» » » ТҰРСЫННЫҢ ТЫЛСЫМ ӘЛЕМІ

ТҰРСЫННЫҢ ТЫЛСЫМ ӘЛЕМІ

Бейнелеу – күрделі өнер. Сурет – тылсым дүние. Өркениетті елде сурет пен психологияны не үшін теңестіреді? Оның қандай да бір сыры бар ма? Медицинада науқас балаға неге сурет терапиясы тағайындалады? Сауалдарға жауап іздеу мақсатында суретші-дизайнер әрі шығармашыл ұстаз Тұрсын Түркешованың сурет әлеміне бірге саяхаттайық. Бұрын сыртынан естігенім болмаса, Тұрсын Нұрқызын жүзбе-жүз көріп отырғаным осы. Оның қарапайым жүзінен мейірім еседі. Маған бәрінен де бұрын ОНЫҢ адам жатырқамайтыны ұнады. Әңгімеміз емен-жарқын көңілде басталды. Әдетте, творчество адамы өзгеден ерек көрінеді. Бұл қасиет ұстаз бойынан байқалатындай. Өмірі өнермен өрілген суретшіден алдымен өзі жайында сұрадым.
– Анам әнші болғанымды қалады. 1982 жылы Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутын музыка және ән мамандығы бойынша бітіріп, аудандық мәдениет үйіне суретші-әрлеуші болып жұмысқа орналастым. 1985 жылы әуез мектебінде теория-сольфеджио пәнінен сабақ бердім. Осында өз ісінің шебері, ұлағатты ұстаз – Қуаныш Смағұловпен таныстым. Ағаймен сонау 90-жылдары етік тіккен де сәттеріміз болды. Ұстазым өте еңбеккер, шығармашылық адамы еді. Бірде ол маған: «Сенің қолың – сурет», – деді. Ойланып қалдым. Расында да, студент кезде сурет салуға көп мән берген екем. Оның үстіне суретке аңсарымның ауып тұратыны өзіме аян. Несіне аянып қаламын. Ұстазымның ақылын қабыл алып, 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» факультетіне оқуға түстім. 1998 жылы Жосалы кенті орталығындағы тарихы тереңде жатқан Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепке мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Білім ұясына маман ретінде пісіп бардым. Мектептен оның жемісін қалай жеу керектігін ғана үйрендім. Ол тұста компьютер жоқ. Бәрін қолмен жасаймыз. Болат Өксікбаев, Жанар Бермаханова, Берік Әлиасқаров сынды әріптестеріммен сол уақыттың талай билбордын жасадық. Мекемелердің тапсырысын орындап, безендіру жұмыстарымен де шұғылдандық, – дейді суретші өткенге шегініс жасап.
Өнер – тұқым қуалайды. Бұл менің емес, бізге дейін өмір сүрген ата-бабамыздың асыл сөзі. Тұрсын Түркешованың әкесі Нұр – ағаш ұстасы болған шебер. Домбыра, ер-тұрман жасап, шеберхана ұстаған. Арғы атасында да алтын-күмістен түрлі әшекей бұйым жасаған зергерлер болыпты.
– Өмірде кімнің болса да ұстазы болады. Менің алғашқы ұстазым – өз әкем. Суретшілік әкемнен келді деуге негіз бар. Мұнымен қоса, нағашы әжем Нәзи Ақжар ауылына белгілі кілемші болған. Шығармашылық дегеніміз – ізденіс. Осындай тың ізденістің арқасында «Туған жер нақыштары» сериясымен 40-тан аса композиция салыппын. Соның 30-ын пышақ үстінен талап әкетті. 10 мың теңгеден 100 мың теңге аралығында сатылды. Қазір портретке бағыт алдым. Бағасы келісім бойынша. Көбі сыртқа кетеді. Әсіресе, ауданға келген қонақтар жергілікті жердің символикасы ретінде кәдесыйға алады. Кейде тапсырысты жылдам бітіру үшін 3 күн, 3 түн жұмыс істейтін кезім болады. Мұндайда бөлменің есігін жауып, жолдасым балаларға өзі қарайды. Келешекте қызмет көрсету орталығын ашсам деген жоспарым да бар, – дейді ұстаз.
Асықпай, байыппен сөз сабақтаған мұғалім шығармашылықты кәсіппен үйлестіре білсе – одан табыс табуға болатынын айтып қызықтырды. Оның пікірінше, шығармашылық адамы – үнемі қозғалыста болуы тиіс. Тағы бір атап айтарлығы, ол ешқашан шұбатылған шетелдің телесериалын көрмейді. Шаршаған кезде ән айтып, тынығады. Бос уақыты болып жатса, кітап, газет-журнал оқиды. Ауа-райы қолайлы болып жатса, туған өлкенің шырайлы жерін аралап, табиғат аясында сурет салуға шығады. Қызғалдақ құлпыратын көктемнің шуақты күнінде оқушыларын саяхатқа апарып, табиғатпен тілдеседі. Шәкірттеріне сексеуіл, ағаш бұтағын жинатады. Ұстаздың айтуынша, баламен жұмыс істеу – бір ғанибет. Бүгінде шәкірттері – Жолайхан Төлегенов макетпен, ағайынды Сайран, Қуаныш Бұйрабаевтар дизайнмен айналысады. Ал, Мадияр Бейсенбек – архитектор. Сурет – расында тылсым өнер. Оның әбір иірімі психологиямен, адам түйсігімен астасып жатады. Суреттің емдік қасиеті де мол. Ол ішкі жан дүниені байытады. Шығармашылық қабілетіңді шыңдайды. Кезінде музыкадан бейнелеу өнеріне келуіме себепкер болған Қуаныш ағайыма алғысым шексіз.
Т.Түркешова жұбайы Ғазиз Жортынбаевпен 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ақбота – заңгер, Мәскеуде тұрса, Гүлайна – математика, Фериде – химия пәнінің мұғалімі. Ұлы Назар – араб компаниясында экономист. Айтпағым, төрт баланың төртеуі де ағылшын тілін еркін меңгерген, орыс тілінде таза сөйлейді. Қысқасы, Тұрсын Нұрқызының сурет галереясы кімді болсын баурап алады. Одан рухани сарайың ашылып, тынысың кеңейеді. Суретші-ұстаз рухани жаңғыруды – адам бойындағы шынайылық деп түсіндіреді. Себебі, сурет – ешқашан көнермейтін өнер. Әр туынды өмірге келген сайын – әртүрлі жаңғырып, жандана бермек.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
22 тамыз 2018 ж. 1 079 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031