» » » «ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» байқауы өтті

«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» байқауы өтті


Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы және Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай, Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған «TWO STARS» (Екі жұлдыз) атты ерекше ән-шоу байқауы өтті.

Өңір журналистерінің өкілдері өнер көрсеткен бұл кеш Достық үйінің концерт залында өтті. Байқаудың басты мақсаты – этносаралық татулықты дәріптеу, шығармашылық ынтымақтастықты арттыру және мәдени байланыстарды нығайту болды.

Салтанатты кештің алғы сөзін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов алып, шараның мәні мен маңызына тоқталды. Ол бұл байқауды шығармашыл жандардың ынтымағын айқындайтын жарқын алаң ретінде сипаттап, журналистердің тек ақпарат таратушы ғана емес, рухани байланыстың алтын көпірі екенін атап өтті.

Журналистер клубы 2015 жылдан бері этножурналистика бағытында бірлік пен келісімді насихаттап келеді. Биыл клубтың құрамына 16 тәжірибелі маман қосылып, жылдың алғашқы бес айында 2000-нан астам материал жариялаған. «Бірлігі жарасқан», «Ассамблея айнасы» сынды жобалар – осы еңбектің айғағы. Кеш барысында бұл жұмыстар да ерекше аталып өтті.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде жұптар «бірлік», «достық», «татулық» тақырыптарына арналған әндер орындап, шығармашылық бейнероликтер арқылы өз идеяларын таныстырды. Ал екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндер мен сахналық қойылымдар ұсынылып, көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Сайысқа жергілікті БАҚ өкілдерінен құралған 5 жұп қатысты. Қазылар алқасы құрамында ҚР еңбек сіңірген артисі Қалымбетова Күлән Жантемірқызы, «Хабар» және «24 KZ» телеарналарының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, Журналистер клубының белсенді мүшесі Жақыпбеков Нұрлан Жаңақұлұлы, «Жетінші арна» тілшісі Бекенов Қамбар Ғалымұлы және облыстық Неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы, қоғам белсендісі Шек Ирина Николаевна төрелік етті.

Байқау нәтижесінде:
• Бас жүлдені – облыстық «Qyzylorda» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі Талант Айымбетов пен бағдарламалар бөлімінің тілшісі әрі жүргізушісі Аружан Саруарбек жеңіп алды;
• Бірінші орын – «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Абзал Жолтерек пен «Qyzylorda-news.kz» агенттігінің видео-контент шебері Қуаныш Мұстафаевқа бұйырды;
• Екінші орын – «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы редакторы Дәулетхан Ақайдаров пен жүргізуші-редакторы Әйгерім Нажмадинқызы иеленді;
• Арнайы жүлде – «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» қызметкерлері Динар Рахман мен Жания Төребекова және «Кызылординские вести» газетінің тілшілері Ерхан Ақынов пен Альфия Гавычеваға табысталды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, кеш қонақтары қатарынан «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері ән мен би өнерін ұсынса, жас өнерпаз Анна Цой «Қазақ елі» әнімен, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шараның финалында барлық қатысушы жұп бірлесе орындаған «Екі жұлдыз» әні сахна төрінде шырқалып, байқау жарқын фейерверкпен қорытындыланды.

«TWO STARS» ән-шоуы – журналистердің шығармашылығы мен қоғамдағы рөлін жаңа қырынан көрсеткен, бірлік пен ынтымақты өнер тілімен жеткізген айтулы кешке айналды.

20 маусым 2025 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 941
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30