» » » ДАУЫЛПАЗ деген жәй ДАБЫРА емес

ДАУЫЛПАЗ деген жәй ДАБЫРА емес

Өнер әлемінде түрлі аспап бар. Соның бірі – дауылпаз. Бұл аспап бізге тек ұрмалы аспап деп таныс. Негізінде дауылпаздың да біз білмейтін қыры мен сыры бар. Бір қызығы дауылпаз тек музыкалық аспап болмаған. Тереңіне үңіліп көрелік, өзінің аты айтып тұрғандай үні дауылды, күркіремелі, дара аспап. Ал, оның үніндей аспаптар кемшін. Дауылпазды алғаш көшпелі қауымның өкілдері, яки малшы-бақташылар төрт түлікті, аң-құсты, жыртқышты үркіту мақсатында пайдаланған екен. Мәселен, өзінің үні жетпеген жерді дауылпаз жалғап отырған. Кейін дауылпаз халық арасына тарап, ханның қол астына дейін жетеді. Дауылпазды соғу арқылы хан әскерін бір ортаға жинаған. Үкім, шешім шығарса дауылпаздың үнімен қорытындылаған. Содан соң, оны ем-домның көзі ретінде қолданған. Бақсы-балгерлер дауылпазды ұрып, өздерінің көзге көрінбес «жынын» шақырған деседі. Сол арқылы дертіне шипа іздеп келген адамдарды ауруынан айықтырған. Кейін ел ішінде өнерпаздардың қолынан түспей хан сарайында, халық арасында дауылпаздың үнімен өнерін паш еткен. Қысқасы бұл аспап «музыкалық» боп дүниеге келмеген. Бертін келе, бірнеше сатыдан өткен соң ғана өнер әлеміне қанат қаққан.
Ал, дауылпазшы кім? Әрине, осы аспаптың «құлағында ойнайтын» адам. Бірақ, бүгінде бұл аспапқа қызығатындар қатары аз екен. Мұны дауылпазшы Ғалымжан Шәкизадамен әңгімелескенде байқадық. Өзі де ойламаған жерден осы мамандыққа ие болыпты.
– Дәстүрлі әнші боламын деген мақсат болды. Арман қуып Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне бардым. Бірақ, домбыра бөлімінде адам толық болып, орын болмады. Осылай ойламаған жерден үрлемелі және соқпалы аспаптар бөліміне түсіп, «ксилофон» мамандығы бойынша білім алдым. Алайда, мұнымен тоқтап қалмадым. Кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да музыкалық білім мамандығын тәмамдадым. Оқумен қатар аудандық мәдениет үйінде қызметке тұрдым. Бүгінге дейін осындамын, – дейді ол.
Иә, Ғалымжан Шәкизаданы танымайтын аудан тұрғындары жоқ шығар, сірә?! Әсілінде, концерттің, жиынның «гүлі». Олай дейтініміз, әр жерде әр түрлі өнер көрсетеді. Мәселен, ол дауылпазшы ғана емес ән шырқайды, домбырамен терме де айтады. Саксафонда да ойнайды. Халық театрының мүшесі, аудандық мәдениет үйінің жылжымалы мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі. «Сегіз қырлы бір сырлы» жігіт дерсіз. Бірақ, бәрі де мінсіз бола бермейді.
– Бірде ауыл аралап, концерт қоймаққа жолға шықтық. Концерттен концертке жүріп, гастрольдік сапардан әбден шар­шасақ керек. Дауылпаздың таяғын ұмытып кетіппіз. Ауылға кеп қойғанбыз. Барлығы жанды дауыста болуы керек. Енді не істейміз? Апыл-ғұпыл бәріміз жыңғыл іздедік. Оны қайдан табамыз? Болмаған соң ағаштың бұтасын сындырып алып, сонымен ойнап шықтым, – дейді Ғалымжан естелігімен бөлісіп.
Өнерпаз жігіт білім нәрімен сусын­датқан, өнерге баулыған ұстаздары жайында да сыр шертті. Өз заманында өнердің төрінен орын алған «Самал» тобының ізбасары алдағы уақытта инструментальді вокал тобын құруды арман етеді. Лайым, солай болғай.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
25 ақпан 2019 ж. 4 777 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031