» » » СЫРЛЫ САЗДЫ САКСОФОН

СЫРЛЫ САЗДЫ САКСОФОН


Осыдан бірер жыл бұрын жаңа жыл ме­рекесінің қарсаңы болатын. Мерекелік кешке ұжым болып бас қосқан кез. Мей­рамханада өзіміз секілді бірнеше ұжым жиналған. Ара-тұра ойын, әдемі ән де шыр­қалып жатыр. Кенет үрлемелі аспап­тың әде­мі дыбысы шықты. Бұл біз жиі көре бер­мейтін саксофонның әсерлі ырға­ғы еді.
Музыка әлемінде әдемі дыбысымен бөлектенетін бірқатар аспап бар. Соның қатарында сырлы сазымен ерекшеленетіні – саксофон. Бұл аспап 1842 жылдан бастап белгілі бола бастады. Оны музыкалық аспаптардың шебері бельгиялық Адольф Сакс өмірге әкелді. Аспап осы кісінің құрметіне саксофон аталған. ХІХ ғасырдың ортасында саксофон симфониялық үрмелі оркестрде қолданылды. Сонымен қатар кейде жеке ойналып, оркестрді жетелеп те отырған. Ол джаз бен оған жақын басқа да жанрдың басты музыкалық аспабы болып есептеледі. Сондай-ақ, эстрада жанрында да кеңінен қолданылады.
Біздің ауданда саксофонда ойнайтын жандар аз емес. Соның бірі – Айзат Абдулла. Ол белгілі музыкант, саксофоншы Абдулла Мырзабековтің (марқұм болған) қызы. Оның қос қызы Айзат пен Аружан әке жолын қуып музыкалық өнерге бет бұрған. Айзат саксофонда, Аружан фортепианода ойнайды.
Айзат Абдулланың жасы бүгінде 12-де. Түрлі байқауда өнерімен көзге түсіп, жарыстарда топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, «Сыр жұлдыздары» облыстық байқауынан ІІІ орын еншіленді. Мұнан бөлек аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орынмен оралып жүр.
– Өнерге келуіме әкем себепкер болды. 1-сыныптан бастап саксофон аспабында ойнай бастадым. Әкемнің ойнағанына қызығып, үйдегі саксофонды ойнап үйрене бастадым. 2-сынып оқып жүргенде аудандық әуез мектебіне бардым. Әкем сонда оқытушы болатын. Ол бізге әрі ұстаз, әрі әке бола білді. Өнерге деген құштарлығымды да оятқан осы кісі, – дейді саксофоншы қыз.
Былтыр бірінші рет Абдулла Мырзабековті еске алуға арналған «Сырлы әуен» облыстық саксофоншылар сайысы өткен еді. Бұл осы аудандағы тың бастаманың бірі де бірегейі болды. Облыс көлемінде саксофон құлағында ойнайтындар өнерін ортаға салып баққан еді. Бұйыртса бұл бастама алдағы уақытта өзінің жалғасын табатын болады дейді ұйымдастырушылар.
Айзаттың бала күнінен құмартқан ән өнеріне деген ыстық ықыласы оны биік белестерге жетелеп келеді. Ол бүгінде сырлы саксофонның әуезді әндерімен көпшіліктің құлақ құрышын қандырып жүр.
Қазіргі таңда Айзат аудандық әуез мектебінде ­Кенжебек Ержановтан дәріс алуда. Бір қызығы, Кенжебек Ержанов Абдулла Мырзабековтің шәкірті болған. Бүгінде ол Қызылорда қаласындағы музыкалық колледжде ұстаздық етіп келеді. Мұнан бөлек аптасына екі рет аудандық әуез мектебінде саксофоннан да сабақ береді.
Саксофонның өзіне тән ерекшелігі бар. Ол өзінің ойнақы әуенімен тыңдарманын елітіп әкетеді. Сырлы сазды дыбысын естісеңіз, көңіліңіз көтеріліп, ерекше күйге бөленесіз.
– Саксофон тек әсем әуен шығарып қана қой­майды, бұл – жаныңды жадырататын, керемет сезімге бөлейтін сиқыр. Әуенге ырғалып билеуге де болады. Терең ойға шомылуға да мүмкіндік бар. Тіпті музыкаға деген махаббатты оятады, – дейді осы аспапта ойнаушылар.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
12 мамыр 2019 ж. 2 116 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031