Ел өндірісі жаңа технологиялар енгізудің көшін бастауы тиіс

Өткен ғасырдың ортасында іргесі қаланып, темір кенінің алғашқы тоннасын берген алып кеніштің ХХІ ғасырда мақсат-мүддесі жаңа сипатқа ие болып отыр. Мақсат бұрынғыдай көрсеткіш қуу емес, әңгіме сапаға келіп тіреледі. Сапаның болуы және жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда қойып отырған міндеттер тұрғысынан көрінуіміз қажет. ХХІ ғасыр Индустрия 4.0, төртінші өнеркәсіптік революциясын алға тартып отыр. Осы міндет алдымен өндірісті айналып өтпейді. Мысалы, жыл аяғында Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне қарасты Қашар кен басқармасында америкалық «Модулар Майнинг Системс» компаниясының DISPATCH жүйесін енгіздік. Соның арқасында Қашар «ақылды кеніш» аталды.
Оның мәнісі мынада, ауысым сайын Қашардан кен арту үшін 14 экскаватор, 30 технологиялық автомобиль жұмыс істейді. Осы техникаларды дұрыс пайдалану, оларды орналастыру, тасылатын кеннің көлемі, сапасы туралы ақпарат алу үшін қаншама уақыт кететін еді. Ал кез келген бизнесте, кез келген салада уақыт ресурс, қаржы, табыс болып саналады. Қазір осы жұмыстарға қатысты толып жатқан ақпараттың барлығы диспетчердің басында емес, аса дәлдікпен жүйеде тұрады, мамандар оны компьютерден бақылап, көріп отырады. Біз осы бағытта дами беретін боламыз. Айтпақшы, жыл аяғында өткен Жалпыұлттық телекөпірде Қашар кенішінің алаңында осы «ақылды кеніш» жобасын іске қосқанымызда, Нұрсұлтан Әбішұлы кеншілер мен металлургтер бастамасына риза болып, «бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының алғашқы қарлығашы» деп бағалаған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда екінші қойып отырған міндетті де біз өз жұмысымызда басты назарға алатын боламыз. Елбасы «табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтауды» тапсырып отыр. Өте дұрыс. Жеріміз табиғи ресурстарға бай, бірақ келер ұрпақтың қамын ойласақ, барлық шикізат түрін мақсатсыз оңды-солды өндіруді, шашуды уақыт сипаты көтермейді, оған үнемшілдікпен қарауға тиіспіз. Сол үшін Мемлекет басшысы өндірудің озық технологияларын, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларын барынша белсенді енгізуді тапсырды. Үнемі даму үстінде келе жатқан кен алыбы бұл міндеттер үдесінен де табылады деп ойлаймыз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған міндеттері анық әрі әр қазақстандыққа түсінікті. ХХІ ғасырда басталған жаһандану дәуірінде Қазақстан да «Төртінші өнеркәсіптік революция» жетістіктерін барынша енгізуі және оны пайдалануы тиіс. Бұл орайда кеншілер қашанда көш басынан көрінбек.
Береке МҰХАМЕТҚАЛИЕВ