» » » ТАЛАНТ ШЫҢДАҒАН МАЙТАЛМАН

ТАЛАНТ ШЫҢДАҒАН МАЙТАЛМАН

11 жасар Ләззаттың келешекте музыкант болуы үш ұйықтаса тү­сіне кірмеген еді. Аудандық әуез мек­тебінің шәкірті домбыра сыныбына барып жүріп, бірде орта мектепте ір­ік­телген оркестр құрамына алынды.
Оған сол кезде кәсіби шебер Талапбек Серікбаев жетекшілік етті. Мектеп оқушыларынан құрылған ұлттық оркестр Қазақстанның бір­не­ше қаласына сапарлап, өнер көрсетеді. Елдің алдына шығу, дом­быраның құдіретін таныту – оны сырлы да нұрлы музыка әлеміне жол көрсеткендей. Кейіпкеріміз мұны былайша өрнектейді.
– Сол мезетте мені музыкаға бағыттаған адам болмады. Оркестрге келуім – болашағымды болжағандай болды. Мамандық таңдауым осылай басталды ғой. Әйтпегенде, өмірдің ағысы қалай бұрарын кім білсін. Қолыма домбыраны қалай ұстау керегі мен нотаны үйреткен алғашқы ұстазым – Аманкүл Шайкенованың мен үшін орны қашан да ерекше, – дейді Л.Әнуарбекқызы.
Аудандық әуез мектебінің домбыра сыныбын бітірген Ләззат Қазанғап атындағы музыкалық колледжінен хор дирижері мамандығы және жоғары білім алу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен «музыка» факультеті бойынша білім алды. Ол бүгінде ширек ғасырдан бері Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінде концертмейстер және теория сабағы бойынша ұстаздық етіп келеді. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласатын білікті маман 2011 жылдан бастап ұжымның бас­тауыш кәсіподағы комитетінің төрайымы. Сала маманының айтулы уақытта жеткен жетістігі аз емес. Бірнеше мәрте «Наурыз шапағаты» білім қызметкерлері өнер фестивалінің лауреаты «Нұр Отан» партиясының, «Тәуелсіздік – тірегім» тақырыбындағы халықаралық өнер фестивалінің, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, былтыр облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің, «Жас музыкант» облыстық байқауында хор ұжымын сүйемелдегені үшін мадақтама табысталды. Ұлағатты ұстаз 2016 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалынан біліктілігін арттырды.
Ләззат Дембаеваның шәкірттері түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары көрсеткішге қол жеткізуде. Мұғалім Әміржан Мәтжанов, Айым Жалғас, Мағжан Әбдіразақұлы, Айғаным Жұбатқанова, Марал Әбдімәжитова сынды талантты оқушылардың болашағынан үлкен үміт күтеді.
– Ұжымдағы білікті маманның бірі – Ләззат Дембаева. Ол қызметіне ұқыппен қарайтын ұстаз. Әуез мектебі – жыл сайын домбыра, фортепиано, прима-домра, баян, тағы басқа аспапта шәкірт шыңдауда. Ұстаздар арасында Ләззаттың орны бөлек. Бала тәрбиелеумен қатар, ол қоғамдық жұмысқа да белсенді, – дейді мектеп директоры Талғат Қуаңбаев.
Кейіпкеріміз өз ісінің шебері болумен қатар, жанұясында жары Әмит Нұрмахановпен бірге Құндызай, Шапағат, Саламат есімді ұл-қыз өсіріп отырған бақытты ана.
– Мақсатымыз – жасөспірімді музыкаға баулу және әрі қарай колледжге тарту. Ертеңгі күн біздің орнымызды басатын маман даярлау, – дейді ұстаз.
Түйін:
Дана кісіні келеке еткісі келген қу жігіт: «Данышпан болсаң айтшы, мына жәндік өлі ме, әлде тірі ме?», – деп уысына қысқан көбелекті меңзепті. Сонда өлі дейін десе – жәндікті ұшыра салады. Ал, тірі десе – қысып өлтіре салатынын алдын ала білген данагөй: «Ол сенің, өз қолыңда» депті. Сөзден сүрінген қуақы жігіт данадан кешірім сұрап, айыбын өтепті. Расында, өмірді мәнді де мағыналы ету – әркімнің өз қолында. Тек, жақсылыққа қарай жүре білейік.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
10 қазан 2018 ж. 1 743 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 188

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930