» » » Дәстүр жаңғырған дүбірлі той

Дәстүр жаңғырған дүбірлі той



Тарихта Наурызды тойлау сегіз-тоғыз күнге жалғасса, биыл елімізде қазақтың жаңа жылы – Наурыз мерекесі жаңа форматта жаңғырып «Наурызнама» деген атпен он күн қатарынан тойлануда. Он күн ішінде «Қайырымдылық», «Шаңырақ», «Ұлттық киім», тағы басқа секілді тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырылып, дәстүріміз қайта жаңаруда.
Татулығымен көпшілікке таныс ІІІ Интернационал ауылы 19 наурыз – Жаңару күнінде мерекені ерекше атап өтті. Ұлты бөлек болғанымен тілегі бір ағайын бұл күні таңнан ауылдағы мәдениет үйінің алдына жиналды. Мерекенің көрінісі ретінде ауылдың жасы мен кәрісі бір-бірімен құшақ жая амандасып, төс қағысты. Мұнан соң наурызда жасалу керек игі істердің, ізгі дәстүрдің бірі – ағаш отырғызу рәсімі басталды. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген тәмсілмен Жаңару күнінде қолына көшет ағашын ұстаған ауыл ақсақалдары қыстан кейін босаған қара жерге күрек басын қадап, «Бісміллә» деп қазып, қаз-қатар тал отырғызып, суғарды. Үлкендердің тәлімді ісін жастар да жалғастырып, ауылдың көгеруіне өз үлестерін қосты. Осылайша ауылда мерекенің алғашқы қадамы басталып, әрі қарай ұлан-асыр тойға ұласты.
Орталық алаңның бір бұрышында ауылдың ұл-қыздары алтыбақанды айнала қоршап мәз-мейрам болып кезекпен тебісіп, наурыздың сәнін кіргізді. Алаңнан әрі жігіттер жылқыны ерттеп, даланы дүбірлетіп ат шапты. Қамшыланған жылқылар жердің шаңын шығара ойқастауда. Мерекеде ұлттық спорт түрлері де жаңғырды. Боз кілемде жас палуандар күресіп, өзара мықтылығын көрсетті. Ауылдың спорт сүйер жанкүйерлері жан-жақтан «Қане батыр, жерге көтеріп жық» деп айқайласып, спортшыларды рухтандырды. Оған жігерленген палуандар бірін жерге жығып, жеңіске жетті. Одан әрі ауылдың шуласқан балалары асық атып жарысты. Сақасы салмақтылар тізілген асықты алыстан көздеп-ақ, бір шерткеннен жайратып салды. Осыған қарап, ұлттық ойынымыздың жұрнағы жастардың бойында әлі де өшпегенін сезіндік. Тоғызқұмалақ, арқан тартыс, гір тасы мен қой көтеруде ойыннан қалыс қалмады. Аудандық тарихи-өлкетану музейі ауыл тұрғындарына бес қару, ат әбзелдері, ер тоқым, зергерлік бұйымдар, ұлттық әуез аспаптарынан көрме көрсетті. Бүгінде мұражайдан ғана көрініс табатын қазақтың байырғы қаруына ауылдың үлкендері қызыға қарап, қолға ұстап көрді.
Мәдениет үйінің алаңына қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер шараның шырайын келтірді. «Береке», «Татулық», «Достық» атауымен аталған ақ отаулардың алдында салт-дәстүр көрініс тауып, ұлттық құндылықтар дәріптелді. Бірінші ауыл салт бойынша қыз ұзатса, келесі ауыл бесікке салу рәсімін өткізді. Ал үшінші ауыл келін түсіріп, беташар жасады. Шаңыраққа түскен жас келін үлкендерге сәлем салып, батасын алды. Сондай-ақ іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Мырзабаев қатысып, бүлдіршіндердің тұсауын кесті.
Жаңару күніндегі мерекелік іс-шара ауыл өнерпаздарының Қыдыр ата туралы қойылымымен жалғасты. Ауылда достықтары туыстыққа ұласқан қазақ, түрік, корей, орыс, украин, татар, әзірбайжан, ұлтының өкілдері бір-бірімен төс қағыстырып, ізгі тілектерін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.
– Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңаратын, бәріміз үшін берекенің бастауы болған мейрам. Тамыры тереңге кеткен мереке – халқымыздың болмысы, ырысы мен бірлігі, өнері мен мәдениеті. Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз – барлық ұлт пен ұлыстың басын қосқан, ел бірлігіне үндеген бүкіл халықтық мерекеге айналды. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа жылымыз он күн бойы тойланып, аймағымызда жақсы іс-шаралар өтуде. Ауданымыздың көркеюі, өсіп-өркендеуі өздеріңізбен бірге атқарған адал еңбектің, тынымсыз тірліктің жемісі. Баршаңызды Рамазан айымен қатар келген Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Ауылдың «Қазына» әжелер ансамблі ескінің есті ендерін шырқап, шараның шырайын кіргізді. Сонымен қатар қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағам түрлері әзірленіп, келушілерге ұсынылды. Думанды мерекені ауыл өнерпаздары концерттік бағдарламамен түйіндеп, тұрғындар естен кетпес жақсы көңіл күймен тарқасты.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
23 наурыз 2024 ж. 212 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031