Жақұтты жырлар – тұмарым
qarmaqshy-tany.kz Ақжар ауылдық С.Бөртебайұлы атындағы клуб үйінде К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің «Рүстембек жырау» үйірмесінің жетекшісі, дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттаушы, жыршы- ұстаз Балтабай Бедебаевтың шығармашылық жыр концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шығармашылық жыр концертті Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Бектайқызы салтанатты түрде ашып, лебізін білдірді. Өнер мен мәдениеттің мәртебесін көтеріп, бабалардың жыр мұрасын дәріптеген Балтабай жырау Сыр сүлейлері Базар Оңдасұлының, Омар Шораяқұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының тағы басқа өнер өкілдерінің жырларын Сыр мақамдарында нақышына келтіре орындап, жырдан шашу шашты. Балапан кезінен соңынан ерген талантты, дарынды шәкірттері Балтабай Талант, Шалқарова Іңкәр, Сағатова Нұрсезім, Тұрабаева Аружан, Бекжалғас Ұлбосындар, қазіргі таңда Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның студенті Хасенова Фаризалар да көрермендер көзаймына айналды. Өнер иесінің жыр концертіне арнайылап келген ұжымдастары Дінислам Тоқсанбаев, Әлішер Мырзағалиев, Алмат Азаматовтар да Сырдың сұлу мақам саздарымен Ақжар аспанын жырмен әуелетті.
«Ауылына қарап азаматын таны» дегендей өнер иесінің шығармашылық жыр кешіне мектеп ұжымы, емхана ұжымы, «Ораз ЛТД» шаруашылық ұжымдары тағы басқа ел азаматтары белсене атсалысты.
Сонымен қатар Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшсы Ержанов Дәурен Дауылбекұлы «Сыр елі- жыр елі» атты киелі өлкенің дәстүрлі жыраулық өнерінің дамуы мен насихаттаулын абыроймен атқарып, ауданымыздың, облысымыздың қоғамдық- саяси, мәдени рухани өміріне белсене араласып, жас ұрпақты дәстүрлі жыраулық өнерге тәрбиелеуде жемісті еңбек етіп жүрген Бедебаев Балтабай Хасенұлына арнайы алғысын білдірді.