» » » АСТАНА ТЕАТРЫ АЛМАТЫДА ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

АСТАНА ТЕАТРЫ АЛМАТЫДА ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

«Астана Опера» театры Алматы қаласына гастрольмен келеді. Опера және балет ордасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында астаналық труппа әлемдік өнер жауһарларынан тұратын арнайы  бағдарлама ұсынбақ. Гастрольдер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 10-18 ақпан күндері өтеді.
Тур қазақ музыкалық өнерінің әйгілі туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық классикалық операсынан басталады. Спектакль екі күн бойы – 10 және 11 ақпан сағат 18.00-де өтеді. Дирижерлік пульт басында – атақты маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев.C:\Users\12.AOWS10209652\Desktop\гастроли в ГАТОБ им Абая, февраль\Абай.jpg
– Бұл гастрольдер біз үшін аса маңызды әрі жауапты, себебі, бірінші кезекте, өзімізге жақын қазақстандық көрермен алдында өнер көрсетеміз. Труппамыздың көпшілік әртісі ұстаздарының алдына шығып, өнерін паш етеді, ал олар әртістеріміздің кәсіби бой көтеруіне бағасын бермек. Біз үшін бұл кезекті емтихан. Тұтастай алғанда, труппаға гастрольдік өмір, тәжірибемен алмасу қажет, – деп атап өтті «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров. – Алматылық гастроль үшін «Абай» операсын бекер таңдаған жоқпыз, бұл туынды ұлттық өнеріміздің бетке ұстар жауһарына айналды.  Осы операны орындау арқылы біз Абай атындағы опера және балет театрына деген құрметімізді білдіреміз, – деп жалғастырды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Опера жауһары ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің либретто желісі бойынша жасалған. Әңгіменің арқауында – қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ Абай Құнанбаев (1845-1904) өмірінің драмалық оқиғалары жатыр.
Бас партияларды ұсынуға «Астана Опера» жетекші солистерінің жұлдызды құрамы әзірленуде. Басты партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин мен Жанат Шыбықбаев орындайды, Айдар рөлінде – халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера примасы Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова. Қарлығаш – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Қоры Сыйлығының лауреаты Татьяна Вицинская. Осы рөлде жас, болашағы зор, әдемі меццо-сопрано дауысының иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты Малика Минизини алғаш өнер көрсетеді. Сонымен қатар Көкпай партиясын әзірлеп жатқан баритон Ержан Саипов та осы рөлде алғаш рет жарқ етпек. Гастрольдің бірінші күні бұл рөлді Талғат Ғалеев орындайды. Сырттан партиясында – Арменияның Халық әртісі, «Астана Опера» театрының солисі Барсег Туманян және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Болат Есімханов.
Қойылым Қазақстанның және Италияның айтулы өнер қайраткерлерімен жасалды. Музыкалық жетекші әрі дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор А.Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев. Қоюшы режиссер – танымал итальяндық режиссер Джанкарло дель Монако, режиссердің кеңесшісі – Қазақстанның Халық әртісі, профессор Есмұқан Обаев, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Операның көркемдік безендірілуін қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, костюмдер бойынша суретшінің ассистенті Арасель Досмұратова жасаған. Қоюшы хореографтар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева.
Гастрольдік бағдарламаны 14 ақпан сағат 19.00-де ХХ ғасырдың атақты хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» балеті жалғастырмақ. Балет туындысы аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың оқиғасы» романының желісі бойынша жасалған. «Астана Операның» репертуарындағы бұл опера жақында ғана көрермен назарына ұсынылды: 2017 жылдың 28 сәуірінде тұсауы кесілді. Қойылымды астаналық сахнаға Корольдік балет труппасының дәстүрін сақтаушылар – қоюшы балетмейстерлер Карл Бёрнетт пен Патрисия Руанн ала келді. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Оркестрге өңдеген, аранжировкасын жасаған – Мартин Йетс. Декорациялар мен костюмдер Николас Георгиадистың эскиздері бойынша орындалған.
C:\Users\12.AOWS10209652\Desktop\гастроли в ГАТОБ им Абая, февраль\_DSC6361.jpg
Атап өтетін маңызды жайт, спектакль Ресейдің Халық әртісі, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың арқасында театрдың қоржынын толықтырды. Оның өзі бірнеше рет басты Манон партиясын аты аңызға айналған лондондық сахнада билеп, Кеннет Макмилланмен бірге бейнені жасауда жұмыс атқарған. Оның осы жауһар туындыны қазақстандық сахнаға алып келу туралы ұсынысын қоюшы топ қуана қабыл алды.
– М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборын» «Астана Опера» театрының труппасы Мариин театры (Ресей) мен Карло Феличе (Италия) сахнасында орындаған еді, бірақ «Манон» балетін гастроль аясында алғаш рет ұсынбақпыз. Қазіргі таңда бұл хореографиялық туындыны ағылшын классикасы деп санайды. Спектакльде әрдайым жағымды кейіпкерлер болады, көрермендер олардың қасіретіне ортақтасады, дегенмен, жағымсыз бейнелер де орын алады, бірақ қоюшы режиссер оқиғаны шебер жеткізгені соншалық, біз барлық қаһарманға жылы шырай танытып, уайым-қайғысын бөлісе отырамыз, – деді Алтынай Асылмұратова.
К.Макмиллан бірбеткей Манонға тілектес болып, өзіне тән жантану түсінігі мен жұпыны балалық шағы туралы естеліктерді балетке қосады. Макмиллан басты кейіпкерді «кедейліктен қорқатын емес, жарлы болудан ұялатын қыз ретінде бейнелеген. Сол уақытта кедейлік ұзақ, баяу созылған өлім іспеттес еді». Макмилланның таңғажайып хореографиясы Париж бен Жаңа Орлеан қоғамының жарқын жанды бейнесін жасады. Бірақ негізгі күш-қуатты Манон мен де Гриенің па-де-десі жандандырады – дәл осы би нысаны барлық қайғылы оқиғаны қозғап, «Манонды» Макмилланның ең ғажап драмаларының біріне айналдырады.
Манон партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева орындайды, Де Грие – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков, Леско – көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан / халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Оразов, Г.М. мырза – Жәнібек Иманқұлов, Лесконың көңілдесі рөлінде – Әнел Рүстемова.
Гастрольдік сапарды Морис Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балет спектаклі тамамдайды – қойылым 17 және 18 ақпан сағат 18.00-де өтеді. Бұл қойылым бүкіл әлем бойынша үлкен танымалдылыққа ие, бірақ барша жерден тамашалай алмайсыз. Қазақстандық театрға спектакльді тыңнан жасау үшін айрықша құқықты «Ролан Петидің Балеттері» Қоры (Франция) ұсынған еді.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бірегей ғажап тұлға – Ролан Петимен жұмыс жасау бақытына ие болды. Хореографиялық туындының осы бір жауһары Алтынай Әбдуахимқызының арқасында театр репертуарынан орын алды.
Балетте 13 көрініс және 4 кейіпкер бар. Либреттосын жазған Ролан Петидің анықтауы бойынша Сұлу Эсмеральда мен Шіркеу қоңыраушысы – ақсақ әрі бүкір Квазимодо – өзгеге ұқсамайтын қасиетімен қоғамнан шеттетілген адамдар. Сыртқы екіжүзді сыпайылығы мен құдайшылығы бар дін қызметшісі Фроллоның ішінде асау жаны мен тәні арасындағы қатал тартыс жасырынған. Төртінші кейіпкер – көрікті капитан Феб.
Басты қаһармандар секілді кордебалеттің де рөлі аса маңызды, олар белсенді әрекет етуде: жиналған қауым бірде Квазимодоның кемтарлығына таңданса, бірде шіркеуде дұға оқиды, бірде Эсмеральданың құтқарылуына қуанса, кейін оны жазалауды талап етеді.
Балетте 4 басты кейіпкердің болғанына қарамастан, бүкір қоңыраушының кейпі – балеттегі негізгі, түйінді бейне болып табылады. Ролан Пети спектакльді Квазимодо туралы оқиға ретінде ойластырып, осы партияны өзіне шығарған. Осы рөлдің тұңғыш орындаушысы болып өнер көрсеткен хореограф ұсқынсыз костюм мен гримді қажет етпеді – ол өзі бүкірді бейнелеп биледі.
Балетмейстер – Ролан Пети, сценографиясын жасаған Рене Аллио, костюмдер бойынша суретші –  Ив Сен-Лоран. Хореографиясын қайта жаңғыртқан – Луиджи Бонино, ассистент – Джилиан Уитингам. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев.
Көрікті Эсмеральда рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева өнер көрсетеді, Квазимодо партиясын көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков әзірлеуде, Фролло – халықаралық байқаулардың лауреаттары Арман Оразов пен Серік Нақыспеков, Феб – халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов пен Еркін Рахматоллаев.
Әмірлан МӘУЛЕН

24 қаңтар 2018 ж. 1 846 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031