек деп ат қойып алды. Ертенді-кеш айналасынан шықпайды. Өзіне жеке асқұйғыш — итаяқ әзір болды. Баурын көтеріп, тырбанып жүруге айналған соң, мойнына жіп тағылды.

Үй ішінен шықпайды. Түн баласында Құрмаш қасына алып жатады. Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып кетті. Бөлек жатады. Қасында не аяқ жағында, көрпенің астында Көксерек жатады.

Жаз ортасына жақындаған кез болды. Көксерек үлкейді. Семіріп жонданғандай да болды. Бірақ үлкейісі даладағыдай емес, бәсендеу. Ауылдағы өзі құрбы күшіктерден сонша үлкен емес.

Бұл уақытқа шейін Көксерек ауыл итінен көресіні көрді. Бірде-бір ит мұны дос көрмейді, маңына жақындатпайды. Қасқырға шабатын батыл төбеттер бұны талап та тастайды. Өзге көп ит те ырылдап үріп, кейде тап беріп, әр жерінен тістеп тартып кетеді.

Құрмаш қасында болғанда таяқ жемейді. Бірақ ержете бастаған сайын бұдан иесі көз жазып қала берді. Сондай кезде Көксерекке ылғи жау иттер кездеседі.

Бір уақыт үлкен үйдің үлкен қара ала төбеті оңашада бұны алып соғып, көп езгіледі. Бұны талап жатқанын көріп, өзге иттер де келіп шабынан алып, борбайынан созғылап өлтіруге айналып еді. Шаң-шұңмен балалар, үлкендер жиылып кеп, иттерді ұрып, зорға айырып алды.

Бірақ Көксерек әлі күнге ешбір уақытта "қыңқ" етіп ауыр-сынған дыбысын шығарған емес. Талаймын деп ит ұмтылса, жота жүні үрпиіп, үдірейіп тұрып алады. Тісі батып, қинап бара жатса, дыбыссыз ғана езуін ыржитады.

— Кәпір, қырыс, тағы емес пе! Кеудесін бермейді, жасымайды! — деп ауыл аңыз қылады.

Сонымен қатар Көксерек жайында ауыл-үйдің қатындары әр алуан өсек те таратып жүрді.

— Ұры. Асырасаң да мал болмайды. Тұқымы жау емес пе! — десті.

Кейбіреулер: "Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді. Иттен қорыққаннан ғана үйде жатады" деседі. Құрмаш бұл өсектің бәрін елемейді.

Шынында, Көксерек тамаққа өлгенше ашқарақ еді. Алдына құйып қойған асты әлі күнге қасында кісі қадалып тұрса, жаламайды, жемейді. Жалғыз-ақ кісі көзі тайса болды, кәзір жоқ қылады. Бірақ егер тіпті қарны ашып кетсе, өзіне бермеген асты да жеп қояды. Көрнеу ши ішіне кіріп кетіп, керегеге асулы тұрған ет болса, жас тері болса, қазанда іркіт, қатық болса — барлығын да өзінің ыдысына құйып қойғандай көріп, иіскелеп жалап, жеп кетеді.

Кейде сондай жерде ұсталып, таяқ та жейді. Талай рет оқыста төбесіне таңқ етіп тиген оқтау бойын тызылдатып, шыпыртып тиген қамшыны да татты. Бұның жауабы — езуін ғана ыржитады.

Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың айырмасы не екенін ұға алмады. Біресе өздері беріп тұрып: "же" дейді. Біресе сондай тамақты өзі тауып алып жеп жатса, ұрып салады. Сол себепті кей кездері алдына дайындап қойған тамақты да жемей, көзінің астымен жалт-жалт қарап жатушы еді.

Қалай да болса үзіп-жұла жүріп, Көксерек аш болмайтын. Күніне екі мезгіл тамақ ішу, мұның шарты болып алды. Екі рет қолдан ас құйылмаса, ол күні Көксерек өз бетімен барып бірдемені жеп жататын.

Осымен жүріп жаз ортасы ауған кезде Көксерек зіңгіттей көк шолақ қасқыр болып шықты. Енді қара ала төбет те талай алмайды. Жота жүні үрпиіп, көздері жасылданып, бар тістерін көрсетіп, аузын ақситып ашып жіберіп, тап бергенде талай бұралқы төбет, быжыл қаншық қаңсылай, шәуілдей қашатын болды.

Мынадай кезде Құрмаштың өзі де қорқақтай барып, қой-қойлайтын еді.

Жетілмей келе жатқан тісі ғана. Көксерек арлан еді. Сондықтан бұның бойы биіктене берді. Әлі тұрқы шығып ұзарған жоқ. Барлық жүні қара көк, жотасы күдірейіп, ауыз омыртқа мен құйрығына шейін тұп-тұтас болып, күлдіреуіштей бүгіледі. Атылып келе жатқан садақ оғындай үңілген, сүйірленген бір бітімі бар.

Өзі ешкімге ізденіп соқтықпайды. Ит баласына заты қастай жібімейді. Әлі күнге бір рет жадырап ойнап көрген емес. Татулық жоқ, суық. Жалғыз-ақ атын біледі. Құрмаш пен әжесі шақырса, келеді. Онда да жүгіріп келмей, қүйрығын сөлектетіп, бүкеңдеп қана келеді. Бұны да ашыққан уақытында істейді. Әйтпесе, көбінесе анадай жерде қырыстанып, көзінің астымен жалт-жұлт қарап жатып алады. Барып түрткілеп, орнынан тұрғызып жіберген соң ғана үйге жүреді. Өскен сайын сызданып, суықтанып келеді. Сол мінезін байқаған үлкендер:

— Енді бұны өлтіріп, терісін алу керек осы кәпір түбінде ел болмайды,— дейтін де болып еді. Бірақ Құрмаш көнбеді.

Осымен тағы біраз жүргенде бір күні Көксерек қара ала төбетке майдан берді. Қара ала төбеттің иесі Жұмаш бала жаз бойы Құрмашқа:

— Қасқырың болса, қайтейін, менің қара ала төбетім бір-ақ бұрап соғады. Арашаламасаң, алдақашан өлтіріп тастар еді,— дей беретін.

Бір күні түсте Құрмаш Көксеректі тысқа алып шығып, ас құйып жалатып тұрғанда, анадан шылапшынның салдырын естіген қара ала төбет үйдің көлеңкесінен шығып алып, адымды қойып еді. Екпіндеген бетімен, жолында жасқап тұрған Құрмашқа қарамастан, келе — Көксеректі бүйір жағынан келіп арс етіп қауып түсті.

Бұрынырақ кезде бұндайда асын тастап, кісіге қарап жалтақтап шығып кететін Көксерек енді зор дауыспен "гүрр" етіп, қара ала төбетті алқымынан ала түсті. Ұстаған жері құлақ шекеге жақын еді. Төбеттің мойнын бұрғызбастан қапсыра тістеп, жұлқып-жұлқып жібергенде, үлкен төбеттің арт жағы бұлғаң-бұлғаң қағып барып, Көксеректің жанына дүрс етіп сұлап түсті. Маңайдан жұрт дабырлап жиылып қалып еді. Көксерек қара аланы тамағынан қысып буындырып тұрып-тұрып қоя берді де, жотасы үдірейіп топтан шыға берді.

Жеңген жаудың сығымынан зорға құтылған қара ала қаңсылап, жүні жығылып, бір жаққа кетті.

Осы оқиғаның ертеңінде кешке жақын ауыл жанында жатқан қойға қасқыр шапты. Дөң басындағы қойшының айғайымен қатар ауылдағы кәрі-жас, аттылы-жаяу иттерді айтақтап түгел жүгіріп еді. Көп ішінде "Көксерек те кетті" деп Құрмаш та жүгірді.

Бірақ қасқырға ешбір ит жете алмады. Дөң аспай, иттің бәрі де, адам атаулы да тоқтап қалды. Сам жақтағы алыстағы сары жотадан ереуілдеп, екі зор қарайған асты. Ол екі қасқыр еді. Солардың артында тұмсығын жерге салып тоқталмай ағызып, Көксерек кетіп бара жатты. Бір кезде жотадан о да асты. Артынан Құрмаш пен өзге балалар бірі артынан бірі: "Кө-ө-к-ө-к-се-ре-к! Кө-ө-к-с-е-ре-к!" деп, шақырып айқайлап жүгірді.

Әбден қас қараюға айналған уақытта Көксерек жалғыз өзі баяулап басып ауылға келді. Бірақ үйге кірген жоқ, анадайда тұрып қайта-қайта шандатып, жер тырнайды. Сары жотаға қарап-қарап қойып, әрлі-берлі жүріп жер иіскелейді. Тыныштала алмағандай.

Көксеректің бұл жайын байқап ап, Құрмаштың әкесі:

— Түу, мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзіқара қой балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық,— деп еді.

Құрмаш бұл сөзге көнбеді. Бірақ осы кештен екі күн өткен соң, Көксерек бір түн ішінде жоқ болды. Құрмаш қашып кетті деуге қимай, айналадағы ши-қарағанды, жар-жыраларды тегіс арылтты. Таба алмады. Осымен жұрттың бәрі кеттіге есептеп қойып еді, үш күн өткенде бір күні таңертең ойда жоқта Көксерек өз-өзінен сап ете түсті. Құрмаш пен әжесі қасқырдың бұл мінезіне сүйсініп, қуана қарсы алды. Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып ашыққан. Өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан собалақ жүдеу пішінмен келді. Қайта тұрып қалды. Тағы да бұрынғысынша күйленіп, нық семіріп, енді орасан боп өсе бастады.

Бұл соңғы күйленуі шынымен үлкен қасқыр боп ұлғаюының белгісі еді. Сонысын сезген болу керек, күздің бір қара дауылды қара түнінде Көксерек тағы жоқ боп шықты. Бұл жолғысы шын болды. Енді қайтып оралмастай болып кетті. Сол көк қасқыр саршұнақ пен қоянның көжегі сияқтыны азық қыла жүріп, өлместей боп алды. Қысқа да жеткен еді.

Жарық айлы түнде тұмсығынан бұрқырап бу шығады.

Аязды түнде табанының астындағы қар шықыр-шықыр етеді.

Жотадан-жотаға жортты. Талай жерден қарауыл қарап, желге тұмсығын төсеп, алыстан тартқан бір иіспен жүріп отырып, бір қыстаудың желкесінен келіп шықты. Тау желкесіндегі боз қарағанды, қарлы адырдан әрлі-берлі жүріп көп аңдыды.

Шашау шыққан мал жоқ. Айналасы қарауытып, қыстау тұр. Бадырайып қараған көздердей болып, әр жерден төрт бұрышты қызыл оттар көрінеді. Пішен төбесі мен қораның ығында жатқан иттер үреді. Сақ, мазасыз...

Бірақ сол қорадан кеш бойы мұрнын жарып өзіне тартқан қой исі де келеді.

Қораға жақындайын деп еді, көп иттер шулап үріп, маңайлатпады. Қатты аяздан тұмсығының ұшы, езуі ашып, шыдатпай тоңа бастады. Табанына өткен ызғар да аяқтарын қарып, қатырып барады. Қайта жортып адырға шықты.

Алғашқы рет амалсыздан көкке қарап аузын ашып ышқынғанда, ішінен зор дауыс шыкты. Күтпеген дауыс. Көксеректің ең әуелгі ұлығаны осы еді.

Қарлы елсіз адырды басына көтеріп дауыс салды. Тынбай, ұзақ-ұзақ уақыт ұлыды. Мұның даусы шыққан сайын, сайдағы ауыл жақтан көп иттің арс-ұрс, шәу-шәу етіп үргені естіледі.

Көксерек құйрығын артқы екі аяғының арасына тығып алып, аш белі бүгіліп, іші қайта-қайта солқ-солқ етіп ұлып тұр еді. Бір мезгілде дәл жанынан өзінің дауысындай дауыс естілді. Ол да дәл осы сияқты ұлиды...

Көксеректің даусын естіп, маңайда жүрген қаншық қасқыр мұны іздеп келеді екен. Екеуі екі беттен бірін-бірі көрісімен — қарсы ұмтылысты. Етпеттеп біріне-бірі жақын келгенде "ырр", "ырр" етісіп, тістерін тигізіспей қағысып өтісті. Ашқарақ азулары сақ-сақ етті. Көксерек гүрілдеңкіреп, маңына көп дарытқысы келмей, әрлі-берлі ортқып түсіп, жылдам оралып, ашу шақырғысы келіп еді. Ақ қасқыр айнала қыңсылап бұның ізін иіскеледі. Аздан соң құйрық жағынан бір иіскеп, сирағын жалап өтті. Екеуін иістері табыстырды. Көксерек те айнала иіскеді. Бір-бір рет жақтарын жаласты.

Көсіліп алып сайға қарай салды. Екеуі де енді ширақ, қатты жортады.

Қора жанындағы дүңкиген сары жотаны құлдап тарта бергенде, қалың жүнді барқылдақ қара ала төбет сондарына түсті. Бұл Көксеректің жаз бойы ырылдасып өскен ала төбеті болатын. Қасқырлар бой салып қашқан жоқ. Ақ қасқырды алдына салып, Көксерек арт жағына онды-солды жалт-жалт қарап, ойға, тасаға таман түсті. Артындағы иттерді ілестірмек болып, үріп қуып келе жатқан ала төбет бұлар ойға түскенде тоқталуға айналып еді. Қалған иттер жота басында серейіп-серейіп тұрып қалып, сол арадан кәр жіберіп тұрған. Енді қара ала тоқтауға айналғанда, Көксерек бұрыла сала тап берді.

Ақ қасқыр да айналып жіберіп, ағызып келіп алдына түсті. Екеуінің бетіне шыдай алмай, жалт бере қашқан ала төбет құйрығы шошандап, барбандап бетке қарсы ұзай алмады. Ақ қасқыр бұрын жетіп жұлып кетті. Арты көтеріліп барып түссе де, ала төбет жығылмай қарсы қарап, ырылдап тұра қалып еді.

Сол кезде ғана бұларға жеткен Көксерек келе құлақ шекеден қауып түсіп, көз ілескенше қара аланы жұлып соғып, астына жұмарлап басып алды.

Қасқырдың екеуінің де жоталары дүңкиіп, жон жүндері үрпиіп алған. Ауыздары басында қалың жүнге толып-толып шықса да, артынан ыстық қанға, жұмсақ етке, сырт-сырт сынған сүйекке де араласты. Аяқтарының астында ойылып қалған қалың қар, бұрқ-бұрқ борайды. Жылы-жұмсаққа тұмсықтары кіріп алып, екеуі де өзге дыбыс шығармай, қорқ-қорқ асайды. Суық қар араласқан жылы тамақты қомағайланып, қылқ-қылқ жұтады.

Аяқтап келгенде екі санды екеуі ортасынан дар айырып жұлып-жұлып әкетісті. Аздан соң қара аланың қара табандары мен құйрығы ғана қалды. Одан басқа әр жерде шашылған жүндер ғана жатыр.

Екеуі айға қарсы қасқайып, қайтадан Қараадырға тартты. Алдына — Көксерек, артына соның ізімен ақ қасқыр түсіп, адырға кіре бере бір ық жартастың баурында екеуі бірдей аунап-аунап алды.

Осыдан соң екеуінің жұбы жазылған жоқ. Қасына серік ергеннен бері Көксерек зорайып қатты өсті. Аяқтары жуандап, жүндерінің бәрі де қалындап ұзарып, өзі жуан, өзі мықты көкжал болып алды. Қыс іші болса да жоны шығып, алқымы түсіп семіріп кетті.

Оның есебіне, белгілі атышулы екі қасқырдан Қараадырдың іші-тысындағы ел түгел көресіні көрді. Даладан қойшы алдынан қой тартып жейтін, жайлаудағы сиырға шауып, тайыншадан бастап, үлкен сиырға шейін жейтін — осы екеуі. Февраль, март кезінде үш-төрт түйе де желінді. "Кісіден қорықпайды. Әсіресе, бір көк шолақ бар. Қойды алып соғып жарып жатқанда, қасына сойыл-салым жерге келгенше қашпайды.

Даладағы қойға тигенде, әуелі біреуі келіп шабады, соған қойшы алданып жүргенде, бір жақтан келіп, екіншісі шабады" десетін болды.

Боранды, аязды түндерде бірен-саран қораға да түсіп көрді. Бір кедейлеу ауылдың қой қорасына түсіп, он шақты қойын жалғыз Көксерек өзі өлтіріп, құтылып шыққан уақыты да болды. Бірнеше ауылдың "қасқырмен таласуға жарайды — ер, сақ" деп жүрген әлденеше иттері де желінді.

Және шірет жасағандай, Қараадырдың қыстауларына кезекпен соқтығады. Бірер күн бір-екі ауылдың айналасында қатты қимыл қылып жүріп-жүріп, соның артынан бір жұма, он күндей бұл маңайда жоқ болып кетеді.

Оның есебіне, екінші, үшінші ауылдар әлгінің көргенін көріп жатады. Әр ауылдың тұстарында өздерінің көрініс беріп келетін қарауыл жоталары, жығылып келетін сай, өзектері бар. Торуға мезгіл таңдамайды: таңертеңі, түсі, түні — бәрібір. Күніне бір мардымды жем алмай, қанағат қылмайды.

Келгенде: ана кезең жақтан, анау шиден, ана қарағанды сайдан келеді десе, сол жерлерден айтқандай шығады. Бұлар айналдырып жүрген елдер малын шашау шығармай көзден таса қылмай, қия бастырмай-ақ сақайған болады. Бірақ күндіз-түннің бірінде неғылса да бір қапысы болмай тағы қоймайды. Көксерек дәл соған кез келгендей дап-дайын болады.

Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Сондықтан талай рет ат жаратып, шоқпар қамдап, қуамын деген жігіттер болса да, ешнәрсе қыла алмайды.

Бір рет қана белгілі бәйгі жирен атымен Арыстанбек шығып, сондарынан түсіп еді. Оны адырдан адырға салып, адастырып кетті.

Маңайламайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді. Одан да жасқанбады. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп, қырылып қалған уақыттар да болды.

Мұның бәрі екі қасқыр жайындағы Қараадыр елінің аңыз-әңгімесі еді. Соңғы бірер айдай бір ауылдың кісісі бір ауылға қатынасса, жиын болып көпшілік бас қосса, көп әңгімелері екі қасқыр жайында болатын.

Көксерек семіргенде, ірілеп өскенде — осындай даңқ, атақ ішінде семіріп, өсіп келе жатыр еді.

Осы күйлердің бәрімен қатар, Көксерек оңашада елсізде қатты ойыншы болатын. Түс кезінде, я таңертең бір малды тасада аунатып жеп алып, елсіздегі қашандау жатақтарына қайтады. Сондайда ақ қасқыр жүрістен талып келіп тынығып жатса, Көксерек айналасында қар боратады. Жүгіріп екпіндеп кеп тістеп өтеді. Басынан асып аунап түседі, кейде ақ қасқыр ырылдап тісін сақылдатып, құлағын жымитып, ашумен тап береді. Ондайда Көксерек те қатты қорылдап гүр-гүр етеді. Кейде секіріп кеп ақ қасқырдың желкесінен қапсыра тістеп алып, қысып тұрып-тұрып барып қоя береді. Екеуі осыдан әрі ұзасып барып таласпайды. Артынан Көксерек қайта ойнайды.

Күн жылына бастады. Бірнеше рет шағырмақ жақсы күндер болып, әр жердің қары тесілді. Ойдым-ойдым қара жерлер көріне бастады.

Жылы күн ұйқыны көп келтіреді, тамақтың артынан бойды көп сергітеді, етті шымырлатады. Ақ қасқыр да ойыншы бола бастады. Өзі келіп Көксеректі иіскеп, жалай беретін болды. Қайта-қайта Көксеректің үстіне артыла береді, ыңырсып тістелеп те қояды. Бой тартты... Екеуі қалың қараған арасында ұйығып та алды.

Көк молайып жаз шыққан соң, екі қасқырдан Қараадырдың елі сап болды.

Қараадыр сыртында елсізде екі үлкен ащы көл бар. Соның аралығындағы қалың шидің ішінде ескі ін болатын. Көксерек пен ақ қасқыр сонда. Жақын жерде — қамыс, одан әрі — көл. Қауіпсіз. Адам көзінен алыс жай, бастап келген — ақ қасқыр.

Бұл кезде Көксерек басқа жақтағы елді ториды. Ақ қасқыр ін маңында болады. Қамыс арасында көп құстардың жұмыртқасын жейді.

Бір күні Көксерек інге салып келіп, аузынан кесек-кесек құйрыктарды құсып-құсып тастады. Бірақ бұрынғы дағды бойынша ақ қасқыр қарсы шығушы еді. Оны істемеді. Көксерек ін аузын тырналап, шаң боратқан соң ғана сүйретіліп зорға шықты.

Ін ішінен жат иіс сезіп, Көксерек басы мен кеудесін сұғып "ырр" етіп барып, кішкене күйкі күшікті тістеп суырып алып шықты. Бұл бұны істегенде, ақ қасқыр арсылдап тап беріп еді. Көксерек сонда да тоқтамай, көк күшіктерді жерге жұлқып-жұлқып соғып, қабырғаларын кірт-кірт сындырып, өлтіріп тастады.

Бірақ бір емес, екінші, үшінші, тағы әлденешеуі пайда болды. Аяғында, жылыды. Күшіктерді жалап, иіскелеп, кейде қастарына да жатады. Ақ қасқырға жем таситын болды.

Аздан соң серігі қайта қосылды. Көп ұзап шықпайды. Сонда да талай жерге еретін болды.

Бір күні екеуі бір қозыны жеп келе жатыр еді. Індерінің үстінен көп үлкен жаулар кетіп барады екен. Қамыс арасына бүқты. Жау озған соң інге келді. Бір-ақ қана күшік қалған, бүралып тұра алмайды, арт жағын баса алмайды. Ақ қасқыр тістеп әкеліп қамысқа тықты. Екеуі қайтадан Қараадырға бет қойды. Жарысып, кезек-кезек озысып отырып келіп, даладағы қойға тиді. Түн баласында құлын жеді, тай жеді.

Тыным алмай баяғы іздерімен баяғы елді қайта қанқақсатты. Бұрынғыдан жаман құтырды...

Ақ қасқыр ойнамайды, қыңсылай береді. Жесе де, семірмейді. Кей уақытта жалғыз қаңғып кетеді. Көксерек артынан іздеп жүріп, зорға табады. Кейде Көксерек қатты жүріп кеткенде, бұл жүрмей тұрып та қалады. Көксерек қайта айналып келеді.

Кей уақыттар бір-екі күндер аш та қалысады.

Бірақ Қараадыр елі екі қасқырды ұмытқан жоқ. Әлде болса да сол екеуін көре береді. Енді жер кепті. Жазғытұрғы көкпен көбең семірген желқуық айғырлар қайта мінілді.

Бір күні зор қуғын болды.

Үш үлкен жау Қараадырдың ойында тобылғылы шұбардан шығарып алып, екі қасқырды сатырлатып, бастырмалатып қуып берді. Екі айрыла қашты. Ақ қасқырдың желіні түгел қатқан жоқ екен. Бәрі бірдей соның соңына қарай үңілді.

Көксерек еріксіз ойысып келіп, үшеуінің алдына өзі түсті. Екеуі қатар қашты. Беттері Қараадыр еді. Ерікке қоймай, жандай шауып, тауға жібермей қайырып алды. Ақ қасқыр ойға қарай қашты. Көксерек ерегісіп тауға қарай тартып еді.

Мұны біреуі ғана қуып, екеуі ананың соңынан кетті. Ықтиярсыз айрылып кетті. Артында жерді дүрс-дүрс басқан қатты тұяқтар бұны енді ақ қасқырға қоспады. Сонан соң бұл адырға кіріп, бір-екі бел асқан соң қуғыншыны адастырып, құтылып алды. Бірақ серігі жоқ.

Сонымен қуғын күні Көксерек түні бойы ақ қасқырдың ізіне түсіп жортып еді. Бір төбенің ойына келгенде иіс те, із де бітті. Серігінің иісі жоқ оның орнына ат, адам иісі мол білінеді. Ағып, ұйып қалған қан көрінді. Аз ғана иіскелеп, бір рет жалап дәмін де көрді.

Түн бойы көп-көп ұлыды, таң атқанша жер тарпып, шаң боратты, ыңырсыды, аунады. Ай астында әрлі-берлі сенделіп, көп аяңдцап жүрді. Қасыңда көлеңкесі ғана жүреді.

Тағы да жалғыз жортуылға түсті...

Жаз бойы жалғыз тіршілік етті. Ащы көлдің солтүстік жағын жайлаған бес-алты ауыл Көксеректен тағы да көресіні көрді. Күндіз келіп көл жағасындағы қамыста жатады.

Түн баласында бір ауылдың шуын бір ауылдікіне қосып, бықпырт тигендей қылады. Жаздай жеген қозы, бұзауының саны елу-алпысқа жетті.

Екі рет қуғын болды. Бірақ екеуінде де көлге түсіп кетіп, судың тап ортасына барып, дүңкиіп жатып алды. Саяз сулы, айналасы зор батпақ, батпақты ащы көл бұған үлкен қорған болып алды. Әсіресе, жаңбырлы, желді түндерде, ай қараңғыда, ақ жауындарда Көксерек қатты құтырады.

Түнгі ауылдың қорасына шапқанда күзетшінің айтағы, иттердің үріп тұрғаны — барлығы да бұған бөгет емес. Кей-кейде ара-түнде жарқ етіп, күрс беріп мылтық та атылады. Даусынан ғана біраз сескенеді. Азғантай ұзап кетеді де, ел тыныштала бергенде қайта соқтығады.

Жасынан бір күнде екі рет ас жеп ашқарақ болып үйренген Көксерек ауылға жақындап келгенде көзі тұнып, есі шығып кетеді.

Сондықтан ауылға тақай бере-ақ ағызып ат қояды. Қораны өрт шыққандай, жер сілкінгендей дүр-дүр еткізіп келіп, қақ жарып шыққанда, аузына кем болса бір-екі батпан құйрық ілінбей қалмайды.

Бұл жазда Көксерек қатты семіз болды. Алдақашан түлеген тақыр жүн күзелген жылқының жалындай қайратты, қатты. Денесінің толуы, бойының биіктеуі, қайратының молаюы — биылғы жыл ерекше болды.

Күздің ұзақ таңында бір дауылды қара түнде топ жылқыға араласып еді. Сонда қысырдың семіз асау тайын бастырмалатып қуып жетіп, құйрығынан алып табандап тұрып қалғанда, тай тапжыла алмады. Аз тырмысып-тырмысып тұрып, қоя беріп қалғанда—тай екпінімен барып тоңқалаң аса түсті. Сонда ағызып келіп бас салып алқымынан "гүрр" етіп қаба түскенде, тай көтеріп тұра алмай, Көксеректің астында ажал тапты.

Қайтадан қарлы, боранды қыс келді. Аязды, елсіз ұзақ далаларда аштық түндері басталды. Ашумен жер тарпып, қар боратып, көп ұлыды. Бір мезгілде ай астында ағараң-ағараң еткен көп топты көрді. Бұрылып бір жаққа қарай жалтарғанша, тасырлатып, қар боратып, қасына ағызып келіп қалыпты.

Бұлар: тілдері салақтаған, ауыздары арандай ашылған, жүгіріп келе жатқанда бәрі тегіс ырс-ырс етеді. Иістері Көксеректің мұрнын жарды. Қарсы аяндады. Қалың топтың алдында зор кәрі шолақ мұның жанынан "арс!" етіп желді қауып өтті. Көксерек те тұмсығы ашумен ыржиып, тістерін сақ-сақ еткізді. Екеуі қайта беттесіп келгенде біріне-бірі ұмтылмай, құр ғана жанасып қор-қор етіп, ырсылдап тұрды.

Артынан жеткен көп ақ қаншықтар Көксеректі айнала иіскеледі. Бір үлкен ақ қасқыр келіп жағын жалады, бұ да жалады. Бәрін иіскелеп алды. Үлкен көк шолақ қана иіскелеп жанасқан жоқ. Бәрі де аунап-аунап, қарды қауып-қауып алысты. Көксерек те соны істеді. Бұл қосылған топ жаңа ғана отардағы жылқыдан бір тайды жеп келе жатыр еді.

Бірігіп алып, адырға қарай жарысып жөнелісті. Бұл топтың саны — он шақты. Әзірге басшысы — көк шолақ. Қалғандары қаншық қасқырлар. Үшеу-төртеуі күшік, оның ішінде бір-екі арланы бар. Бірақ олар көк шолақ пен Көксеректен қаймығады, көп ойнайды. Үлкендерімен ырылдасып, таласпайды.

Көксеректі қаншық қасқырлар көп жағалайды. Топ ішінде Көксеректен күйлі қасқыр жоқ. Бойға, денеге бұнымен көк шолақ қана таласады. Оның мойны Көксеректен де жуанырақ. Жалғыз-ақ жотасы ғана бұныкіне ұқсамайды, мұндай дүңкиген күдір емес, жазандау. Шабысқа артық болса да, алыс-қа мынадай сенімді сияқгы емес.

Құтырынып шапқан мықгы, қомағай топтың бетіне ештеңе қарсы тұра алмады.

Боранды күні ығып келе жатқан қойға араласып, бет-бетімен бөліп-бөліп әкетіп, талай қойды жаралап, жеп, қырып шықты. Көксерек қосылғаннан бергі алғашқы шабуыл осы еді. Тамақты, емін-еркін араласқандықтан, әрқайсысы жеке-жеке, таласпай, қағыспай жесіп алды.

Қар қауып, аунап-аунап, тағы бірігіп алып, ілгері қарай салды. Артынан адам келіп айырып алған қойлардың талайы таусылып біткен, талайы жаралы. Әр жерде сирағы, бас жүні шашылып қалған көп жемтіктер көрінеді.

Топтанып келіп жылқыға да шапты. Бірақ қоңын ойып алған, жағын сындырып қалған тай болмаса, ешбірін жығып алып, емін-еркін жей алған жоқ. Көп жылқышы қуғын салып жегізбеді.

Бір күн, бір түн аштық болды. Далада, сары жотаның басында шуласып ұлып-ұлып алып, күнбатыс жақта түтіні шығып қарауытып жатқан ауылға қарай тартып берді.

Ел орынға отырар кезде ауылға қайтып келе жатқан екі-үш жылқыға келіп араласты. Жылқының екеуі қашып ауылға жақындап қалды да, біреуін Көксерек омбы қарға қамап кеп, белгілі әдісімен жығып алды. Кішілеу құнаншығар еді.

Бар қасқыр айнала тұра қалып, ашқарақ ауызды қойып-қойып жіберді. Алдақашан іші жарылған құнанның буы аспанға шығады. Қан-жын басы-көздерін жауып, жота жүндері үрпиіп, естері шығып асап жатыр.

Көксерек бұрынғы дағдысымен жемтіктің кеудесіне тұмсығын тығып жіберіп, жұлып асап жатыр еді. Желкесінен "ырр" етіп бір ауыз тістей түсті. Бұл орын көк шолақтың орны болушы еді. Жемтіктен басын суырып алып, көк шолақтың асылып тұрған аяғынан қатты тістеп алып, үстінен жұлып тастады. Екеуі де жемтіктен шығып, біраз гүр-гүр етісіп тұрып, қайтадан қызылға ұмтылысты.

Таласа-тармаса жесіп алды. Соңғы бір-ақ саны қалған уақытта күшік қасқырлар мен қаншықтардың көбі шығып кетіп, екі көк шолақ қана жемтікті жұлмаласып қалды.

Өзгелер бұлар жеп болғанша қарда аунап-аунап алды. Бірталайы төстерін қарға төсеп күтіп жатыр еді.

Жем бітті. Тағы да адырға қарай тартты. Топ алдында екі көк шолақ қатар жортады. Біріне-бірі жол бермейді. Бірінің алдына бірі түссе, тірсектерінен тістеп ырылдасып қалады. Азу тісінің бірі сынған көк шолақ ызалы, долы. Гүрілдеп сыздана берді. Екі күндей аш болысты.

Жылқы бұрынғы жерінде жоқ. Боран болған, қалың қар жауып, іздер де басылып қалған. Елсіз бір жарды жағалап келе жатқанда, кеуегінен шығып қоян қашты. Жардың екі жағына қақ жарылып бөлініп алып, ұмтылып қуды. Аздан соң қоян жардан шығып, Көксерек жаққа қарай далаға шыға, адырға беттей қашты. Бұл топтың алдында Көксерек еді. Қоянға жақындап келеді. Бір кезде төтеден ағындап жеке дара болып, көк шолақ ағызды. Қоянға жақындап қысып келіп, Көксеректің алдына түсті. Артқы қасқырлар шұбап алыста қалды.

Адырға кірді. Бірнеше төбелерден өтті. Көксерек кейіндеп қалып еді. Бір ылдида көк шолақ қоянды жұмарлап жатыр екен. Көксерек келе ауызды қойды. Екеуі жұлқысып тартысқанда қоянның басы мен кеудесі көк шолактың аузында кетті. Өзінде қалғанды қапаш-құпаш асап, Көксерек қайта тап берді.

Көк шолақ қоянның басын тастай беріп, арс етіп Көксеректі аяқтан ала түсті. Ойда қар борап, аяқтарының асты аткөпір болды. Шапшып келіп гүрілдеседі. Тістері бір-біріне сатыр-сатыр тиісіп, қарш-қарш шайнасады. Тікейіп шапшыған бойда ұстасып тұрғанда, Көксерек басын бұрып жіберіп көк шолақты құлақ шекеден ала түсті. Жасынан ауыл иттерінен үйренген әдісі еді. Аузы тиісімен жұлқып бұрап жібергенде, көк шолақ майысып барып астына топ ете түсті.

Жығысымен үстінен басып тұрып, құлақ шекеден ауызды жылжытып келіп, алқымға салды. Тамағынан қапсыра қысып буындырып алып, мойын сүйегін қырт-қырт шайнайды. Көк шолақтың аузы арандай ашылып, тынысы құрып, тыпырлауға шамасы келмей қалды.

Сол уақытта артқы қасқырлар топырлап келіп жетіп, көк шолаққа ауыз салысты. Былбырап аққан қызыл қанның иісі аш қарындарға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптан, қолтықтан, жалаңаш төстен мықты, өткір тістер жұлқып-жұлқып тартқанда, көк шолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап бу да шықты. Бұл арада бар ауыз түгелімен жабылып кетіп еді. Аз уақытта көк шолактан будыраған жүн мен төрт табан ғана қалды.

Қалған топтың жалғыз даусыз басшысы Көксерек болды. Іздеп жүріп, отардағы жылқыны тауып алды. Тағы да атышулы тоғыз қасқыр деген даңқы шықты.

Күндіз-түні жылқышы атаулыны күзеттен босандырмай, сонда да дамыл бермей, тай-құнанды жеп тұрды.

Артынан ерген тобы аштық көрген жоқ. Бәрі де жонданып, құтырынып, мықты жүргіш болып алды. Шетінен Көксерекше батыл. Сол не істесе, соны істейді. Ара-тұра жылқыны тастап, маңайдағы ауылдарға да соғып кетеді. Тоғызы араласқан жерде сел қаптағандай, жау тигендей қылады. Ат, сиыр сияқты ірі қаралар бір-ақ жеммен таусылып, жоқ болып қалатын болды.

Бір уақыт керуен жолында да болды. Кешеден бері ас жемей, ашыққан, аяздаған уақыт еді. Жалғыз атты шаналы жүргіншіні қамады. Айналасына қар боратады. Біресе жолына барып жатып алады. Жартысы артына, жартысы алдына түсіп, қашпай, мезгіл сайын жақындап, аяң салып отырады.

Есі шыққан керуен аты жүре алмай қалған соң, айқай салып қашып еді. Атты топтарымен жығып салып талқандап, өлтіріп, талап жесе бастады. Топ осыған араласып жатқанда, Көксерек мұны тастай беріп, қасына бір-екі қаншықты ертіп алып, кісінің артынан қар боратып, бұрқыратып салып еді, жақындап қалғанда, кісі шошып жығылды. Бірақ алдарынан айқайлап, сатырлап шапқан аттылар шығып қалып, айырып алды.

Осыдан соң Көксерек қатты долы, ызалы болып, сызданып алды. Ырқына көнбеген күшіктерді, жүріске ере алмаған қартаң қаншықтарды кейде бас салып талап та тастайды.

Тағы бір ретте қалың шилі қорықта отырған бес-алты ауылдың үстіне келді. Күндіз болатын. Күн шаңытқан аяз еді.

Шеткі ауыл бұларды көріп қалды. Ши шетінде қарда аунап жатқанда бір түйе шықты. Үстінде кісі бар. Басына ақ оранған. Тура қасқырларға қарай жүрді.

Ат емес, қашпаса да болады. Бірақ түйе жақындап келгенде, бар қасқыр тұрып, далаға қарай ақырын бүлкектей берді. Топтың артынан Көксерек керенаулап зорға тұрып, қырыстанып артына қарап, ол да аяндады. Түйе бақырып қояды да, шудасы желкілдеп желеді. Бетті елсізге қарай түзеп қасқырлар бүлкектеді. Артында Көксерек.

Түйе бұрылып кетер деп, бақылайды. Бұрылмайды. Көксерек ашығып қалып еді. Дәмелене бастады. Біресе жортыңқырап барып, алдыңғыларға жетеді де бәрін тоқтатып, өзі жүресінен түсіп, түйеге қарап жатады. Түйе жақындап келгенде өзгелер жылжи береді. Бұл да артынан тұрып аяндайды.

Аяғында, ауылдан әбден ұзап шықты. Көксерек өзгелерді ілгері жіберіп, өзі бір күшік қасқырмен бөліне, оң жақ бүйірге қарай тартты. Түйелі қиыстап, топ пен бұл екеуінің аралығына қарай беттеді. Әлі де түйе бақырады. Иісі, дәмі қызықтырып, асықтырып барады. Көксерек түйенің артына түсті.

Бірақ әлі онша жақындаған жоқ. Түйе енді ақырын жүре бастады. Кейде тоқтап, алды-артына қарайды. Ақбас әрлі-берлі бұрылып қозғалақтайды.

Түйе токтағанда — Көксерек те тоқтайды. Тұрған жерінен қар боратып, тарпына бастайды. Сөйтіп кеп, бір мезгілде ағындап шауып, түйенің жанына жақындай келіп, қиыс өте берді.

Сол кезде түйе үстінен бір ұзын нәрсе шошайып созылды да күрс етті. Өлгенше қатты ащы дауыс даланы сілкіндіріп, шошытып жіберді. Бар қасқыр қар боратып ытқып, қашып жөнелді.

Күрс етіп жөтелген көк түтінмен қатар Көксеректің артқы бір саны шыж ете түсті. Әрі ыстық, әрі суық бірнәрсе қадалып шаншып қалды. Санын "арс" етіп қауып қалып, түйенің үсті тағы да сыртылдап қамданып жатқанда, бұ да ытқып қашып жөнелді.

Тоқталған жоқ, көп қашты. Бірнеше қырқадан, бір-екі жазықтан құлаш ұрып шауып өтті. Өзге қасқырлар бір бөлек, бұл жалғыз — бір бөлек.

Түйе қалып қойды. Жүгіріп-жүгіріп келіп, бір жартасты сайға кіре бере, арт жағы қиралаңдап барып құлап түсті. Жол бойы тоқтамай аққан қан әлін кетірді. Жарасының ауруын да жаңа тоқтар алдында ғана сезе бастаған.

Қыңсылап жатып санын жалайды. Қан шығады. Бір тұрады, бір жатады. Тұрғанда енді бір аяғын көтеріп тұрады. Үш аяғымен секектеп аяңдайды.

Арада бірнеше күн өтті. Осы сайдан шыққан жоқ. Ашығып бұралуға айналды. Бірақ аяғы ептеп басуға келді. Бір-екі қырқадан асты. Бір сайда үш-төрт ат жайылып жүр екен. Бұғып қасына келді. Шетте арықтау бір көк шолақ ат тұр еді. Тап беріп, қуып отырып, қалың омбыға әкеліп қамады.

Осқырып, қорқып тұрған атты алқымынан алып, бауыздап түсті. Санын жұлды, қоңын ойды. Омбы қардан шығармай тұрып, жығып алды. Тоя жеп алып, сайына қайтты. Күңде кешті күтеді. Түн болған соң, жемтігіне келіп, асын жейді.

Осымен бес-алты күн өтті. Қайтадан жоны шығып, тыңайып алды. Аяғы да әбден басуға келді.

Күдірейген жоталы, ашулы Көксерек тағы да жортуылға шықты. Белгілі жемтік біткеніне екі күн болған. Содан бері аш еді. Жорта-жорта, баяғы Қараадырдан шықты.

Түске жақын мезгіл еді. Жота-жотадан қарауыл салды. Желге тұмсығын төсеп, белгілі иіс күтті. Алыстан таныс иіс келіп, мұрнына жетті. Маңайға жалт-жалт қарап алып, қырдан-қырды, адырдан-адырды кезіп отырып, күнбатысқа қарай шырқап салды.

Көп іздеді. Аяғында, күн кешке жақындағанда, бір жотаның басында шошайған аттылы қойшыны көрді. Айналасында, сол төбенің бетінде қой шашылып жайылып жүр. Теріп жеуге шашқан шашудай. Бірақ жақында ауыл бар. Алыстан ағындап бет түзеді. Жалғыз-ақ қарасын көріп қалған қойшы айғайды салып, бұған қарсы шапты.

Қойшы үлкен емес, бала даусы шошытпайды. Қой дүркіреп үркіп, қойшыға қарай қашты. Қасқыр жақындап, бір қызыл қойға ауызды салғалы ентелеп келіп қалып еді, бағанадан айғайлап келе жатқан қойшы қасына кеп қалыпты. Еріксіз жалтарып бұрыла беріп еді, қойшы бастырып қуып жөнелді.

Бой салып қорқып қашқан жоқ. Содан ба, болмаса тегі жүйрік пе, әйтеуір боз ат бастырмалатып жетіп келіп, Көксеректің жотасына жеңіл ағаш сарт етіп тиіп қалды.

Сол-ақ екен, қарсы бұрылып алып, аттыға қарай "арс!" етіп шапшып қалды. Арандай ашылған ауыз бірдемені жұлып түспек еді. Ыңғайына бала тонының өңірі ілінді. Соны бөксеріп жұлып түскенде, боз ат осқырып атқып кетті.

Баланың шошыған айғайы шықты. Қасқыр артына айналып тап бергенде, мөңкіп жүрген боздан бала аударылып құлап түсті. Көксеректе кәзірде бұрын ешқашан білінбеген долылық, жайындық бар еді. Туғаннан бергі барлық көресі осыдан — екі аяқтыдан дегендей, жығылып домалап жатқан балаға тап берді. Оқыс секіргенде, санының жарасы ашылып, тыз етіп ашып қалып еді. Ол бұрынғыдан жаман ызаландырып, құтыртқандай. Боз ұзап қашып кетті. Қой да жоқ. Екпіндеп секіріп, ырылдап кеп баланы бас салды.

Бұл бала Құрмаш еді. Қойшы ауырып қалып, әкесі бір күнге қойға жіберген еді. Астына мінгені өзінің жүйрік боз дөнені болатын. Үстіне гүрілдеп қасқыр төніп келгенде, көзі бір ашылып, бір жұмылады. Басына таман арандай ашылып келе жатқан ауыздың жоғарғы жағында өзіне таныс құлақ көрінді. Сол жақтағы тілік құлақтың жартысы салпылдап тұр. Ақырғы сезген-білгені — сол...

Содан әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті. Көксерек ырылдап тұрып, тісінің ұшымен қағып жұлып алып, басын шайқап өткенде, баланың бір жақ көзін қопарып алып кетті. Жүріп бара жатып, қылғып салды... Түнде баланың өлігін тауып алысты. Жанында тайдың ізіндей болып, үлкен қасқырдың ізі жатыр екен.

Құрмаштың жаназасына жиналған Қараадыр елі Көксерек жайынан неше алуан әңгімелер құрды. Көпшілік мұны қорқау қасқыр деді. Кейбіреу құтырған қасқыр емес пе екен деп күдік айтты. Бірақ құтырған деуге орын жоқ. Ондай болса, бір баламен тоқтамас еді. Ауылға да шабар еді. Қойды да қуалар еді. Сол жиында бұны не қылса да ізіне түсіп соғып алуға, өлтіруге сөз байласты. Бұл әңгіменің ортасындағы Қасен еді. Ол — белгілі аңшы. Баяғыдан құс салып, ит жүгірткен. Өзі — осы маңайдың ауқатты, әлді жігіті Қараадырдың мырзасымағы. Қалада қызметте тұратын інісі бар. Сол арқылы биыл күздігүні бұның аулына шетелден қасқыр алатын бір ит келген. Кәзір барлық Қараадырға да, маңайдағы өзге елге де даңқы шыққан Аққасқа — осы Қасеннің иті.

Келісімен Аққасқа күздігүні бір күннің ішінде бір бөлтірік, бір үлкен қасқыр алған. Өзі екі қар басқан екен. Кәзіргі уақытқа шейін алты қасқыр алыпты.

Аз күнде бір болыс елдің әңгімесі болған Аққасқаның арғы тегін тексерушілер де көп еді. Түбі Ереймен итінің нәсілі деп кеп, арғы затын ертегіге айналдыру үшін: "бұл қанжығалы қарт Бөгембай итінің тұқымы" дейтіндер де болған.

Жиын Көксеректі іздеуге сөз байлаған соң, жаназадан тарай сала, Қасен өз аулына келіп, бес-алты жігітпен бірге Аққасқаны ертіп алып, адырға шықты.

Күн кешкі бесін кезі еді. Сондықтан ертеңге қарап, аял қылысқан жоқ. Ең болмаса ізін көріп, бетін аңғармақ. Және жаңада қар жауған. Сонан енді тағы қар жауып қалмай тұрып, ізінен, бетінен Көксеректі танып алу керек.

Қасен Құрмаштың әкесімен ағайындас жақын болатын. Жалғыз баласы — ерке Құрмаштың өлгені әкесіне ерекше батып еді.

Бұның үй ішімен ботадай боздап, бейіт басында да қатты күңіреніп жылағанын көргенде, тірі жанның бәрінің сай-сүйегі сырқыраған. Құрмаштың әкесі Қасенге:

— Сол жалғызымды өлтірген қасқырды қолыма әкеліп беріп, көзін ойғызбасаң, сен маған туысқан емессің, — деген. Өзге ел де Қасенге: "бүгін Аққасқа не өлсін, не өлтірсін! Осыдан басқа жерге итіңнің керегі жоқ, тіпті!" дескен. Осы сөздердің барлығы Қасенді де асықтырып, ширықтырып еді.

Құрмаш аулы мен Қасен аулының арасы жақын болатын. Сондықтан көп уақыт өтпей-ақ, аңшылар кешегі бала өлген жерге жетті.

Ақша қардың үстінде бадырайып үлкен із жатыр. Беті елсізге, Тастықұдыққа қарай кетіпті. Барлық аңшы ізге қарап, қасқырдың үлкеңдігіне қатты қайран болды.

Аққасқа бұрынғы еріншектеу әдеті бойынша ізге жеткенше жай жүріп, тартыншақтап келіп еді. Ізді көріп, біраз иіскелеп алған соң, басты төмен салып жіберіп, тұмсығын ізден алмай отырып, жонды адырға қарай шауып жөнелді.

Бар аңшы артынан ілесе желе-текіректеп шауып отырды. Аққасқа тоқтамайды, артына қарамайды, тынбай жортады. Әлі қар бекіген жоқ. Қалың да емес, қыстың орта кезі болса да, биыл қар жұқа болатын.

Аңшылардың айтуы бойынша, қасқыр, түлкіге ит қосатын уақыттың нағыз өзі еді.

Қасен қолына келгелі Аққасқа барлығы үш қасқыр алды. Бұның екеуін бір күнде күздігүні жер қарада алған. Үшіншісін қар түскеннен кейін ауыл үстінен алып еді. Қасен өзінің бір-екі жігітімен және басқа да аңды сүйетін төрт-бес құрбысымен соңғы уақытқа шейін ат жаратып жүрген-ді.

Алыс жерден еті ояндап келген Аққасқаның қыстыгүні қарда жүгіруге қызылы толық болсын деп етейтіп, баптап қайырып жүр еді. Бұдан бұрын Аққасқаны аз-аздап қоянға жүгіртіп, екі-үш суытып алған. Соңғы уақыттардағы тамағы көбінесе құрт араласқан сұйықтау ас болатын. Қоясын да екі рет тастатып алып еді. Содан бері қысқы жүні жетіліп, өңі ажарланып, қатты құлпырып алған.

Жалғыз-ақ бүгін таңертең аз ғана ас құйылған екен. Соның тоғы қаша қоймады ма деген күдік бар.

Одан басқа жоны жұмырланып, етін сыртына теуіп, бойдағы майдан, іштегі қыл-қыбырдан арылған кезі еді.

Аққасқаның бойы қасқырдан кіші емес. Аяқтарының жуандық сомдығы да содан кем емес. Өзінің барлық тұлғасында қасқырға ұқсайтын бітім бар. Түсі тазылар түсіндей емес, қасқыр түс. Дене жүні ақ сарылау келгенде, мандайы шаңқиған ақ маңғыл қасқа болатын. Екі көзі шатынап шарасынан шығып тұрғандай үлкен. Үнемі от шашып тұратын қып-қызыл көз. Ашу да, ерлік те бір өзінде.

Екі шекесі "торсыктай" деп аңыз қыларлық. Бұның да жотасы күлдіреуіштей. Құйрықтан ауыз омыртқаға шейін дөң сияктанып, күдірленіп, дүңкиіп тұрады. Оның үстіне, шеке мен мойын тұп-тұтас болып келіп, шеңбер төске қосылған. Алдыңғы жағы арыстан бейнесіне ұқсайды.

Аққасқа өте қабаған. Сіркесі су көтермейтін долы, ызалы. Сондықтан ауылға келгенде шынжырдан босамайды. Далаға алып шығып, аңның ізіне салғанша, жә қарасын көрсеткенше, ұзын кендірден босамайды. Әйтпесе, жолда кез келген иттерге де соқтыға береді.

Итке келгендегі жалпы әдеті: өзі барып таласпайды, бірақ ауылдың көп иті алдынан шығып, быжғылдап үре беріп, айналасын қамай бергенде, яки біреуінің жұлып қашқан тісі тигенде құтырып кетеді. Ондайда топ иттің ішіндегі ең үлкен төбетті секіріп барып құлақ шекеден алып, топ еткізіп соғып, жаншып-жаншып жібереді. Кісі айырмаса, астына түскен итті өлтірмей шықпайды. Өзі жүрген жерде өзге иттің еркелігін көтермейді. Күзден бері Қасен аулының екі-үш сақ төбетін өлтіріп салды.

Қатты ашуланып, ашқарақтанып кеткенде, иесін де қауып жібереді.

Күздігүні үй ішінде сойып жатқан қойдың етін жегізбей ұмтылғанда Қасенді де бір-екі рет қолынан ала түсіп, қауып алған.

Күн екіндіге жақындап қалды. Аққасқа ізбен әлі жүріп келеді. Жерден бас алмайды, тоқтамайды. Аңшылар Қараадырдан бес-алты шақырымдай ұзап шықты. Қасқырдың бұл күні беті Тастықүдықтан да өтіп, Ақсораңдағы жылқыға қарай тартты. Ақсораңда екі қос жылқы жатыр еді. Айналасы — аласа белес, қалың тобылғылы үлкен шұбар еді. Соның ортасындағы жадағай жалғыз биік — Ақсораң. Қасқырдың осылай беттегенін білген соң аңшылар ақылдасып тұрып, Аққасқаны шақырып тоқтатып алды.

Мұның мойнына кендір тағылған соң, барлық жұрт аяндап Ақсораңдағы қосқа тартты. Бүгін түнде сонда қонып, ертең ерте жылқышыларды жүйрік ат-айғырға мінгізіп алып, қалың топ болып қуыспақшы болды.

Екі қостың бірінде Қасен аулы мен барлық Қараадырдың да жылқысы бар еді.

Жігіттер сол өз қостарына келіп қонды. Қоста түні бойы тынымсыз қызулы, лаулаған әңгімелер болды. Мол асылған семіз ет қонаққа да, жылқышыларға да көңілді желіктің шарты еді. Құрмаштың өлімі де көп уақыт әңгіме болды.

Қасендер келісімен-ақ барлық жылқышы мәлім етті: өткен түнде көк шолақ жылқыға шауып, бір жабағыны жеп кетіпті.

Жалғыз өзі бір семіз жабағының жарты етіне жақынын жепті. Бұл не деген жалмауыз екенін білмейміз, әкеңнің... деп, қос басшысы сөйлеп еді.

— Ол ұзаған жоқ. Ол болса, осы Ақсораңның айналасынан табылады.

— Соңғы уақытта қасқырдан тыныш едік. Осы жалғыз қасқыр кешеден келіп араласты. Ізі тайдың ізіндей. Әнеугүні де келіп, бір тай жеп кетіп еді.

— Іздегендеріңнің өзі — сол. Ел мен қосқа кезек тиеді. Бір кәпір сарқынды. Бәрін істеп жүрген сол. Енді, әттең дүние, соны ғана бір қолға берсе-ау! — деп жабағысы желінген Бейсембай жылқышы кіжінді.

Жатарда Аққасқаға азын-аулақ құрт пен жылы-жұмсақ ет берілді. Жұрттың бәрі айнала үйіріліп, соны күтті.

Бірақ тар үйде, көп бөтен кісінің ортасында Аққасқа жиі ашу шақырады. Шынжырмен байлаулы жатып, кей уақытта "арс" етіп, от айналасындағыларға тап береді. Көп уақыт қорылдап гүр-гүр етіп тұрып алады.

Отқа қарсы қараған көздері ашумен қанталап шатынап кетеді. Қараңғы ала көлеңкеде жатқанда екі көзі қып-қызыл шамша жанады. Аққасқа ырылдағанда алдында отырған Бейсембайдың жотасы мұздап, еті тітіреп кетеді ентелеп ілгері жылжып, отқа қарай мінбелей береді.

Таң қылаңдап келе жатқанда барлық аңшы мен көп жылқышы атқа мінді. Жарап жүрген бедеу биелер мен жүйрік айғырлар түн ортасында ұсталып, тоғын қашырып алып еді. Жұрттың бәрінің қолында сойыл, шоқпар. Сатыр-сұтыр етісіп, қостан желпіне шығысты.

Ақсораңның етегіне таман келгенде, Қасен он бір-он екі кісілік жиынды төрт бөлді. Өзі Аққасқаны алып Ақсораңның дәл биігінің басына шығатын болды. Өзгелерді тау мен ұсақ адыр, қалың шұбарды айнала қоршап алып, жан-жағынан қаумалап, Ақсораңның биігіне қарай қағып шық деп, таратып-таратып жіберді.

Қыстың күні алыстағы ақ жотадан қызарып шығып келе жатқанда барлық аттылар жан-жаққа қарай шашырай жөнелді. Ақша қар желе шауып жөнелгенде, жүйріктердің аяқтарымен есіліп-үгіліп, борай түсіп жатты.

Қасен аяңдап, биіктің басына қарай тартты. Жолшыбай екі-үш жерде Аққасқаны сарытып, аунатып, баптандырып алды. Сонымен жарты сағаттан артық уақыт өткеңде, биіктің басына келіп шықты. Дәл биіктің бір иекартпа иығына атын тастап, өзі Аққасқамен бірге жаяулап келіп, бір екі-үш обаның ығына келіп отырды. Айналасының бәрі де көрінеді.

Тау басында желдетіңкіреп ызғырық соғады. Күн, әзірше суықтау. Аққасқаның астына ертеден қамдап алған киізін төсеп, өзінің ығына жатқызды. Айналаға Аққасқа да анда-санда бойлап-бойлап жағалай қарайды.

Қасен бұны баулыған иесіне ішінен бас иіп алғыс айтады. Құрметпен еске алады. Өйткені Аққасқа тау басында кәзіргі отырыстың не мәні барын әбден түсініп, ұғынып отырған сияқты. Тыныштыққа бой ұрып, жатуды ойлап тұрған жоқ. Күтіп отыр. Биіктен томағасын тартқан қырандай ізденіп, бағып отыр. Жан-жақтағы қағушылардың бәрінің де алдына қарап өтеді. Кейде түрегеліп те жан-жаққа көз жібереді.

Кешегі жабағыны жеген Көксерек екені рас еді. Кеше жартысына жақынын жесе, бүгін өткен түнде сол жеріне барып, тағы қалғанын тоя жеп алып, енді Ақсораңның етегіне келіп, бір жартасты, бозқарағанды қиындау сайда ұйықтап жатыр еді.

Құлағына алыстан бір сарын естілді. Елсіз тыныш тауда таңертеңгі ауа дыбыс атаулының барлығын екілендіріп көтеріп тұрған.

Оянып, жүресінен жатып, қар қапты. Сөйткенше, сатыр-сұтыр еткен ағаш даусы мен тастақ жерді тасырлатып басқан ат дүрсілі естілді. Түрегеліп, барынша керіліп алды. Екі аяқтылардың иісі сезілді. Бүлкектеп жотаға шықты. Сол-ақ екен, арғы беттен құлап келе жатқан екі үлкен қара айғайды салып, тап берді.

Көксерек жалт беріп, жотаның тасасына түсе сала, сайды жалбылап, жоғары қарай салды. Қолында шошайған сойылы бар, астында қатып қалған ақ бедеуі бар Бейсембай ағызып жотаға шығып, тағы айғай салып, өрге қарай тасырлатып шапты. Бұл уақытта Көксерек сонша саспаса да кейде көсіле шауып, кейде құлағы жалбырап сөлектей түсіп, Ақсораңның жонына қарай асып еді.

Айғай жақын жерден шығып қалғанда, Аққасқа атып тұрды. Қасен бұны кендірінен сүйрете барып, атына шапшаң міне сала, айғай шыққан бетке қарай ағызып отырып, сол жақтағы жотаға шықты.

Қарсы алдында оқ бойындай жерде сары жотаның дәл үстінде артына бұрылып қарап, тақ тайыншадай бір көк шолақ тұр екен.

Жотасы күдірейген, құйрығы шоп-шолақ, бойы тау басында тайдай көрінді. Ертегінің көкжалы. Жотаға шыға бере, Аққасқа да көріп, атылып, секіріп кеп кетті.

Ақырын ғана "айт!" деп қалып, бәйгі керге Қасен де қамшыны басты.

Көксерек артына қарап тұрып, байқамай қалып еді. Бір уақыт алдынан шыға қалған сатыр-сұтырға жалт қарағанда ағындап келе жатқан Аққасқа мен аттыны көріп, сол жақтағы ойға қарай ытқып, қашып жөнелді. Бір сайға түсіп жосылып барып, екінші оң жақтағы жотадан асып түсті. Соның ойына таман жақындағанда аттының дүбірі басылып қалып еді. Мұның құлап түскен сайы тіп-тік жар болатын. Бірақ дәл сол кезде артындағы қар жиі-жиі, шықыр-шықыр басылып, бірдеме жақындап келіп қалды.

Қашып келе жатып артына қарай алмады. Сол-ақ екен жаралы санынан бір мықты ауыз қауып түсіп, ойға қарай қатты жұлқып көтеріп тастады. Сол сәтте бұның жауы қасынан ағып өтіп кеп, алдыңғы омбыға екпіндеп барып, соқтығып өзі де құлап түсті.

Аққасқаның жұлып кеткен екпінімен етпетінен түсіп қалған Көксерек енді атып тұрып, тап берді.

Бұрын Аққасқа бұндай жұлып өткенде, әсіресе, ойдан төмен жұлғанда, қандай қасқыр болса да омақатып, тұмсығынан шаншыла түсуші еді. Сондайда қапысыз мықты ауыз тұрғыз-бастан келіп, алқымынан жабысып қалатын.

Бұл жолы олай болмады. Аққасқа өзінен бұрын тұрып, күрілдеп ырғып келе жатқан көкжалды көрді. Бұ да қарсы тап берді. Сол уақытта құлақ шекесінен тиіп қалған қышқаштай қатты темір ауыз жұлқып кеп жібергенде, ой жаққа қарай ытқып барып түсті. Бірақ Акқасқа жығылған жоқ, тік етіп барып, төрт тағандап тұра қалды.

Ептілік, ыңғайлылығымен ғана көк шолақтың аузынан шығып кетті. Көксерек тістенгенде, қамти тістей алмай, көбінесе терісінен ала жұлқып еді.

Сол бетімен Көксерек жотаға жүре бермекші болды. Өйткені артындағы дүсір тағы естіліп қалды.

Бірақ Аққасқа да қалмады. Ағындап келіп, аржаққа шығып алып, көлденеңнен шапшып-секіріп келіп, Көксеректі құлақ шекеден ала түсті.

Көк шолақ бұл жолы да жығылмады. Аққасқаны көтере жоғары шапшыды. Алғашқы алған жерден Аққасқаның аузы босап кетті. Екеуі бетпе-бет келіп шапшып тұрып, қаршылдасып ұстасты. Енді бірінен-бірінің босап кетуіне жол жоқ. Бұл күй не қылса да біреуінің астына түсуімен біту керек.

Және етіне тіс тиіп, ашынып алған Аққасқа қазірде долылықтан өртенгендей еді. Қасқырмен көп кездесіп, қырқылжың тарта бастағаннан бері қарай Аққасқа бойына тіс тигенше, онша өлерменденбеуші еді. Дәл қазіргі күй жалғыз тал қылына шейін қоздырып, күйдіріп-жандырғандай.

Көксерек те бағанадан қалыспаған итке енді шын ойынды бастаған. Екеуі шапшысып тұрған бетте біріне-бірі құлақ шекеден де, алқымнан да алғызбайтын болды. Алдыңғы аяқтарымен ұстасып тіресіп тұрып, сол сәтті аңдығанда екеуі де тез іс бітпейтінін ұққандай болды.

Қозданған қан толқынып кеп, тағы бір дем басқа шыкқанда, Аққасқа қарсы алдында арандай ашылып тұрған ауызға сақ еткізіп тістерін салып жіберді. Бұл қасқырдың төменгі тістері мен тілін қоса шайнағанда, қасқырдың жоғарғы азулары Аққасқаның тұмсығының екі жағынан жоғарғы ұрттарына келіп, кірш-кірш кірді.

Ашулы тістер сытыр-сытыр, қарш-қарш шайнасады, әлі шапшысып тұр.

Дәл сол уақытта жоғарғы жотадан шыға сада төмен қарай кер ат пен ақ бие де аңырап еді. Қасен мен Бейсембай "а, құдайлап" сойылдарын оңтайлап келе жатты.

Өр жақта Аққасқа. Шайнасып тұрған ауыздардан сілекей мен қан аралас ағып, сырылдап тұр.

Аққасқа Қасен даусын ести сала, ойға қарай жұлқи бұрап қалғанда, көк шолақтың белі бұраң етіп барып, дүрс етіп құлап түсті. Ауыздары бір-бірінен айрылған жоқ. Екеуінде де үн жоқ.

Шайнасу үстінде желімдей қайнасып қатып қалған сияқты. Ең аяғы, болымсыз болса да, тыныс алған дыбыс та білінбейді.

— А, құдай!.. А, құдай!.. Иә, сәт! Иә, сәт!.. Иә аруақ! Иә ақсарбас!.. — дей бере, екі атты үстеріне жығыла-жығыла үйіле түсті. Аттар босанып шықты.

— Опыр-ай!.. Опыр-ай!.. Аузын!.. — деп келіп, Қасен жуан қамшының сабын Көксеректің көмекейіне тығып жіберіп, мықтап басып тұрып, жауының тұмсығын жоғары қарай қайырып жіберді. Аққасқаның қан басқан тұмсығынан көк шолақтың тістері бір-бірлеп шығып кетті. Аққасқа сонда ғана бүйірін тартып тыныс алды.

Бірақ әлі де жанын шығарғанша қасқырдың төменгі жағын күрт-күрт шайнап жатыр. Бұл кезде Бейсембай да қара пышақты Көксеректің өкпесіне салып-салып жіберіп еді.

— Осы... осы... осы ит! — десті. Көксеректің жаны әбден шыққан соң, Аққасқаны Қасен, Бейсембай екеулеп отырып, зорға дегеңде айырып алды. Құйрықтан қысып алып, алысқа сүйреп апарған соң ғана Аққасқа есін жиды. Бірақ әбден әлсірегендіктен, сол апарған жерге сілейіп жата кетті. Барынша шаршап, талған екен.

Ес жиған соң жұрт көк шолақтың құлағына қарап отырып, бұрынғы кеткен Көксерек атты күшікті таныды. Құрмашты ойлап, кейбіреулердің көздерінен жас та шықты. Ауылға әкелгенде, Құрмаштың әжесі боздап келіп:

— Қуарған-ай, ненді алып ем?!.. Не жазып едім?.. Баурына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным?!.. — деп елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті.



25 қазан 2019 ж. 3 413 3

PeterFlout от 12 мамыр 2024 22:10
Наиболее трендовые события мировых подиумов. Важные мероприятия лучших подуимов. Модные дома, лейблы, гедонизм. Самое лучшее место для стильныех хайпбистов. https://breakmoda.ru/

ClydeEnape от 27 маусым 2024 13:50
Очень актуальные новинки мира fashion. Все события самых влиятельных подуимов. Модные дома, торговые марки, высокая мода. Интересное место для трендовых людей. https://modavgorode.ru

LeroySot от 29 маусым 2024 16:51
Абсолютно свежие события модного мира. Важные эвенты самых влиятельных подуимов. Модные дома, бренды, haute couture. Свежее место для стильныех людей. https://modaizkomoda.ru

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031