ШАШ ӨСІРУДЕН ҚАШПАСАҚ ЕКЕН...
Салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ ұлты бала тәрбиесіне әу бастан жете мән берген. Сәби дүниеге келісімен тіл-көз тимесін деп ұл балаға айдар, қыз балаға тұлым қойған. Жетіге келгенде нағашы жұртына ер баланың айдарын алдырып, атқа отырғызса, қыз баланың тұлымына шашбау тағып, жоралғысын жасаған. Бұл дәстүр бүгінде өз жалғасын табуда. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері қазақы болмысымыз қайта жаңғырды. Соның бір парасы – қазақ аруының ақылы мен парасатын, сымбаты мен сұлулығын айшықтайтын шаш өсіру әдебі.
Жосалы кентінің тұрғындары, ұлағатты ұстаздар Бектай Шерниязов пен Рәзия Қараманқызының шаңырағына бұған дейін де бірнеше мәрте ат басын бұрғанбыз. Мерейлі отбасына бұл жолғы келуіміздің өзіндік сыры бар. Ұлттық тәрбиені ұран еткен Шерниязовтар шаңырағы аудан халқын өнегесімен тәнті етіп келе жатқан жанұя. Отбасындағы төрт сүйкімді немеренің алды 11-сыныпта оқыса, кішкентайы балабақшаға барады. Біздің келетінімізден хабардар Рәзия апайымыз есік алдынан қарсы алды. Үйдің ішінен қазақы тәрбиенің исі аңқиды. Ұлттық нақышта безендірілген бөлмелер көңілімізге қона кетті. Сандық үстінде тәптіштеп жиналған құрақ көрпе-көрпеше, жастық әсемдікті танытқандай. Амандық-саулық сұрасып жатқанымызда төргі бөлмеден бұрымы белге түскен отбасының екі бірдей немересі – Елдана мен Нұрила қатарымызға қосылды. Әпкелі-сіңлілі Бектаевалар оқу үздігі, мектеп мақтанышы. Үлгілі тәртіптерімен қоса, шаш өсіруде де қатар-құрбыға үлгі.
Елдананың шаш ұзындығы 1 метр 10 сантиметр болса, Нұриланың шашы 90 сантиметрден асады.
– Бір жасқа толғалы екеуінің де шашын қимадық. Шаш – ұлтымызда киелі саналған әрі қыз баланың көркі. Әйел затына шаш қиюына, қайшы тигізуіне, жайып жүруіне болмайды. Қыз баланың тазалығына, ұқыптылығы мен сән-сымбатына және болашағына игі әсері бар. Қыз – ұлт анасы. Бүгінгі тәрбие – ертеңгі ұлттың тағдыры деп қарауымыз қажет. Сондықтан да оған жәй көзбен қарау – әбестік болар. Осы күні халқымыз рухани жаңғыру үстінде. Бұл қоғам үшін баға жетпес құндылық болмақ. Қазақ қыздарының ақылы мен білімі, жан сұлулығы мен тән сұлулығы ешкімнен кем емес. Өзге елге еліктеп, сырға таққан жігіт пен шаш сыпырған қыздан не болашақ күтеміз?! Мәңгілік ел боламыз десек, салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптейік. Шаш – қыз балаға Алладан берілген үлкен сый. Сол себептен шаштың қадірін біле жүрейік, – дейді бұрымдылардың әжесі.
«Қыздың көркі – шаш» десек те, айналамызда шаш өсіруден жүрексінетін қыздар да жоқ емес. Олар шаш қойғылары келгенмен, күтімін қиынсынатын секілді.
– Құрбыларым шаш өсіруден қашпаса екен. Оның сондай бір күрделі күтімі бар деп айта алмас едім. Өз басым қарапайым сусабынмен аптасына бір рет жуып, шаш түбін нәрлейтін жақпа майын пайдаланамын. Жақсылап кептіріп аламын да тастай етіп өріп тастаймын. Шаш өсіргісі келетін құрбыларыма айтарым, шаш күтімінен қорқудың еш қажеті жоқ. Бастысы, отбасында қолдайтын ата-анаң мен өзіңнің ниетің болса болғаны, – дейді Елдана.
Тал бесіктен берілген жақсы тәлім-тәрбие адам ғұмырына азық. Барған шаруамызды аяқтап, есік жаққа қарай беттедік. Қазақы тәрбиемен өсіп келе жатқан Елдана мен Нұрила бізбен сыпайы қоштасып, кішкентай бауырларын ойнатып қала берді. Шіркін, қазақ қыздарының барлығы осындай болса ғой...
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».