» » » Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат

Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат



Биылғы Наурыз мерекесінің бұған дейінгілеріне қарағанда республикада ерекше аталып өтілгені баршаға аян. Мемлекет басшысының бастамасымен Амал мерекесінен бастау алған Ұлыс он күнге созылып, оның негізінде көптеген ұлттық дәстүріміз бен салтымыз, әдет-ғұрыпымыз кең көлемде насихатталды. Осы орайда ертеде жыл басын ата-бабамыз тоғыз күн тойласа, сол атадан балаға мирас болып келе жатқан ежелгі құндылығымыз қайта көрініс тауып, жаңаша жаңғырды деуге толық негіз бар.
Онкүндікке тоқталып өтер болсақ, ол – 14 наурыз – "Көрісу күні" болса одан әрі "Қайырымдылық", "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр",  "Шаңырақ", "Ұлттық киім", "Жаңару", Ұлттық спорт, Ынтымақ деп жалғасып келіп, 22 наурыз – Жыл басы, бүгінгі күн – Тазару күні  аталып отыр. Соған сай ел бойынша түрлі іс-шара өтіп, Ұлыстың ұлы күнгі мерекесіне еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін атсалысқаны жақсылықтың нышаны болмақ.
Осы онкүндік аясында ауданда өткен тағылымды іс-шараның бірі – "Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат" тақырыбындағы байқау. Оны          К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде "Аманат" партиясының "Ұлттық мұра" жобасы шеңберінде аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды. Ол "Сырдария" бастауыш партия ұйымы мүшелері арасында өтіп, оған 7 мекеме қызметкері қатысты.
Байқауға "Ұлт бірлігі – Қармақшы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбайұлы, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, "Аманат" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дастан Боханов, аудандық "Қармақшы таңы" газетінің  бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева қазылық етті.
Үміткерлер "Таныстыру", "Өз өнері", "Көрініс", "Ұлттық тағам" секілді 4 тур бойынша сайысқа түсіп, өнерлерін сынады.
Бірінші бөлімде жарысқа қатысушылардың бірі – өзін өлең түрінде таныстырса, бірі – сырнайдың сазды үнінде желдей есті, ал енді бірі – әсем әнмен әрледі. Екінші бөлімінде мекеме өкілдері сахнаны әнге бөлесе, арасында дәстүрге сай термелеткені де, ұлттық бидің көрігін қыздырғаны да болды. Сондай-ақ көрерменге қолөнер бұйымдары да паш етіліп, сән үлгілері салтанат құрды. Үшінші бөлімде "Бастаңғы", "Құдалық той", "Төркіндеу", "Ұрын бару", басқа да салт-дәстүрлер көрсетілсе, "Тұсаукесер" рәсімінде Айнара есімді бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Сайыстың соңғы кезеңінде асхана ханымдары өз қолдарымен дайындаған қуырдақ, бүрмеқарын, ет, ірімшік, жент, балқаймақ, шұбат, қатық секілді ұлттық тағам түрлері мен сусындар дайындап әкелді.
Сөйтіп тартысты өткен байқауда қазылар алқасының шешімімен І орынды 1 санаториялық бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Жәмила Байсынова иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды "Ертөстік" балабақшасының тәрбиешісі Нуризат Жалғасбаева мен агроколледж қызметкері Лаура Қалымбетова өзара бөлісті. Ал бас жүлде аудандық емхананың медбикесі Гүлдана Айғали жеңіп алды. Сонымен қатар орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Ұлжан Өтешова, аудандық архив мекемесінің маманы, көпбалалы ана Кенже Қайратбекова, аудандық Оқушылар үйінің үйірме жетекшісі Аякөз Жеңісқызы арнайы номинацияларға ие болды.               
Байқаудың қорытындысында "Аманат" партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділ Қошалақов жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ байқаудың жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, дәстүрді дәріптеген сайыс жеңімпаздары мен қатысушыларына филиал атынан алғысын айтып,  дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етті.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК 
23 наурыз 2024 ж. 293 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 966

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930