» » » Өнегелі ісі өшпес естен

Өнегелі ісі өшпес естен

qarmaqshy-tany.kz «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, тындырымды іс атқарғандар қашанда еліне елеулі, халқына қалаулы тұлға болып қала бермек. Сондай азаматтың бірі – ауданға қарасты Ақжар өңірінде тұрып, өмірінің соңына дейін халқы үшін еңбек еткен Жарылқасын Байсалов еді. Нарықтық экономикаға негізделген технологияларды өз ауылына тұңғыш енгізген жаңашыл, талантты басшы туралы «Тасқа жазылған еңбек» атты мақала газетіміздің өткен санында жария етілгенін көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Өткен аптада тұғырлы тұлғаның 80 жылдығына орай өзінің туған жері Ақжар ауылында қайраткер есімі ұлықталды.
Екі күнге созылған дүбірлі жиын түрлі бағытта өрбіді. «Өнегелі ісі – өшпес естен» атты мерекелік іс-шараның алғашқы күні ауылдық саябақта футболдан 14 команда бақ сынаған аймақтық шағын турнир, 28- 50 келі салмақтағы қазақша күрес және 70 келіге дейінгі аймақтық палуандар белдесуі ұйымдастырылса, одан соң Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клуб үйінде облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Жыр додасында Қызылорда қаласы, Төретам кенті, Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарынан және Ақжар ауылынан жазба ақындар бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде қызылордалық Нұркелді Өтепбергенге бұйырса, І орынға ақжарлық Азамат Жүнісов лайық деп танылды. Ал жүлделі ІІ орынды қазалылық Елнұр Нұрқасым иеленсе, ІІІ орынды қызылордалық Бексұлтан Санақұл мен жалағаштық Дидар Өмірзақ қанжығасына байлады. Қалған қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хатпен марапатталды.
Іс-шаралар легі ауыл ипподромында жігіттердің көкпар тартысуымен жалғасып, кешкі уақытта ауыл тұрғындарына облыстық халық шығармашылығы орталығының әншілері гала-концерт ұсынды.
Ал екінші күн есімі елге таныс қайраткерге арналған ескерткіштің ашылуымен басталды. Туған топырағынан құрметпен ескерткіш қойылу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Мұндай өнегелі тұлға бейнесінің ауыл төрінде тұруы келешек ұрпақты отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Биыл Жарылқасын Байсалов тірі болғанда 80 жасқа келер еді. Алайда «жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Алланың берген өмірінен артық өмір сүру де мүмкін емес. Ол өзінің туған жерін гүлдендіруге барын салған білікті азамат ретінде ел есінде қалды. Қай жерде жүрсе де «елім, жерім» деп қызмет етті. Сондықтан ер есімін елі ұмытпайды. Тұлға атына қойылған бұл ескерткіш соның айқын айғағы.
Мұнан соң жиылған көпшілік С.Бөртебайұлы атындағы клуб үйіне жиналды. Мерекелік іс-шара өнегелі өмір иесіне арналған бейнесюжетпен шымылдығын түрді. Қайраткер есімін ұлықтауға арналған іс-шараның алғашқы сөзі ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызына берілді.
– Екі күннен бері Жарылқасын Мұңайтпасұлына арналған дүбірлі той өтіп жатыр. Осы тойды өткізуге тек қана Ақжар ауылының әкімшілігі ғана емес, ауылдың барлық тұрғыны пейіл болды. Себебі бұл кісінің еңбегі барлықтарыңыздың көз алдарыңызда. Аудан әкімдігінен 80 жылдыққа орай әдеби шараға қаржы бөлінсе, ауыл тұрғындары оны үлкен асқа айналдыруда. Осы ретте Жарылқасын ағайдың көпшілік біле бермейтін қырлары туралы айта кетсем. Негізгі мамандығым журналист болғандықтан ағайдың елге сіңірген еңбегін зерттедім. Біз Жарылқасын ағайдың ауылдағы еңбегіне мақтанып жүрсек, ол кісінің елге сіңірген еңбегі тіпті тереңде екен. Зерттеуіме байланысты Шымкент қаласындағы ел арасындағы «опытные станция» деп аталып кеткен мекемеге арнайы бардым. Ол уақытта ағаймен бірге қызмет істегендердің біршамасы қазір арамызда емес. Десе де ол жерде біздің Жарылқасын ағайдың еңбегін ұмытпаған жандар бар екен. Қысқартып айтқанда, біздің ағамыз Шымкент қаласындағы қоқыс қалашығын үлкен саябаққа айналдырудың ізін алғашқы болып салған азамат екен. Бұл жаңалықты естігенде менің төбем көкке бір елі жетпей қалды. Олар «Біз дәл Жарылқасындай пақыр, отбасын да ұмытып еңбекке берілген білікті маманды көрген емеспіз. Ол орталық басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары болды. Мұндағы қызмет еткен ғалымдар ол кісіге қызыға да, қызғана да қарайтын еді» дегенде, барша ғалым бас иіп отырған тұлғаны неге біз төбемізге көтермеске деген ой келді. Ол кісі қандай құрметке болса да лайық, – деді ауыл әкімі зор тебіреніспен.
Иә, осындай кісілік келбеті кемелденген, өнегелі ғұмыр иесіне мәдениет саласының үздігі, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Серік Ыдырысов жыр арнап, көп көңілін көтерді.
Дүбірлі жиын облыстық ақындар айтысымен түрленді. Айтысты ҚР мәдениет қайраткері, жыршы, термеші Берік Саймағанбетов тізгіндеді.
– Тұрмағамбет әкеміз «Шамшырақтай шығанда,
Әр елдің бар бұлбұлы.
Ақырланған айдай боп,
Бәрі де жоқ боп, жайынан
Білінбей қалды бұл күні.
Өрен жүйрік солар еді,
Шаршыдан шапса, суырылып,
Шұбатылмайтын шылбыры.
Аты бар да, заты жоқ,
Есіл, марқұм ерлердің,
Деп айтуға: «Бұл — бірі» дейді.
Мінекей, Жарылқасын Мұңайтпасұлы да ел арасынан озық туған, еңбекті ерекше сүйген, әрбір істің көзін таба білетін арда азамат еді. Сіздердің бүгінгі жасап жатқандарыңыз ол ұрпаққа үлгі болатын тірлік. Ортамызға келген төрт жұп ақындар да қайраткер тұлғаның елге жасаған еңбегін жырға қоспақ. Ақындарымыздың өлеңіне өзек, жырына арқау болатын да Жарылқасын ағамыздың ерен еңбегі, – деген ол айтыстың алғашқы жұбын сахнаға шақырды.
Сөз бәсекесіне түскендер нағашы мен жиеннің, аға мен інінің қағытпа қалжыңға толы айтысын көрсете білді. Шырайлы шумаққа сыйған оймақты ой орамдары көптің көңілінен шықты. Халықтың айтыскерлерге деген қошеметі мен құрметі ерекше болды. Әділ-қазылардың шешімімен бас жүлдені Ержеңіс Әбді жеңіп алса, І орынды Айдос Рахметов иеленді. ІІ орын Көптілеу Қосбармақовқа бұйырса, ІІІ орынға Бексұлтан Орынбасар жайғасты. Ал айтыстың ақтаңгерлері Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұрға жуырда ғана «Еңбек Ері» атанған Имамзада Шағыртаевтың арнайы жүлдесі табысталды.
Мұнан соң, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов білікті басшы туралы жылы лебіз білдіріп, бірқатар ауыл азаматтарына «Қармақшы ауданына 95 жыл» атты мерекелік медальды табыстады. Кемеңгер тұлға жөнінде Нұртілеу Салықов, Асқар Мереков, Байұзақ Төрәлиев сынды ел ағалары ерекше естеліктермен бөлісті. Тарихта ізі қалған тұлғаның жұбайы Ұлжан Байсалова да сахна төрінде осы іс-шараны ұйымдастырушы барша жанға әулет атынан аналық алғысын жаудырды. Мерекелік жиында келген қонақтарға ас беріліп, бұрынғының ізімен ат бәйгесі де ұйымдастырылды. Ақжарлықтар үшін бұл екі күн қайта-қайта айта жүрер күндердің қатарына енді.
Туған өлкесінің дамуына, гүлденуіне елеулі үлес қосқан, қоғамдық мүдделерді ұштастыра алатын, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды игерген, мемлекетіміздің өркендеуі үшін еселенген еңбегімен еленген азаматтың ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында мұндай дүбірлі жиындар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Әлеуметтік желіде де мақтаулы тойдың бейнесі салынған жазбаға көз көргендер жылы лебіздерін білдіріпті. Солардың арасында Орынбек Мұнарбаев «Жарылқасын ағамен бір уақытта ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасадық. Жәкең сол уақытта жаңашыл, жаңалықшыл еді. Ол кезде шаруашылық жүргізу мүлде қиын болатын. Қазіргідей субсидия берілмейтін. Сонда да Ақжар ауылында қаймақ өндіретін, шұжық, ұн шығаратын кәдімгі өндірістік негіздегі шағын кәсіпорындар салып, өнімін ауылына ғана емес, ауданға, облысқа, қала берді басқа өңірлерге шығарып сататындай деңгейге жеткізген еді. Халық – Құдайдың бір аты. Ерінің еңбегін ұмытпай осындай үлкен шара өткізіп жатқаны ұрпаққа өнеге болатыны сөзсіз» деген келелі пікір қалдырыпты. Мұнан өзге де ізгілікті істі көзімен көрген жандардың ыстық ықыласы жетерлік. Сонымен қатар осындай үлкен көлемде ісшара өткізуді қолға алған ауыл әкіміне де жергілікті халық ризашылығын білдіруде.
Бүгінде ақжарлықтар тынымсыз ізденістің, сүбелі еңбектің нәтижесінде көптің алғысын алған Жарылқасын Байсаловтың есімімен мақтанады. Оның елді өркендетуге қосқан үлесі, туған жері үшін төккен тері лайықты бағасын алуда. Осындай ел азаматтары бар елден шыққан өскелең ұрпақтың жаман атты иеленуге қақысы жоқ. Өлкеміздің, еліміздің дамуына үлес қосатын Жарылқасын ағамыздай тұлғалар әлі көптеп шығатынына сенім мол. Ұлттық ерекшелігімізді бойына сіңірген, елге үлгі боларлық рухани ұстанымдары жоғары, мақсаты айқын ұлағатты ұрпағымыз көбейе берсін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 қараша 2023 ж. 589 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031