» » » Ақ Жайықтың ақ шағаласы

Ақ Жайықтың ақ шағаласы

Халқымыздың аяулы да ардақты қызы, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған танымал ақын, публицист, белгілі қоғам қайраткері, Мемлекеттік және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толған мерейтойын бүкіл ел болып атап өтуде. Сондай ауқымды шаралардың бірі жақында Атырау қаласында мұнайлы өңір әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен «Ақ самал жыры Жайықтың» атты кешке өлеңсүйер қауым көп жиналып, залда ине шаншар орын болмады. Есімдері елімізге танымал Ілия Жақанов, Алма Андарбаева, Есенғали Раушанов, Көпен Әмірбек, Роза Рымбаева, Сәуле Жанпейісова секілді қоғам қайраткерлері, әдебиет және өнер майталмандары қатысқан жыр кешінде алғашқы сөзді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алып, ақынға ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді.
Осы кешке мерейтой иесі Ақұштап Бақтыгерееваның шақыртуымен арнайы қатысқан жерлесіміз, жас ақын, журналист, кезінде қоғам қайраткерінің публицистикасын тұңғыш зерттеп, ол туралы алғаш болып ғылыми еңбек қорғаған Нұрсұлтан Мықтыбай да сахнада сөз алып, ақын апасына деген өзінің жүрекжарды лебізін, ерекше құрметін жеткізді.
– Қадірлі Ақұштап апа, сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүрегіммен құттықтаймын! Ақ Жайықтан шыққан, сөз қадірін ұққан өр мінезді Махамбет, сөз шебері Сырым бабаның жалғасы іспеттес Тайыр, Жұбан, Қадыр сынды қаламгер ағалар ізімен қазақ поэзиясының ауыр жүгін арқалап, көшін жалғастырған нәзік жүректі ақын ретінде Алаш жұрты өзіңізді ерекше құрметтейді. Халқымыздың рухани дамуына, мәдени өркендеуіне, әсіресе, ұрпақ тәрбиесіне өз шығар¬машылығыңызбен айтулы үлес қо¬сып келесіз. Ақ ерке Жайықтан қанат қағып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының «Ақ шағаласы» атандыңыз.
Бүгін менің осынау сахнада тұруым – алдымен өзіңіздің арқаңыз. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде мен секілді сіздің жақсылығыңызды, шарапатыңызды, қолдауыңыз бен қамқорлығыңызды көрген жүздеген жастар бар. Бүкіл қазақ халқы алақанына салып аялаған, төбесіне шығарып құрметтеген сіздей анам болғанын – менің маңдайыма жазылған, тағдырыма бұйырған ерекше бақ. Халқымыздың бағына біткен, қаламгерлігі бір төбе де, қайраткерлігі бір төбе, әппақ келбеті ғана емес, есімімен де ерекшеленіп тұратын сіздің жаныңызда жүріп, сапарлас болып, ақыл-кеңесіңізді тыңдап, өлеңдеріңіз бен мақалаларыңыздың ең бірінші оқырманы болу – расында да мен үшін қайталанбас ең бақытты сәттер. Кезінде Мәскеуде ота жасатқалы жатқанымда хабарласып, аман алып қалғаныңыз үшін өмір бойы қарыздармын. Өзіңізге Алла Тағаладан дүниедегі бар жақсылықты тілеймін, – деді Нұрсұлтан Мықтыбай.
Қайраткер апасына деген тілегін ерекше тебіреніспен жеткізген жерлесіміз сөзінің соңында Сыр халқының ыстық лебізі жазылған Қызылорда облысы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Жахановтың ақынның мерейтойына арналған құттықтау хатын табыс етті.
– Сіздің есіміңіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алаштың анасы» деп бағалаған Сыр елінің жұртшылығына жақсы таныс. Сырдағы өлеңсүйер қауым өзіңізді мақтан тұтып ардақтайды. Осынау асқаралы мерейтойыңызда барша Қазақ елінің Сізге айтар алғысы, тілер тілегі шексіз. Жырлары мыңдаған жүректе тербелген ақын ғана емес, қоғамдағы оқиғаларға әркез үн қосатын азаматтық келбетіңіз, ұлттың кешегісін түгендеп, бүгінін бүтіндеп, ертеңін ойлаған қоғам қайраткері ретіндегі ұстанымыңыз Сізді елдің ерекше ықыласына бөлуде. Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Сыр жұртшылығы атынан өзіңізге және отағасы Ғабдырахым Маралұлына ұзақ ғұмыр, бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! – делінген құттықтау хатта.
Ақынның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалған кеште Нұрсұлтан Мықтыбайдың сөзіне, Сәуле Жанпейісованың әніне жазылған «Ақұштап – ақ шағала» атты әннің тұсауы кесіліп, оны ән авторы Сәуле Жанпейісованың өзі орындап берді.
– Бұл Сәуле Стаханшылқызы екеуміздің ақын апамызға арналған тосын сыйымыз болатын. Сәуле Жанпейісованың өзінің кешіне қатысатынын Ақұштап апа соңына дейін білген жоқ. Сәуле әпкеміз сахнаға шыққанда ақын апам таңданысын жасыра алмағаны рас. Сәуле апай алдымен ақынның сөзіне өзі жазған «Кіммін мен?» әнін орындап, артынан тосын сыйымызды ұсынды. Ақұштап Бақтыгерейқызына ұнаған болар, – дейді Нұрсұлтан.
Иә, қазақ поэзиясының «Ақ шағаласы» атанған ақын, халқының жоғын жоқтап, жастардың жанашырына айналған қоғам қайраткеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық болмасы анық.

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
11 қазан 2019 ж. 2 603 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031